×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

«Ауыл халқы қорқып қалды». Шолақайда қазақ пен ұйғыр қалай өмір сүріп жатыр – ауылдан арнайы репортаж

02.09.2022, 14:33
Фото: Ulysmedia.kz

Осыдан бір ай бұрын Жетісу облысы Жаркент маңындағы Шолақай ауылында 15 жастағы қыз баланың өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірген еді. Ресми органдар таратқан ақпарат бойынша, оны ауылдасы зорлап, пышақтап өлтіріп, мәйітін өртеп, көміп тастаған. Ізінше Шолақай ауылында тұратын 38 жастағы ер адам күдікке ілініп, қамауға алынды. 9 күннен кейін мәйіті табылған қыздың ұлты қазақ. Ұсталған күдікті – ұйғыр.

Осы ақпарат ел ішінде таралғаннан-ақ Шолақайдағы ұйғыр ұлтты азаматтардың ұйқысы қашқан. Рас, мұндай қылмыстың бірден қаласақ, қаламасақ та ұлттық сипат алатыны ақиқат. Шолақай ауылына арнайы жасақ келіп, қауіпсіздік шарасы да күшейген. Ulysmedia.kz порталынан Самал Ибраева осы ретте Шолақай ауылына барып, жоғалған қызды 9 күн іздеген адамдармен, ауылдың әкімімен, марқұм Құралайдың әкесімен тілдесіп қайтты. Халықтың әлеуметтік жағдайын да шолып шықты.

Ауылда қазақтар көбейіп келеді

Шолақай ауылының тұрғыны Бердіқожа Жанаманов «ауылымыз жақсы, балаларымыз өсіп келе жатыр» деп бастады әңгімесін. 78 жастағы қария Шолақайдың бұрын кішкене ғана ауыл болғанын, бүгін де тұрғындардың саны 5 мыңға жетіп қалғанын айтады. Ауылда әркім өз саласында еңбек етеді. Мал бағады, егін салады.

Бердіқожа Жанаманов

«Мектеп бұл жерде екі тілде оқытады. Қазақ және ұйғыр сыныптары бар. Екеуі де 11 жылдық. Аралас мектеп. Қазақтар мен ұйырлар ауылда тепе-тең. Бұрын көбінесе ұйғыр сыныптар болатын. Қандас бауырлар балаларымен келіп, көшіп, елді толықтырып жатыр», - дейді қария.

Ауылда ұйғыр ұлтының ішінде «жігітбасы» деген мәртебеге ие Талыпжан Якупов деген азамат бар екен. Жігітбасының негізгі міндеті – елді жұмылдырып, нашар тұратын азаматтарға көмек көрсету.

«Азық-түлік алып, тарқатамыз. Бәрінің жұмыстары, егін даласы бар. Көбі диқан бұл жерде. Көлікпен перегон жасайды. Ауылымыз тыныш», - дейді ол.

Балаларым қантты ұмытты

2006 жылы Шолақай ауылына келін болып түскен көпбалалы ана Айжан Батырғалиевамен де әңгімелестік. Оның күйеуі бір кәсіпкердің малын бағып, айына 200 мың теңгеге жуық ақша табады екен. Сабақ таяғанда аздап қиналып қаламыз дейді көпбалалы ана. «Қымбатшылықты сезініп жатырсыздар ма? Қант бар ма үйде?» деп сұрасақ, «қант жемейміз, қантты балаларым ұмытты» деп отыр.

Айжан Батырғалиева

«Қанттың келісі базарда 700-800 теңге болып тұр. Қымбат болса да алып, қысқа компотымызды жаптық. Қыста бәрібір табылмайды ғой», - дейдіо л.

Кондитерлік дүкені бар Санам Садықова атты кәсіпкердің қол астында 21 адам жұмыс істейді екен. Дүкен осы ауылдың асына, тойына кондитерлік өнімдерді жасайды.

«Бұл ауылдан басқа Ұйғыр ауданына да өнімдерді таратамыз. 20 жыл бойы істеп, тіпті осы дүкеннен зейнетке шыққандар да бар. Жастарды алып, биыл да жаңа инновациямен жұмыс істейік деп, Алла қаласа талпынып жатырмыз. Бұрын торт бір бағамен жүруші еді. Қазір қант қымбат. Әрқандай өнімдер қымбат. Қазір бір торттың келісі 2100 теңгеден басталады. Ары қарай өзінің қосылған дәмдеуішіне қарай баға өседі. Сұраныс көп. Торт қана емес, тәтті тоқаш пісіреміз. 52 ассортимент бар. Оның ішінде қантты, бәлішті өнімдер бар. Біз ашытқымен жасаған дүниенің бәрі 55 теңгемен басталады», - дейді ол.

Ол түзеліп келген шығар деп ойладық

Ауылда 440 баланы тәрбиелейтін, күрес пен дзюдо үйірмесі бар спорт нысаны бар екен. Ондағы қызметкерлердің саны 16. Айына жұмысшылар ол жерде шамамен 150-180 мың теңге айлық алады. Спорт нысанының иесі Рашит деген жігіт негізгі мақсатымыз – ауылдан күшті спортшыларды шығару дейді.

Рашиттен «осындай бейбіт әрі тыныш ауылда сондай қайғылы әрі үрейлі жағдай қалай орын алды? Қылмыс жасаған адамды танисыз ба» деп сұрап көргенбіз. Рашит бір адамның кесірінен бүкіл республика шулап кеткеніне қапаланады.

«Осы ауылдың адамы ғой. Ешкім ойламады. Жазмыш солай болып тұр. Ешкім білмеді ғой. Біріншіден ол жағдайлы (сотталған) болып келген. Одан кейін жұмысын істеп жүрген. Біраз уақыт өтіп кеткен. Ауыл ішінде, жұрттың арасында жүрген. Түзеліп келген шығар дедік. Бір адамның жан-дүниесіне ешкім кірмегеннен кейін оның ойын біле алмаймыз. Ал қайтыс болған қыз – менің баламмен жасты. Бірге ойнап жүрген. Бір апта іздедік қой. Бүкіл ауыл, әкімшілік болып, тіпті осы спортзалдың автобусымен неше күн іздедік. Бірге барамыз, іздейміз деп, қыздарға дейін бірге жүрді. Ешкім ойлаған жоқпыз. Қайтыс болған қыз бізге дзюдоға келген. Басында келіп жүрді. Содан кейін келмей кетті. Анама қарайын деді. Анасы білуімше, науқас болған», - дейді Рашит.

Құралайды ұйғыр ағайындармен бірге іздедік

Шолақай ауылдың округінің әкімі Айдос Арсаламов болған оқиға жайлы «өте қиын жағдай болғанын» айтады.

«Біздің қабырғамызды қайыстырды. Аяқ асты болған нәрсені шынын айтсақ, байқамай да қалдық. Өйткені ол қыз өте текті жерден шыққан, оқымысты, білімді, озат қыз болатын. Қылмыскер өз-өзімен такси болып жүретін. Оның ішінде не жатқанын байқамадық қой», - дейді әкім.

Ауыл әкімі күдікті жігіттің бұрын сотталғанын кейін біліпті. Келгеніне біраз жыл болғанын да кейін естіген. Әкім ұлтаралық араздық жоқ дейді ауылда.

«Алдында да зорлықпен сотталыпты. Кім біледі? Ол қызымыз жоғалған кезде ел болып, жұрт болып, ұйғыр ағайындармен бірге жеті жастағы баладан жетпіс жастағы шалына дейін бірге іздесті. 9 күн іздедік. Жан-жақтағы тау-тас, су, адам көп жүретін жердің бәрін араладық. Сол үшін көпке топырақ шашуға болмайды. Ұлтты жамандауға болмайды. Адамның жаманы болады. Ұлттың емес», - дейді әкім.

Айдос Арсаламов ауылдың ерекшелігі – ауызбірлігінде дейді. Өйткені қандай да бір адамның басына күн туса, бүкіл ауыл сол жерден табылады екен. Ақсақалдардан бастап жастарға дейін сондай дәстүр қалыптасқан. Жастар ақсақалдарды тыңдайды.

«Бұл жерде ұлтқа да бөлінбейді, қазақтар руға бөлінбейді. Руға бөлінуді тоқсаныншы жылдары оқуға барған кезде бір-ақ білдім. Өзімнің суан екенімді білдім дегендей. Тату-тәтті мұнда бәрі. Бұл ауылда бір тандырды бөліп жейміз. Ұйғырдың үйінде тандырды қазақ, қазақтың үйінде ұйғыр жабады. Бөліп алады. Ұйғырдың үйі үй тазаласа, қазақ тамақ жасайды. Қазақтың үйін тазалаған кезде, ұйғыр сол үйде тамақ пісіріп жүреді. Қазірдің өзінде көзім көріп жатыр. Жаңа Қазақстанды қолдап, бірге жасайық деп, жастарға оқуға түсуге көмектесіп жатырмыз. Жастармен жиын өткізіп, оқу керек екенін, малдың артынан кетпей оқу керектігін түсіндіріп, сол бағытқа жұмылдырамыз», - дейді Айдос Арсаламов.

Әкімнің сөзін жігітбасы Талыпжан Якупов та қуаттайды.

Талыпжан Якупов

«Біздің ауылда ұлтқа бөліну жоқ. Бұрын мұндай болмаған. Қалай болып кеткенін білмеймін. Тіпті сол баланың аға-бауырлары да «шынында да, қылмысты сол адам жасады ма – сол адам жазасын тартсын» деді. Жазасын тарту керек. Үкімет жазасын берсін! Басқа әңгіме жоқ. Бәріміздің ой-пікір сол. Ұлтқа топырақ шашуға болмайды. Мен Қазақстанда тудым. Отанымыз осы ел! Ата-анам да осында туған. Мен Қазақстан үшін жанымды берем! Все! Біздің балаларымызға беретін тәрбием де солай. Балаларыма сөйтіп айтам», - деп түйді сөзін Талыпжан Якупов.

Қылмыскерді өз қолыммен өртесем деп армандаймын

Ауыл тұрғындарынан кейін Құралайдың әкесімен тілдескенбіз. Оның жан-жары ауруханада жатыр екен. Құралайдың қазасынан кейін тіпті жағдайы нашарлай түскен.

«Қызым жоғалып кетті. Таппай қалдым қызымды. Папа, сендерге үй салып, бағам деп отырушы еді. Арманы сол еді... Қазақ, ұйғыр демей, бәрі көмектесіп, іздесті. Таппады қызымды. Қызымды таппай қалдым. Оның сотталғанын білмей қалдым. Қылмыскерді қолыма берсе, халықтың көзінше өртеймін дедім. Қызымды қалай өртесе, мен де соны солай өртеп, жанын қинап, өртейін дедім. Арманым сол. Анасы қазір емханада жатыр. Денсаулығы болмады. Әділ шешіп берсін. Басқа ешнәрсе сұрамаймын», - дейді Құралайдың әкесі.

Құралайдың үйі

Ауыл имамы жас жігіт екен. Заң органдары бәрін анықтап, қылмыскер жазасын тартады деген ниеттеміз дейді ол.

«Қолымыздан ештеңе келмесе, Аллаға тапсырамыз. Өйткені мұсылман адам біреуге тілімен де, қолымен де зиянын тигізбейді. Сондықтан, шешімін Алла береді. Ондай қандықол қылмыскер жазасын екі дүниеде де тартады. Бұл – қазақ-ұйғыры аралас халық. Ынтымағы жарасқан ел. Кейбір әдет-ғұрыптарының өзі бірлесіп кеткен. Қайсының қазақ, қайсының ұйғыр екенін ажырата алмайтын деңгейдеміз. Бірақ осындай бейбіт халықтың ішінде осындай жағдай болады деп ойламадық. Қылмыс ұлтқа қарамайды. Жазасын тартар деген ниеттеміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, жалпы Жаркент халқы бірін-бірі таниды. Өйткені ауылдардың арасы 1,5-2 шақырым ғана. Тығыз орналасқан. Оның үстіне мұндағы қазақтардың басым көпшілігі суан руынан. Суан – оның ішінде сұраса келіп, бір-біріне жақын болып шығатын кездер бар.

«Ал ұйғыр халқын келетін болсақ, олар да дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен. Құда-жекжат, жақын, жұрағат – байланысымыз мықты. Исламда мұндай күнә жасағандарға жазаны қазы шешеді. Біздің еліміз толық Ислам мемлекеті болмағандықтан, біз енді мемлекетке бағынушымыз. Сол арқылы шешіледі. Біз оған үкім бере алмаймыз. Марқұмның отбасына басу айтып, аудан мен ауыл әкімдері де отбасыға не көмек керектігін сұрап, жәрдемдесіп жатыр. Қарап отырған жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалдырған бір хадис бар: «Қашан бір үйде жаназа, ауыр қиындық болса, ол үйге ас апарыңдар» дейді. Олар қайғыға батып отыр. Сондықтан осы ауылдың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпы. Ұйғыр халқында біреу қайтыс болса, үйінде ас берілмейді. Жетісінен кейін ғана ас беріледі. Сондықтан осы әдет осындағы қазақтар да ұстанып қалған әдет боп қалған», - дейді ол.

Имамның айтуынша, ауыл халқының бірлігі соншалық: қаза болған үйді бір күнде оңаша қалдырған емес. Әркім барып, көмектесіп, малын сойып беріп жататындар бар. Қайғы тұтқан отбасыға бір қойын, бір қап күрішін көтеріп баратын салт бұрыннан бар дейді ол. Адамның көңілін дүние алмастырады. Сондай бір жақсы адамдар табылып жатқан кезде ол адамның көңілі де сергиді. Сондықтан, осы ауылдың басқа ауылдармен айырмашылығы – ұйғыр халқымен көбірек байланыс отырғандығы. Күніге дастарханын босатпайды дейді имам.

«Ауыл неге қорқып қалды? Өйткені мына жаққа шығып алып, кейбір адамдар ұлтаралық мәселелерді көтеріп жатты. Жалпы «ұйғырлар осыны істеді» деп бәле-жаланы жауып жатты. Бізге ынтымақ пен бірлік қажет. Сондықтан, өзіміз де сырттан келіп біреулер арандатпасын деп мақсатта арнайы жасақтың бізді қорғап тұрғанына риза болдық. Түрлі адамдар бар ғой. Пенде болғаннан кейін ешкімнің жан-дүниесін білмейміз», - деп түйді имам сөзін.