×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

Түркия Орталық Азияда Ресей мен Қытайға балама күш бола ала ма

25.08.2022, 10:14
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz порталы оқырман назарына Түркия зерттеушісі, саясаттанушысы Анар Сомунджуоглудың Қазақстан саясаттанушы Руслан Ізімовке берген сұхбатын ұсынады.

Тарихи және мәдени байланысты есепке алғанда Түркия қашан да Орталық Азия елдері үшін ерекше серіктес. Совет одағы ыдырағаннан кейін жаңадан құрылған республикалардың бәрін бірінші болып мойындаған әрі содан бері Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігін қолдап келе жатқан бірден бір мемлекет те – дәл осы Түркия. Алайда қазір Украинадағы соғыс шеңберінде Түркия мен Орталық Азия елдерін өзара жақындастыратын жаңа факторлар пайда бола бастады.

Бір жағынан, бұған Анкараның өз стратегиясы себеп болып отыр. Анкара кейінгі жылдары сыртқы саясатты белсенді түрде жүргізіп келеді. Қарабақтағы жеңістен кейін әсіресе Түркия билігі алға жасаған қадамдарын одан ары үдетіп, Орталық Азиядағы әскери-саяси ықпалын күшейте бастады. Екінші жағынан, аймақтағы Түркияның рөлін бекемдеуге түркі интеграциясының инстуционалды процестері көмектеседі. Былтыр түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері ресми түрде толыққанды халықаралық құрылым – Түркі мемлекеттері ұйымы болып бекітілді. Оған қазір 5 мемлекет – Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан кіреді. Ал бұл фактты түрік идеологтары ішкі саясатта «Бір ұлт – бес мемлекет» қағидасын алға тарта отырып жиі қолданады.

Алайда түрік билігінің Орталық Азиядағы саясатына келгенде өзіндік проблемалары да бар. Анкара Гүленнің жақтастарын қудалап, Орталық Азия елдеріндегі білім беру ұйымдарының жабылуын талап етеді. Ал аталған білім беру ұйымдары отыз жылдың ішінде едәуір абыройлы оқу ордасына айналған. Оған қоса Орталық Азиядағы Анкара стратегиясына Түркияның өзіндегі жағдайдың тұрақсыздығы едәуір қауіп туғызады. Өйткені Түркияда бүгінгі таңда бұрын болмаған инфляция тіркеліп, саяси тұрғыда мемлекет турбулентті сайлауалды кезеңге аяқ басты.

Ал Орталық Азия мемлекеттері Түркияны тек балама логистикалық бағдар ғана емес, сонымен қатар перспективті геосаяси бағыт ретінде де қарастырады.

Түркия Орталық Азияда саяси және экономикалық байланыс тұрғысынан Ресей және Қытайға балама бола ала ма? Түркияның өзі бұған қаншалықты мүдделі? Түркия аймақта Ресеймен қандай қарым-қатынас ұстанады? Central Asia Analytical Network сайтында Анар Сомунджуоглу мен Руслан Ізімов осы тақырып турасында әңгімелескен.

– Түркияның өзі Украинадағы соғысқа қалай қарайды? Біз Түркия мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынаста кейбір келіспеушіліктерді байқаймыз. Анкара Ресей мен ЕО арасындағы қайшылықтарға қалай реакция білдіреді, қалай әрекет етеді? Түркия билігінің мақсаты неде? Бұл олардың ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздердегі ұстанымдарын жақсартуға арналған қандай да бір мәміле ме, әлде керісінше, Түркияның Батыстан көңілі қалды ма?

– Жауапты соңынан бастайын, содан кейін басына оралармын. Иә, бұл мәміле. Бірақ бұл ЕО-мен емес, НАТО-мен, дәлірек айтсақ, АҚШ-пен саудаласу. Мұнда ең маңызды аспект Түркия мен ЕО арасындағы емес, Түркия мен Америка арасындағы қарым-қатынас. Біз бұған қайта ораламыз.

Егер Түркия Украинадағы соғысқа қалай қарайды деп сұрасаңыз, онда бұл жерде 2 аспект барын айта кету керек. Саясатқа белсене араласатын, саяси жағдайды және халықтың қабылдауын бақылаушы адамдардың әртүрлі БАҚ-та қақтығысты көрсету тәсілі бар. Халықтың қабылдауына келер болсақ, менде нақты деректер жоқ, өйткені деректер өте қарама-қайшы. Мен 2-3 сауалнаманың нәтижесін көрдім, олар бір-біріне мүлде қайшы келеді. Солардың біріне қарағанда, түрік жұртшылығы негізінен Ресейдің Украинадағы соғысын айыптайды екен. Тағы бір сауалнамаға сәйкес, дауыстар екіге бөлініп, тек Ресей ғана емес, Ресей, Батыс және Украина да кінәлі деген пікір басым болып шықты. Яғни нақты деректер жоқ. Бәрі АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа байланысты реңге ие. Бұл тұрғыда ақпараттың объективті сипаты жоқ. Өйткені АҚШ-пен проблема Түркия үшін өте өзекті. Бұрыннан бері даулар бар. «АҚШ өз ережелерін белгілейді, Түркия сияқты басқа елдердің мүдделерін ескермейді» деген пікір бар. Осыған байланысты пікір екіге бөлінді.

ЕО мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа оралатын болсақ, Түркияның ЕО-ға кіру тақырыбының тым ұзап кеткенін айта кету керек. Сіз бұл жерде Түркияның көңілі қалғанын дөп басып айтып отырсыз. Тіпті Еуропа елдерінің Түркияны ЕО мүшесі ретінде көргісі келмейтінін барлық негізгі саяси күштер түсінеді. Яғни, бұл қазірдің өзінде қалыптасқан пікір.

Үкіметтің ұстанымын нақтылап қарасаңыз, мұнда үкімет, Әділет және даму партиясы (АҚП) және Ердоған да Түркияның ЕО-ға кіру процесін өздерінің нақты ішкі саяси мақсаттары үшін пайдаланды. Мысалы, армия алдында белгілі бір қарсыластарын жою үшін қолданды. Қоғамды демократияландыру деген желеумен, шын мәнінде, әміршіл элементтің күшеюінің жылжу процесі жүріп жатты.

– Егжей-тегжейлі түсіндіріп, жауап бергеніңіз үшін рахмет. Жалпы, кейінгі жылдары Түркияның сыртқы саясатында тың серпін барын байқаймыз. Ол бірден бірнеше бағытта белсенді. Бұл Сирия, Қарабақ, Ресей, Украина және Орталық Азия елдері. Түркияның көбінесе сыртқы саясаты жемісті ме деп қаласың. Айтыңызшы, мұның себебі неде? Бұл кейбір ішкі саяси факторларға байланысты ма? Мәселен, 2023 жылғы кезекті президент сайлауы жақындап қалды. Ердоған билікте қалуға тырыса ма және оның мүмкіндіктері қандай?

– Әрине, мұндағы ішкі саясат сыртқы саясатпен өте тығыз байланысты. Түркияның сыртқы саясатына іштегі күштердің тепе-теңдігін және онда болып жатқан жағдайды бағаламай қарау мүмкін емес. Екінші жағынан, бұл жағдайға сыртқы саяси жағдайдың өзі қатты әсер етті. Түркия күштер транзитінің өзгеріп, халықаралық қатынастарды қайта теңестіру және қайта пішімдеу жүріп жатқанын ескере келе, өзі сияқты орта деңгейдегі субъектілердің белсенді болуына және белгілі бір жетістікке жетуіне көмектесетін жағдайлар пайда болғанын аңғарады.

Мысалы, Қарабақ пен Сирияны салыстырайық. Сирияға қарасам, Қарабақтай өте сәтті саясат жүргізілді деп айтпас едім. Өйткені онда табысқа қарағанда қауіп көп. Араб көктемінен кейін Сирияның екіге бөлініп, әртүрлі анклавтардың пайда болғанын ескеру керек. Жалпы Түркияның сыртқы саясаттағы белсенділігін соңғы жылдармен ғана шектеуге болмайды. Ол ұзақ уақыт бойы белсенді болды. Иә, бәлкім Совет одағы ыдырап, қырғи-қабақ соғыс аяқталған сәттен бастап қарауға болады. Бұл жерде экономикаға, инъекцияға біршама екпін түсірілгенін көреміз. Сірә, бұл қызмет дәл халықаралық жағдайға байланысты өз жемісін бере бастады.

Ал егер Ердоған сайлауға бара ма және бұл қалай болады деген екінші сұраққа келсек, әрине, нақты болжам айта алмаймыз. Бірақ дауыстар айтарлықтай төмендегенімен, президенттік сайлау туралы айтар болсақ, Ердоған жеңе алатын саясаткерге ұқсамайтынын жоғары сенімділікпен айтуға болады. Бірақ ол сайлауға барады. Бірақ сайлау біз ойлаған форматта өте ме, ол әлі де үлкен сұрақ.

Оппозициялық топтардың пікірінше, мерзімінен бұрын сайлау немесе билікті сақтап қалудың басқа да әрекеттері жасалуы мүмкін. Өйткені енді билікті демократиялық жолдармен сақтап қалу мүмкін емес. Бұл қазірдің өзінде анық. Тұрақсыздық қаупі бар. Осыған байланысты сыртқы саясатты да қандай да бір жолмен қолдануға болады. Яғни, рейтингті көтеру немесе назарды басқа жаққа аудару амалын айтып отырмын.

– Түркияның Орталық Азиядағы саясатына толығырақ тоқталайық. Жалпы, Түркияның басымдықтар жүйесінде Орталық Азия елдері шын мәнінде қандай орында тұр? Мысалы, Түркияның өзінде қандай талқылаулар жүріп жатыр? Пантюркизм сынды тақырыпқа бөлек тоқталғым келеді. Орталық Азия елдері Түркиядан осындай рухани көсемін көріп тұр ма, әлде өздері осы бағытта қозғалуды қалай ма? Бір жағынан, Түркия, әрине, бұл рөлге ұмтылатынын байқаймыз. Визалық қолдау көрсетіп, мысалы, ұйғырларға, қазір де Қырым татарларына көмектескісі келеді-ақ. Екінші жағынан, Орталық Азия елдері әлі күнге дейін түркі әлемінің орталығы Орталық Азияның өзінде орналасқан деп те есептейді. Сіз қалай ойлайсыз?

Руслан Ізімов

– Түркияның сыртқы саясатының басымдықтары туралы айтар болсақ, Орталық Азия, тіпті Кавказ үшінші орында тұр. Немесе одан да ары тұруы мүмкін. Бұл, әрине, қазір жүргізіліп жатқан саясат. Бұл жерде, әрине, бұл басымдықтардың әртүрлі өлшемдері болуы мүмкін. Бірақ, әрине, Таяу Шығыс бірінші орында. Екінші орында, TIKA агенттігі арқылы түрік көмегіне қарасаңыз, мысалы, Түркияның Балқан және Шығыс Еуропа елдеріне беретін басымдығы бар. Ал үшінші орында Орталық Азия мен Кавказ. Ал жалпы Түркияның сыртқы саясатына келгенде, саудаға қарасаңыз, ЕО мен Ресей үлкен орын алады. Жекелеген елдерге қарасақ, Ресей екінші орында тұр. Онымен қатар АҚШ бар. Сол себепті Орталық Азия елдерімен сауда мәселесі соңғы орында тұр деуге болады.

Түрік түсінігіне келгенде Орталық Азия – түркі әлемі. 90-шы жылдардың басынан бері талқылаулар мен пікірталастар бар. Бірақ тоқсаныншы жылдардан бері бұл қатынас бір орында тұрып қалған сыңайлы. Бастапқыда Түркия түркі әлемі елдерімен саяси, экономикалық, мәдени түрлі байланыстар орнатуға өте белсенді кірісті. Бірақ артынша не болды? 90-шы жылдары экономикада инфляция проблемалары басталды да, әйтеуір Түркия ЕО-мен интеграциядан шығудың жолын көрді. Бұл барлық мәселені реттейтіндей көрінді. Әйтеуір бірте-бірте Орталық Азия тақырыбы кейінге ысырыла бастады. Бірақ Орталық Азиядағы түрік саясатының бір жағымды сәті бар – бұл қарым-қатынастарды институттандыру үрдісі. ТІКА, Түрксой сияқты белгілі бір құрылымдар құрылды. Бұл ұйымдар түркі ЮНЕСКО-сы деп атала бастады. Сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері де өткізіле бастады. Кейінірек, дәлірек айтсақ, бұл институттандырудың жалғасуы, түркі саммиттерінің халықаралық ұйымға айналу үрдісі болды. Мұндағы бастамалардың бәрі Түркиядан шықты деп толық айта алмаймыз. Бастаманың біразын Қазақстан мен Әзербайжан көтерді. Түркі академиясын алып қарайық. Оны алғаш рет Қазақстан құрған. Кейін ол халықаралық ұйымға айналды. Яғни түркі республикаларының өзі жақын қарым-қатынасқа ұмтылғысы келетінін байқаймыз.

Түркі ынтымақтастығы мен түркі бауырластығы түрік пен түркі болмысының бір бөлігі болып табылады. Яғни, түрік тілінде «түрік» және «түркі» сөзінің айырмашылығы жоқ. Бұл айырмашылық тек орыс тілінде бар. Түрік тілінде «түрік» деген бір ғана сөз бар. Яғни, Түркияда тұратындар түріктер, бұл түріктердің елі. Ол Ататүрік заманында қаланған. Яғни, өзін тек Осман түріктері немесе мұсылмандар деп санау – мұның бәрі өзгерді. Түбегейлі! Орталық Азиядан және қазіргі Моңғолия орналасқан аумақтан бастау алатын түрік тарихына баса назар аударылды. Демек, түрік орта мектебінде тарих оқылатын болса, ол сақтардан басталып, Түрік қағанатынан бастау алады.. Яғни, ол тарихтың бір бөлігі. Және оның тілге көп қатысы бар екені сөзсіз. Түркияда түркі тілі бар және сол тілге кіретін басқа да түркі тілдері бар. Бұл түрік болмысының бір бөлігі болғандықтан, бұл тақырыптың ішкі саясатқа әсер ету мүмкіндігі өте үлкен. Кез келген үкімет үшін. Жалғыз Ердоғанға еш қатысы жоқ. Мамандар Ердоғанның пантюркист емес екенін айтады. Ол исламшы. Ол үшін бұл жағдай өте пайдалы. Билеуші партия үшін осы әдіс пайдалы болып шықты. Өйткені алдыңғы идея өз жемісін беріп болғандай көрінді.

– Сіз жаңа пантүркизм немесе панисламизм туралы жақсы атап өттіңіз. Айтыңызшы, Орталық Азиядағы түрік стратегиясында қандай мүдделер бар? Өзіңіз айтып өткендей, сарапшылар Ердоғанның өзі пантүркист емес, панисламист екенін айтады. Яғни, пантүркілік емес, осындай діни құндылықтарды насихаттағысы келе ме ол?

– Біз мұндай «мүддемен» бір рет бетпе-бет келдік. Мен Фетуллах Гүлен туралы айтып отырмын. Түркия ол төңкерістен кейін террористік ұйым болып танылды. Яғни Түркия өзімен бірге Орталық Азияға проблемаларын да ала келді. Түркиядағы Әділет және даму партиясының басқаруы кезінде олар шынында да режимді қайта форматтаудың және Ислам элементін күшейтудің одақтасы болды. Алайда екі көшбасшының арасында бәсекелестік қай кезде пайда болды? Орталық Азиядағы жайсыз жайттар төңкерістен кейін де пайда бола бастады. Орталық Азияда Түркия деген кім, не және оның мүддесін кім қорғайды деген сұрақта дау туды. Өзбекстан оған дейін түрік мектептерін жауып тастағысы келді. Ал түрік билігі қарсы болған. Меткептердің соңынан ол елде қауым қалыптасқанын байқаймыз және олар келешекте олар сол елдердің ішкі саясатына қалай әсер ететінін көре жатармыз.

Ал Түркияның өзінде жағдайды тұрақсыздандырудың әлеуеті байқалады. Экономикалық және саяси тұрғыдан. Түркия турбуленттілік аймағына енді деп айта аламыз. Және бұл кем дегенде бір жыл жалғасады, мүмкін одан да көп. Қорқынышты инфляция бар. Инфляция, әрине, барлық жерде бар әрі бұл жаһандық құбылыс. Бірақ егер оны басқа елдердегі инфляцияның қалай жүретінімен салыстыратын болсақ, онда G20 елдерінің ішінде Түркия инфляция бойынша бірінші орында тұр. Бұл сәт жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың нәтижелерімен де байланысты. Яғни, төмендеу бар.

Қоғамдық сауалнамалардың барлығы дерлік саяси жағдайға үлкен әсер ететін экономикалық жағдай екенін көрсетеді. Оппозициялық партиялар күшейіп келеді. Сонымен қатар, біз айтқан проблемалар, партия мен Ердоған 20 жылдан бері билікте болды, оны бермеуге барын салатын да сияқты. Яғни, Анкараның Орталық Азиядағы саясатына да Түркиядағы ішкі тұрақсыздық әсер етеді.

– Ал Түркияның Орталық Азиядағы саясаты Ресейдің аймақтағы саясатымен қалай байланысады немесе бәсекелеседі? Бір жағынан, Ресей түркі одақтарының кез келген түріне тарихи тұрғыдан өте сақтықпен қарайды. Екінші жағынан, ара-тұра Түркияның Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы болуы мүмкін деген бастамалар да көтеріліп жатады. Бұл қазіргі жағдайда қаншалықты мүмкін және Анкара қандай әлеуетіне сене алады?

– Түркияның ЕАЭО-мен серіктесу ықтималдығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымына кіру ықтималдығы туралы әңгіменің бәрі де Түркияның Батыс елдерімен, ең бірінші кезекте АҚШ және ЕО-мен қарым-қатынасын реттеумен тікелей байланысты. Мұның бәрі Түркияның арқа сүйей алатын басқа да күштері бар екенін көрсетуге арналған әдістер. Алайда бұл қадамдар жасалады деп айту қиын. Бұл тұрғыда Түркия мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынас аспектісі шынында да салмаққа ие. Саяси салмақ соңғы 5, 10 немесе 20 жылда толыса салған жоқ. Түркияның Ресеймен қарым-қатынасты дамытуына Совет одағы қауіп туғызды. Қырғи-қаба соғыс аяқталғаннан кейін бұл қауіп құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Совет одағының орнына құрылған Ресей Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре алатындай күшті емес. Яғни Түркияның маңайындағы геосаяси жағдайлар мүлде өзгеріп кетті. Кавказда тәуелсіз үш мемлекет пайда болды. Қара теңізге қарасақ, онда Варшава пактісі күшін жойып, еуропалық пакттің күшейгенін байқаймыз. Сонымен қатар Украинаның пайда болуы – Түркияның қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жаңа саясатын бағалауына тура келетін геосаяси фактор. Яғни Совет одағы ыдырағаннан кейін Түркияның Қара теңіздегі, Кавказдағы айулы мүдделеріне төнген қауіп те сейілді. Сол себепті тіресудің орнына серіктесу мүмкіндіктері пайда болды. Совет одағының құлауымен Орталық Азиядағы түркі республикалармен, Әзербайжанмен қарым-қатынас орнату амалы пайда болды. Сол себепті Орталық Азияда Түркияға Ресеймен кооперацияда келісе отырып, саясат жүргізу немесе Ресейге балама ретінде саясат жүргізу амалы тұрды. Яғни әу баста-ақ бұл баланс болған. Бұл көзқарас тоқсаныншы жылдардың соңында Әділет және даму партиясы құрылмас бұрын қалыптасып қойған. Алайда кейінгі жылдары Сирия мен Украинадағы жағдай, Қарабақ соғысы Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасына жаңа аспекттерді енгізді. Күні бүгінге дейін Ресеймен бір уақытта бәсекелесіп, серіктесуді жалғастыру мүмкін болып келді.

Анар Сомунджуоглу

Егер сіз Түркияның неден үміттенгенін шолып шығар болсаңыз, онда әу баста Түркия НАТО-ның мүшесі ретінде Батыстың бөлігі ретінде әрекет етті деген пайымға келер едіңіз. Ал қазір Орталық Азиядағы жаңа жағдайға көз жүгіртетін болсақ, онда Түркия мен Қытайдың мүдделері белгілі бір мағынада таңқаларлық түрде тоғыса қалды. Себебі Түркия қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін өзін Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде көрсете бастады. Қытай «Бір белдеу бір жол» бастамасын ұсынған кезде, Түркия мұны түсініп, орта дәлізді де алға тарта бастады. Егер Орталық Азияда әлі де жалғасып жатқан Түркия мен Ресейдің бәсекелестігіне қарайтын болсақ, онда түрік мүдделерін ілгерілетуге көмектесетін басқа да ойыншылар бар. Тікелей емес, жанама. Мысалы, Қытай-осындай мысалдардың бірі.

– Қарабақтағы соғыста Түркия мен Әзербайжан елінің үлгісінен біз бір әскери альянс көргендей болдық. Анкара ашық түрде Әзербайжанға көмектесті. Осының нәтижесінде соғыста Әзербайжан бірден жеңіске жетті. Осынау әскери альянстың қандай әлеуетін көріп отырсыздар? Түркия мен Әзербайжан күндердің күнінде толыққанды әрі ресми әскери одаққа айналып, Одақтас елдерге ұқсас ұйым құруы мүмкін бе? Екіншіден, Әзербайжанға көмек көрсеткендей, Түркия Орталық Азия елдеріне қол ұшын соза ала ма?

– Тағы да сұрақтың соңынан бастап жауап берейін. Жоқ, Түркия Әзербайжан үлгісіндей Түркия Орталық Азия елдеріне серіктес болуды қаламайды. Бұған ең бірінші кезекте объективті себептер бар. Егер Орталық Азия елдері Түркиямен шектессе әңгіме басқаша болар еді. Алайда Орталық Азия елдерімен Түркия шектеспейді. Ол аймақта өте маңызды мүдделері бар деп те айта алмаймыз. Яғни Орталық Азия – Түркияға тікелей әсер ете алатындай Қарабақ емес. Бәлкім, күндердің күнінде әлем картасы өзгеріп жатса бәрі де болуы мүмкін. Алайда қазір жоқ деп жауап берер едім. Біздің ортамызда Иран тұр. Яғни басты фактор ретінде география үлкен рөлге ие.

Мәселен, Әзербайжанға қарайтын болсақ, ол елдегі жағдай Түркияның сыртқы ғана емес, ішкі саясатына да ықпал етеді. Мысалы, Түркия АҚШ-тың ықпалымен Армениямен қарым-қатынасты жақсартпақ болған. Тиісті хаттамаларға қол қойылуы да тиіс болған. Бірақ Әзербайжан Түркияда өте сәтті лоббилік саясатты жүргізе білді. Осының нәтижесінде Түркиядағы өте ықпалды күштер сол хаттамалардың қол қойылуына кедергі келтірді. Тіпті наразылықтар ұйымдастырылды. Тіпті сол хаттамаларға қол қойылған күннің өзінде ол құжаттар ратификацияланбайтын еді. Бұл – Әзербайжанмен жақындықтың нәтижесі.

Екінші мысалды Түрікменстаннан көреміз. Түрікмендер бір жағынан оғыздар, яғни түркілер. Түрікке өте жақын. Алайда Түрікменстанның саяси бейтараптығына байланысты. Түркиямен оның аса жақындығы тағы жоқ. Басқаша айтқанда, этникалық байланыс пен географиялық жақындық маңызды-ақ, бірақ сол елдердің өз саясаты да негізгі бағытты түзейді. Яғни бұл ретте біз Орталық Азия елдерінің өз көзқарасына келіп тірелеміз. Орталық Азия елдерінің бірі демек Әзербайжан секілді Түркиямен аса жақындасқысы жоқ. Түркия мен Әзербайжанның ғана назары жеткіліксіз.

 Әу баста керемет мәлімдемелер жасалған. Түркі елдері бір одаққа бірігуі керек деген де әңгімелер айтылады. Алайда Орталық Азия елдерінің өзінің ішінде бұл одақты аса қаламайтыны білініп қалды. Осыдан кейін бұл фактор Түркияның өзіне де әсер етті. Ресейдің де Орталық Азиядан кете қоймағаны түркі интеграциясына ықпал еткенін атап өту керек.

– Десе де Түркия Орталық Азияда қауіпсіздік тұрғысынан өте қарқынды түрде күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Әскери-саяси тұрғыда болмаса да, әскери-техникалық салада ОА елдерімен Түркия келісім жасай бастады. Осының өзі-ақ уақыт өте келе Түркияның бұл аймақта ықпалын күшейте беретінін білдіре ме, қалай?

– Ойыңыз дұрыс. Бірақ мұның өзі де Орталық Азия елдері саясатының өзгеруіне байланысты. Яғни олардың өзінде Қытай мен Ресейге арқа сүйей бермей, үшінші күшке иек артуға деген талпыныс бар. Ресей бір жағынан қауіпсіздік кепілі болып отырғанымен, Украинада соғыс басталғалы екінші жағынан әлеуетті қауіп екенін де көрсетіп алды. Әсірісе, мұны бәрінен бұрын Қазақстан сезеді. Менің өзім қатты құрметтейтін Өмірсерік Қасеновтың 1997 жылы жазған мына бір сөзін келтіре кеткім келеді: «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасының парадоксы мынада: Ресей қауіпсіздікке кепілдік беретін мемлекет бола тұра Қазақстан үшін ең үлкен қауіп болып тұр». Яғни Орталық Азияда бұл қауіп-қатерге әу бастан баға беріліп қойған. Бәлкім, екінші жағынан саясатты басқаша жүргізуге ресурс та болмаған секілді. Халықаралық жағдайлар да мұрша бермеді. Сол себепті көпвекторлы саясатты таңдаудан басқа амал да болмаған. Осынау саясатта үркия басқа елдердің орнын баспаса да, күрделі жағдайдан шығуға көмектесетін мемлекеттің бірі ретінде қарастырылғаны жөн. Егер соғыстың нақты ықпалына қарайтын болсақ, ОА елдері көлік пен логистикаға келгенде Ресейден дербес саясат жүргізу тренді де күшейіп кетті. Осылайша, Орталық Азия елдері Түркиямен сауда-саттықты нығайту мүмкіндігі пайда болды.

– Сұрақтарымды түйіндейін. Орталық Азия елдерінің өз мүддесі тұрғысынан қарағанда, аймақтағы республикалар түркі немесе түрік векторына Ресей мег Қытайдың саяси-экономикалық қазіргі байланысына балама ретінде қарауына бола ма?

– Меніңше, Түркияның дәл қазіргі уақытта ондай мүмкіндігі жоқ, толыққанды балама болуға Түркияның өзі де ниеттенбейді. Ал түркі бірлігінің дамуы – ол шындық. Бұл ынтымақтастық Түркияның өзіне ғана емес, түрік елдеріне де тиімді екені турасында ортақ түсінік бар. Айтпақшы, дәл сол Өмірсерік Қасенов Түркияның рөлі туралы жазып кеткен. Түркия түркі тілдес елдерге не үшін маңызды? Қасенов өз мақаласында Түркияның халықаралық ұйымдарда Орталық Азиядағы басқа республикаларды қолдай алатынын жазғаны бар. Екінші жағынан, біз бірегейліктің маңызы артқан ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ешкім тартып ала алмайтын шындығымыз – ортақ түркі тілінде сөйлейтінімізде. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан болсын, совет дәуірінен кейін өз тарихын қамдай бастаса, айналып келіп, түркіге ортақ құндылықтарға оралады. Яғни қоғамның санасы күшейген сайып байланыс нығая бермек. Бірақ мұның өзі де күндердің күнінде Түркия Ресей мен Қытайға балама күш болып кетеді деген сөз емес.

Тоқсаныншы жылдары Ресей неден қауіптенгенін еске алайықшы. Түркия ол кезде аймақтағы Батыс елдерінің күшінің елшісі іспеттес болатын. Яғни аймақта салмаққа ие болу үшін Түркияның бір өзінің күші жеткіліксіз. Бірақ бұл жерде тек Батыс елдері ғана емес. Орта күш саналатын Түркия мен Кореяның да мүдделерінің тоғысуы жайлы айтылады. Бірақ мұның бәрі болашақтың еншісі. Қазіргі уақытта Түркия қазір балама емес, бірақ мұның өзі тәуелсіздікті күшейтуге қолғабыс болып отыр. Осының өзі-ақ Түркия үшін Орталық Азиядағы басты басымдық. Түркияда осы саясат әу бастан белгіленген. Түркияның ең басты мақсаты – тәуелсіздікті сақтау және тәуелсіз түркі мемлекеттерін қолдау. Одан бөлек Түркия деген жалғыз Ердоған емес екенін түсіну керек. Онда оппозиция көп. Олардың көбі эмоциялық тұрғыда болсын түркі әлемін қолдайды. Себебі бұл саясат – түркі бірлігінің бір бөлігі.