×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

Бәлен жерде алтын бар, барсаң – тұзақ: Бір Анельдің оқиғасы – мыңдаған отандасымызға сабақ бола ма

23.08.2022, 17:55
Коллаж: ulysmedia.kz.

Лаоста алданып, «тұтқында қалғанын» мәлімдеген жерлесіміз Анель Бермағанбеттің тағдыры ел ішінде едәуір талқыланып жатыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Анельмен байланыс орнатқаны туралы ақпарат таратты. Ал Лаостың Ішкі істер министрлігі қазақстандық дипломаттарға құтқару жұмыстарын жүргізуге көмектесіп жатыр.

Анельді Лаосқа қалай алдап апарған?

Қазақстан азаматы Анель Бермағанбеттің Instagram желісі арқылы жариялаған ақпараты Қазақстандағы интернет пен әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Көмек сұраған хабарламасында Анель қытайлық компаниядан «Тайландта компанияның менеджері ретінде жұмыс істеуге» ұсыныс алғанын жазады. Сол кезде қарсы тарап оны жоғары жалақы және VIP қонақ үй люкстерімен қамтамасыз етуге уәде берген.

Алайда ол Тайландқа жоспарланғандай келген кезде қарсы тарап оны бақылауға алып, Лаостағы бір жерге жіберген.

Оның сипаттамасына қарағанда, қытайлық компания оған дайындаған жұмыс пен тұрмыс жағдайы өте нашар болған. Анель өз сөзіне дәлел ретінде өзін орналастырған тұрғын жайдың видеосын да бөліскен. Уәде етілген «жоғары жалақы және VIP люкс режимі» мүлде жоқ болып шықты. Кетейін десе, қарсы жақ: «Осында толық 1 жыл жұмыс істеуің керек, әйтпесе кетуге рұқсат берілмейді», «Біз сені әкелу үшін 9000 доллар төледік» деген.

Алданып, құл болу тағдырына тап болғанын түсінген Анель интернет арқылы көмек сұрауға мәжбүр болған.

СІМ құтқару жұмыстарын жүргізуде

19 тамызда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері Анельмен байланысып, оның жағдайын білді. Осыдан кейін бірден Қазақстан Республикасының Ханойдағы Елшілігі Лаос Сыртқы істер министрлігіне отандасымызды құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап нота жолдады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Лаос полициясының бұл істі тергеуге кіріскенін, Сыртқы істер министрлігі де 22-сі күні Лаос Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізгенін хабарлады.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, отандасымыз Тайландқа және одан әрі маршрут бойынша өз еркімен барған.

«Азаматшаның айтуынша, егер ол өзінің ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсалған қаржыны қайтарса, жұмыс берушілер оны жіберуге дайын», – деп толықтырды министрлік.

Сондай-ақ, ресми ақпаратта аталған мәселе Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің ерекше бақылауында екені айтылған.

Оңтүстік-Шығыс Азия – адам саудасының ошағы

Жерлесіміздің құтқарылатыны жақсы-ақ жаңалық. Дегенмен, адам саудасының сансыз тұзақтарының құрбандарымен салыстырғанда, Анель аман қалған бақытты жандардың бірі. Неге десеңіз, соңғы жылдары Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Лаос, Камбоджа және Таиланд адам саудасының «орталығына» айналған.

Естеріңізге сала кетейік, Анель өзінің Instagram желісінде жариялаған хабарламасында өзі сияқты алданып, ұсталған қытайлықтар көп екенін айтқан болатын. Негізі, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бұл елдерде адам саудасымен айналысатын қылмыскерлердің дені қытайлықтар болса, құрбан болғандардың көпшілігі қытайлық, гонконгтық және тайваньдықтар.

Адам саудасының құрбандары ұрып-соғу, тоқ соғу, сексуалдық зорлық-зомбылық көрсету және қайта сату сияқты қайғылы жағдайларға тап болып қана қоймайды. Сонымен бірге қашып құтыла алмағандықтан, алаяқтық қылмыстық әрекетке қатысуға да мәжбүр болады.

Оңтүстік-Шығыс Азияда адам саудасына қатысты істердің ең көп саны Камбоджаның Сиануквилл қаласында орын алған. Осы жылдың шілде айында АҚШ Мемлекеттік департаментінің соңғы «Адам саудасы туралы есебі» Камбоджаның рейтингін ең төменгі 3 деңгейіне дейін төмендетті. Баяндамада сондай-ақ Сиануквиллде (Камбоджада) күрделі сыбайлас жемқорлық ахуалы бар екені және жергілікті полиция мен үкіметтің тіпті адам саудасымен айналысатын топтармен байланысы бар екені атап көрсетілді.

Адам саудасы қылмыстық капиталға айналған

Radio France Internationale, Al Jazeera және көптеген Тайвань БАҚ-тарының хабарлауынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Камбоджаның Сиануквилл аймағы соңғы жылдардағы қарқынды экономикалық дамуына қарамастан, сондай-ақ қытайлық қылмыскерлер үшін казино, онлайн құмар ойындар мен алаяқтықпен айналысатын «қылмыстық капиталға» және адам саудасының «жұмағына» айналған.

2010 жылдан бастап «Бір белдеу, бір жол» саясаты аясында Қытай капиталының үлкен көлемі Камбоджаның Сиануквилл аймағына кіріп, оны тез арада ойын индустриясы шоғырланған қылмыс қаласына айналдырды.

2019 жылы Камбоджа үкіметі құмар ойын индустриясын қудалай бастағанда, жергілікті қытайлық қылмыстық топтар өз бизнесін онлайн-алаяқтыққа айналдырып, жоғары жалақысы бар жұмыстарды ұсынамын деген желеумен Қытайдан, Гонконгтан және Тайваньдан келген адамдарды адам саудасына тарта бастаған.

Шындығында мұндағы компаниялардың көпшілігін Қытай қаржыландырады. Ондағы «үлкен бастықтар» Қытайда пара алу, құмар ойындар, алаяқтық сияқты жанжалдармен айналысқан. Бірақ Камбоджа үкіметімен және бизнесімен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, олар заңмен шектелмеген «ақ сүйектерге» айналған.

Алаяқ топтар әлеуметтік желілерде тіпті тәжірибесіз адамдар шетелде жұмыс істеп, қомақты ақша таба алады деп, жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар жариялайды. Бірақ, шын мәнінде, бұл жалған жұмысқа сенетін адамдар сол жерлерге барған кезде, олар қылмыстық топтардың барымтасына айналады, құлдық жұмысқа мәжбүр болады.

Көбірек жергілікті БАҚ соңғы бір-екі айдың ішінде мыңдаған тайвандықтардың Камбоджада жұмыс істеуге алданып, содан кейін тірі тозаққа түскенін хабарлады: тілін кесу, әйелдерді зорлау, жезөкшелікке мәжбүрлеу, органдарды алу және т.б... Тіпті кейбір адамдар 7 күнде 4 рет сатылган туралы мәліметтер де бар. Ал Тайваньның ресми статистикасы өткен жылдың 21 маусымы мен биылғы жылдың 10 тамызы аралығында Тайванның барлығы 222 азаматының Камбоджада жұмыс істеу кезінде жеке бас бостандығы шектелгеніне шағымданғанын көрсетеді.

Камбоджаның адам саудасына қарсы комитетінің мәліметі бойынша, тек 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында полиция адам саудасы мен жыныстық қанауға қатысты 74 істі ашып, 156 адамды, оның ішінде 106 әйелді құтқарған.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тағы бір ел Мьянмада жақында адам саудасының тозағы деп аталатын «КК аймағы» жергілікті полицияның тексеруінде. Дереккөздер бойынша, «КК аймағында» мыңдаған құл жұмысшылары бар, олардың ішінде Қытай азаматтары басым, одан кейін Малайзия және Тайвань азаматтары.

Қылмыстық топтар құл жұмысшыларды онлайн алаяқтық жасауға мәжбүрлейді, ал егер құл жұмысшылары өз міндеттерін орындай алмаса, олар «пайдасыз» деп есептеледі. Қылмыстық топтар «пайдасыз» деп танылған бұл құлдардың жүрек, бауыр, т.б дене мүшелері операция арқылы алынып, Дубай сияқты елдерге сатылады, мәйіттер теңізге лақтырылды.

Тайвань мен Гонконгтағы БАҚ Оңтүстік-Шығыс Азиядағы адам саудасын тарихта болған құл саудасымен салыстырған. Құрбандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп деп есептейді. Бірақ ең көп құрбан болған Қытай Оңтүстік-Шығыс Азияда қанша азаматының құлдық жұмысына мәжбүр болғанын ешқашан нақты санамаған. Кейбір бейресми дереккөздер тіпті жергілікті Қытай елшіліктерінің құл жұмысына айналған қытай азаматтарының өтініштерін елемейтінін көрсетеді. 

Қалай болғанда да, үкіметтің көмегімен қандасымыз елге аман-есен оралады деп сенеміз. Анель Бермағанбет туралы бұрынғы мәлімдемесінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де: «Қазақстан СІМ азаматтарынан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қоюға дейін және шетелге шыққанға дейін оларды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды», - деген.

Расында, жаһандық экономикалық жағдай пессимистік кезеңде егер біреу сізге жоғары жалақымен шетелде жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынса, мұқият ойластырған дұрыс. Өйткені, шетелдік тартымды жұмыс мүмкіндіктерінің артында сізді күтіп тұрған үлкен тұзақ болуы мүмкін.

Мұхтар Мақат