×
468.9
485.64
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.9
485.64
7.7

Ресей банктері нарықтан кетеді. Үрдістің жақсы жағы бар. Теріс әсері де жоқ емес – экономистер пікірі

14.06.2022, 09:25
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова ресейлік банктерде жатқан қазақстандықтардың 500 млрд теңгесіне төнетін қауіп жоқ дейді. Ал кейбір экономистер Әбілқасымованың бұл сөзімен келіспейтінін айтады.

Сбер банк, Альфа банк және ВТБ – бұл күнде осы банктердің бірі Қазақстандағы активін отандық банктеріне сатуға ыңғайланса, екіншісі тіпті бөлімшесін сол банктерге қосу алдында тұр. Батыс елдерінің санкциялары сансыратқан ресейлік қаржы институттарының жағдайы осындай қазір. Әйтсе де бұл банктер қосылып, сатылып, қайта құрылымдалып біткен жоқ. Ресми мәліметтерге қарағанда, Альфа-банк Қазақстанның Банк Центр Кредитіне (БЦК) қосылып, Эко-банк атауымен ашылады. Оған келісім берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті қаулысы да шыққан. Ал бірнеше күн бұрын БАҚ-та «Бәйтерек» холдингі Сбер банктің Қазақстандағы үлесін сатып алатыны туралы ақпарат тараған. Алайда ресейлік банктің түпкілікті шешім қабылдауға 12 шілдеге дейін уақыты бар. ВТБ әзірге жұмыс істеп тұр.

АГЕНТТІК ДЕР КЕЗІНДЕ ЕСКЕРТУІ КЕРЕК

Үш банктің Қазақстандағы бөлімшесінде отандастарымыздың 500 млрд теңге көлемінде депозиті жатыр. Әне-міне қызметін аяқтағалы тұрған банктерде депозит сақтаған дұрыс па? Жай сөзбен айтқанда, сол депозит күні ертең «күйіп» кетпей ме? Жалпы ресейлік банктердің отандық нарықтан кетуінің артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Осы сұрақты сенатор Андрей Лукин өткен аптада Сенат қабырғасында Мадина Әбілқасымованың өзіне қойған. Агенттік басшысы расында да, осы жылдың 24 ақпанында соғыс басталғалы қазақстандықтардың кейбірі ресейлік банктерден ақшасын алуға асыққанын жасырмады. Алайда жарты триллион теңгенің «тағдыры» үшін алаңдауға негіз жоқтығын мәлім етті.

«Ол банктердің (ресейлік үш банк – авт.) жиынтық портфелі жоғары. Депозитегі ақшасын алғысы келетін, ол ақшасын Қазақстанның банктеріне аударғысы келетін клиенттердің бәрінің талабы толық орындалды. Қазір аталмыш банктерде жеке және заңды тұлғалардың 500 млрд көлемінде депозиті әлі сақталып тұр. Сонымен бірге бұл банктердің 1,7 трлн теңгелік өтімділігі барын атап өту керек. Осылайша, бұл сома заңды және жеке тұлғалардың талаптарын орындауға толық жетеді», - деп атап өтті Мадина Әбілқасымова.

«Әбілқасымованың сөзімен келісесіз бе? Әлде ресейлік банктерде депозит ұстау қауіпті ме?» деген сұрақты алдымен экономист Мейрам Қажыкенге қойып көргенбіз.

«Депозиттерді сақтау және түскен талап негізінде оны шешудегі тәуекелдері тіпті еш соғыссыз уақытта да туындап жатады. Ал дәл қазір өзіңіз куә болып отырғандай, санкцияларға, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының соңы не болатыны белгісіз болуына байланысты қауіп тіпті күшейе түсті. 500 млрд теңге деген соншалықты көп сома емес. Алайда Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тәуекел артып бара жатқан жағдайда азаматтарды дер кезінде ескертуі керек. Ал ресейлік банктерде депозитті саналы түрде ұстап отырған адамдар туралы айтар болсақ, әрине, тәуекелдерді есепке ала келе олар өздігінен шешім қабылдайтыны анық», - дейді Мейрам Қажыкен.

ҚОРҚАТЫН ТҮК ЖОҚ

Ал экономист Айдархан Құсайынов Ресей банктері дәл қазір жап-жақсы жұмыс істеп жатқанын айтады. «Еш проблема жоқ» дейді ол.

«Мұндағы филиалдарының жұмысы Ресей экономикасындағы жай-күймен еш байланысты емес. Бәрі де оның өтімділігіне, несие беру саясатына байланысты. Ресейдің банк жүйесі тіпті санкция жағдайында қалыпты жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.

Яғни «Ресей банктерінде ақшасы жатқан адамдарға өз салымы немесе депозиті үшін қорқудың қажеті жоқ па?» деген сұраққа экономист «әлбетте» деп жауап берді.

«Ең бастысы өздері қорықпаса болды. Керек жағдайда Ресей банктерінен ақшаны алып кету ешқандай қиындық туғызбайды. Сіз ол ақшаны кез келген уақытта шешіп ала аласыз. Еш проблемасыз. Доллармен шеше алмайтын шығарсыз. Теңгемен кез келген уақытта ала аласыз. Бұл ештеңені білдірмейді. Ештеңе болмайды. Банктердің иесі ауысқанымен, ешкім жұмыстан шығып қалмайтын шығар. Сіздің де газетіңіздің иесі ауысса, бұрынғыдай жұмыс істей бересіз ғой. Бұл жерде де дәл солай», - деп ой қорытады экономист.

Айдархан Құсайыновтан «дәл қазір қолдағы ақшаны немен сақтаған дұрыс? Мүлік немесе баспана сатып алу керек пе? Әлде теңгемен немесе доллармен сақтаған жөн бе?» деп сұрағанбыз. Экономист капиталды баспана сатып алып сақтаудың қажеті жоқтығын, теңгемен ұстау керектігін атап өтті. Айтуынша, басқа ештеңемен ұстаудың көп пайдасы жоқ.

«Доллармен сақтаған дұрыс дейін десем, түсініксіз. Депозит жағынан түсім аз. Әрине теңгенің девальвацияға ұшырау қаупі бар», - деді сөз соңында Құсайынов.

КІМДЕР? «ПАТРИОТТАР»!

QAMS атқарушы директоры, белгілі қаржы сарапшысы Данияр Темірбаев алдыңғы экономист Мейрам Қажыкенмен келіседі. Оның сөзіне қарағанда депозитте ақша сақтаған кезде тәуекелдердің бәрін есептеп, ескеріп отыру керек.

«Біздің банк нарығы басқа секторларға қарағанда бәсекеге едәуір қабілетті. Ол банктердің не үшін кеткелі жатқанын өзіңіз де біліп отырсыз. Санкцияға ілінгеннен кейін кетті. Егер сол банктерде салымды немесе депозитті сақтау немесе сақтамау мәселесіне келер болсақ, өз басым тәуекелдер жағын алып қарар едім. Меніңше, ол банктерде ақшасын сақтап отырғандар қатты азартқа берілгендер немесе «ұстанымы берік» патриоттар», - дейді ол.

Бір кездері сарапшының өзі де Сбер банктің Қазақстандағы бөлімшесінде депозит сақтапты. Алайда сонау 2014 жылы Қырымға талас басталғанда-ақ ол банктің депозитінде жатқан ақшасын шығарып алған. 8 жыл бұрын.

«Ал дәл қазір санкциялар «ұшып келді». Ол банкке депозит сақтау деген енді тек азартқа байланысты шығар», - деп түйді сарапшы сөзін.

БАНК АЗАЙСА БӘСЕКЕЛЕСТІК ТӨМЕНДЕЙДІ

Ал экономист Расул Рысмамбетов Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бар болғандықтан, ақшасын салған азаматтарға алаңдайтындай негіз жоқ деп есептейді. 10 млн теңгеден артық депозиті бар адамдарға да алаңдарлық ештеңе жоқ дейді ол.

«Ресей банктерінің Қазақстан нарығынан кетіп жатқанының кемшіліктері де, артықшылықтары да бар. Бір жағынан нарық сәл босағаннан кейін отандық банктердің клиенті көбейеді. Нарық кеңістігі олар үшін ашылады. Екінші жағынан тұтынушылар үшін бұл аса керемет жаңалық дей алмас едім. Өйткені банктердің қатары сирегендіктен, несие беретін ойыншылардың саны кемиді. Осының салдары банк нарығына аса жақсы әсер ете қоймайды. Өйткені банк азайған сайын бәселестік төмендейді. Қалған банктер қызмет сапасын арттыруға аса бас қатырғысы келмеуі мүмкін. «Несиені бізден алмағанда кімнен аласың?» деген позиция туындауы ықтимал», - дейді ол.

Расул Рысмамбетов ресейлік қана емес, кез келген елдің банкі кетсе де жағдай осылай болатынын айтады. Сол себепті шетелдің басқа банктері Қазақстанға кіріп, жұмыс істейміз десе, экономист ол жаңалықты қуана-қуана қарсы алатынын айтады.

«Қалай десек те, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Халқымыздың көршілес елдерден қарағанда төлем қабілеті жоғары. Бизнес те қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан банк азайса, олардың жұмысына бұл фактор кері әсер етеді», - деп есептейді экономист.

БАСҚА ЕЛДЕН БАНКТЕР КЕЛСЕ КЕЛСІН

Экономист Мақсат Халық Расул Рысмамбетовтың пікірін қуаттай түсті. Ресейлік банктер бір жағынан қарағанда қалыптасқан корпоративті банктер екенін еске салады. Ол банкте жұмыс істеген қаншама мамандардың жайы бар.

«Әлбетте, ол банктер жұмысын бұрынғыша жалғастыра бергенде біздің жергілікті банктерге бәсекелестік туғызар еді. Бәсекелестіктің нәтижесінде біздің банктер де дамуға тырысар еді. Сондықтан шетелдік банктердің елімізден кетіп жатқаны, айналып келгенде аса жақсы үрдіс емес. Сол себепті алдағы уақытта біздің елге басқа елдерден банктер келеді десе, келе берсін деп едім. Өйткені олар келсе Қазақстанға корпоративті мәдениетімен келеді. Жұмысшыларға жағдайын жасайды, жұмыс орындарын құрады. Әлеуметтік пакеттері де бар. Сол жерде мысалы мамандарымыз дамиды. Сондай мүмкіндіктерден біз айырыламыз деген сөз», - дейді Мақсат Халық.

Ресейлік банктердің кетуі бағытында артықшылықтарға тоқталған ол баламалы түрде клиенттер отандық банктерге келетіндіктен, олар үшін кішкене еркіндік пайда болатынын айтады. «Олардың клиенттер базасы үлкейеді» дейді экономист.