×
467.99
488.82
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
467.99
488.82
7.7

1 рубль – 8,72 теңге: Адасқан бағам Қазақстан үшін «пайдалы проблемаға» айналды

24.06.2022, 15:29
Коллаж: ulysmedia.kz.

Солтүстіктегі көршінің жай-күйіне тәуелді Қазақстанның ұлттық экономикасын біраз өзгеріс күтіп тұрған сыңайлы. Оған себеп – 1 рубльдің 8,72 теңгеге дейін қымбаттауы. Ресейден келетін тауарлардың бағасын бұл үрдіс әлбетте, шарықтатады. Онсыз да инфляциямен күресіп жеңе алмай жатқан ұлттық банк пен үкіметтегі шенеуніктердің басы тағы қата бастады. Өндірістің өзін әртараптандыра алмай жатқан оларға ендігі кезекте импортты әртараптандыруға тура келеді. Ulysmedia.kz порталының тілшісі осы ретте рубль бағамының өсуінің Қазақстан нарығына қалай әсер ететінін белгілі экономистерден сұрап көрген. Сарапшылар үрдістің теріс жағы да, оң жағы да барын айтады.

БҰЛ ДА ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА

Танымал экономист Расул Рысмамбетовтың айтуына қарағанда, теңгенің қазіргі рубльге шаққандағы бағамы әлбетте, шынайы емес. Өйткені Қазақстан бұған дейін рубльдің долларға шаққандағы бағамын есептеуге үйреніп қалған. Бірақ қазір бағам бұрмаланып жатыр.

«Ресейде санкцияларға байланысты доллар бағамы логикаға саятын деңгейден кетіп қалды. Импорт күрт азайып, доллардың артық мөлшері пайда болды ол жақта. Сол себепті Ресей тарапы техникалық тұрғыдан доллар бағамын 50-60 рубль деңгейінде ұстап отырғанымен, бұл жағдай импорттық тауарлардың Ресейде азаюуымен тікелей байланысты. Егер Ресейде импорт қайтадан артса, ол жақта рубль бәрібір әлсірейді. Міне, сондықтан рубльдің теңгеге шаққандағы қазіргі бағамына шынайы емес деп есептеймін», - дейді ол.

Экономист бұл жағдай Қазақстанның экономикасы үшін үлкен проблема екенін атап өтті. Егер рубль тым әлсіреп, 2014 жылғыдай бір рубльдің бағамы 2-3 теңге деңгейіне түсіп қалса, қазақстандықтардың бәрі де ресейлік тауарларды ала бастайды да, өз өнімдеріміз нарықтан сырт қалады. Ал дәл қазір бәрі керісінше, ресейлік тауарлар біздің нарықта қымбаттап шыға келді.

«Бағам нақты қандай болуы керектігін түсіну үшін нарықтық емес, белгілі бір деңгейде әкімшілік іс-шараларды қолға алу керек. Ұлттық банк мен үкімет осы жағдайдың бәрін талдап, уақтылы болжам жасай алатын шығар деген үміттемін. Себебі дәл қазіргі ахуал – аса жақсы нышан емес», - деп сөзін жалғастырады сарапшы.

Расул Рысмамбетов екінші жағынан бұл фактордың артықшылығы – ресейлік тауарлар мен өнімдер қымбаттағаннан кейін қазақстандық тауар өндірушілерге бұрын жабық болған есіктер ашылатынын да айтып өтті. Яғни қазір олар өз нарығын өздері жаулап алуға күш салуы керек.

«Бұл істің нақты қалай жүзеге асатынын білмеймін. Меніңше, қазіргі рубль бағамы сақталатын болса, алдағы 1-2 жылда қатты қиналсақ та, кейін ресейлік импортты өз өнімдерімізбен алмастыра аламыз. Алайда дәл қазіргі ахуал осындай. Бұл жерде ұлттық банк пен үкімет бар күшін салуы тиіс. Ол шаруа қалай іске асырылатынын солардың өзінен сұрастыру керек. Менің ұсынысым – сарапшылар тобы жиналып, бағамның қандай болуы керектігін түйсініп, белгілі бір жерде сауда жағынан шектеу қоюға болады. Ресейлік тауарларды алмастыру жағын қарастыру керек», - дейді ол.

ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРГЕ МҮМКІНДІК

Ал экономист Сапарбай Жобаев Ресейдің өзі экспорты көп ел болғанымен, импорты қысқарып қалғанын атап өтті. Айтуынша, Ресей қазіргі саясатына байланысты адамдарын шығармай, ұшақтарын ұшырмай қойған.

«Ол жақта жеке адамдарға да доллар керек еді. Ақыры мұның арты рубльге сұраныстың көбейіп, доллар бағамын рубльге шаққанда 55-ке дейін түсірді. Бұл жағдай әлбетте, Ресейдің экономикасына өте кері әсер етеді. Сондықтан 20 пайыздық қайта қаржыландыруды 9 пайызға түсірді. Дәл қазір ол жақтағы билік бұрынғыша доллар құнын 70-80 рубльге дейін жеткізуге әрекет етіп жатыр», - дейді ол.

Бұл жағдайдың Қазақстан нарығына теріс те, оң да әсері бар дейді сарапшы. Теріс әсеріне келер болсақ, Ресейден келетін тауарлар қымбаттайды. Яғни бұрын сіз 500 теңгеге сатып алып жүрген ресейлік тауар 800 теңгеге сатылады. Сондықтан Қазақстан ресейлік тауарды шектеуге мәжбүр.

«Бірақ бұл Қазақстанның Ресей кіргізетін экспорттық тауарларына өте ыңғайлы болады. Өйткені қазір Ресейдің Қазақстанмен шектесетін облыстарында ресейліктер тұрмыстық техникалар мен тауарлардың бәрін біздің нарықтан алып кетіп жатыр. Естеріңізде болса 2014 жылы бір рубль үш теңгеге дейін түскен кезде біздікілер Ресейге лап қойып, тауарларын сатып ала бастаған. Ал қазір керісінше. Қазір білуімше, ақша айырбастау пунктерінде Ресейден рубльмен келіп, долларға ауыстыру жоқ десе де болады. Өйткені комиссия мөлшері көп. Ресми бар – бірақ конвертация жүргізілмейді. Қара нарықта доллар рубльмен сатылғанда екі есе қымбат. Ал олар рубльді теңгеге ауыстырып, ол теңгені долларға ауыстыруға тырысуы мүмкін. Банктер рубльден сақтанады. Сол үшін комиссия қойып қойған. Ондай комиссия құюға рұқсат бар», - дейді ол.

ЖАЛПЫ ҮРДІС ЖАМАН ЕМЕС

Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаев та бұл жөнінде пікірін әлеуметтік желіге қалдырыпты. Экс-министр доллардың теңгеге шаққандағы бағамы жөнінде ойын «гипотеза» деңгейінде бөліскен. Оны бірақ тексеру керек дейді ол.

«Бұл тек гипотеза: Ресейден келетін импорттың азаюы – Қазақстаннан Ресейге тауарлардың реэкспортымен жабылады. Яғни біздің импортшылар доллар мен тауарларды көбірек сатып алады. Не үшін? Әлбетте, паралель тұрғыда Ресей нарығына өткізу үшін! Бұл мөлшер Ресей нарығында көп үлеске ие болмаса да бағамға әсер етеді. Ал импорттың уақытша төмендеуі мен РФ-да валюталарды сатуға байланысты қолға алынған іс-шаралар рубльді күшейте түседі. Ал теңге/рубль доллар бағамын есепке ала отырып қалыптасады. Жалпы бұл жаман емес. Жұмыс орындарының құрылып, қызметтер мен сауданың артуына септігін тигізеді. Белсенділік бізге көшеді. Бірақ бәрін дұрыстап талдау керек», - деп түйеді Бишімбаев.

Осылайша, рубль бағамының өсуі бір жағынан Қазақстанда жасалған өнімдердің экспорты үшін пайдалы болғанымен, Ресейден келетін тауарлардың қымбаттауы тағы да проблемаға айналатын түрі бар. Ал үкімет импортты алмастырамыз десе де, бұл шаруаның өзі ұзақ уақыт алады. Ресей Қазақстанға қант сатпай қойғаннан кейін билік амалсыз алыс шет елдерді жағалап кетті. Яғни өндіріске диверсификация жасамай жатып, импорттың өзін әртараптандыру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.