×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Өскенбаевтың министрлігі Өскеменнің іргесіндегі алып газ кенішін неге құпия ұстап отыр

20.06.2022, 10:49
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Солтүстік пен Шығыс аймақтарға Ресейден газ тарту керек» дегенді жиі қайталайтын үкімет Шығыс Қазақстанның өзі көгілдір отынның үстінде отырғанын неге жасырады? Экологиялық таза өндіріс ошағын іске қосқалы жатқан иневсторлардан бизнесті мәдениетті түрде тартып алған кімдер? Газға әлдеқашан қосылуға тиіс Өскемен халқы неге әлі күнге көмірдің түтініне тұншығып келеді? Глубокое ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Жұмаділов пен журналист-энергетик Денис Данилевский осындай сұрақтарға жауап іздеп, зерттеу жүргізген. Қатпары қалың «хикаяның» шет жағасын олар Ulysmedia.kz порталының тілшісіне әңгімелеп берді.

«САПАРБАЕВТЫҢ КАБИНЕТІНДЕ...»

«Ресейден газ тарту – меніңше, қылмыс. Соңы тәуелділікке алып барады». Серік Жұмаділов әңгімені бірден осылай бастады.

Ол дәл 2010 жылдары Глубокое ауданы әкімінің орынбасары болған, өндіріс саласына жетекшілік еткен. Әңгіме болып отырған кен орыны Өскеменнен 25 шақырым ғана қашықта, осы Глубокое ауданында. Белокаменско-Бобровское көмір кеніші деп аталады. Ол жерде 2009 жылы «КазСланец» ЭТК» деген қазақстандық-ресейлік бірлескен компания көмірді жер астында газдандыратын энерготехнологиялық кешен салуға жоспар әзірледі. Газды ұңғымамен алмақшы болды.

Серік Жұмаділов

«Бұл – экологияға зиянсыз әдіс. Олар жобаға 600 млрд доллар құюға әзір болды. Өскеменнің өзін және айнала 100 шақырым қашықтағы елді мекендерді газдандыруға жоспар құрды. Әбден жоба пісіп-жетіліп, 2012 жылы тәжірибе жүзінде іске қосқалы отырғанда тоқтап қалды. Қалайша? Олар облыс орталығында әкімдікке қарама-қарсы үйлердің бірінен пәтер жалдап тұрушы еді. Бір күні мені сонда шақырды. Бәрі отыр екен. «Біттік, Серік» деді. «Ой, не болды?». «Сапарбаевтың (Бердібек Сапарбаев 2009-2014 жылдары ШҚО әкімі болған –авт.) кабинетіне шақырып алды. Өте «серьезный» адам келді. Нотариус та бар. Шығындаған ақшамызды қайтарды. Үстіне «утешительный бонус» қосып берді» деді. Солайша олар бәрібір жұмыс істетуге мұрша бермейтінін түсініп, бизнесті сатуға ымыраға келген екен.

Компанияның жұмысын үйлестіріп төрт жігіт жүретін. Мен біреуінің нөмірін тауып, телефонмен тілдестім. Қазір Санкт-Петерборда тұрады. Мәселені қайта көтеруге ұсыныс тастадым. «Серік, одан бері 10 жылдан артық уақыт өтті, қазір жасым 70-тен асты, қызығушылығым қалмады, оның үстіне Қазақстанға сенбейміз» деді маған. Тағы бір Ахмет дейтін қазақ болатын. Алматыдан. Оны таба алмадым», – деді Серік Жұмаділов.

Оның пайымдауына қарағанда, елдегі мұнай-газ саласын уысында ұстап отырған экс-президенттің туыстары Белокаменско-Бобровское кенішін «запасқа» сақтап қойды. «Үрім-бұтағын да қамсыз етпек».

МОТОР МАЙЫН ДА ӨЗІМІЗДЕ ШЫҒАРМАҚШЫ БОЛДЫ

«КазСланец» энерготехнологиялық кешенінің директоры Зелимхан Наурбиев 2012 жылы жергілікті «Рудный Алтай» газетіне сұхбат берген. Онда кешеннің жұмысы туралы толығырақ мағлұмат берген.

«Жер астындағы көмір қабатынан көмірді термохимиялық өңдеу арқылы газ бен жылу энергиясын аламыз. Ал жер бетінде екі технологиялық операция орындалады: тазартылған газды тұтынушыға жіберу және тазартылған газдан синтетикалық мотор отынын өндіру. Алынған жылу энергиясын электр энергиясын өндіруге, жақын маңдағы елді мекендерді жылумен қамтамасыз етуге жұмсаймыз, сондай-ақ жылыжай құрылысын бастап жіберіп, соған да пайдалануға болады. Есептеуіміз бойынша, газды құбыр арқылы жүз шақырымға дейінгі елді мекендерге тартуға болады. Демек, Риддер, Зырян (қазіргі Алтай – авт.) және басқа да ірі елді мекендерді қамтуға болады. (...) Жылына 30 млрд текше метрге дейін газ, бір млн тоннаға дейін синтетикалық мотор отынын өндіруге жобаның қуаты жетеді. Сонымен бірге қуаттылығы 400 мегаватт электр энергиясын өндіретін ЖЭО саламыз», – деген Наурбиев.

Оның айтуына қарағанда, бірқатар жылу электр орталығын газға ауыстыру арқылы экология проблемасын шешуге болады. Мұнда бір миллиард тонна көмір қоры бар. Жаз мезгілінде газ қажеттілігі азаяды, отын шығаруға сонда ден қойылып отырады. Кеніштің жұмысшы кенттерге жақын әрі темір жол бойында тұрғаны да жобаның артықшылығы болып есептеледі.

Кеніштен шығатын газ аз ба, көп пе? Салыстырайық. Жергілікті flashpress.kz тәуелсіз басылымының ақпаратына қарағанда, тұтас Германия жылына 90 млрд текше метр газ тұтынады. Ал Сербия, Финляндия сынды елдерге 3 млрд текше метр көгілдір отын жетеді. Белокаменско-Бобровское кен орынындағы жыл сайын өндірілетін 30 млрд текше метрге жуық газдың 2,8 млрд текше метрі жергілікті халыққа құбыр арқылы тартуға бағытталады деп жоспар құрылған.

ХАЛЫҚТАН ЖАСЫРЫЛҒАН ҚҰЖАТ

Журналист, бұрынғы энергетик Денис Данилевсикй мен Глубокое ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Жұмділовтің зерттеуіне қарағанда, кенішті сатып алған «серъезный» адамды табу қиын. Ол жер қазір «НұрАрКөмір» деген компанияның қарамағында. Компания 2017 жылы ғана құрылған. Қарағандыда тіркелген. Бірақ ғимарат иелері ондай жалға алушы жоқ дегенді айтады. Компанияда бар-жоғы екі адам жұмыс істейді. «Бұл әдіс (кенішті шағын кәсіпорынның атына жазып қою – авт.) кен орынын өзінде сақтап тұру үшін әлдебір олигархтың ойлап тапқаны болса керек. Қағаз бойынша жұмыс жүріп жатыр дейді. Ал шын мәнісінде не болып жатқаны белгісіз».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ізденушілердің сауалына жауап бермей қойған. «Қазіргі жер қойнауын пайдаланушы газ өндіруді және оны шығысқазақстандық тұтынушыларға жеткізуді жоспарлай ма?» деген сұраққа «бұл – коммерциялық құпия» депті.

Денис Данилевский

«Біздің шенеуніктер жалтарудың жолын жақсы біледі. Бұл жерде қандай коммерциялық құпия бар? Біз кәсіпорынның немесе оның иелерінің табысы туралы сұрамадық! Біз қоғамдық маңызы бар ақпаратты сұраттық қой», – деп жазады журналист.

Сонымен бірге ИИДМ мен "НұрАрКөмір" ЖШС арасында келісімшарт қолжетімді жерлерде жоқ, бұл да құпия. Белокаменско-Бобровское кен орнын игеру жобасын талқылау хаттамасы Қоғамдық тыңдаулардың деректер базасынан табылмады. Жоба туралы ШҚО-ның 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасында да, Глубокое ауданын дамыту бағдарламасында да ешқандай мәлімет жоқ. «Шынында да жұмбақ, шифрланған жоба!»

«Кеніште газ өндірілгелі жатыр ма, әлде басымдықты көмірге бергелі отыр ма – бұл жағы бізге, қарапайым адамдарға, неге екенін қайдам, құпия болып отыр. Келісімшарт ашық жарияланса, олардың көкейінде не барын білер едік. Біз зерттеуімізді жалғастырып жатырмыз. Облыс әкімдігіне хат жолдадық. Олар да әзірше «дәнеңе білмей жатыр». Хатымды бір инстанциядан тағы бір инстанцияға жолдаумен уақыт өткізіп келеді. Жауап беруге тиіс мерзімдерін 28 маусымға шейін созып тастады», – дейді Денис Данилевский Ulysmedia.kz порталына.

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ДӘРМЕНСІЗ ЖАҢА ЕРЕЖЕ

«Мен де, көпшілік қауым сияқты, табиғи байлығымыз, ең алдымен, өз экономикамызға және Қазақстан халқының игілігіне пайдаланылғанын қалаймын. Халық қоятын талабын шын мәніндегі халық депутаттары, күшті партиялар, қоғамдық ұйымдар арқылы күшейтуі керек. Билік саясаты содан кейін өзгеретін шығар.

Жер қойнауын пайдалану, оның ішінде мұнай өнімдері бойынша келісімшарттар халыққа әлі де ашық берілген жоқ. Бұл Конституциядағы «жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі» деген жаңа ереженің растығына күмән келтіреді. Байлыққа халық иелік еткенге дейін ұзақ жол бар... Табанымыздың астында тұрған мол газ қоры туралы ақпарат бізге өте маңызды. ШҚО, әсіресе облыс орталығы тұрғындарын газбен қамтамасыз ету аса қажет. Ауамен тыныстағымыз келеді. Зиянды қалдықтарға тұншыға бергіміз келмейді. Жерлестерім пікірін ашық айтады, билік оны тыңдайды деп үміттенемін», – дейді Данилевский.

«ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖОБА» ТУРАЛЫ

Парламент мәжілісінде 6 маусым күні өткен үкімет сағаты «Газ саласын дамыту перспективаларына» арналды. Жиында баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен «ҚазақГаз» компаниясының басшысы елдегі газ бағасы «төмен» екенін, көгілдір отынды халыққа «өз құнынан төмен беріп отырғанын» бірнеше рет қайталады. Біздегі бірыңғай оператор мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар шығынға жұмыс істеп отыр дегенді жеткізді. Олардың пайдасы азайғандықтан жаңа зерттеу жүргізілмейді, қазіргі газ қоры таусылады, сондықтан Ресейден газ алу керек екенін мәлімдеді. Бұл ұсынысты депутат Ғалым Әміреев сынға алды.

Ғалым Әміреев

«Біз бірнәрсені ұмытып отырмыз. Кешегі қаңтар оқиғасының түрткісі не болды? Жаңаөзенде газ бағасына деген наразылықтан басталды. Ол оқиғадан 7-8 ай бұрын мәжілісте бәсекелестікке қатысты заңды қарағанда осы министрліктің орынбасары Әсет Мағауовқа да, монополияға қарсы агенттік өкіліне де газ бағасын бақылау керек деп мәселе қойғанбыз. Біз неге бұрынғы болған нәрселерге қорытынды жасамаймыз? Қаңтар оқиғасынан кейін жауапкершілікті 3-4-ақ адам артып кетті. Олар: зауыт директоры және сол жерде әкімдікте істейтін азаматтар. Министрліктен жауапкершілікке біреу тартылды дегенді естіген жоқпын. Ары қарай қалай бақылаймыз? Бүгін Қаңтар оқиғасына жеткізген мәселе туралы бірауыз сөз қозғалмады. Қандай қорытынды шығардық? Елде не болып жатыр? (...) Министрлік тек газ тарифі туралы айтты. «Газды өз құнынан төмен сатып жатырмыз» дегенді ғана айтады. (...)

Оның айтуынша, енді екінші Ресейден газ әкелу туралы мәселе бар.

«Онсыз да кеше Каспий құбыры консорциумының проблемасы болғанда экспорт бағыты бойынша Ресейге тәуелді екенімізді түсіндік. Енді тағы Солтүстік пен Шығысқа – екі жерден газ кіргізгелі отырмыз. Өзіміздің мүмкіндігіміз бар ғой, газ тасымалдауға неге бюджет ақшасын жаратпаймыз? Айналып келіп министрлік «керемет» ұсыныс жасап отыр. Мұнайға тәуелді едік, енді газға тәуелді етпек. Соны біз мақұлдауымыз керек екен. Неге мақұлдауымыз керек. Ол халыққа қарсы жасалып жатқан жоба...» – деп бағалады депутат.

P.s. Солтүстік пен Шығыс аймақтарды газдандыру мәселесі өзекті болып тұрған тұста Белокаменско-Бобровское кеніші туралы неге айтылмай жатқаны түсініксіз. Париж келісімі аясында Қазақстан зиянды шығарындылар мөлшерін азайтуға мойынына міндет алған. Ендеше көмір өндірісін қысқартып, газға ауысуға бұл бір мүмкіндік болар еді.

Тасқын Болатұлы