×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Ұрпақ еншісіндегі триллиондар: Ұлттық қор қай премьер-министрдің тұсында көп жұмсалды

21.06.2022, 17:27
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Менің позициям түбегейлі – Ұлттық қордың қаражатын күнделікті шығынға жұмсауды қою керек! Менің тапсырмам бойынша, Ұлттық қорды жаңа жаһандық жағдайда пайдаланудың жаңа концепциясы әзірленуі тиіс!» Бұл – бірінші президент Назарбаевтың сонау 2015 жылы айтқаны. Бізде байқасаңыз, жалынды сөздер биік мінберлерден жақсы-ақ айтылған. Бірақ, ең қызығы, кеше ғана Парламент палаталарының бірлескен отырысында Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың «белсенді фазасы» дәл сол 2015 жылдан басталғанын мәлім етті. Ulysmedia.kz порталы бұл мақалада әр жылдары Ұлттық қордың ресурсы қалай қолданылғанын, қай премьер-министрлердің тұсында ұлттық байлықтан көп ақша алынғанын сараптап көрді.

Түсімнен трансферт көбейіп барады

Кейінгі кезде Ұлттық қордың қаражатын пайдалану мәселесі қайта қызу талқылана бастады. Әлихан Смайылов басқаратын үкіметтің сұраған қаражаты тағы 4,6 трлн теңгеге дейін артуы осы дауға себеп болып жатыр. Үкімет басшысын сынағандардың кейбірі Смайыловтың үкіметі алдыңғы премьерлерден еш айырмашылығы жоқтығын да, бұл да Ұлттық қорға қол салғанын, бір салғанда мол салғанын жазады.

Үкімет сұраған бұл ақшаға мемлекет басшысының да көңілі толмайтын секілді. Осы жылдың мамырында ұлттық банктің есебін қабылдаған кезде бұл туралы Тоқаев былай деді.

«Ұлттық қордан жасалған трансферттер 2020 жылы 4,8 триллион теңгені, ал 2021 жылы 4,5 триллион теңгені құрады. Биыл үкімет тағы да 4,6 триллион теңге сұратып отыр. Бұл – өте қомақты қаржы. Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға сүйенбеуі керек. Трансферттерді біртіндеп азайту қажет».

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова болса осыған дейінгі кезеңде Ұлттық қордың ақшасын орынды пайдалану кезеңдері болғанын айтады. Пандемия мен оның салдарын жою, бизнесті қолдау, халықтың табысын арттыру бағытында қаражатты жұмсағанда тұрған ештеңе жоқ дейді ол. Себебі Ұлттық қорда екі мақсат болса, оның бірі – тұрақтандыру. Алайда 2021 жылы Ұлттық қорға түскен түсімнің (4,3 трлн теңге) алынған трансферттен (4,5 трлн теңге) асып кетуі экономистерді алаңдатады.

Мәсімовтың тұсы (2007-2012)

Жалпы Ұлттық қордың қаражатын жұмсаудың бірнеше бағыты бар. Ең ірісі – республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферт. 2001-2015 жылдар аралығында Ұлттық қордан осы бағытта 9,9 трлн теңге немесе 60,2 млрд доллар бөлінген. Бұл ретте алғашқы трансферттер үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болып тұрған 2007 жылдан басталады. Дәл сол жылы АҚШ-та ипотекалық дағдарыс басталып, республикалық бюджет мұнайдан түсетін долларға байланып қалған. Орташа есеппен 2001-2015 жылдар аралығында шамамен жылына орташа есеппен 6,7 млрд доллардан аударылып тұрған.

2008 жылдан бастап Ұлттық қордан нысаналы трансферттерге ақша бөліне бастады. Осы ретте Кәрім Мәсімов бірінші рет үкімет басшысы болған 2007 жылдың қаңтары мен 2012 жылдың қыркүйегі аралығын сараптап көрелік.

Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланған «ҚР Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2007 жылғы есепті бекіту туралы» жарлығына сәйкес, 2007 жылдың басында Ұлттық қорда 1,8 трлн теңге қаражат болған. Сол жылы кепілдендірілген трансфертке 258 млрд теңге аударылады. Тағы 1,3 млрд теңге сыртқы аудитті өткізуге байланысты шығыстарды жабуға бағытталып, жалпы 2007 жылдың соңына қарай 2,7 трлн теңгеге дейін ұлғайған. (Қорытынды: 2007 жылы – 258 млрд теңге жұмсалған).

2008 жылдың соңында Ұлттық қордың қаражаты 2,7 трлн теңгеден 3,3 трлн теңгеге дейін артады. Алайда дәл сол жылы 464 млрд теңгелік кепілдендірілген трансферттерден бөлек, алғаш рет 607 млрд теңге нысаналы трансферттерге аударылған. Сыртқы аудит жүргізуге 2,6 млрд теңге жұмсалған. (Қорытынды: 2008 жылы – 1,07 трлн теңге).

2009 жылы Ұлттық қордағы қаражат 4,5 трлн теңгеге жетті. Сыртқы аудитке бұл жылы 2,8 млрд теңге жұмсалды. Кепілдендірілген трансферт көлемі 843 млрд теңге болса, нысаналы трансферт көлемі 261 млрд теңгені құрады. Яғни 2009 жылы Ұлттық қордан шыққан қаражат көлемі – 1,1 трлн теңге (қорытынды) болды.  

2010 жылды шолып шығайық. Бұл жылы мұнайдан түскен түсім Ұлттық қорды едәуір молайтып, жыл соңына қарай мұндағы қаражат 5,7 трлн теңгеге жетті. 2010 жылы нысаналы трансферттерге қаражат бөлінген жоқ. Кепілдендірілген трансфертке 1,2 трлн теңге кетті. Ал сыртқы аудитке 3,9 млрд теңге жұмсалды. (Қорытынды: 2010 жылы – 1,203 трлн теңге).

2011 жылы Ұлттық қор 5,7 трлн теңгеден 7,9 трлн теңгеге өсті. Бұл – мұнайдың қымбаттап шыға келген кезеңі болатын. Бұл жылы да нысаналы трансферттерге ешқандай қаражат аударылған жоқ. Кепілдендірілген трансфертке 1,2 трлн теңге аударылды. Сыртқы аудитке 4,1 млрд теңге кетті. (Қорытынды: 2011 жылы – 1,204 трлн теңге).

2012 жыл да Ұлттық қор үшін табысты болды. Дәл осы жылы қордың қаражаты алғаш рет 10 трлн теңгелік шектен асып, 10,4 трлн теңгеге жетті. Нысаналы трансфертке қаражат аударылмады. Ал кепілдендірілген трансферт көлемі 1,380 трлн теңгені құрады. Тағы 5,7 млрд теңге сыртқы аудитке кетті. (Қорытынды: 2012 жылы – 1,385 трлн теңге).

Осы алты жылдықты бір түйіндеп, Кәрім Мәсімовтың тұсында Ұлттық қордан қанша қаражат алынғанын есептеп шығарсақ, ұлттық байлықтың шығыны (трансферттер мен сыртқы аудитке кеткен қаражатты есептегенде) – 6,2 трлн теңге жұмсалғанын есептеп шығаруға болады.

Серік Ахметов (2012-2014)

2012 жылдың 24 қыркүйегі мен 2014 жыл 2 сәуірі аралығында премьер-министр болған Серік Ахметовтың тұсында жылдар бойы аударылмай келген нысаналы трансферт бірінші рет аударылып (2014 жылы), Ұлттық қор «қауіпсіздік жастықшасы» миссиясын орындай бастады. Бұл жылдары Ресей Украинаның жекелеген облыстарын басып алып, мұның арты санкцияларға ұласып, оның салқыны Қазақстанға да тие бастаған кез еді.

2012 жылғы Ұлттық қор шығыны жоғарыда Кәрім Мәсімовтың тұсында жазылды. 2013 жылы Ұлттық қорға түскен түсім 13 трлн теңгені құрады. Кепілдендірілген трансферт көлемі 1,380 трлн теңгені құрады. Сыртқы аудитке 6,5 млрд теңге жұмсалды. (Қорытынды: 2013 жылы – 1,386 трлн теңге).

Ұзақ уақыттан бері нысаналы транфертке ақша алмай келген үкімет 2014 жылы «сеңді бұзды» деуге де болады. Бұл жылы Ұлттық қордың жалпы активі 16,4 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Алайда кепілдендірілген трансферттер көлемі 2014 жылы 1,480 трлн теңгеге ұлғайып, нысаналы трансфертке 475 млрд теңге аударылды. Сыртқы аудитке 8,6 млрд теңге жұмсалды. (Қорытынды: 2014 жылы – 1,96 трлн теңге). Жалпы 2014 жылы Ұлттық қорға ең көп ақша жиналғанын (77 млрд доллар) атап өту керек. Содан кейін Ұлттық қор ол шекке қайта жете алған жоқ.

Яғни 2012-2014 жылдар аралығында, яғни Серік Ахметов премьер-министр болып тұрған кезінде Ұлттық қордың шығыны 3,34 трлн теңгеге жетті.

Оралған Кәрім Мәсімов (2014-2016)

Серік Ахметов отставкаға кеткеннен кейін бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов тағы да үкімет басына келді. Бұл кез – 2014 жылдың сәуірі еді (2014 жылдың көрсеткіші Серік Ахметовпен байланыстырылды). 2015 жылғы трансферттер тарихына шолу жасасақ: Ұлттық қорға 2015 жылы рекордтық деңгейде түсім келді. Қор 16,4 трлн теңгеден бірден 25,7 трлн теңгеге дейін өсті. Дағдарысқа байланысты аударылған трансферттер де аз болған жоқ. Нақтырақ айтқанда, бұл жылы кепілдендірілген трансферт көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайса, нысаналы трансферттер көлемі 754 млрд теңгеге жетті. Тағы 12,1 млрд теңге сыртқы аудитке бағытталды. (Қорытынды: 2013 жылы – 2,46 трлн теңге).

2015 жылы түсімі шамамен бір жарым есе ұлғайса да, Ұлттық қордың 2016 жылғы активі 2015 жылғыдан төмендеп қалды. Түсім көп болмай, жыл соңына қарай Ұлттық қордың көлемі 23,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.  Кепілдендірілген трансферттер көлемі (2,1 трлн теңге) мен нысаналы трансферттер (745 млрд теңге), сыртқы аудитке кеткен шығынның (18,8 млрд теңге) бәрін қосқанда Мәсімовтың екінші рет премьер-министр болған кезде Ұлттық қордан ұсталған қаражат 2,87 трлн теңгеге жетті.

Осылайша, 2014-2016 жылдары аралығында Ұлттық қордан шыққан шығын – 5,33 трлн теңге болғанын есептеп шығуға болады.

Бақытжан Сағынтаев (2016-2019)

Бақытжан Сағынтаев үкімет басшысы болып тұрған 2017, 2018 және 2019 жылдар аралығында Ұлттық қордан 4,4 трлн теңге, 2,6 трлн теңге және 3 трлн теңге алынды. Яғни оның премьерлігі кезінде Ұлттық қордан шыққан шығынды 11 трлн теңге деп есептеп шығуға болады. Алдыңғы үкімет басшыларына қарағанда бұл ең жоғары көрсеткіш. 2019 жылдың басында үкіметтен кеткен Сағынтаевтың үш жылында мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері артқан болатын.

Жалпы Ұлттық қордан қаражат алудың шырқау шыңы да (2017 жылға дейін) осы Бақытжан Сағынтаев үкімет басшысы болған 2017 жылмен тұспа-тұс келеді. Ол жылы 4,4 трлн теңгелік трансферттер көлемі бюджеттің бүкіл түсімінің 46 пайызына теңескен. Сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын қаражатты азайту бағытында бірнеше рет тапсырма берген. 2017 жылдың соңында тіпті кепілдендірілген трансфертті 2020 жылға қарай 2 трлн теңгеге дейін азайтуды тапсырған еді. Алайда...

Асқар Мамин (2019-2022)

Асқар Мамин үкімет басына келген кезде Ұлттық қордың жалпы активі 26 трлн теңгені құраған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша түсім 27,4 трлн теңгеге дейін өскенімен, шыққан шығын 3 трлн теңгеден асып кетті. Атап айтқанда, кепілдендірілген трансферттер бұл жылы 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, нысаналы трансферттер 370 млрд теңгені құраған. Сыртқы аудитке 13 млрд теңге жұмсалған. Яғни 2019 жылғы қорытынды – 3 трлн теңге.

2020 жылы пандемияның салдарынан үкімет Ұлттық қордан 4,8 трлн теңгеге дейін алуға мәжбүр болды. Ал 2021 жылы трансферттер көлемі тағы 4,5 трлн теңгеге жетті. Осылайша, Асқар Мамин үкіметті басқарған жылдары Ұлттық қордың қаражаты 11,3 трлн теңгеден асып, Мамин ел тарихында Ұлттық қорды ең көп жұмсаған премьер ретінде қалды.

Әлбетте, Ұлттық қордың жұмсалуына қарай ел тарихындағы үкімет басшыларының жұмысына баға беруге болмайды. Кейбір премьерлердің тұсында ел экономикасы қарыштап, кейбірінің тұсында керісінше мемлекет дағдарыспен бетпе-бет келді. Әйтсе де Ұлттық қордың ең бірінші кезекте, ұрпақ болашағы үшін құрылғанын ескерген абзал.

Әлихан Смайылов осы жылдың 11 қаңтарында премьер-министр болып тағайындалды. Үкіметтің бұған дейінгі басшыларындай, Смайылов та Ұлттық қорға қол жая ма? Әлде, басқа жол таба ма? Осы жылдың өзінде 4,6 трлн теңге сұратқанына қарағанда, Әлихан Смайыловтың әзірге алдыңғы басшылардан айырмашылығы көп байқалмайды. Әлбетте, оны ақтаушылар «мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері көп», «дағдарыс шыға алмай жатырмыз» десе де, Ұлттық қордың қаражатын ұстау мәселесі жылдан жылға ұлғайып барады. Бұл қарқынмен қор күндердің күнінде түгесілуі де мүмкін.