×
478.39
489.68
7.95
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.39
489.68
7.95

Тайваньды қанша қорқытса да, Қытайдың бұл жолғы әрекеті тағы бір «соңғы ескертуі» болуы мүмкін

02.08.2022, 14:09
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әлемдік геосаясатта назар Украина-Ресей соғысына ауғанымен, бұл күнде Тайвань мәселесі де қызу талқыға түскен тақырыптың біріне айналды. Кейінгі жылдары Қытай Халық Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында күрделі саяси және экономикалық қақтығыстар болғаны мәлім. Ал Тайвань өзінің ерекше ұстанымына байланысты бұл қақтығыстың тікелей ошағына айналып отыр.

Сандық код нөмірі «SPAR19»-бен таңбаланған АҚШ Әуе күштерінің C-40C ұшағы соңғы екі күнде көпшіліктің назарын өзіне аударды. Себебі, бұл ұшақтағы жолаушы АҚШ Конгресінің төменгі палатасының спикері Нэнси Пелоси болса, оның ұшақтағы баратын жері Тайвань болуы ықтимал.

Ulysmedia.kz порталы сарапшы Мұхтар Мақаттың талдауын ұсынады. Сарапшы Тайванның бұрынғы тарихы мен бүгінгі ұстанымы жайлы ой қозғап, өз болжамын да келтіреді.

ТАЙВАННЫҢ ЕРЕКШЕ РӨЛІ

1949 жылы коммунистік жеңіспен аяқталған азаматтық соғыстан кейін Тайвань Қытайдың қалған бөлігінен бөлініп, екі Қытай үкіметі бір-біріне дұшпандық танытқан саяси жағдайды туғызды.

Қытай коммунистік үкіметі Тайваньға қатысты «талассыз егемендікке» ұзақ уақыт мәлімдеп, «Тайвань Қытайдың ажырамас бөлігі» екенін бірнеше рет атап өтті.

Ал АҚШ-қа қелсек, іс жүзінде тәуелсіз мемлекет болып табылатын Тайвань талай жылдан бері АҚШ-тің Қытай әскери-теңіз күштерін Тынық мұхитына кіргізбеу үшін құрған «бірінші теңіз аралдары тізбегіндегі» маңызды әскерилендірілген одақтасы және ең маңызды стратегиялық базалық аймағы болып есептеледі.

Соңғы жылдары Қытайдың экономикалық және әскери күшінің артуына байланысты Бейжіңнің Тайваньға әскери қаупі бірте-бірте арта түсті.

Нэнси Пелоси шілде айының соңында Азия еліне сапары кезінде Тайваньға баруы мүмкін екенін жариялағанда көптеген адамдар ұшақ сигналдарын қадағалайтын Flightradar 24 сияқты веб-сайттар арқылы «SPAR19» ұшағын қадағалай бастады. Ақпаратта Пелосидің 30 шілдеге қараған түні Гавайидегі ұшаққа мініп, Азияға сапар шеге бастағаны көрсетілген. Шілденің 31-і күні Пелосидің кеңсесі баспасөз мәлімдемесінде Пелосидің Азия-Тынық мұхиты аймағына сапарының тәртібі Сингапур-Малайзия-Оңтүстік Корея және Жапония болғанын хабарлады.

Баспасөз хабарламасында Тайвань туралы, «Тайванға ықтимал сапар» немесе «Тайваньға бару» туралы айтылмаған.

Алайда Тайванныуң бұқаралық ақпарат құралдары Пелоси 4 тамызда Филиппиннен Жапонияға ұшатын ұшағы кезінде Тайбэйде қысқа аялдап, Тайвань президенті Цай Инвэнмен кездесуі мүмкін екенін айтты.

БЕЙЖІҢНЕН ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ

Пелоси АҚШ президентінің мұрагерлігіндегі екінші адам. Егер ол Тайваньға барса –  соңғы 25 жылда Тайваньға барған АҚШ-тың ең жоғары деңгейдегі саясаткері болады.

Бейжің билігі Пелосидің Тайваньға келуі мүмкін деген ақпаратқа қатаң жауап берді. Қытай Сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің баспасөз өкілдері Пелосидің Тайваньға сапарына қарсы «қажетті шаралар қабылдайтыны» туралы бірнеше рет ескерту жасады. Өткен жұмада БҰҰ-ның Украинаға қатысты отырысында Қытайдың БҰҰ-дағы арнайы өкілі Гэн Шуан да АҚШ-қа Тайвань мәселесінде «Қытайдың егемендігіне дау туғызбауы» керектігін ескертті.

Қытайдың мемлекеттік Global Times газетінің бұрынғы бас редакторы, өзінің күшті ұлтшыл ұстанымымен танымал Ху Сицзинь әлеуметтік желіде Пелосидің Тайваньға сапары туралы хабарға қатігездікпен жауап беріп, егер Пелосидің ұшағы Тайвань әуе кеңістігіне кірсе, Қытай Әуе күштері оны атып түсіруі керек деген.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзян 1 тамызда Пелосидің Тайваньға сапары Қытай-АҚШ қарым-қатынасына елеулі зиян келтіретінін және Қытай оның әрекетіне міндетті түрде жауап қайтаратынын айтты. «Қандай шара қолданылатынын күтесіз, көресіз» деді.

Чжао Лицзян

30 шілдеде Қытай әскері Тайваньға қарама-қарсы Фуцзянь провинциясының жағалауында әскери жаттығу өткізді. Кейбір БАҚ мұны Қытай әскерилерінің Пелосиге ескертуі деп санайды.

Гонконг ақпарат құралдарының статистикасына сәйкес, Қытай соңғы кездері Оңтүстік Қытай теңізінде, Тайвань бұғазында және Шығыс Қытай теңізінде кемінде бес әскери жаттығу өткізбек.

ТАЙВАННЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Тайвань тарапы Пелосидің Тайваньға ықтимал сапары туралы ақпаратты бей-жай қалдырды.

Әзірге тек премьер-министр Су Чжэнчан: «Егер шетелдік қонақтар келсе, үкімет оларды жақсы қабылдайды» деді.

Су Чжэнчан

Тайвань ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тайвань президентінің кеңсесі мен Сыртқы істер министрлігі Пелосидің Тайванға баратын-бармайтыны туралы хабарлар мен қауесетті растауды қаламаса да, тиісті бөлімшелер Пелосидің ықтимал сапарына «дайындық жасап» жатыр.

АҚШ ҮКІМЕТІ НЕ ДЕЙДІ

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, АҚШ үкіметі Қытайдың Пелоси Тайваньға қонған күннің өзінде оның ұшағына шабуыл жасайтынына сенбейді.

Дегенмен, АҚШ үкіметі Пелоси әлемдегі ең қауіпті аймақтардың біріне кіруге жақын екенін ескере отырып, кез келген апат, қате қадам немесе басқа да белгісіз себептерден оның жеке қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп санайды, Сондықтан АҚШ әскері Пелосидің ұшағын қорғау үшін қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді және тиісті аймаққа ұшақ тасығыш пен әскери кемелерді орналастырғаны хабарланды.

АҚШ президенті Байден «қазіргі уақытта Тайваньға бару жақсы уақыт болмауы мүмкін» деп айтқанымен, қазір АҚШ Конгресінде Бейжіңнің америкалық саясаткерлердің сапарларына араласуы және Бейжіңнің Тайваньға қоқан-лоққысы мен қорқытуына қатты қарсылық білдіруде.

ПЕЛОСИ НЕ ҮШІН ТАЙВАНҒА БАРАДЫ?

АҚШ Конгресінде 25 жыл қызмет еткен Пелоси Қытай үкіметіне әрқашан қарсылас болды. Ол ұзақ уақыт бойы Қытай үкіметінің адам құқықтарының нашар мәселелерін айыптап, Қытай демократтарын қолдайтынын білдіріп келеді. Пелоси сонымен қатар Тибеттегі тәуелсіздік қозғалысының жақтаушысы.

1991 жылы ол Бейжіңге барып, Тяньаньмэнь алаңында екі жыл бұрынғы Бейжің демократиясы оқиғасына көңіл айтып, «Қытай демократиясы үшін қаза тапқандарға арналады» деген жазуы бар қара туды ұстаған. 1989 жылы Қытай үкіметі сол жерде митинг өткізіп жатқан халықты қанды қырғынға салған болатын.

1991 жыл. Тяньаньмэнь алаңына шыққан Пелоси

Қытай үкіметі оны сол кезде тұтқындап, елден шығарып жіберген. Содан бері Пелоси Қытайдың коммунистік режиміне қарсы пікірлері мен ескертулерін үздіксіз айтып келеді.

Соңғы жылдары Қытайдың Тайваньға қарсы әскери қысымы мен саяси қоқан-лоққыларының артуына байланысты Пелоси Америка Құрама Штаттарының Тайваньға мақсатты қолдау көрсетуін ұсына бастады.

Пелоси Тайваньға сәуір айында баруы керек еді, бірақ оның жоспары коронавирусты жұқтырғандықтан тоқтатылды.

Пелоси жақында Бейжің Тайваньға қарсы күш қолдану қаупін көрсетуді жалғастырған кезде «Тайванға қолдау көрсету біз үшін маңызды» деді.

Сонымен қатар, Демократиялық партия алдағы аралық сайлауда қолайсыз жағдайда болғандықтан,  Қытайға қатаңдық білдіру арқылы халықтың қолдауына ие болу, Пелосидің Тайваньға баруды таңдауының маңызды себебі болып есептеледі.

ҚЫТАЙДЫҢ ШАБУЫЛ ЖАСАУҒА БАТЫЛЫ БАРА МА

Қытай үкіметі Тайваньға қашан шабуыл жасауға тырысатыны әлі күнге дейін Қытайды зерттейтін сарапшылар арасында ұзақ уақыт бойы пікірталас туғызып келеді. Бірақ бұл (Тайванды аннексиялау) жақын арада болмайды деп күтілуде.

АҚШ-тың кейбір сарапшылары Қытайдың әскери қуатының үздіксіз кеңеюіне байланысты Америка Тайваньды Қытай қаупінен қорғауда қиындықтарға тап болуы мүмкін деп санайды.

Қытай кейінгі жылдары өзінің әскери-теңіз күштерін айтарлықтай арттырды. Қытайдың әскери күш-қуаты артқан сайын тәкаппарланып, Америка Құрама Штаттарымен соғысу құнына қарамастан, демократиялық Тайваньды жаулап алуы мүмкін деп алаңдайтындар көп.

Пелосидің Тайваньға сапары АҚШ-тың Қытайға қатысты ұзақ уақыт бойы қалыптасқан теңгерім саясатына нұқсан келтіруі және Қытайды Тайваньға шабуыл жасау үшін күш қолдануға ықпал етуі мүмкін деп санайтындар да бар.

Бірақ шынымен де Қытайда мұндай күш пен батылдық бар ма?

Шындығында, Пелосидің Тайваньға ықтимал сапарымен салыстырғанда, АҚШ президенті Байден Тайвань туралы бұған дейін үш рет даулы мәлімдеме жасаған. Бұл сөзінде Байден Тайваньды «тәуелсіз ел» деп атап қана қоймай, Америка Құрама Штаттарының Тайваньды қорғауға міндетті екенін айтқан еді.

Бейжің Байденнің сөздерін қатаң айыптады, бірақ ешқандай әскери шара қолданбады. Байденнің «Америка Тайванды қорғайды» деген әскери уәдесімен салыстырғанда, Пелосидің бұл сапары нақты қауіп төндірмейтіні белгілі.

Одан да маңыздысы, қазір Қытай Коммунистік партиясының 20-шы Ұлттық съезі қарсаңында тұр. Қазіргі уақытта Си Цзиньпин Қытайдың жоғарғы басшысы болып қайта сайлануға дайын. Ал Си Цзиньпиннің саяси мансабы үшін маңызды уақытында Қытайдың қазіргі жағдайды тұрақсыздандыратын түбегейлі әрекетке баруы екіталай.

ІСТІҢ СОҢЫ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ

АҚШ Конгресінің мүшелері Пелосидің сапар жоспарын дипломатиялық миссия және Конгресстің дипломатиялық ықпалының күшті дәлелі деп санайды. Сондықтан Пелосидің Тайваньға бару жоспары АҚШ конгресінде кеңінен қолдау тауып, АҚШ-тың екі ірі партиясының мүшелері оның сапарын қолдады.

Қазіргі уақытта Тайвань Пелосидің ресми маршрутына кірмегенімен, бұл оның Тайваньға «бейресми» сапарын жасамайды дегенді білдірмейді.

Бейжің бұл нәтижені мойындайтыны сөзсіз. Ал оның бұрынғы «қатты жауап береді» деген сөздері де «Последнее китайское предупреждение» деген орыс мақалы айтқандай, нақты салдары жоқ ескерту болып қала береді.

Әрине, бұл Қытай кейбір әскери жаттығуларды немесе басқа да «күш көрсетуді» жалғастырмайды дегенді білдірмейді, бірақ қазіргі жағдайда бұл да олардың максималды әрекеті болмақ.