×
477.37
460.38
8.27
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
477.37
460.38
8.27

Саяси сарапшы: Қазақстанға Ресей де, Украина да ренжи алмайды

28.07.2022, 14:08
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz оқырман назарына халықаралық сарапшы Риззат Елубаевтың Қазақстанның сыртқы саясаты, көрші елдермен қарым-қатынасы, интеграциялық келешегі туралы пікірін ұсынады. Сарапшы Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатына қалай баға береді? Интеграциялық келешегі туралы не ойлайды? Қазақстан қатысатын бітімгерлік миссиясы туралы пайымы қандай? Оқып көрелік.

ЗАРДАПТАН БҰРЫН МҮМКІНДІКТЕРДІ КӨБІРЕК ОЙЛАУ КЕРЕК

Сарапшы Қазақстанның сыртқы саясатының қазіргі ұстанымына баға беруден бұрын біріншіден, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның бұрынғы президентінің көпвекторлы саясатты бағым бағыт ретінде анықтағанын еске алады. 30 жылдың ішінде көпвекторлы саясат өз жемісін беріп келді дейді ол. Халықаралық сарапшының пайымдауынша, Қазақстан халқының ішінде бұл саясатқа, бағытқа сенімділік пайда болған. Яғни алдағы уақытта көпвекторлы саясатты біржақты ауыстыру, бір мемлекетке басымдық беру – үлкен қиындықтарға апарып соғуы мүмкін. Себебі бұған ең алдымен, халықтың өзі наразы болуы ықтимал.

«Екіншіден, қазіргі ұстанымға келер болсақ, біздің көпвекторлы саясат өзгерген жоқ. Тек Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарына арналған тұжырымдамасында көрсетілген прагматизм және белсенділікке кішкене ауған секілді. Әсіресе прагматизмге. Мысалы алғашқы президент Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы саясатқа басымдық берсе, қазіргі таңда Қасым-Жомарт Тоқаев көбінесе прагматизм мәселесіне басты назарды аударып жатыр. Сондықтан қазіргі Қазақстан Республикасының сыртқы саяси ұстанымы көпвекторлы, прагматикалық және белсенді халықаралық саяси ұстаным болып отыр», - дейді сарапшы.

Ресей мен Беларусь сарапшылары, Қазақстанның кейбір сарапшылары да «Қазақстан үшін маневр жасауға мүмкіндік аз» деген пікірді айтады. Алайда Риззат Елубаев бұл пікірмен келіспейді екен. Оның сөзіне қарағанда, халықаралық саясатта қатысушылар өте көп.

«Өздеріңіз білетіндей, дәстүрлі саяси акторлармен қатар, дәстүрлі емес саяси акторлар да күшейіп жатыр. Олардың қатарына трансұлттық компанияларды, халықаралық ұйымдарды және халықаралық мемлекеттік емес ұйымдарды жатқызуға болады. Сондықтан халықаралық қатынастарда тығырық жағдайлары өте аз кездеседі. Өйткені әр мәселе бойынша одақтастар немесе пікірі бір жерден шығатын әріптестер кездеседі. Сондықтан Қазақстан мұны 30 жыл бойы пайдаланды. Алдағы уақытта да бұған ешқандай тығырыққа тірелетіндей жағдай жоқ деп кәміл сенемін», - дейді ол.

Риззат Елубаев бүгін де қақтығысқан тараптардың бірін мойындауымыз керек деген секілді немесе қолдау керек деген сияқты сұрақтар туындап жатқанын жасырмайды. Расында да, Ресей мемлекеті халықтың өзін-өзі таңдау мүмкіндігі бар десе, Украина территориялық тұтастығын қорғап жатыр. Ал Қазақстан барлық түйткілді мәселелер халықаралық құқық негізінде шешілуі керек деп есептейді. Сарапшы бұл ретте Қазақстанның принципін өте тиімді ұстаным екенін атап өтті. Өйткені Ресейдің де қандай пиғылы болса да бәрін халықаралық құқық негізінде немесе халықаралық легитимділікке әкелгісі келеді. Дәл сол секілді Украина да. Сондықтан Қазақстан тарапы мәселенің бәрі халықаралық құқық алаңында шешілуі керектігін әрбір жиында айтып, нақтылап келеді. Бұл позицияға Ресей де, Украина да ренжи алмайды.

Сарапшы қазір қалыптасқан жағдайда кез келген мемлекет жағдайды ұтымды пайдалануға тырысатынын айтып өтті. Сондықтан Қазақстан зардаптардан гөрі қандай мүмкіндіктер пайда болғанын ескеруі керек. Практикалық тұрғыда пайда болған мүмкіндіктер қызықтырған барлық мемлекеттермен, мемлекетаралық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен достық, тең құқықтық және өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту арқылы көпжақты консультациялармен немесе келісімдер арқылы шешуі керек.

КРЕМЛЬ ҰҚҚАН АКСИОМА

Халықаралық сарапшы қазір Қазақстан өзіне одақтастарды жинауы керек деп есептейді. Айтуынша, ел билігі егер өзінің жаңа шешім жолдары немесе тың ұсыныстары пайда болса, әрине, мұны жариялауы керек.

Риззат Елубаев Украинада қақтығыс басталғалы бері күтпеген өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Бірақ жалпы халықаралық қатынастар әрқашан да құбылмалы динамикада болып отыратынын да есепке алу керек дейді. Сондықтан мұндай жағдайларды кәсіби дипломаттар мен саясаткерлер қалыпты жағдай ретінде қарастырады. Ал Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы қалай өзгерді деген сұраққа жауап берген сарапшы саяси біржақты көзқарас ұстану тарапынан өзгерістер болмаса, басқа салада екі ел арасында айтарлықтай ештеңе өзгере қоймағанын айтады.

«Осы саяси жағдайға байланысты Ресей Қазақстанның Украинаға қатысты өзіндік ұстанымы бар екенін білді. Бұл ұстаныммен Ресей тарапы келіскен секілді. Өйткені БАҚ-та Ресей тарапының Қазақстанды түрткілеп, қысым көрсеткісі келгені туралы біршама жазылды. Бірақ мұның нәтижесінде Ресей тарапы келесі аксиоманы ұғынған секілді: Ресей тарапынан Қазақстанның егемендігі мен тұтастығына қаншалықты қысым келсе, Қазақстан соншалықты деңгейде Ресейден алыстай береді. Украинаға қатысты Қазақстанның бұл ұстанымын Ресей тарапы жақсы түсінген сияқты. Енді алдағы уақытта саяси түрткілеулерді қойып, Ресей тарапы Қазақстанның ұстанымын мойындап, бар күшті алдында келісілген жобалар мен экономикалық мәселелер бойынша аударатын секілді», - дейді ол.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ УАҚЫТЫ ЖЕТПЕДІ»

КСРО ыдырап, тоқсаныншы жылдардың басында түрлі интеграциялық идеялар болған. Әсіресе, ол – Орталық Азия мемлекеттерінің интеграциясы. Риззат Елубаев  сол кезеңде Қазақстан өзінің көшбасшылық орнын айқындап, ешкімге Орталық Азияны бергісі келмегенін еске салады. Бұл саяси ұстаныммен сол кездегі Өзбекстанның президенті Ислам Кәрімов келіспеген. Сондықтан Өзбекстан тарапы ол идеяны сөз жүзінде қолдаса да, қағаз жүзінде ешбір құжатқа қол қоймаған. Содан кейін Назарбаев тарапынан ұсынылған интеграциялық идея – жалпы ғасырлық жоба. Өйткені Назарбаевтың шынайы әрі түпкілікті мақсаты Еуразия кеңістігін біріктіру еді. Бірақ бұған Назарбаевтың саяси белсенді уақыты жетпеді дейді сарапшы. Ал Ресей тарапы бірде интеграция процесіне тығыз араласып, бірде алшақтап жүрді. Халықаралық саясаттың өзгеруіне байланысты 2010 жылдан бастап Ресей қатты араласты. Соңғы кезде Украинаға қатысты Ресей тарапы қайтадан Еуразия кеңістігін интеграциялық біріктіру идеясын қолға қатты алғаны байқалады.

«Әрине, алдағы уақытта интеграциялық идея жалпы басқаша сипат алуы мүмкін. Өйткені Қазақстан тарапында шешілмей жатқан бір сұрақ – интеграцияға көзқарастың әртүрлілігі. Ресей тарапы саяси интеграцияны қолдаса, Қазақстан тарапы бұған қарсы болып келеді. Өйткені саяси интеграция егемендікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан Қазақстан тек экономикалық тарапынан бірігу идеясын қолдап жатыр», - деп ойын жалғастырады халықаралық сарапшы.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИНТЕГРАЦИЯСЫ КҮШЕЮІ МҮМКІН

Риззат Елубаев жалпы халықаралық қатынастарда қазіргі таңның өзінде интеграциялық және деинтеграциялық үрдістер де жүріп жатқанына назар аударады. Сондықтан Қазақстан өзінің саяси тұрғыдан тәуелсіздігіне, дербестігіне нұқсан келіп жатса, интеграциялық идеялардан біртіндеп бас тартуы мүмкін.

«Басында атап өткен Орталық Азия интеграциясына қайтадан жаңа леп беруі мүмкін. Әрине, сауда-саттық мәселесіне келгенде түрлі бағыттар бар. Бұл тарапта келесі мәселелерді айқындаған жөн секілді. Интеграцияға бармас бұрын күні ертең тек ашық бәсекелестік, ашық сауда, қандай да бір құйтырқылықтан бас тарту жөнінде әр тараптан кепілдік алу керек. Мысалы, Еуразиялыққ экономикалық одақ тарапынан қазір Ресейдің Украинаға қатысты шешіміне байланысты экономикалық зардаптар әкеліп жатыр. Ал мысалы бұл тұрғыда Ресей тарапы нұқсанды қалай өтейді деген мәселелер көтерілуі мүмкін. Әрине, мұндай сұрақтарды қою үшін саяси батылдық керек. Сондықтан алдағы уақытта интеграцияға қатысты сұрақтар басқаша қойылуы мүмкін. Қазақстанның қалған серіктестері оған қалай қарайды деген мәселені де естен шығармауымыз керек», - дейді сарапшы.

БІТІМГЕРЛІК МИССИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОЙ

Қазақстанның экономикалық әлеуеті тоқталған сарапшы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өте үлкен потеницалға ие екенін айтады. Көптеген позиция бойынша Қазақстан әлемде көптеген экспорттық өнім өндірушілермен теңесе алатынын да жеткізеді.

«Әсіресе, экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру бойынша. Бастысы, біз агроөнеркәсіптегі шикізаттан сапалы, қайта өңделген өнім шығаруға көшуді қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл мәселені біз түпкілікті шешсек, аграрлық сектор Қазақстан экономикасының драйверіне айнала алады. Әрине, халықаралық қатынастардағы бұл мәселеге түрлі спекулятивті жағдайлар болуы мүмкін. Әлемдік бидай биржасында. Сондықтан соған қарамастан Қазақстан өз өндірісін ұлғайтып, басты экспорттаушылардың біріне айналуы тиіс», - дейді Риззат Елубаев.

Сарапшыдан Қазақстан әскер жіберетін бітімгерлік миссиясы туралы сұрағанбыз. Оның айтуынша, қазіргі Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастықтың тең субъектісі. Басты аймақтық актор.

«Әр мемлекеттің халықаралық қауымдастықта ұстанымы болады.  Қазақстанның басты ұстанымы – бейбітшілік, бітімгершілік. Сол себепті Қазақстан сыртқы бітімгерлік миссияларға әрқашан қатысады. Бұл арқылы өзінің бітімгершілік, бейбіт идеясын Қазақстан әлемге паш етеді. Қазақстан тек бітімгершілік, гуманитарлық миссияларға қатысып келе жатыр. Ал екіншіден, бұл біздің әскеріміздің дайындығын көру және басқа локацияларды, басқа жерлерде тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Қазақстанның халықаралық имиджін көтереді», - деп түйді ойын халықаралық сарапшы.

Айта кетсек, Ulysmedia.kz порталы бұған дейін халықаралық саясат, геосаяси шиеленістер турасында мақалалар легін жариялаған болатын. Халықаралық шиеленіс деңгейі «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған» шағына жақындап келеді. Бұрын иық тірестіріп келген алпауыт державалар бүгін де шаппа-шап шайқас алдында. Алпауыттардың бұл жолғы текетіресі Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның да келешегіне едәуір әсер етері даусыз. Украинада басталған соғыс тіпті қазірдің өзінде Қазақстан билігін ойландырып, экономикалық саясатты да, сыртқы саясатты да бұрынғыша жүргізе беруге болмайтынын ұқтырып отыр. Осы тақырып турасында портал тілшісіне саясаттанушы Досым Сәтпаев сұхбат берген.

Одан бөлек, осы және өзге де сұрақтарды саясаттанушылардан Данат Момынқұлов пен Айдос Сарымға қойып көргенбіз. Шетелдік сарапшылардан Андрей Гурков пен Лейла Алиеваның Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы туралы пікірі жарияланған.