×
478.39
489.68
7.95
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.39
489.68
7.95

Байлардың майшелпегін аузынан жырып алатын заман келді – Алмасбекпен ауылда сұхбат

31.07.2022, 20:12
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Артымда олигархтар тұрса бұған дейін партия ашып, қырылып жүрер едім!» Бұл – біз сұхбаттасқан белгілі белсенді, «Шопан ата» ұлттық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбаевтың сөзі. Ол жайлы әңгіме көп. Белсендіні жақтайтындар көп, даттайтындар да аз емес. Ulysmedia.kz порталынан Самал Ибраева Алмасбек Садырбаевтың Үштөбе қаласы Қаратал ауданындағы шаруашылығымен танысып, белсендінің өзіне қоғам тарапынан қойылуы тиіс сұрақтың біршамасын қойды. Алмасбек Садырбаевтың қой шаруашылығы несімен ерекшеленеді? Белсенді сыншыларға не деп жауап береді? Оның мақсаты неде? Не үшін Алмасбек Садырбаев кіші және орта шаруаларға көмектесу бастамасын көтеріп жүр?

Автордың Алматы облысына сапарын оқырманға мәтін күйінде де, видео түрінде де ұсынамыз. «Қойшы» атанудан қорықпайтын, оны мақтан тұтатын қоғам белсендісімен жақынырақ таныса отырыңыз.

 

ҚОШҚАРДЫҢ ҰРЫҒЫН САТАТЫН ТЕХНОЛОГИЯ БІЗДЕ ҒАНА БАР

Алмасбек Садырбаев қой шаруашылығын дамытуда өзіне көбінесе youtube желісінде жарияланған видеороликтер көмектескенін айтады. Мысалы қойдың жүнін престейтін құрылғыны сол роликтердің бірі арқылы қарап, жасатқан. Жүн қырқатын қорап типтес құрылғы қой шаруашылығында таптырмас көмекшіге айналған.

Оның шаруашылығының тағы бір артықшылығы – қошқардың ұрығын қатырып, сақтайтын технология. Шаруа иесінің айтуына қарағанда, ұрық -160 градуста қатырылады. Ірі-қараның тұқымы бойынша мұндай технология елде бар болғанымен, қой шаруашылығында бұл іспен ешкім айналыспаған. Осы шаруашылықтар коперативтер мен фермерлер қошқардың ұрығын сатып алады. Биылдың өзінде қошқардың 200 мыңға жуық ұрығын сату жоспарланған.

Шаруашылықта гемпшир, самфорд аралас элитті қошқарлар өсіріледі. Айтуынша, Алмасбектің өзі осы тұқымның сооавторы. АҚШ, Австралиядан керекті ұрық әкелініп, Қазақстанда жаңа қой тұқымы шығарылған. Мұндай малдың тұқымы ТМД-да Қазақстанда ғана бар. Ғалымдар шығарған қойдың шаруашылықтағы коммерциалануына Алмасбек жауапты.

«Мемлекеттен ешқандай субсидия алған жоқпыз. Әкемнен 14 қой қалған. Менің ол кезде 8 дүкенім, кірпіш шығаратын зауытым болды. Соның барлығын осы қой шаруашылығына, малға салдым. Менің жұмыс істеп жүргеніме 17 жыл болды. Оның бәрі еңбек. Біздің шаруалар неліктен Алмасбекке сенеді. Бір көшбасшы шықса,  оны ол танып білгенше уақыт кетеді. Ал менің олардың жанында жүргеніме 17 жыл болды. Аумағымыздың бәрін қоршап тастағанбыз. Бұл – мал бағудың жаңа әдісі. Қазір малды бақпау керек. Бүгінгі күні мал бағу деген қазақта ғана қалған. Қазір малшы таппайсың. Ешкім мал бағуға бармайды. Малшыға бүгін де 200-300 мың теңге төлейді. Қаладағы адамдарға одан кем төлейді. Біз бұл жерге шет елдерден әкелінген шөптің тұқымын егіп, қойларды клеткадан клеткаға жібереміз. Менің шаруашылығымда малдың киімімен жүрген адамды көріп тұрған жоқсыз. Бірақ биыл өз идеям бойынша былайша айтқанда табиғатқа ұтылып қалдым. Мен барлығын есептедім, бірақ шыбынның құрты қиын боп тұр. Мені жеңген құрт болды. Мына жерде мал былтырғы жұттан кейін қатты құрттап жатыр. Франциядан ветеринарларды шақырып, солардан кеңес алдым. Ендігі жылы жеңетін шығармын деген ойдамын», - дейді ол.

АЛМАСБЕК ҚАЛАЙША ТАЛТАҢДАП АСТАНАДА ЖҮРЕДІ

Шаруашылық қоршалған аумаққа малды кіргізеді де, бақпайды. Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, Еуропадан әкелінген шөп тұқымы 25 жыл бойы шыға береді екен. Сол шөп қоршалған аумаққа егілген. Еуропадан келісі 5 еуродан асыл шөп сатып алып, егіп тастаған. Осыдан кейін егілген шөпті суарып тұрса болды – 25 жыл бойы шыға береді. 

«Әдетте бізде жайлауға барсақ, керемет, романтика деген түсінік бар. Жарайды, жайлауға барсаңыз, бір күн жатарсыз. Екі күн жатарсыз. Бірақ күнделікті қажеттіліктің бәрі ол жақта жоқ. Ыңғайлы емес. Сондай жерде адамдар жұмыс істей ме? Біздің шаруашылықтан жұмысшылардың кетуі мүлде тоқтады. Өйткені біз бұл жерде адамдардың жағдайын жасадық. Интернет бар, жарық бар, душ бар. Тек жұмыс істейді адам. Маңайымда кілең жастар. Жастарды қазір малға салсаң бармайды. Жағдай жасасаң келеді. Лауазымына, зертханадағы жұмысына байланысты 200-300 мың теңге айлық алады. Одан бөлек бізде бонустық жүйе бар. Тек айлықпен ұстауға болмайды. Сен тауып жатқан пайдаңнан үлес беруің керек. Сонда ғана ол қалады. Алмасбек қалайша талтаңдап Астанада жүреді? Егер олар ынталанбаса, мен күнде осы жерде желкесінен шұқып, жүруші едім», - дейді Алмасбек Садырбаев.

Алмасбек Садырбаев өзі ұйымдастырған инновациялық онлайн мектепте 1,5 мың адамды оқып үлгергенін айтады. Коронавирус індеті ушыққан кезде Қазақстанда бірінші болып мал шаруашылығы бағытында онлайн мектеп аштық дейді ол. Сол жерде ұрықшыны, техниктерді, сұрыптаушыларды оқытып, жылыжай салудың қыр-сырын меңгеруге баса мән берілген. Арғысы Ресейде, Кореяда, бергісі Атырау, Ақтауда жатқан балалар ұялы телефон арқылы онлайн мектепті оқыған.

«Сауатты аграрлық саясат керек бізге. Біздің несиелер мен субсидиялардың 80 пайызын ірі компаниялар алады», - дейді ол.

МЕН СЕКІЛДІ ПЫСЫҚТЫҢ ӨЗІ ҚАЗАГРОНЫҢ НЕСИЕСІН АЛҒАН ЖОҚ

Алмасбек Садырбаевтың айтуына қарағанда, Қазақстандағы агросаясат негізінен ірі агрохолдингтердің мүддесін қорғауға негізделген. Дән-дақылдар одағы мен шошқа ұстаушылар қауымдастығын мысалға келтіреді белсенді. Ол жерде бар-жоғы бір 20 шошқа ұстаушы бар. Құс шаруашылығындағы қауымдастық құрамында ары кетсе 15 құс фабрикасы бар.

«Орман шаруашылығы одағында Қазагроның май шелпегіне бөленген, субсидиясын алып отырған бір 40 бай бар. Кілең сондай байлар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Атамекенге кіріп алған. Сол жерде тек өздерінің мүддесін қорғайды. Ал мына жақта 14 мың халықпен Алмасбек шықты да «ей жігіттер, қойыңдар, ел бар» деді. Субсидиялар мен несиелердің 80 пайызына дейін сол агрохолдингтер алып жатса да, өнімнің 60-70 пайызын осы қарапайым халық шығарады. Сондықтан, мемлекет бөліп жатқан көмек-қолдаудың бәрі де кіші және орта шаруаларға бөлінуі керек. Көбіне сол ұнамайды. Орман шаруашылығы қауымдастығының артында тұрған Мамытбеков. Ешкімге де ол құпия емес. Жаңағы айтқан 40 байдың ішінде сол кісінің де шаруашылықтары бар. Мен министр болып отырып, мемлекеттен Қазагродан несие алып, шаруашылық құрған жоқпын. Менде бүгінгі күні Қазагроның бір тиын несиесі жоқ. Мен секілді пысықтың өзі Қазагроның несиесін ала алған жоқ. Мен бүкіл мүлкімді банктерге сала отырып, 24 пайызбен несие алдым. Сонымен неше рет күйдім. Қанша мүлкімнен айырылдым. Қанша бизнесім күйреді. Қазагроның 4-6 пайыздық бірде-бір несиесін алған емеспін. Алуға ұмтылыс жасағанмын. Берген жоқ», - дейді Алмасбек Садырбаев.

ЖАЙЛАУДА

Алмасбек Садырбаевпен сұхбат қой өсіретін жайлауында жалғасты. Айтуынша, қыстауда күн ыстық. 40-45 градус. Ол жерде адам түгілі мал да ауру болып кетеді. Күндіз жайылмайды, жүдейді. Жайлауда күн шамамен 25-27 градус. Түнде салқын. Мұндай жерде төл өседі. Ыстықта өскен төлдің өкпесі жетілмей қалуы мүмкін. Ал салқынға келген төл көк шүйгін шөпте керемет көбейеді.

– Алмасбек мырза, кейінгі кезде сізге қарсы әлеуметтік желіде шабуыл көбейіп жатқан сыңайлы...

– Шынымен де, соңғы кезде әлеуметтік желіде маған қарсы қаралау жүріп жатыр. Басында «Алмасбекте мал жоқ» деп шулады. Ол шаруа емес деді. Екіншіден, Алмасбек жерде егін егуді білмейді, артында шаруалар жоқ деді. Оның бәріне жауап бере берсең, дауласып жүріп, уақытың кетеді. Ал менің артымда қаншама ел, жұрт, жұмыс бар. Бірақ қазақтың қазақ жауы болып тұр. Отызыншы жылдардағы Сталин мен Берия емес қой бәрін атқан. Бір қазақ екінші қазақты көрсеткен. Бүгінгілердің әрекеті шамамен сондай. Алмасбекті сыртынан бәле жауып, бүгінгінің қылышынан қан тамған қызметтеріне көрсетіп, артынан дәлел іздеп, келеңсіз жайттар жасап жатыр. Нақты персоналар бар. Кімнің не деп жазып жатқанын, ел-жұрт көріп жатыр.

Айтайын дегенім не? Қазір мен басқарып жүрген Шопан ата агроқозғалысының алдында Қазақстан бойынша жүзден астам, екі жүзге жуық жастарына кооператив ашуға көмектескенмін. Солардың мүддесін қорғайтын әу баста Ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығын құрдым. Әуелі оған 10-15 кооператив кірді. Менен кейін ол жерді тағы екі адам басқарған. Әйел адамдар болды. Сол адамдардан кейін қауымдастықтағы адамдар маған сенің атыңда формальды болса да тұра берсінші деп, тұра берді. Сондықтан бұл қауымдастық бүгінгі күні менің атымда тіркеулі тұр. Бірақ бұл жерде айып қылып, өздерінше тағы жатқаны – сол қауымдастықтың бір мүшесі, бір кооперативтің Үкіметпен дауы бар. Субсидия алғаны рас. Үкімет жағынан талап қойылып, сотқа беріледі. Бірінші инстансияда ол кооператив ұтып алады. Екінші инстанцияда прокурорлар араласып, олар ұтылып қалады. Бірақ олардың әлі үшінші инстанциясы бар. Олар сол жаққа жүгініп жатыр. Бірақ кооперативті кезінде басқарған Алмасбектің аты тұр деп, соны маған жаққысы келеді. Ондай болса мен былай етер едім: ет одағы деген бар. Ет одағында 40-қа жуық қауымдастық мүшесі бар. Соның әрбірінің артында тұрған қылмыстық істер бар. Оған Ет одағы жауап бере ме жоқ па? Бермейді! Өйткені заң жүзінде ол ұйымға қосылғаннан кейін ол қауымдастықтың жауапкершілігі емес – жеке сол кооперативтің жауапкершілігі. Алмасбек басшы деген атқа бола қазір әлек қылып жатыр. Әрине, мұны естіген әртүрлі құзырлы органдар Алмасбектің артынан бәле іздеп жатыр. Шынымды айтсам, өткен жолы біреулердің менің әйелімнің суретін ұстап алып, бір жерге көрсетіп жатқаны туралы ақпарат келді. Менің отбасымды тінтіп, не бар деп іздеп жатқан көрінеді. Бір сөзбен, қазақтың артын қазақ шұқыған заман. Бірақ бұл орайда айтарым, ақыр соңында сот шешімі шығарар. Ағын ақ, қарасын қара дер. Бірақ ол кооперативті басқарып отырған Алмасбек емес. Мен Қазақстанда 200-ден астам кооператив ашуға көмектескенмін. Мына жағдайдан кейін кооперативтерді керісінше одан да көп құрамын деген ой келіп отыр. Көптеген қазақтың субсидияға, несиеге жетпей жүрген қолдарын жеткіземін. Бұлар маған былайша айтқанда қамшы басты. Мен намыстанып, жұмысымды одан әрі жалғастырамын.

Мен оларды сотқа беруге қызықпаймын. Мені қаралау үшін 1 млн теңге ұсынып жатыр. Енді бұл әрекеттің өзін кімнің ісі дұрыс, кімнің ісі бұрыс екенін көрсетеді? Мен табиғатымнан өңім қара жігітпін. Бала күнімде «Черный» деген лақап атым болған. Менің сыртым қара болса, олардың ішкі дүниесі, ниеттері қара.

– Жайлауда күн нұрынан қуат алатын панельдер тұр екен. Бұл шынында жұмыс істейтін панельдер ме?

– Бүкіл қазақтың шаруалары осы күн панелі арқылы үйлеріне шам жағып, кешке қарай кітап оқып, радиосын тыңдайды. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі бір алаяқтарға бола мына күн панельдердің субсидиясын алып тастап жатыр. Алаяқтар Ауыл шаруашылығы министрлігінде отырып схема сызғандар. Ол алдындағы Омаров, Мамытбеков – алдындағы барлық министрлердің кабинетінде жасалған схема. Біз шаруалар – тек тұтынушымыз. Солардың жіберген қателіктері үшін қылмыстық істер қозғалып, қаншама шаруаларды қузалып, мынаны қазір тоқтатып тастап жатыр. Кең байтақ қазақ даласына жарық тартып берсін, ендеше. Бізге онда мына күн панельдері керек болмай қалады. Ал Ербол қорқақ министр Антикордың бәрінен қорқып күн панельдерінің керегі жоқ дейді. Сіз айтыңызшы, бұл керек пе жоқ па? Өмірге су қалай керек болса, мынау да тура солай керек. Кеше қолымызға ереженің нұсқасы түсті. Сол ереженің нұсқасында мына күн панельдерін алып тастап жатыр.

Ербол қарасаңшы (Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевке қарата айтты – авт.) , мен секілді мыңдаған, он мыңдаған шаруаға мына күн панельдері керек! Неге ол ережені бүгінгі министрлік Антикорға жазып жатыр. Антикорға ыңғайлы. Шын мәнінде, ол министр шаруаларға ыңғайлы жағдай жасауы керек.

– Таяуда Үкімет басшысымен кездескен едіңіздер. Соның алдында бұл мәселені көтермедіңіз бе?

– Біз бұл мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың алдында көтергенбіз. Бірақ біздің министр Антикордан қорқып, мынаны қазір алып тастап жатыр.

Қателік неден кетті? Мен қайталап айтам. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында Атамекеннің жанында кілең олигархтардың лоббилары, қауымдастықтары бар. Солардың жанында шайқасып, Шопан ата білекпен тіресе кіріп, енді ғана назарды елге бұрамыз дегенде міне, мынадай игіліктерді жауып тастап жатыр.

Кез келген министр кез келген қауымдастықтың артында халық тұр екен деп ойлайды. Қайталап айтам: шошқа қауымдастығының артында 20 бай тұр. Ет одағының артында 40 адам тұр. Құс фабрикаларының артында 15 адам тұр. Ал қарапайым халықтың артында біз секілділер тұр.

Егер менің артымда олигархтар тұрса, партия ашып алып, қырылып жүрер едім. Мені құрту үшін миллион теңге беріп жатыр. Бірақ қазақтың қыз-жігіттері, ақша керек болса, ол ақшаны да алыңыздар! Аққа құдай жақ дейді.

СІЗ МИНИСТР БОЛСАҢЫЗ НЕ ІСТЕР ЕДІҢІЗ?

«Менің ұсынысым – біріншіден, субсидияны кіші және орта шаруалар алуы керек. Бітті! Үлкен шаруаларға ол берілмеуі тиіс. Берілсе де, 3 жыл, 5 жыл – аяғыңа тұрып ал, жетті ме, бітті тоқтат! Әйтпесе біреу 200 сиырмен субсидия алады, ал екінші біреу 2000 сиырмен субсидия алады. Ал біреудің 20 мың сиыры бар. Оларға субсидияның керегі не? Сондықтан мемлекеттік көмек тек көмекке мұқтаж адамдарға берілуі тиіс.

– Бізде қазіргі уақытта шамамен мемлекеттік көмекке мұқтаж қанша адам бар?

– Бізде шамамен 280-290 мың фермер бар. Соның шамамен 10 пайызы ғана алып отырған шығар. Қалған шаруалар алып отырған жоқ. 10 пайыздың өз ішінде 90 пайызы жаңағы олигархтар.

– Агроолигархтардың фамилияларын айта аласыз ба?

– Айтайық. Құс шаруашылығы саласында Божко. Ет саласына келер болсақ, солтүстікте кімде мыңнан астам ангус бұқаралы бар – солардың барлығы. Атамекен агро деген бар. СК Фуд деген бар. Тағы сөйтіп қоса беруге болады. Тізіміне біраз адамдар кіреді. Бірақ олардың да салада орыны болуы керек. Кезінде кетті ғой. Бүгін бірақ негізгі көмекті кіші және орта шаруаларға беру керек.

Есіңізде болса, көктемгі егіс науқанындағы көмекті алып жатыр дегенде бүгінгі күні кімнің алып жатқаны анықталды. Ол көмектен оңтүстіктің, орталық Қазақстанның шаруаларына бір пайыздық несие тиген жоқ. Оның барлығын солтүстіктің бидай өсіргіш бай-қуатты компаниялары алды. Мың гектар жері барлар оны ала алмайды. 100 мың гектар, 500 мың шектар, миллион гектар жері барларға арналған несиелер. Үкімет басшысына барғанда біз алдында осы мәселені көтердік. «Бәйтерекке», Қазагроқаржы қарайды. Бәйтеректе болып, сол жерде мәмілеге келдік. Көктемгі егіс науқанында берілетін несиелердің 50 пайызын үлкен компаниялар алсын, қалған 50 пайызын кіші және орта шаруаларға аударамыз деп, нақты тапсырманы Үкімет басшысынан алды. Енді қазір көреміз. Бірақ бұл жерде тағы бір диссонанс бар. Көктемгі егіс науқанының қаражатын Бәйтерек холдингі мамыр мен маусымда береді. Ал өзіңіз білесіз, дәнді дақылды Жамбыл, Түркістан облыстарында ақпанда сеуіп тастайды. Бидайды, арпаны. Сондықтан, кіші және орта шаруаға береміз десе, онда қаңтардан бастап несиелендіруді ойлау керек.

– Алмасбек мырза, шаруалардың бірінен мынадай сұрақ түсіпті: субсидияларды оңды-солды тарата бергенше, дүкеннен сүт пен майды, етті сатып алса болар еді деген пікір бар екен...

– Бұл қате пікір. Негізі шаруаларға субсидия бермеу деген кейбір пікірлер айтылып жатады. Бірақ біз әлем елдірінің тәжірибесін зерттедік. Әлем бойынша тек бір ғана мемлекет ауыл шаруашылығына субсидия төлемейді. Ол – Жаңа Зеландия. 1975 жылдан бастап Жаңа Зеландия субсидия бермейді екен. Ал қалған бүкіл әлемдегі елдерде субсидия бар. Бір формада, екінші формада. Неліктен?

Өткен сұхбаттардың бірінде сізбен қант мәселесін көтергенбіз. Біздің өз-өзімізді қантпен қамтамасыз ету деңгейіміз – 6 пайыз ғана. Қалған 94 пайыз қантты біз сырттан алып келеміз. Бүгін де не болып жатыр? Бір қап қант 45 мың теңгеге дейін қымбаттады. Егер біз кез келген өнімді Қазақстанның ішінде өндірмесек, болмайды. Біз бүгінге дейін қантты Ресей мен Беларусьтен алып отырдық. Ресей мен Беларусь қанша бауырлас болса да, «бермеймін» деді болды. Ертең тура солай нанды да, етті де бермей қояды.

ӘТТЕҢ БІЗ СИЯҚТЫ ЖІГІТТЕРДІ ҚОЛДАМАЙДЫ

– Бізде бірақ қант өндірісіне де қаншама миллиард субсидия бөлінді ғой... Соның бәрі қайда?

– Ескіден бастасақ, оның бәрі де Рахат Әлиевтің, Мұхтар Әбіләзовтың былықтарына тірелеміз. Қант индустриясын кім құртқанын білесіз бе? Қазір Лондонда отырып алып, сайрап отыр иә? Қант индустриясын құртқан қас жау – Мұхтар Әбіләзов. Өйткені мен өз қолыммен оның жазғанын тауып алдым. Ол «қазақ жерінде қант өндірісі жоқ, біз Ресейден сатып аламыз» деп Ресейдің екі зауытын сатып алыпты. Содан кейін құрақ қант өндіреміз деп, бір ғана зауытты қалдырды да, қалған зауыттардың бәрін жауып тастады. Әттең, сондай киндерсюрприздерге ел билігіндегі адамдар сеніп қалады. Ал біз сияқты далада жүрген, жер тырмалап, малды білетін өскен жігіттерді жібермейді. Енді көтеріле бастағанда басыңнан бір қояды. Сондықтан, егер де біз өзімізді өніммен қамтамасыз етпесек, онда біз біреудің қолына қараймыз. Біреудің қолына қарадың ба – бітті. Сенің күнің соған түседі.

– Соның бәрін біздегі Үкімет, билік түсініп отыр деп ойлайсыз ба? Мысалы қанттың өзі ғана азық-түлік дефицитінің басы ғана секілді. Азық-түлік қауіпсіздігі деген үлкен жаһандық мәселе ғой...

– Билікке ақпаратты, баламалы ойды жеткізетін – қауымдастықтар. Ол қауымдастықтар байлардың лоббистері. Байларға ел мен жер керек пе? Ұят керек пе? Оларға тек қалтасының қампиғаны керек. Ал бүгінгі күні азық-түліктің 60-70 пайызын өндіріп отырған 90 пайыз қарапайым шаруа. Біреуі картобын егеді, екіншісі малын бағады. Ал мына байлар тек Үкіметке қарайды да бізге субсидия керек деп аузын ашады да отырады. Субсидияны тек миллион жұмыртқа өндіретін Божкоға береміз.

– Яғни әу бастан субсидиялар ірі лоббистерге беріліп келген болып тұр ма?

– Иә. Солай қалып отыр. Кішкене былай ыңғайлай бастасақ, аяғымыздан шалады. Жалдамалы ақпараттар шығады. Агросаясат үлкен саясаттан кем болмай тұр.

– Агросаясатты алға жылжытуға атсалысып жатырсыз. Аяғына дейін барасыз ба?

– Аяғына дейін барам деген қалай? Селкілдеп шал болғанша ма?

– Мысалы партия құру туралы айтар болсақ...

– Бүгінгі дүниелерді көре отырып, бәлкім бір шешімге келіп отырған шығармын. Енді мен бәлкім партияға барам. Өйткені басқа елдің азық-түлік қауіпсіздігінің мүддесін қорғайтын институт көріп тұрған жоқпын. Міне, қауымдастық ретінде көрдік. Менің қауымдастығымнан біреу шалынып еді – соны алды да, маған жауып жатыр. Демек, мұны ары қарай дамытатын, жүргізетін келесі күш – қауымдастық. Сіздің алдыңызда сөз берем! Бәлембай кооператив үшін субсидия алыпты деп қаралап жатқандарға намыстанғанда әрбір ауылға барып, бір-бір кооператив құрам. Байлардың майшелпегін аузынан жырып алатын заман келді. Уақыт келді!

Сондықтан кімде кім ауылда кооператив құрам, малды асылдандырам, субсидияға, несиеге қол жеткізем десеңіздер, жақында соған байланысты арнайы тірліктер жасаймын. Байланыс телефондарын берем. Ауылымызды, малымызды, жерімізді өзіміз қорғамасақ, басқа ешкімге сенуге болмайды.

– Өткен демалыстарда біз тағы ауылдарды араладық. Сонда халықтың айтып отырғаны – ең құрығанда қант алудан қалдық дейді. Азық-түлік бағасы удай әрі қолжетімсіз болып бара жатқанын айтып, шағымданады. Қымбатшылық қой қазір халыққа батып жатқаны. Субсидияны басқаша қарастыру керек пе? Әлде қазір геосаясат бәлкім көп іске қол байлап тұр ма кім біледі. Бірақ дәл қазір азық-түліктің бағасы ары қарай шарықтай береді деп ойлайсыз ба? Басқа бір балама жолын көресіз бе?

– Ары қарай шарықтайды. Онымен қоса геосаяси үрдіс бойынша Ресей мен Беларусь біздің ауыл шаруашылығын жермен-жексен етіп, шаң қылады. Неге? Өйткені ол елдер өздерінің ауыл шаруашылығын қолдап жатыр. Барлық деңгейде! Ал бізде тек байларды қолдайды. Қазір бірінші құдай – анау сорлы Божко. Өйткені Божконың құс фабрикасын мың орайтын байлар бар. Екінші құлайтындар – сүт өндірушілер. Өйткені Ресей мен Беларусь әлемдік көшбасшылар. Үшінші бидайды өндіріп отырғандар құлайды. Біз әлемдік бидайдың 1 ғана пайызын өндіреміз. Ресей әлемдік бидайдың 20-25 пайызын өндіреді. Сонымен-ақ біздің ауыл шаруашылығын жермен-жексен қылады. Бірақ мұны түсініп, қорғайын деп отырған Ауыл шаруашылығы министрлігі жоқ.

Техниканың субсидиясына өзгертті ме? Жоқ. Құрып кеткір утильалымды алды ма? Алған жоқ. Керісінше, болды. Біз сізбен сұхбат өткізіп, утильалым деп шулап жүргенде бүгінгі күні ауыл шаруашылығы техникасына 12% ҚҚС қойып тастады. Енді утилизаиялық алымның үстіне тағы ҚҚС қосылды. Осындай жағдайда біз ауыл шаруашылығын қалай дамытамыз?

– Сіздер утильалымға қарсы митингке шығамыз, тоқтау қоямыз деп талап қойдыңыздар ғой. Сіздерді сонда Скляр (Роман Скляр – үкімет басшысының орынбасары – авт.) пысқырған жоқ па?

– Солай. Артындағы көкелері мықты болып тұр.

– Склярды көкесі кім деп ойлайсыз?

– Меніңше, Склярдың көкесі осындағы бір-екі бизнесмен бар. Мүдделес. Смағұлов, Лаврентев, оның ар жағындағы орыстар. Өйткені бұл орыстың саудасын жасап жатқан тірлік.

– Сонда біздің Үкіметте отырған қазақтар соның бәрін көре тұра орыстың мүддесін қорғап отыр дегіңіз келе ме?

– Иә. Солай. Басқа кім енді? Назарбаев кетті. Үрімбұтағымен кетті. Сонда Скляр кімге арқа сүйеп отыр? Тоқаевқа ма?

– Утильалымға байланысты Санжар Боқаевпен бастадыңыздар. Сонда ары қарай сіздердің стратегияларыңыз қандай болмақ? Айтқан, сынаған бір бөлек, қандай әрекет жасайсыздар?

– Білмеймін, Мен елді ашындырып жібере ме деп қорқам. Бұл агросаладан бөлек, көлікке мінген жігіттердің де шаруасы. Соларға да байланысты. Қазір экономикалық ахуалымыз қиындап бара жатыр. Азық-түлік қымбаттап кетті. Астыңдағы көлігің ескіріп бара жатса, онда не ол? Ол халықты ашындырады. Ашынған халық не жасайды? Бұлар не үшін осындай әрекетке барып жатқанын түсінбеймін.

– Әуе билеттері де қымбаттады. Қант бағасы да шарықтады. Ертең нан қымбаттайды. Меніңше ставканы агросаясатқа бұру керек еді...

– Тек агросаясатқа. Ал мұнайға кеткен триллиондаған ақшаның арты не болды? Орыс сатпаймын, өткізбеймін деп жатыр. Новороссийсктен мина тауып алдық деді ме не деді өзі. Енді ол үлкен саясат қой. Онда шаруам жоқ. Бірақ ең басты мәселе – халықтың тоқшылығы. Халық тоқ болса, басқа түк керегі жоқ. Ал ертең қанттың өзіне ашынған халықтың ашынбайтынына кім кепілдік береді? Ертең олар алады да, орыстар мен беларусьтар біздің сүт индустриясын құлатады. Тауық индустриясын құлатады. Ірі-қара да сол болады да, одан кейін өздерінде бар етті, сүтті, жұмыртқаны алтынмен теңестіріп сатсаң да, аласың. Басқа амалың жоқ. Сондықтан, қазақтың тірлігін біреудің қолына қаратпау керек. Өзіміздің қазақтың шаруаларын қолдау керек!

– Жаңа сіз ауылға, агросалаға бейімделген партия құрам дедіңіз. Құрып жатсаңыз, партияңыздың потенциалды мүшелеріне, халыққа айтарыңыз бар ма?

– Нан болса ән болады. Біздің басты мақсатымыз да сол. Шынымды айтсам, партия құрғанда парламенттік-президенттік немесе президенттік-парламенттік деген әңгімелермен қалғандары айналыссын. Біздікі – өзіміздің агросаясатымызды, ауылымызды реттеп алу. Біздің басты бағытымыз сол. Үлкен саясатпен қалғандары айналыса берсін. Оған уақыт та, біреулердің ойыншығы болатын ниет те жоқ. Егер біреудің қолына қарап қалсақ, бұл елде болашақ болмайды.

– Мұхтар Тайжанды да өз басым сыйлаймын. Бірақ ол кісі де сізге қатысты қатты айтқан кездері бар. Былай қарағанда осындай күрделі заманда қазақ қазақтың көзін шұқып жатқаны ерсі көрінеді. Қалай ойлайсыз? Біздің қазақтарға не жетіспейді? Неліктен біз осындай болып кеттік? Бір-бірімізді аңдып, құласақ күліп, тырнақ астынан кір іздеп, осындай деңгейге жетуіміздің себебі неде? Орыстар дейміз ғой, бірақ көп нәрсе өзімізден секілді былай қарағанда...

– Білмеймін. Баяғы ұрпағың қасқыр, одан кейін түлкі болады, одан соң бақа-шаян болады деген заманға жеттік пе? Не болып кеттік сонда? Біреудің кірін іздеп, біреудің юбкасының астын тексеретін не заман болып кетті? Мұның барлығы айналып келіп, тәрбиеге тіреліп тұр ғой. Тәрбие, мәдениет, өркениет.

Бір қызық әңгіме айтайыншы. Жақында маған бір кісілер хабарласты. Ол кісілердің кәсібі – көрме ұйымдастыру екен. Қазақстанда сондай бес-алты компания бар екен. Сол кісі келіп, ақылдасты. «Алмасбек қайтсек екен? Біздің де саламызда қиын болып жатыр» дейді. Не қиындық болып жатыр деп сұрасам, Ресейде конкурс, көрмелердің бәрі тоқтап қалған ғой. Сол жақта миллиондаған қаражаты бар орыстың дөкейлері келіп, барлық көрме болатын жерді ақшамен сатып алып жатыр дейді. Біз не жасай аламыз дейді. Ақылдаса келе біз Ресейдің экономика, мәдениет болсын – қарсы тек бір ғана дүниені қоя алады екенбіз. Ол – біздің қазақы әдет-ғұрпымыз. Талдап келсек, шынымен де, біздің көрмелер, дүниелерде қазақылық болуы керек. Олар Қазақ еліне, тұтынушыға қазақы нақышпен берілуі тиіс. Оны орыстар жасай алмайды. Түбі ақылдаса келе біз соған жеттік. Ол – тіліміз, мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз.

– Кезінде Тимур Құлыбаевтың «Адал» партиясының құрамында болдыңыз. Қазір ол партия «Аманатқа» айналды. Сол шешіміңіз үшін қазір ұялмайсыз ба? Сізді пайдаланып кеткендей сезінбейсіз бе?

– Ол кезде біз және менің жанымдағы жігіттер оның бәрін білді деп ойламаймын. Біз шынында да, бірге иық тіресіп жүргеннен кейін осылай мәреге дейін жетіп, мәреге жеткенде сатып кетеді деп ойлаған жоқпыз. Бірақ ақ-адал еңбегімізбен жүрдік. Ел алдына шықтық. Менің өзімнің алдыма қойған мақсатым болған, ол – істі болғаннан кейін қандай деңгейге жеткізер екен деп ойладым. Мәжіліске кандидат ретінде тіркегеннен кейін мен тексерістің бәрінен өттім. Одан кейін Жаңа Қазақстанның форматында саяси алаңда жұмыс істеп көрейін дегем. Мен оны көрдім. Қалғаны – үш қыздың әңгімесі болып кетті. Болды.

Егер «Адалға» кіріп, «Аманатқа» алданып жатса, мен кешірім сұраймын. Егер маған байланысты алданса, кешірім сұраймын. Мен де оны білген жоқпын. Өзім 1 қаңтардан бастап Адал партиясының мүшесі емеспін. Былтыр мені шығып кеткенмін. Былтыр мені олар өз шешімдерімен шығарып тастаған. Сондықтан, мен бүгін Аманаттың қатарында жоқпын. Ол партиялар бәлкім бізде болуы мүмкін. Ол жерде де жақсы азаматтар бар. Бәрін қаралауға болмайды. Әрине, біздің саяси алаңды жақсылап тұрып тазалау керек. Жаңа партиялар келіп, жаңа қозғалыстар пайда болуы, жаңа көшбасшылар келуі тиіс.

ХАЛЫҚТЫ АЛДАМАЙМЫН

– Партия құрудың зор жауапкершілігі бар. Қосановқа алданған адамдар бар. Болат Әбілов қазір партия құрам деп жүгіріп жүр. Сіз партия құрудың жауапкершілігін түсініп, халықты алдамаймын деп айта аласыз ба?

– Бүгінгі күнге дейін Алмасбек қауымдастық құра жүріп, менің шаруамнан нақты істерді көріп, маған сенді. Маған партия деген дүние, бір парақ қағаз тек Парламенттің керегесінде, саяси алаңда осы мүддені қорғау үшін ғана керек. Әйтпесе, мына жасап жүрген дүнием – Ауыл партиясының жұмысы. Солардың ісі. Егер олар осы жұмысты адал әрі жауапкершілікпен атқарса, мен тыныш қана мына жерде қымызымды ішіп жүрмеймін бе!? Біреулермен қызылкеңірдек болып нем бар? Бертінге дейін соларға сеніп те жүрдім. Бірақ арық қойдың көңілі арғы бетте дегендей, олардың көңілі арғы бетте екен. Қарапайым шаруаның мүддесін ешкім ойлап жатқан жоқ. Оның мәселесін ешкім көтеріп жатқан жоқ.

– Сіз өзіңізді тазамын деп айта аласыз ба?

– Тазамын деп айта алам. Ешкімнің ала жібін аттааған жоқпын. Ешқандай баймен, олигархпен байланысым жоқ. Бүгінгі күнге дейін төңірегімде қолдап жатқан шаруаларымнан, қауымдастығымнан бір тиын алған жоқпыз. Болашақта да бізге ешкімнің тиыны керегі жоқ. Біздің әр облыстағы, аудандағы жұмыс істеп жігіттер өз қаражатымен, еңбегімен жүр. Біздің жігіттер Астанада небір жиналысты, құрылтайды өз қаражатымен өткізген. Менің төңірегімдегі Атыраудың, Маңғыстаудың, Түркістанның, Шығыс Қазақстанның, Павлодардың, Қарағандының жігіттерінің бәрі өз қаражатымен жүр. «Шопан ата» қорында соңғы рет ақша жинағам кезіміз – Маңғыстауға көмекке кетті. Басқа ешкімнен ақша жинаған жоқпыз.

– Айтпақшы, Мұхтар Тайжан «Алмасбек жерді шетелдіктерге жалға беруді қолдайтын адам» деп айтады. Ол рас па?

– Шетелдіктерге аренданы екіге бөлу керек. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығының құлдырауы... Біз былтырғы жылға қарағанда биыл одан әрмен құлдырап барамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрасаңыздар, инвестиция көлемі азайды. Неге? Өйткені мен білетін Үндістанның, Германияның, АҚШ-тың инвестиция салған шаруашылықтары бүгінгі күні заңнан тыс қалды. Олар бұл елден кетіп жатыр. Біз Қытай мен Ресейден қорғануымыз керек. Оларға бізге келіп жұмыс істеуге болмайды. Біздің жерменен! Ал қалған француз, немістерге неге болмайды? Олар осы жерге келіп, техникаңды алып берейін, ақша берейін жұмыс істе десе, неге келіспеске? Ауыл халқының қалтасында соқыр тиын жоқ. Ал мемлекеттің ақшасы ол шаруаға жетпейді. Өйткені онда кепілге қоятын мүлік жоқ. Жер кімнің арқасында бос жатыр? Өйткені мұнда қаражат жоқ. Бізде русофобия мен синофобия қатты болуы керек. Жерге байланысты! Иә қауіп бар. Өйткені айдаладағы Германияға біздің жер керек пе? АҚШ-қа керек пе? Олар осы жерден ақша тауып кеткісі келеді. Ақша табу үшін олар инвестиция салады. Мүмкін бұл ұстаным қазақылыққа сай емес деген қарсы пікірлер маған көбеюі мүмкін. Бірақ айналайын, қазағым, қалтаңда көк тиын жоқ. Жеріңнің бәрі игерілмей жатыр. Сонда кім көтереді? Мемлекетің беріп жатқан жоқ. Банктер де байлар. Сонда мына жерді немен өңдейміз? Ауыл шаруашылығында ақша жоқ. Ақшаны алып келетін инвестор.

Популистер халықты қорқытып, жерді Ресей мен Қытай алады дейді. Иә, Ресей мен Қытайдан қорқу керек. Келісем. Бірақ Франция, Америка, Еуропа келсін, салсын. Бір немістің инвесторы бізден несие алған екен. 4 млрд ақша алыпты. Сонымен бірге 32 қазақ КХ-дан ақша алып отыр. Неміс айтады: Сендер мені осы жерден қуып жатырсыңдар ғой. Қарызымды тастаймын да кетемін дейді. Демек, несиелік серіктестік құлайды. Бірақ оның біреуі құласа, 33-і бірге күйрейді. Ол неміс босқа кетпейді. 33 қазақты құлатып кетеді. Сонда мынадай шала заңды біз қалай қабылдадық. Бұл жақсы ма, жаман ба? Қазір популистердің заманы болып кетті.

– Сұхбат бергеніңіз, шаруашылығыңызды таныстырғаныңыз үшін көп рахмет!