×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Одаққа ортақ газ нарығы: Саясатты саналы жүргізбесек, Ресейдің бірвекторлы колониясына айналамыз

16.06.2022, 18:25
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстан тауарлық газ бағасын 2025 жылға дейін біртіндеп көтереді. Меже – көрші елдермен теңестіру. Өйткені сол жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ газ нарығы құрылады деп жоспарланған.

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікіріне сүйенсек, ортақ газ нарығын құру негізі «жаман идея» емес. Қазақстанда анықталған газ қоры шектеулі болғандықтан алдағы уақытта көгілдір отынды Ресейден алып тұрамыз. 
Экономист, саясаткер Петр Своиктің айтуына қарағанда, ұсақ кеніштерді есепке алмағанда, Қазақстанда негізінен нақты газ кеніші жоқ. Бізде ілеспе мұнай газы өндіріледі. Салыстырмалы түрде ең газды кен орыны Қарашығанақ деп айтуға болады. Онда да газ емес, газ-мұнай қоспасы өндіріледі. Ал Ресейде газ қоры мол, ондағы «Газпром» – нағыз әлеуетті кәсіпорын.

АЛҒЫШАРТЫ ЖАСАЛДЫ

Ел ішінде көгілдір отын тұтыну көбейгені әрі халыққа белгіленген баға субсидияланатыны белгілі. Мысалы, Шымкент қаласында газдың бір текше метрі – 31 теңге. Бұл – төмендетілген баға. Шын мәнінде 38 теңгеден сатылуға тиіс. 

«Жер қойнауын пайдаланушылар пайдасы аз, шаруасы көп мұндай өндірісте одан ары аялдауға құлықсыз. Түсім азайғанда жаңа зерттеу жүргізілмейді, қазіргі газ қоры 2025 жылға қарай таусылуға шақ», – деп дабыл қақты «Қазақгаз» компаниясының басшысы Санжар Жаркешов Парламент мәжілісінде 6 маусымда болған үкімет сағатында. 

Жалпы Еуразиялық экономикалық одақ елдері газ проблемасын шешу жолын Ресеймен байланыстырады. Беларусь пен Армения ортақ газ нарығы құрылса, бірыңғай тариф енгізіліп, Ресейдің көгілдір отыны арзанға келеді деп үміттенеді. Ал Қазақстан солтүстік пен шығыстағы бірнеше облысты «Газпром» арқылы қамтамасыз етуді көздейді. 

Мәжілістегі жиында ЕАЭО ортақ газ нарығына кіруге алғышарт басталып кеткені байқалды. 

«Елдегі газдандыруды дамыту кезінде ұлттық оператор шығынға батып барады. (...) Ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығын қолдауға ұзақ мерзімді баға және тариф саясаты қажет, оның ішінде көтерме бағаны кезең-кезеңімен көтеру де керек. Осыған байланысты министрлік "Қазақгаз" компаниясымен жаңа тұтынушыларды: ірі коммерциялық кәсіпорындар мен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды енгізу үшін заңнамалық мәселені пысықтап жатыр», - деп хабарлады энергетика министрі Болат Ақшолақов.

«2025 жылы ортақ газ нарығы құрылатын болса, ЕАЭО елдері бір-бірінен тауарлық газды қиындықсыз сатып ала береді. Ал бізде баға олармен салыстырғанда төмен. Демек, арзан тауарымыз жан жаққа ағылып кетеді деген қатер бар. Сондықтан тауарлық газ бағасын көршілермен теңестіруіміз керек. Бұл бір жағынан табысты көбейтіп, халыққа деген төмен бағаны субсидиялауға мүмкіндік береді», - деді Санжар Жаркешов.

«ОТАРЛЫҚТАН» ҚҰТЫЛУҒА ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК БЕРЕ МЕ?

Энергетика министрі алдағы жылдары Қазақстан газ бойынша да импортқа тәуелді болуы ықтимал екенін жасырмады. 

Газ импортына тәуелді болу деген тағы да Ресей үстемдігі артады дегенді білдіреді. Соғысқа байланысты Батыс тарапынан қаншама саласы санкцияға ұшыраса да, газ өндірісі аман келе жатқанына қарап, көгілдір отын – Ресейдің «тұз көзірі» екенін түсінуге болады. Ел ішіне еніп алғаннан кейін газды тоқтатамын деп қоқан-лоқы көрсетуі әбден ықтимал. Бұған дейін Еуропа газды рублмен сатып алмаса, экспортты үзетінін мәлімдегені белгілі.

Расул Рысмамбетовтің пікіріне сүйенсек, ортақ газ нарығы құрылғанда Ресейге салынған санкциялардың салқыны бізге тиюі мүмкін.

«Қазір ортақ газ нарығын құру мәселе айтылып жатқан тұста Ресей қаптаған санкцияның астында отыр. Егер енді олардың газ шикізатына да санкция енгізілсе, онда бізге Ресей арқылы Еуропаға газ жеткізуге кедергі болады. Әрине, қазір мұндай транзит жоқ, бірақ алға осындай жоспар қойып отырған болсақ деп айтып жатырмын. Мұны есептемеген күннің өзінде, Қазақстан санкциядан тыс тұрып, ал Ресей санкцияға ұшырап отырған жағдайда жұмыс істеу бәрібір қиын болады», – дейді Рысмамбетов.

Петр Своиктің айтуына қарағанда, ортақ нарықтың бір үлкен «плюсі» және миллиондаған минусы бар. 

«Ортақ газ нарығына қосылсақ бір үлкен «плюсіміз» болады.  Қазақстан газ сатуда ұлттық бақылау орната алады. Санкт-Петербург газ биржасының қатысушысы болады. Баға белгілеуге қатысады және өз газын экспорттағаны үшін валютаны жүз пайыз қайтарып алады. Ал кемшілігі... мұндай революциялық схемаға көшу көп нәрсені өзгертуді қажет етеді: заңнама, іс жүзіндегі саясат, тіпті идея, менталитетке де қатысты. Яғни, өте күрделі процесс болады», – дейді Своик. 

Сонымен, Своик ортақ газ нарығы құрылғанын қолдай ма?

«Мен болсам сұрақты басқаша қояр едім. Болашақта да Қазақстан шикізат көзі ретінде қала бергенін қалаймын ба? Міне, осыны сұрар едім. Жоқ, оны қаламаймын. Табиғи ресурсымызды ұлттандыру керек деп есептеймін. Ресурсымыз жалпыұлттық мақсаттарға пайдаланылуы керек. Қазір біздің табиғи ресурстарымызды шетелдіктер ең ұятсыз жолмен экспорттап жатыр. «Отбасы» мүшелері де бұл жерде шетелдіктерден қалысып тұрған жоқ... Жалпы қазір еуразиялық интеграция үрдісі жүріп жатыр, мұнай мен газдың ортақ нарығы және тағы басқа нәрселер соның аясында жүзеге асырылады. Бұл нәрселер бізге отарлық жағдайдан шығуға тағы бір мүмкіндік бере ме деген сұрақ туындайды. Мүмкіндік береді деп те, бермейді деп те айтуға болады. Яғни, егер біз дұрыс әрекет етпесек, онда қазіргідей көпвекторлы колония емес, Ресейдің ресурстар бойынша бірвекторлы колониясына айналамыз. Демек, Ресей өзінің ғана емес, Қазақстанның ресурстарын басқарады. Ал егер саналы әрекет етсек, онда ештеңеге қарамай, еуразиялық нарықтың тең қатысушысы бола аламыз», – дейді Своик.

Үкімет пен компаниялар халықпен саудаласып жатқандай көрінеді. Газ бағасын төмендетіп беріп отырғанын биыл халықтың есіне жиі-жиі сала бастады. Субсидиялау экспорттың арқасында мүмкін болып отыр, жаңа зерттеулерге инвестиция жоқ деседі. Мүмкін бұл сөз рас та болар. Дегенмен қаражатты қатты құпия ұстайтын (халықтың ақшасы болса да), мұнай-газ саласындағы басшылар табысын жасыратын, сонымен бірге тек экспортқа «дәндеген» Қазақстанда ақша жетпей жатыр деген уәжге күмәнмен қарауға толық қақымыз бар.

Айта кетейік, жер қойнауында газ қоры әлі де мол. Екі мысал келтірейік.

Бірінші, былтыр ШҚО Зайсан ауданы аумағындағы Сарыбұлақ газ кеніші азайып, Қытайға экспорт тоқтатылды. Аудан әкімдігі «саба түбі сарқындысы» ғана қалғанын, ол енді тек аудан халқына 10-11 жылға ғана жететінін мәлімдеген. Биыл кенішті игеруші «Тарбағатай мұнай» компаниясы экспортты қайта жандандыру туралы сөз қозғай бастағанда облыс әкімі Даниал Ахметов тағы да зерттеулер жүргізуге болады дегенді айтты. 

Екінші, Өскеменнің дәл іргесінде газ қоры «Қарашығанақтың» тең жартысына тең кеніш анықталған. Оның құпия сақталуында әлдебір сыр бардай көрінеді. Бұл туралы келесі жазбамызда баяндаймыз.

Тасқын Болатұлы