×
468.9
485.64
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.9
485.64
7.7

Қор нарығы қалай жұмыс істейді: Ең басты сұрақтарға жауап

08.06.2022, 18:07
фото: ашық дереккөзден

Кейінгі жылдары қазақстандықтар артық ақшасын сақтау мен көбейту үшін қор нарығына бет бұра бастады. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда қазақстандық биржаларда ашылған есепшоттар саны екі есе артып, қазіргі таңда Бағалы қағаздар отралық депозитарийде 330 мыңға жуық.

Қор нарығына қаржы салудың басқа инвестиция түрлерінен айырмашылығы

Қор нарығының өзге инвестиция құралдарымен салыстырғанда өзіндік бірқатар ерекшеліктері бар. Атап айтқанда:

  1. Депозитке ақша салсаңыз, Ұлттық банктің қазіргі мөлшерлемесі бойынша жылдық 12-14% табыс табасыз. Алайда бұл табыс жылдық инфляциямен шамалас болғандықтан, шын мәнінде айтарлықтай пайда табасыз деп айту қиын.
  2. Соңғы кезде алтын бағасының айтарлықтай қымбаттағанына қарамастан, табиғатынан алтынның құны анау айтқандай құбыла қоймайтыны анық. Әдетте бұл металл дағдарыс кезінде ғана қымбаттайды. Ал нарық тұрақты дамып келе жатқанда алтын сатып алу үлкен табыс әкелмейтіні анық. Cонымен қатар алтынды сату-сатып алу үшін салық төлеуді қажет етеді, ал сақтау тағы да біраз шығындармен байланысты.
  3. Қазақстандықтар үшін ақшаны көбейтудің тағы бір амалы жылжымайтын мүлік сатып алу. Әрине, жылжымайтын мүлік ең сенімді инвестициялардың бірі болғанымен, бұл да ұзақмерзімді және оны сатып алу мен сату да өз алдына өзіндің қиындықтары бар жұмыс. Оның үстіне, үй сатып алуға әркімнің жағдайы жете бермейді.

Яғни, қор нарығына инвестиция салу басқа инвестиция түрлеріне қарағанда табысы жоғары және ыңғайлы уақытта сатып алу мен сатуға икемді құрал. Алайда, қор нарығы жайлы қажетті білім болмаса, оның да өз тәуекелдері бар екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан төменде қор нарығына қаржы құюда ескеретін ең маңызды мәліметтермен таныса отырайық.

Қазақстанда екі қор нарығы бар

Қазіргі таңда Қазақстанда екі қор нарығы бар. Олар Қазақстан қор биржасы (Kazakhstan Stock Exchange — KASE) мен Астана халықаралық биржасын (Astana International Exchange – AIX).

1993 жылы құрылған KASE акциялар нарығын капиталдандыру бағытында биржалардың ішінде ТМД-да екінші орын алады. Құрылған сәттен бастап KASE Қазақстандағы қор және валюталық нарықтарға қызмет көрсететін, қаржы нарығының ажырамас инфрақұрылымы болып табылатын және отандық экономикада маңызды орын алатын, жалғыз биржа. KASE-де бүгін де 236 эмитент бар. Оның тізімінен Ұлттық банктен бастап елдегі екінші деңгейлі банктердің біршамасы мен ірі компанияларды байқауға болады. Қор биржасы өз порталында компаниялар мен инвесторларға, брокер-диллерлерге арналған ақпаратты күнделікті жаңартып отырады.

Ал AIX ағылшын құқығының юрисдикциясындағы халықаралық инвесторларға таныс нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жұмыс істейді. Биржа 28 жергілікті және халықаралық сауда мүшесі  кіретін дамыған экожүйенің арқасында инвестицияларға қолжетімді және сауда инфрақұрылымын ұсынады. AIX акционерлері – АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы. Бүгінгі таңда Астана халықаралық қаржы орталығында эмитенттердің саны – 136.

Қор нарығының қатысушылары

Сонымен KASE биржасында қазір 236 эмитент бар дедік. Олардың арасында «Алтын Алмас» АҚ секілді жеке меншік ірі компаниялар, «ҚазМұнайГаз», KEGOC АҚ, «Халық Банк» АҚ, Freedom Holding Corp.  секілді комапниялар мен American Airlines, Apple, Mastercard, Tesla сынды шетелдік алпауыт компаниялар, тіпті Украина қаржы министрлігі секілді өзге мемлекеттердің бағалы қағаздары бар. AIX биржасында да осы сынды шетелдік және отандық 136 эмитент бар.

Биржадағы сауданың барынша ашық және нарық заңдылықтарына сай өтуі үшін мемлекет атынан реттеуші органдар жұмыс істейді. Қаржы тілінде оларды реттеуші дейді. Жоғарыдағы қос қор нарығын Қазақстанда бақылайтын екі ұйым бар. Олар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанындағы «Астана» қаржы қызметтерін реттеу агенттігі (AFSA – Astana Financial Sevices Authority). Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі KASE-дегі сауданы реттесе,  AFSA Астана халықаралық биржасын бақылайды.

Қор нарығында осы эмитенттердің құнды қағаздарын сатып алушы жеке немесе заңды тұлғаны инвестор деп атайды. Яғни, сіз «ҚазАтомПромның» акциясын сатып алсаңыз, сіз ол компанияның инвесторына айналасыз. Дегенмен, сіз акцияны тікелей сатып ала алмайсыз. Құнды қағаздар брокер арқылы сатылады. Мәселен, қазіргі таңда AIX биржасында 30-ға жуық отандық және шетелдік брокер жұмыс істейді.

 

Қор нарығына инвестиция салғанның ерекшелігі

 

Енді осылардың айырмашылықтарына тоқталайық. Құнды қағаздар негізінен мына екі түрге бөлінеді: компаниядан үлес сатып алу немесе компанияға қарызға ақша беру. Сонымен әрқайсын тарқатып айтайық.

Қандай құнды қағаздарға ақша салуға болады?

1. Акция – компаниядағы үлес. Инвестор, яғни акция сатып алған адам сол компанияның белгілі бір бөлігінің иесі болады. Тиісінше, егер компания пайда тапса, пайда тауып, керісінше компания шығынға ұшыраса акция иесі де шығынға ұшырайды. Акция алудың бір артықшылығы – оны сатып алған адамға дивидент төленеді.

Дивиденд дегеніміз – компанияның тапқан табысын акционерлерге үлестіру.

Акцияның ең басты ерекшелігі – оның күрт қымбаттауы да, керісінше құлдырауы да мүмкін. Қай уақытта қымбаттап, қай уақытта арзандауын болжау қиын. Нарықта қай компания қымбаттап, қайсының арзандауы мүмкін екенін әдетте осы саладағы ірі рейтингтік агенттіктер болжайды.

2. Облигация – қарыздық қолхат. Акция секілді компаниядан үлесіңіз болмайды. Комапанияның акциясын сатып ала отырып сіз ол компанияға қарапайым тілмен айтқанда қарызға ақша бересіз деген сөз. Әрине, пайызбен. Акциядан артықшылығы – егер компания шығынға ұшыраса да сіздің алдыңыздағы қарызыңызды қайтаруға міндетті.

Облигацияның тағы бір артықшылығы – сіз қанша табыс табатыңызды алдын ала білесіз. Облигация сатып ала отырып, яғни қарызға ақша бере отырып, белгілі бір уақытта белгілі бір пайызбен ақшаңыздың қайтып келетініне кепілдік бар. Компания банкрот болған жағдайда ғана облигацияңыз бойынша сізге қарызы төлендейбі. Сонымен қатар, акциямен салыстырғанда облигация иесіне компаниядан дивидент түспейді. Өйткені сіз компания үлескері емес.

Облигацияның бір түрі мемлекеттік бағалы қағаздар деп аталады. Бұл құнды қағаз компанияның емес, мемлекеттік органдардың қарыздық қолхаты. Яғни, сіз компанияға емес, мемлекетке қарызға ақша бересіз. Облигацияның өзі сенімді, яғни пайызымен қайтып келуіне кепілдігі жоғары құнды қағаз десек, мемлекеттік бағалы қағаздар одан да сенімді. Өйткені, қандай компания болса да теориялық тұрғыда банкрот болуы ықтимал, ал мемлекеттің дефолт (компанияны үшін банкрот сөзі қолданылса, мемлекет үшін дефолт сөзі қолданылады) болу ықтималы өте төмен. Алайда, тиісінше мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығы, яғни үстіне қосылатын пайызы да облигациядан аз болады.

3. Инвестициялық қорға қаражат салу (пай). Инвестициялық қор – бірнеше заңды және жеке тұлғалардың қаражатын басқаратын компания. Егер сіз қай компанияның акциясы мен облигациясын алу керектігін білмесеңіз немесе бірнеше компанияға қатар қаржы құйғыңыз келсе инвестициялық қорлардың қызметіне жүгіне аласыз. Инвестициялық қорлардың өздері бірнеше компанияның құнды қағаздарын сатып алып, оны өз үлескерлеріне сатады. Мұны пай деп атайды.

Мәселен, белгілі бір инвестициялық қор «ҚазМұнайГаз», Google, Apple акциясы мен «Қазақмыс» кунды кағаздарын сатып алған. Басқаша айтқанда сіз осы инвестициялық компанияға ақша сала отырып, жоғарыдағы бес компанияның да акциялары мен облигацияларын алып отырсыз.

4. ETF – инвестициялық қордың құнды қағаздарының биржада сатылатын түрі. Жоғарыда аталғандай, белгілі бір инвестициялық қор ҚазМұнайГаз, Google, Apple акциясы мен Қазақмыс, Toyota облигациясын саудалай отырып сізге пайда тауып беретін болса, ETF инвестициялық қор секілді бірнеше компания құнды қағаздарын сатып алғаннан кейін ол өзінің акцияларын шығарып, соны биржада сатады. Басқаша айтқанда, сіз жоғарыда аталған бес компанияның өзінің емес, солардың акционерінің акциясын иеленесіз.

 5. ETN – дәл ETF секілді, бірақ биржада акция ретінде емес, облигация ретінде сатылады. Яғни, жоғарыдағы бес компанияның құнды қағаздарын иеленіп отырған инвестициялық қордың акциясы емес, облигациясы.

Қорыта айтар болсақ, қор нарығындағы қандай қаржы құралы болса да мына екеуінің бірі: не компаниядағы үлес немесе пайызбен берілген қарыз. Есепті дұрыс жүргізіп, биржада өз мақсатыңызға сай стратегияны таңдай білуіңіз керек. Ең бастысы, пайда сәттіліктен емес, ойлы қадамдардан келетінін ескерген абзал. Қазіргі заманның биржасы – электронды жүйемен жүргізіледі. Диваннан тұрмай-ақ интернеттің көмегімен акция сатуға немесе сатып ала беруге болады.  Ең бастысы, қор нарығында құнды қағаз сатып аларда брокер мен инвестициялық қордың тиісті лицензиясының бар екенін көз жеткізу қажет.