×
468.45
489.06
7.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.45
489.06
7.66

Тайвань шиеленісінде Қазақстанға қандай сценарий тиімді – қытайтанушымен сұхбат

03.08.2022, 15:55
Коллаж: ulysmedia.kz.

АҚШ саясаткері Нэнси Пелосидің Тайванға сапары күні кеше әлемдегі ең басты жаңалыққа айналғаны айтылып, жазылып жатыр. Ал осы кезекті саяси дағдарыстың Қазақстанға әсері қандай болады? Қытай АҚШ барған тәуекелге қалай жауап беруі мүмкін? Осы және өзге де сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі қытайтанушы Руслан Ізімовке қойды.

БҮГІНГІ УКРАИНА – ЕРТЕҢГІ ТАЙВАНЬ БА?

– Әлемдік геосаясатта жағдай онсыз да тыныш емес. Енді оған Тайвань мәселесі қосылды. Қытай тарапы Нэнси Пелосидің Тайванға сапарын провокация ретінде қабылдады. Бұл бағытта АҚШ қандай саясатты көздеп отыр?

– Сіздің сұрағыңызға мен әуелі Қытай позициясы тұрғысынан жауап берейін. Біріншіден, Қытай бұл сапарға неліктен дәл осылай реакция білдірді? Қытайтанушы ретінде айтарым, Си Цзиньпиннің билік басына келгелі тура 10 жыл болды. Күзде, яғни екі айдан кейін Қытай коммунистік партиясының ХХ съезі өтуі тиіс. Ол съезде бұрын тарихта болып көрмеген жайт болатыны күтіледі. Яғни Си Цзиньпин үшінші мерзімге билік басында қалатыны айтылады. Алайда Конституция бойынша ол билікті тапсырып, кетуі керек болған. Бұл Қытайдың ішкі саясатындағы өте маңызды оқиға. Қытайдың ішкі қауіпсіздігі, тұрақтылығы, әл-ауқатының тұрақтылығы жағынан аса маңызды. Осындай аса маңызды әрі тағдыршешті ХХ съез алдында кез келген сыртқы оқиға Қытай қоғамы тарапынан өте өткір қабылданады. Съезге бар-жоғы екі ай қалғанда АҚШ-тың, яғни Қытайдың геосаяси билігіндегі ең басты бәсекелес мемлекеттің билігіндегі үшінші адам саналатын Нэнси Пелосидің Тайванға келуін әлбетте, өте өткір қабылдайды. Иә, Фуцзянь провинциясында бірден әскери жаттығу өткізілді. Осылайша, Қытай билігі ішкі және сыртқы аудиторияға істің соңына дейін баратынын көрсеткісі келеді. Ол жайлы Джо Байден мен Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлескен кезде де әңгіме болған. Әңгіме кезінде Си Цзиньпин АҚШ президентіне «отпен ойнаудың қажеті жоқтығын, кез келген провакацияға қарсы жауап болатынын» айтқаны бар.

Вашингтон нені көздеп отыр? Менің ойымша, қалыптасқан жағдайға кеңірек қарау керек. Кейінгі жарты жылда Қазақстан, тіпті бүкіл әлем соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Украина Ресеймен соғысып жатыр. Осы эпизодтың өзі америкалықтардың бүкіл назарын Шығыс Еуропаға аударып жіберді. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия, яғни Үнді-Қытай майданы жағынан Қытаймен текетірес әлсіреп қалды. Бұл жағдайдың өзі Қытайдың оң жамбасына келіп тұр. Яғни Қытай ең құнды ресурсқа – уақытқа ие болды. Сол уақытты пайдаланып, ол Тайвань мәселесін түпкілікті шешуге бекініп отыр.

Украина мен Тайванға қатысты параллель пікірлер өте көп айтылған. Сарапшылардың көбі екі елді салыстырып, «бүгінгі Украина – ертеңгі Тайвань» деген пайымды да айтып жүр. Ресей Украина жеріне қалай басып кірсе, Тайвань аумағын да Қытай күшпен тартып алатыны туралы ойлар бар. Қандай да бір сценарийлер де, тактикалық маневрлар да келтірілген. Алайда мен екі елді бұлай салыстыра қоймас едім. Себебі екі жағдай бір-бірінен мүлде бөлек. Украина БҰҰ-мен мойындалған тәуелсіз мемлекет. Территориясы халықаралық нормалардың көбімен бекітілген. Ал Тайвань ресми түрде Қытайдың бір бөлігі. Әлбетте, екі елдегі жағдайдың кейбір тұстарын бір-бірімен салыстыруға болатын шығар. Алайда толық ұқсас деп айтуға келмейді. Дегенмен, Вашингтон Бейжіңнің әлсіз нүктесіне басқысы келді. Солайша қысымда ұстағысы келеді.

Бұған қоса АҚШ-та таяуда Конгрессте сайлау болатынын да ескеру керек. Осы ретте демократиялық партия өкілінің Тайванға баруы демократтардың дауысын тағы бір дабыралатып қоятын мүмкіндік болмақ. Енді олар алдағы сайлаулар үшін ұпай жинау үстінде. Байден де өз позициясын бекемдей түсуге асық. Өйткені ол да бұл идеяны қолдады десе де болады. Қысқаша айтқанда осылай.

СОҒЫС ОТЫ ТҰТАНУЫ МҮМКІН БЕ?

– Пелосидің сапары сарапшылардың кейбірі айтып жүргендей, АҚШ пен Қытайдың арасында соғыс отын тұтатуы мүмкін бе? Қытай алғашқы реакциясын білдірген кезде шара қабылдайтынын айтқан. Бірақ қазір тыныш...

– Бұл сұрақты қазір сарапшылар да қойып жатыр. Әскери қақтығыс бола ма? АҚШ пен Қытай арасында Тайванда немесе Тынық мұхиты аймағындағы басқа бір жерде тікелей әскери қақтығыстың болу ықтималдығы жоқ деп айтуға келмейді. Ықтималдық бар. Алайда оның болу деңгейі меніңше, төмен. Өйткені Қытай да, АҚШ та соғыс бастаған жағдайда қақтығыс ядролық соғысқа ұласып кетуі мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан, тікелей әскери қақтығыстың болу мүмкіндігі минималды сипатқа ие дер едім.

Қытайдың ендігі қадамы қандай болады? Оны сол елдегі билік басындағылар жасырмай айтып та жатыр. Ең бірінші кезекте, Тайванға қарсы санкция енгізетінін ашық айтты. Тайванның сауда-саттығының 40% Қытайға тәуелді. Яғни Қытай – негізгі сауда серіктес.

– Ал егер Қытайдың өзі АҚШ-қа қарсы қандай да бір экономикалық санкция енгіземіз десе, Қытайдың өзінің де шекесі қызбайтын секілді ғой...

– Қытай АҚШ-қа қарсы қандай да бір ауқымды санкцияларды енгізеді деп айта алмаймын. Өйткені Қытай үшін АҚШ ең негізгі сауда серіктес ел. Екі мемлекеттің өзара тауар айналымы 500 млрд АҚШ долларына тең. Сондықтан, таяқтың бір ұшымен АҚШ-қа соққы жасаса, екінші ұшы Қытайдың өзіне тиеді.

Бұл жерде санкцияларға, одақтарды өзіне тартуға негізделген, көпқадамды гибридтік реакция болуы мүмкін.

ҚЫТАЙ ҮНСІЗ ҚАЛА МА?

– Қытайдың Тайванға тісі батса да, АҚШ-қа келгенде аяқ тартатынын айтып отырсыз. Дегенмен, Вашингтонның бұл жолғы үстем қадамына қарсы Бейжің қандай шара қабылдауы мүмкін?

– Күрделі сұрақ. Қытай қазіргі жағдайдан қалай шығатынын елестету қиын. Өйткені алып мемлекет өз абыройын сақтап қалуы керек. Әлемдік қауымдастыққа өз әлсіздігін көрсеткісі келмейтіні анық. Бұл тұрғыда әлбетте, реакцияға керекті құралдар арсеналы Қытайда едәуір шектеулі. Өйткені жаңа айтқанымдай, Қытай АҚШ экономикасына қатты байланған. Тайванға да қарсы қандай да бір санкциялар енгізуі мүмкін. Бірақ Тайваннан микрочиптерді алмай қоюға шамалары тағы келмейді. Өйткені Қытай оған әлі де қатты тәуелді. Яғни ашық қақтығыстан қарағанда дипломатиялық қысым, байкоттар күшейеді. Экономикалық мәжбүрлеуге көбірек басымдық берілуі мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙ СЦЕНАРИЙ ТИІМДІ?

– Осынау күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан позициясы қандай болуы керек? Тайвань мәселесі бойынша өрбіген қандай сценарий Қазақстанға тиімді? Әлбетте, соғыс ешқайда болмай-ақ қойғаны абзал еді. Өйткені оның салдарын, айналып келгенде Қазақстан экономикасына да кері әсер ететінін біз Украина-Ресей соғысының мысалынан көріп отырмыз. Дегенмен...

– Иә, кез келген соғыс қай жерде болмасын, біздің экономикаға да таяқ болып тиеді. Әсіресе жағдай шиеленіскенде ұлттық валютамыз әлсіреп, оның салдары экономикаға да, халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне де кері әсер етеді. Тайванда да бірдеңе болса солай болады. Өйткені Қытай да Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Әлбетте, бұл эскалацияның тезірек аяқталғаны тиімді. Тараптардың тіл табысқаны жақсы. Өйтені санкцияларға тікелей ұшырамасақ та, экономикаға соғыстың қалай әсер ететінін көріп отырмыз.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!