×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Үкімет жекенің қолындағы ЖОО-ларды неге тартып алмақшы

31.07.2023, 14:52
Үкімет жекенің қолындағы ЖОО-ларды неге тартып алмақшы

Елдегі университеттерге қабылдау басталар уақытта премьер-министр Әлихан Смайылов күтпеген жерден жоғары білім нарығындағы бейғам күйді бұзып, еліміздің жоғары оқу орындарын мемлекеттік меншіктен жеке қолға беру туралы құжаттарды тексеруді тапсырды. Соңғы жылдары дипломдары еңбек нарығында "өтімді" университеттердің саны күрт азайды, сәйкесінше жастардың оларға ұмтылысы да төмендеді. Салдарынан қоғамда мемлекеттік меншіктің талан-таражға түсу мәселесіне қатысты сұрақ көбейді, ал өз таңдауын жасап үлгерген талапкерлер Google-ді ақтарып, университеттердің артында кім тұрғанын, онда білім алудың ақыры қаншалықты баянды болатынын зерттей бастады.

Әлихан Смайыловтың мәлімдемесі резонанс тудыра қоймады, тіпті ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер де ештеңе естімегендей кейіп танытты. Ведомство басшысы жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Ulysmedia.kz Қазақстанның жоғары білім саласында кімдердің салмағы барын анықтауды жөн көрді. Біз еліміздің ең ірі университеттерін кім қаржыландыратыны, болашақ мамандарды кім оқытатыны және олардың дипломдарының қаншалықты құны бар екенін білу мақсатында ЖОО-ларға сұрау жоладық.

Бірінші болып Қазақстан-Британ техникалық университеті жауап берді. ҚБТУ 22 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны белгілі, бірақ мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына тек 2021 жылдан бастап қатысады, бұл ретте жоғары оқу орнының бакалавриаты мен магистратурасына нысаналы гранттар бөлінбейді.

Тарихы

Үкіметтің аталмыш жоғары оқу орнын құру туралы қаулысына Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды – 2001 жылы ол Қазақстан министрлер кабинетін басқарды. Бір жылдан кейін "ҚБТУ" ЖАҚ жарғылық капиталына Алматы архитектурасының раритеті берілді – бұған дейін Жоғарғы кеңес орналасқан ескі алаңдағы ғимарат. Сол кезде тарихи-мәдени мұра тізімінде тұрған ғимарат 2 212 500 000 теңгеге бағаланды.

2003 жылы Үкімет "ҚБТУ" ЖАҚ акцияларының пакетін "ҚазМұнайГаз ҰК"-ға тапсырды. Содан кейін 2018 жылы Жекешелендіру бағдарламасы бойынша университет акцияларының барлық пакетін Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры электрондық сауда-саттықта сатып алады. Электрондық сауда-саттық бөліп төлеумен жүргізілгендіктен, іс жүзінде қор индекстеуді ескере отырып, сатып алу-сату шартының талаптарына сәйкес университетті 12 110 187 000 теңгеге сатып алды. Сол кезеңдегі ағымдағы доллар/теңге бағамы бойынша сома 31 548 802 АҚШ долларын құрады. Электрондық сауда-саттықта акциялар пакетінің жарияланған бастапқы бағасы 11 364 544 000 теңгені құрады.

Ол кезде ҚБТУ-да 1500 студент оқыды, ал оқу орнының қарызы 2 300 000 000 теңгеге жетіп жығылды.

Сондай-ақ, сатып алу-сату шарты қорды университет қызметінің бейінін он жыл бойы сақтау бойынша ерекше талаптарды орындауға міндеттеді. Яғни, 2028 жылға дейін ол ҚР БҒМ №АБ_0137392 лицензиясы негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыруы және ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуы тиіс.

Университет акциялар пакетін қорға берген сәттен бастап акционер дивиденд алмаған – барлық қаражат стратегиялық мақсаттарға жетуге бағытталған деп мәлімдейді.

Тарихи ғимаратты ұстау шығыны кімнің мойнында

ЖОО басшылығы 2018 жылдан бастап құрылыс-жөндеу жұмыстарына мыңға жуық орындық жатақхана құрылысын қоса алғанда 10 млрд теңге бөлінгенін хабарлайды. ЖСҚ мен жарақтандыруды ескере отырып, жатақханалардың құрылысына салынатын салымдардың жалпы сомасы 7 млрд. теңгеден асады.

Сондай-ақ, жоспарда 3 млрд теңгеден астам сомаға электрмен жабдықтауды ауыстыру және дәліздер мен аудиторияларды күрделі жөндеу, 700 млн.теңгеден астам сомаға терезелерді ауыстыру және қалпына келтіру бар.

Тарихи-мәдени нысан – ҚБТУ ғимаратын заң бойынша ағартушылықтан бөлек, коммерциялық және басқа мақсаттарда пайдалануға болмайды. Сондықтан университет ғимарат сатылады деген қорқыныш мүлдем негізсіз деп сендіреді. Сонымен қатар, қордың оған ешқандай қатысы жоқ – оған тек университеттің акциялары ғана тиесілі екенін атап өтті.

Диплом қанша тұрады

ҚБТУ-да оқуға арналған гранттың құны Үкіметтің 2021 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен белгіленген. Ақылы бөлімшеде оқу құнын "ҚБТУ" АҚ Басқармасы бекітеді.

Төлем жүйесінде ішкі гранттар мен жеңілдіктер қарастырылған. Оларға халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары үміткер бола алады. Бүгінде ЖОО-да студенттердің 80%-ы гранттарда, қалғандары ақылы бөлімде оқиды.

 – 2023 жылы университет ішкі гранттарға 613 050 000 теңге бөлді. Грант алған студенттер GPA-ны жоғары деңгейде ұстай отырып, грант бойынша одан әрі оқуға құқықтарын растауы керек. Бұл сома бүкіл оқу кезеңінде 2 млрд теңгеден асады. Университетте әлеуметтік осал топтағы студенттерге жатақханада оқуға және тұруға жеңілдіктер беру арқылы қолдау көрсетіледі.

22 жыл ішінде университет қанша маман дайындады?

ҚБТУ 6500 мыңнан астам маман бітірді, тек биыл 744 түлек – 572 бакалавр және 172 магистр диплом алды. ҚБТУ түлектерінің көпшілігі ЖОО қабырғасында жұмыс берушілерден ұсыныстар алады, өйткені олар ірі бейінді ұлттық және шетелдік компанияларда тағылымдамадан және практикадан өтеді.

ҚБТУ-да бірегей білім беру бағдарламалары – Қазақстан Теңіз академиясы мен Лондон Экономика мектебі (LSE) жұмыс істейді, олар қордың қолдауының арқасында университет үшін қиын кезеңдерде де жабылмады. LSE-мен бірлескен бағдарлама қазіргі уақытта әлемдегі жалғыз бағдарлама болып табылады.

Сонымен қатар, Атырау облысы Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы бойынша университет Алматыдағы лагерінде Құлсары қаласының көпбалалы отбасыларынан шыққан балалардың жазғы демалысын ұйымдастырады.

Әлихан Смайылов нені меңзеді

ЖОО премьер-министрдің нұсқауы бойынша тексерілуі тиіс университтеттердің тізіміне ҚБТУ кірген-кірмегеніне қатысты жауап бере алмады, алайда 2023 жылдың маусым айында "ҚБТУ" АҚ-ны жекешелендіру мәселесін экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында қарау жоспарланып отырғаны туралы ғылым және жоғары білім министрлігінен сұрау жолданғанын жасырмады. Бірақ әлі күнге дейін ведомствода мардымды жауап жоқ – шамасы, университеттің меншік құқығына қатысты мәселе әлі шешілмеген сыңайлы. Немесе ҚБТУ-ды құру туралы алғашқы қаулыға қазіргі президент қол қойғанын және оның шешіміне, тіпті 22 жылдан соң да күмәнданудың қажеті жоқ деген тоқтамға келді ме екен?

Ulysmedia.kz қазақстандық жоғары білім нарығындағы жағдайды бақылауда ұстайтын болады. Біз министрдің түсініктемесін күтеміз және ол өзінің құзыреттілігі шеңберінде  университеттердің қайсысы премьер-министрдің сенімінен айырылғанын түсіндірер деген үміттеміз.