×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Әкімдікке апарар жол: Қоғамдық кеңестер қалай «өзімізғойшылдарға» айналып кетті

07.08.2023, 10:19
Әкімдікке апарар жол: Қоғамдық кеңестер қалай «өзімізғойшылдарға» айналып кетті
Коллаж: ulysmedia.kz.

Алматыда дау өршіп тұр. Қала тұрғындарының наразылығы, судың өшіп қала беретіні және көшелер жарығы, ойсыз жүргізілетін жол жөндеу жұмыстары халықты айналып келгенде қала әкімінің отставкасын талап еткен петицияға итермеледі. Ulysmedia.kz қала тұрғындарын алаңдатқан осы мәселелерге қоғамдық кеңес қалай кіріскеніне назар аударады.

Жалпы ережеге қарасаңыз, кеңес мүшелері «мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың жұмысына қатысуға, сұраныс жолдауға, билік өкілдерін өз отырыстарына шақыруға, мемлекеттік сатып алулар жөнінде конкурс комиссияларына араласуға, қоғамдық сараптамаларды өткізіп, мониторинг жүргізуге» құқылы.

Десе де осы жұмыстың бәрін қоғамдық кеңес атқарып жатыр ма? Бұл сұраққа осы мақалада жауап іздедік.

Қазақстанда қоғамдық кеңестер 2016 жылы пайда болған. Заңдағы жаңашылдыққа сәйкес, қоғамдық кеңестер консультативті күш болып, министрліктердегі, ведомстволар мен әкімдіктердегі бақылаушы құрылымдарға айналуы керек еді.

Бір қарасаң, бәрі заң бойынша іске асса, қоғамдық кеңестер таптырмайтын күш. Азаматтардың билік органдарымен дау-дамайын реттеуі керек. Заңдағы дәл сол новеллада «заңға сәйкес, мемлекеттік орган қоғамдық кеңестерден келіп түскен ұсыныстарды міндетті түрде қарауы керек» деп жазылған. Алайда шынтуайтында жергілікті атқарушы органға айналған мәслихаттарға қарағанда қоғамдық кеңес тек аты айтып тұрғандай кеңес бере алатын орган, яғни орындалуы міндетті шешімді қабылдай алмайды». Кеңсе тілінен кәдімгі сөзге аударғанда «сізді тыңдадым, назарға алдым, бірақ ары қалай болатынын өзім білем» дегені.

Әртүрлі мәліметке қарағанда, Қазақстанда жалпы саны 256 қоғамдық кеңес бар екен. Республикалық деңгейде 35, жергілікті деңгейде 221 кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік ұйымдардың жанынан да құрылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамалар жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметовтың айтуынша, кейінгі кезде кеңеске мүше азаматтардың саны 3 мыңнан 4 мыңға дейін көбейген. Қазақстанның жасы 18-ден асқан кез келген азаматы қоғамдық кеңеске мүшелікке кіре алады.

Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің 2022 жылдағы қызметі жөніндегі баяндамаға көз жүгіртсек, республикалық деңгейдегі ҚК құрамында 17 министрлік пен 5 агенттік бойынша 399 адам бар. Яғни әр кеңесте шамамен 18 адам жұмыс істейді. Кеңестерге мүше азаматтардың ішінде 85-і мемлекеттік қызметкер, 19-ы ведомствоішілік ұйымдардың өкілдері.

Тегін бе?

Кеңес шешімінің жоғарыда жазғанымыздай күші тек «кеңестік» сипатқа ие. Демек отырады, мәселені айтады, ортаға шығара алса, бір ортаңқол шенеунікті шығарады, бір-бірін мақтайды да, әркім өз тірлігіне тарқасады.

Қоғамдық кеңестердің қызметін ақтайтын аргументтердің бірі – олардың тегін жұмыс істейтінінде. Алайда дәл осыған келгенде өтірікті де жазбайық. Кеңеске арнайы орын бөлінеді, ол жер электрмен, сумен, интернетпен қамтылады. Әкімшілік-кеңселік шығын да жабылады. Осының бәрі қоғамдық кеңестердің қызметінен еш пайдасы жоқ халықтың салығымен төленеді.

«Мен бір кездері тіпті сайлауды жеңіп, қоғамдық кеңестің 3-4 күн болса да мүшесі атандым. Алайда менің кандидатурам Байбекке ұнамай қалса керек. Артынша, мені кеңеске кіргізбеді», - дейді өз тәжірибесі жөнінде белсенді әрі блогер Болат Қажыақбар.

Ақша мен шот

Алматының қазіргі кеңесінде 39 адам бар. Ал бүкіл елдегі қоғамдық кеңестердің қызметіне қанша ақша кететінін есептей беріңіз.

Оған қоса қоғамдық кеңестердің республикалық отырыстары да жыл сайын өтеді. Астанада былтыр қазанда ол жиын үшінші рет өткізіліп, оған елдің бүкіл өңірінен 250 делегат қатысқан. Солардың бәрі астанаға келгенде өз ақшасымен келіп кетті ме? Ал шыққанда қалай болды? Тағы да кеңес жүзіндегі ойлар айтылды. Тер төгісіп жүргендерін сөз қылды.

Былтыр қыркүйекте халыққа кезекті жолдауын жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің жұмысын қайта форматтау керектігін айтқаны бар. Сол тапсырма қалай орындалып жатқаны да жұмбақ.

Десе де біз Eurasian Expert Council қорының президенті, сол уақытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, «қоғамдық кеңестердің басты мақсаты – меморгандардың қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізу екенін» біліп алдық. Бұл тұрғындардың проблемалық мәселелерін жинайтын алаң-мыс.

Мәселен, «Artsport» бағдарламасы бойынша балалардың сапалы қосымша білім алуын қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы қоғамдық кеңесі жанынан арнайы комиссия құрылды.

Әлбетте, бұл бағдарламаның жүзеге асырылуында қаншама шу, дау болғанын білеміз. Дәл сол дау-дамай шығып жатқан кезде Алматының қоғамдық кеңесі қайда болды? Оңтүстік астананың қоғамдық кеңесінің құрамында кім жоқ дейсіз: оның ішінде ресейшіл саясаттанушы да, ғалымдар да, бизнесмендер мен журналистер, спортшылар да бар. «Artsport» бағдарламасы бойынша шу шыққанда солардың үні шықпай қалды.

Әкімдікке апарар жол

Алматы қоғамдық кеңесіндегі мүшелердің есімі біршама танымал, кейбірі тіпті белгілі болғанымен, арасында әлеуметтік желіде парақшасын жүргізбейтін, өз пікірін қорғамайтын және «ақырын жүріп, анық басатын» адамдар да бар. Олардың қоғамдық кеңесші мәртебесін қалай және не үшін алғаны басқа мәселе. Бірақ оларға отырыстар арасында жеке мәселелерін «шешуіне» ешкім кедергі бола алмайтынын болжауға болады.

Мысалы, коммуналдық инфрақұрылым, ұтқырлық, экология, қаржы, активтер және қауіпсіздік жөніндегі комиссияның құрамына жеті азамат кіреді: Борис Джапаров (КазРЕН бас директоры), Марат Абдушкуров – Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы, Әкімжан Арупов (Дүниежүзілік экономика институтының директоры), Александр Бельянов («Экспресс Автосервис» компаниясының президенті және бір мезгілде Әділет департаментіндегі ОБ төрағасы), Вячеслав Ким («Жеңіс» фирмасының директоры), Данияр Халитов (Industrial Innovations серіктестігінің директоры). Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден бұл «қоғам қайраткерлерінің» алматылықтардың ашуына тиіп, тіпті Алматы әкімінің отставкасын талап етіп петиция жазуға итермелеген мәселелерге қатысты мәлімдемелері мен талаптарын таппадық.

Өкілдік жөніндегі мәселе

Кеңес қандай болуы керек? Оның мүшелеріне қандай жауапкершілік жүктеледі? Оны түсіндіру қиын. Сондай-ақ, олар мысалы, жаяу жүргіншілер жолына тастөсем төсеуді тоқтатып, жыл сайын бордюрлерді ауыстырмауды талап еткен алматылықтарға неге қолдау көрсетпейді деген сұраққа жауап беру өте қиын.

«Мемлекеттік институттар жұмыс істеуі керек: парламент, мәслихаттар. Ал, қоғамдық кеңестердің құрылуы олардың өз функцияларын орындай алмай отырғанын көрсетеді», – дейді белгілі экономист Меруерт Махмұтова.

«Пайдасыз орган! Осыдан екі жыл бұрын «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның күшін жою жөнінде кеңес бердім. Қоғамға пайдасыз, бірақ шенеуніктерге азаматтық сипат көрінісін жасауға және оларға «сен жақсысың» деп айтатын серіктестерін таңдауға мүмкіндік береді. Қалалар деңгейінде қоғамдық кеңестер негізінен мәслихаттардың жұмысын қайталайды, бірақ сонымен бірге, кем дегенде қандай да бір жолмен сайланатын мәслихаттардан айырмашылығы – қоғамдық кеңес мүшелерін әкім бекітеді. Мәслихаттар бұл функцияларды атқарып, халықпен жұмыс істеуі керек», - дейді Махмұтова.

Мүшелер не ләббайшыл?

Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің тағы бір кемшілігі – мемлекеттік биліктен тәуелсіздігі мен автономиясының әлсіздігі. Әкім Досаевты отставкаға жіберу туралы арыз төңірегіндегі жанжалға байланысты Алматыдағы қоғамдық кеңестің тіс жармай отырғаны да осыдан болар!?

Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың 2017 жылы БЖЗҚ ҚК-дан кеткендегі демаршын еске алсақ дейміз.

«Бастапқыда, бұл кеңесті құру идеясының өзі, оның қарама-қайшылықтары мен көпшіліктің сенімсіздігіне қарамастан қоғамдық алаңға айналдыруға боларлық (мүмкін тым оптимистік) жақсы мүмкіндіктің бірі болып көрінді. Қазақстандағы барлық зейнетақы жүйесінің дамуына қатысты және бар проблемаларды шешу жолдары, ең алдымен, қарапайым инвесторлардың көзқарасы бойынша ұсынылады.

Оның үстіне саяси тұрғыдан алғанда тиімсіз, жабық зейнетақы жүйесі ерте ме, кеш пе жарылуы мүмкін әлеуетті әлеуметтік бомба. Бұл бүкіл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық құрылымының ашылған жүйкелерінің бірі, ол қазір көп адамды ашуландырады», - деген Сәтбаев сол кезде БЖЗҚ басқармасынан шығып кетті.

Оның сөзінше, себеп – БЖЗҚ-мен кеңес қандай жұмыс атқарып, қандай мәселелерді көтеруі керектігі турасында келіспеушілік.

Сыбырлаған ұсыныстар

Қалай десек те, жеті жылдан бері қоғамдық кеңестер әлеуметтік мәселелерді шеше алатын күшке айнала алмады. Тек сыбырлап қана кеңес айтатын орган болып тұр.

Оның себептері:

шынайы ықпалдың болмауы

өкілдіктің шектеулі болуы

ашықтықтың болмауы

манипуляция ықтималдығы

тәуелсіздіктің болмауы.

Қазақстандағы кеңестер жергілікті атқарушы және заң шығарушы органдарға қарап отырмай, қашан толық күшпен жұмыс істей бастайтынын болжау қиын.

Осындайда туындайтын сұрақ: сол қоғамдық кеңестердің қажеті қанша өзі? Мәслихаттар барда. Халықтың түйткілді мәселелерін шешетін мәслихаттарда құзырет бар емес пе еді!?