×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Діндер көшбасшыларының съезі: Шығыны, маңызы мен миссиясы жайлы сұхбат

12.09.2022, 17:41
Коллаж: ulysmedia.kz.

14-15 қыркүйек күндері астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Рим Папасымен бірге Нұр-Сұлтанға әлемнің жүздеген елінен делегаттар келгелі жатыр. Съездің өтетіні жайлы алғаш ақпарат шыға салысымен оның мән-маңызы, қажеттілігі, шығатын шығыны турасында көп адамда сұрақ туындаған. Ulysmedia.kz порталынан Самал Ибраева осы сұрақтың бәрін съездің ресми өкілі Назым Жанғазиноваға қойып көрді.

– Діндер көшбасшыларының съезі Астанада не үшін өткізіліп жатыр? Неге біз атышулы іс-шараларды өткізуге құмармыз деген сыңайда қоғамда пікір бар. ЭКСПО-бастап қаншама іс-шара өткізілгені белгілі. Бұл іс-шараның ерекшелігі мен миссиясы қандай болады?

Uysmedia.kz алаңына шақырғаныңызға көптен көп рахмет! Кейінгі уақытта редакция өсіп, дамып жатырсыздар. Сөзімді сіздерді құттықтаудан бастайын.

Бұл съез Қазақстанда жетінші рет өткізілгелі жатыр. 2003 жылы ең бірінші съез өткен болатын. Оның бастамасы 2001 жылы басталған. 2001 жылы АҚШ-та қыркүйек айында теракт болды. Сол теракттан кейін 24-25 қыркүйекте сол тұстағы Рим Папасы Франциск Қазақстанға келіп, жалпы осы діндегі терроризм, экстремизм мәселелерін көтерген. Сол тұста президентпен кездесіп, діннің проблемасын талқылайтын алаң болса деген ұсыныс білдірген. Содан 2003 жылы бірінші съез өткізіліп келеді.

Алғашқы съезге 18 мемлекеттен 10-нан астам делегат қатысты. Сол тұстағы күн тәртібінде діндегі радикализм, экстремизм, терроризм сұрақтары көтерілген. Содан бері әр үш жыл сайын осы съез біздің астанамызда өтеді. Үш жыл сайын күн тәртібінде қандай проблемалар мен сұрақтар бар, соның барлығы өзгеріп, съез өтіп отырады.

Алда өтетін жетінші съез алдыңғысынан өте қатты ерекшеленеді. Біріншіден, постпандемия кезеңінде адамзаттың рухани дамуы, бір-бірімен коммуникация жасауы, жалпы бір диалог орнату мәдениеті кішкене төмендеп кетті. Әлемде түрлі қақтығыстар, дағдарыстар мен соғыстар болып жатыр. Сол себепті бәрін бүгінгі таңда бір дөңгелек үстелге отырғызып, әлемде болып жатқан проблемаларды, жалпы соғысты талқылап, барлық елді бейбітшілікке шақыратын алаң болады.

Иә, қазір мені әлеуметтік желіде тэгтеп, съезге қатысты әртүрлі пікір айтып жатқандар бар. Күніне 50 шақты пікірге жеке өзім отырып, жауап берем. Негізі негативтің болуы ол дұрыс. Егер бәрі тек позитивті жазатын болса, демократия қайдан болады? Адамдарда сұрақтың туындауы, негативтің болуы ол біздің қоғамда норма саналады. Сондықтан, сұрақтар туындайды. Ақша қайдан кетеді? Не үшін съез керек? Осындай сұрақтар болып жатыр. Жеке өзім ресми өкіл ретінде сол сұрақтарға жауап беріп, түсіндіріп жатырмын.

Біз, Қазақстан бейбітшілік алаңының брендіміз десек те болады. 1991 жылы тәуелсіздікті ала салып, бірден бейбітшілік алаңы бола салған жоқпыз. Ол ұзақ әдемі марафон болды. Спринтте жүгіріп, шығып, «Орталық Азияда бәрінің басын қоса алатын алаңбыз» деп айтпадық. Ол жылдан жылға отырыстар өткізіп, алаңдарды құра отырып, диалогқа бүкіл әлемді шақырып, осындай бір брендке жеттік. Енді қазіргі таңда Рим Папасының өз қаражатымен, өз билетін алып келе жатыр. Оның өзі көрсеткіш. Өйткені біздің алаң бүкіл әлемге керек. Бәрі диалогты қалайды. Сіздің сұрағыңыздың беретін жауабымның түйіні сол. Біз бүкіл әлемдегі бейбітшілікке, бірлікке шақыратын алаң болып отырмыз.

– Бұл алаңға шыны керек, біз де үлкен үміт арттық, Назым. Бірақ Қазақстан халқының көбі қазір Украина үшін алаңдап, солар үшін уайымдап жатыр. Тек Қазақстан емес, бүкіл әлемдегі алдыңғы мемлекеттердің бәрі Украинаны қолдап отыр. Бұл тұрғыда Ресейден патриарх Кирилл келеді деген үміт болды. Зеленский мен Путин келе алмаған келісімге, бәлкім, осы іс-шарада дінбасылар келісімге келе ме деген үміт болған. Бірақ өкінішке қарай, патриарх Кирилл келмейтін болды...

– Осыдан екі апта бұрын ол кісінің ресми өкілдері «патриарх Кирилл Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне осы жылы бармайды, оның себебі патриарх Кирилл Рим Папасымен өзі бөлек отырғысы келеді» деді. Яғни барлық діндер лидерлерімен емес, ол өзі бөлек отырып, әңгіме құрғысы келіпті.

– Ал мұнда жалпы кездесу болады ғой?

– Бола ма, болмай ма – ол жағын білмеймін. Бірақ патриарх Кириллдің сұранысы сол болып отыр. Біз Қазақстан ретінде алаң беріп, дайын диалог инфрақұрылымын оларға бере аламыз. Ары қарай шешім қабылдайды. Патриарх Кирилл Сенат төрағасы әрі осы съездің хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев өзі жеке шақыру берді. Шақырды ол кісіні. Бірақ ол келмейтінін айтты. Біз оған басқа үлесімізді, септігімізді қоса алмаймыз.

Бүкіл әлемде 100 пайыз адамдардың ішінде 10 пайызы атеистер. Қалған 90 пайызы Құдайға сенетін адамдар. Құдайға сенетін адамдар дін арқылы сыйынады. Ритуалдары бар. Былай қарасақ, съезге патриарх Кириллді алмағанда дінге сенуші 80 пайыз адамдардың лидерлері келеді. Сонда сол кісілердің коммуникация алаңдарын пайдалана отырып, біз бейбітшілікке шақыру, жалпы әлемнің дағдарысын тоқтату деген месседжді тарата аламыз. Оның өзі де меніңше, керемет. 14 қыркүйекте сағат 16.45-те ЭКСПО алаңында Рим Папасы атынан месса өтеді. 10 мыңдай адам күтілуде. Оның жартысы басқа елдерден келіп жатқан адамдар. Еуропадан, Ресейден, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан мен Өзбекстаннан қаншама адам келе жатыр.

– Қауіпсіздік деңгейі қалай?

– Әр апта сайын хатшылықпен жиналыс өтеді. Сол жерде әркім өзінің баяндама, есебін айтып, жұмыс барысыныың дайындығын баян етеді. Сол жерде қауіпсіздік мәселесі де айтылып жатыр. Иә, қауіпсіздік бірінші орында. Тек келе жатқан делегациялардың қауіпсіздігі емес, біздің тұрғындардың да, қонақтардың да қауіпсіздігі бар. Министрлік тұрғысынан ол бағытта кәдімгі жұмыс атқарылып жатыр.

– ЭКСПО көрмесін өткізген кезде үйсіз жүрген адамдар мен қаңғып жүрген иттердің бәрін Қарағанды жаққа апарып тастағаны есімізде. Адами принциптерге қайшы істер болды ол кезде. Месса өтеді деп жатыр. Дәл осындай жағдайлар болмайды деп айта аласыз ба?

– 2017 жылы ЭКСПО көрмесі қарсаңында сондай істер болған. Бірақ менің өзім ресми өкіл ретінде айтам, ондай мүлде жоқ. Жиналыстардың бәріне қатысып жүрмін. Өз басым мемлекеттік органдарда жұмыс істемеймін. Оны білесіз. Тәуелсіз сарапшымын. Ресми өкіл ретінде «халыққа, журналистерге толыққанды ақпарат беріп отыр» деп шақырған. Сондықтан, барлығын естіп, жазып отырамын. Ондай ешқандай шаралар болмайды. Ешкімді қаладан қумайды. Тіпті кептеліс те...

– Қала ішінде көлік кептелістері туындамай ма? Ұлы Дала, Түркістан көшелерінед көліктер тұрып қалмай ма?

– Мәулен Сағатханұлы әр жиналыста «Құрметті әріптестер, өтініш, қала тұрғындары мен қонақтарына тиіп кетпесін» деп ескертіп жатыр. Әрине, Тәуелсіздік сарайынан мессаға дейін жетуде жасыл дәліз болуы керек. Өйткені ол кептелісте тұрып қалмайды ғой. Бірақ ол баяғыдай бір күнге қаланы жауып тастау секілді болмайды деп үміттенеміз. Бірақ енді кептеліс болады. Өйткені 10 мың адам бір нүктеге жиналады. Өзіңіз ойлаңыз. Олар күндізгі 12.00-ден бастап месса өтетін жерге дейін барады. Сондықтан, кептеліс болғанымен, әдейі көшелерді жауып тастау болмайды.

– Рим Папасы өз қаражатына билет алып келе жатыр екен. Ал басқа делегаттар қалай келеді? Іс-шара өтетін жерді жалға алу бар. «Банкет кімнің шотымен ұйымдастырылып жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды.

– Иә, дұрыс сұрақ. Барлығы да осы сауалды қояды. Өзім де азамат ретінде бірінші осы сұрақтан бастайтын едім. Әрине, банкет үшін төлеген жөн болмас еді дейді ғой. Бұл жерде мен былай дер едім. Иә, Рим Папасы өзі ұшып келе жатыр. 100 пайыз делегацияның 30 пайызына ғана ұшақтың арғы немесе бергі жолын төлеудеміз. Ол бюджет негізі мемлекетімізде жыл сайын бір бюджет басқа елдерден келетін  делегаттарға, дипломаттарға, президенттерге, қонақтарға бөлінеді екен. Сол бюджет аясында. Яғни жоғарыдан тағы бір бюджет қосылып жатқан жоқ.

Содан кейін сіз жаңа ЭКСПО жайлы айтып қалдыңыз. Мысалы, пікірлерде де көп адам ЭКСПО-мен салыстырып жатыр. Съезді ЭКСПО-мен салыстыру дұрыс емес, өйткені ЭКСПО-ға инфрақұрылым, шар салынды. Сол локацияда павильондар бой көтерді. Жылдар бойы оған көп қаражат кетті. Съезде дайын локация бар. Басында пирамидада болады дегенбіз. Бірақ оған қарсы тұрған Тәуелсіздік сарайы бар. Сонда өтеді. Инфрақұрылым дайын. Барлығы бар. Үстелдер мен орындарды қоямыз.

– Қонақүйдің шығыны кімнен шығады?

– 30 пайыз ішіндегі қонақтардың кейбірінің қонақүйдегі шығынын жабамыз. Өзіміз шақырып отырғаннан кейін. Кейбірі өзі төлейді. Сондай бір микс болып тұр. Бірақ барлығын толыққанды делегацияның бәрін емес.

– Шашылу деген жоқ дейсіз ғой бір сөзбен?

– Ондай жоқ.

– Жақсы. Рим Папасы қай қонақүйде тұрады?

– Енді ол...

– Жабық ақпарат демеңізші...

– Жабық ақпарат емес. Интернеттен қарайтын болсаңыз, Рим Папасы ешқашан бес жұлдызды қонақүйде тұрмайды. Негізі өзінің католик шіркеуінде тұрады. Астана бойынша мен айта алмаймын. Өйткені қауіпсіздік мақсаты бар. Білесіз ғой. Рим Папасына бұған дейін көп шабуыл болған. Сондықтан, мен қауіпсіздік мақсатында өкінішке қарай айта алмаймын. Мүмкін оған біреулер шабуылдағысы келетін шығар. Сондықтан айта алмаймын. Бірақ Рим Папасы ешқашан бес жұлдызды отельдерде тұрмайды.

– Бұл енді жақсы жаңалық емес. Назым, өткен аптадан бері айтылып жатқан жаңалық – ІІ Елизабет патшайымның өмірден өтуі. Бұл кісімен Лондонда қоштасу рәсімдері болады. Осыған байланысты біздің съезге қатысты делегаттардың келмей қалуы немесе басқа да жоспарлардың өзгеруі сияқты ақпараттар бар ма? Ақпараттардың көбі шығып та жатыр. Көбі фейк те болуы мүмкін. Қандай ресми ақпарат бар?

– Рим Папасы жайында фейктер өте көп шығып жатыр. Өткенде де келмейтін болды деді де. Біздің журналистерді ренжітіп, ол деректерді фейк деп те айтуға болмайды. Ол негізі Португалияда CCN-ге сұхбат берген болатын. Сол сұхбатта «иә, менің дәрігерім, «көп басқа мемлекеттерге бара бермей, бір орында отырсаңыз екен» деп айтты» деп сұхбат берді. Бірақ ол Қазақстанға барам деді. Сондықтан ол кісі келеді.

Екіншіден, ІІ Елизабет патшайымның қайтыс болуына байланысты да біздің БАҚ сұрақ қойып жатыр. Рим Папасы өзі барып қоштасар. Басқа да лидерлер барар. Сол бойынша бірақ ресми ақпарат берем: ешқандай өзгеріссіз, барлық 106 делегацияның бәрі келеді. Бұл алаң Қазақстан үшін имидж немесе пиар емес, ол жалпы барлық жер бетіне керекті іс-шара.

– Ал Рим Папасының президент Тоқаевпен кездесуі жоспарланып отыр ма?

– Иә, біз ол жайында айттық. Президентпен бөлек кездесуі болады. Ол жайында толық ақпаратты Руслан Желдібай (президенттің баспасөз хатшысы) берер. Мен съез бойынша ақпарат берем.

– Алты съез өтті. Соның бір үш жақсы нәтижесін атап өте аласыз ба?

– Ең бірінші съезде діндердің радикалдануы, терроризм фактілерін тоқтату проблемаларын талқылау дегенге сұраныс болды. 2003 жылы сол сұрақтардың бәрі талқыланып, декларация шықты. Сол декларация арқылы... Мәселен, мешітте имам уағыз айтады. Сол кезде осы сұрақтардың ақырындап көтереді. Өзінің намаз оқуға келген мыңнан астам адамға уағыз айтады. Экстремизмнің қауіпті екенін түсіндіреді. Жалпы біз қай дін болмаса да, бейбіт өмір сүруіміз керек. Әр дін бір-бірімен достықта болу керек деген месседждерді таратады. Оның өзі меніңше, бір үлкен жұмыс.

– Дегенмен, дін бір саяси құралға айналып кеткен сияқты...

– Ресми өкіл емес, жеке азамат ретінде айтар болсам, екі күш барын білеміз. Оның бірі саясат, екіншісі дін. Саясатта органдар арқылы жұмыс істейді. Министрліктер, депутаттар. Дінде лидерлердің өзіндік тәуелсіз жұмысы бар. Рөлі бар. Бір діннің көшбасшысы «барыңыздар да, Тоқаевқа дауыс беріңіздер» деп айта алмайды. Олардың өзінің іштей ұстанымы арқылы адамзаттың дамуы, гендерлік принциптер өте қатты көп дінде талқылануда. Сол проблемаларды көтереді. Бірақ саясатта да сол сұрақтар көтеріледі ғой. Бірақ дін мен саясат бірге деп айтуға болмайды деп ойлаймын.

– Бұл сұрақты қойып отырғаным, бәрімізді Қаңтар оқиғасы қатты дүрліктірді. Ол жерде алаңға шығып, әртүрлі заңсыздық жасаған адамдардың біразы радикалды ұйымдардың өкілі деп те айтылды. Мәліметтер болды. Сол тұрғыдан бұл қалай деп сұрап отырмын...

– Иә, дұрыс айтасыз. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан туралы халықаралық деңгейде қандай ақпараттар шыққанын сараптап қарап отырмын. Барлық жерде тек Қаңтар оқиғасы жайлы ақпарат бар. Соған қарамастан, барлығы бізге жиналып жатыр. Оның өзі де бір үлкен көрсеткіш. Бізге деген сенім бар.

Осы съезге 180-нен астам халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары келе жатыр. CCN, ВВС, Әл-Жазира, Блумберг... Сол кісілер съез жайлы айтып, Қазақстанды бейбітшілік алаңы ретінде айтса, ол біздің инвестициялық климатымызға жақсы әсер етеді. Қазақстанға инвесторлар керек. Бізге де шетелден мықты мамандар керек.

– Жанымызға жақын тақырып – гендердік аспектті ескеріледі деп отыр екен съезде. Тіпті сол мәселелер бойынша іс-шаралар болады деп жатыр. Соңғы уақытта БАҚ-та күнара тұрмыстық зомбылыққа ұшырап жатқан әйелдердің оқиғасын жиі естіп, оқимыз. Көбінесе ол кісілердің күйеуінің діни ағымға беріліп кеткен азаматтар екенін оқып қаламыз. Сізді де, мені де бұл немқұрайлы қалдырмайтын жайттар. Съез барысында болатын гендерлік мәселелер төңірегінде айтып бере аласыз ба? Қандай мәселелер айтылады? Кімдер қатысады?

– Ерекшелігі туралы айтып кеттік қой. Өзім «ярый феминистпін». Әйелдердің құқығын әрдайым көтеріп жүретін азамат ретінде айтарым, бұл негізі – ТОП-ерекшелік. Жалпы гендерлік сұрақ емес, әйелдердің қоғамдағы рөлі мәселесі көтеріледі. Әлеуметтік салада да, медицинада, волонтерлікте де 80 пайыз жұмыскерлердің бәрі әйелдер. Әйелдердің бүгінгі таңда қоғамға қосып жатқан үлесі еркектерден де көп деп айтуға болады. Менің өзім солай айта аламын. Сондықтан, Рим Папасы да өзі барып жүрген әңгімелерінің бірі – әйелдердің рөлі, гендерлік тепе-теңдік. Сондықтан осы съез барысында дін қанша жерден патриархалды болса да, бірінші рет әйелдердің рөлі талқыланатын болады. 15 ыркүйекте 4 секцияның бірінде әйелдердің қоғамдағы рөліне арналады. Ұлыс медиаға эксклюзив ретінде материал берген болатынмын. Басқа діндердің көшбасшы әйелдері отырып, сол тақырыпты талқылайды.

Осы сұрақ көбіне қызықты болып жатыр.

– Сол шарада айтылатын месседждерді бүкіл ауылдардағы әйелдерге қалай жеткізесіздер?

– Негізі съез өткеннен кейін декларация қабылданады. Әр шараның ақпараттық кезеңдері болады. Іс-шара өтті, болды деп, жауып қоя салмаймыз. Қандай декларация қабылданды? Қандай сұрақтар көтерілді? Қоғамға оның пайдасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде үшінші кезеңде ақпараттық жұмыс жүргіземіз. Ұлыс медиадан да сол тұрғыда қолдау күтеміз. Аудиторияларыңыз үлкен. Ауылдарға барып, сұхбат жүргізіп жүрсіз. Солл себепті өздеріңіздей БАҚ-тар жалпы ақпарат берсе деген үміттеміз.

– Кішкене ремарка: қазір сіз екеуміздің әңгімемізді көріп отырған адам «неге сіздер, осындай мемлекеттік шараны қолдап жатырсыздар?» деген месседждер болуы мүмкін. Бірақ меніңше, Қаңтардан кейінгі саяси жағдай, Жаңа Қазақстандағы жағдайда әр шараның қоғам тарапынан сұрауы болуы керек. Жабулы қазанды жабулы күйде қалдырмауымыз керек деген ойдамын. Қашан да халықтың белсенді болғанын қалаймын. Сайлауға барғанын, съездің мән-жайын сұрағаны абзал әр адамның. Біздің бәріміз белсенді болсақ деймін. Рим Папасы келіп, біздің проблемамыздың бәрін шешіп тастамайтыны анық. Қазақ қоғамын да осындай іс-шараларға қатысуға шақырамын.

– Онлайн трансляция бірінші рет болады. Съездің таңертеңнен кешке дейін бүкіл бағдарламасы Сенаттың парақшасында жасаймыз. Әр съездің ресми парақшасында біз мессаны көрсетеміз. Мессаға келе алмаған қазақстандықтардың бәрі тікелей эфирден іс-шараны көре алады.

– Ал біздің әуежай соншалықты делегаттарды қабылдауға, күтіп алуға дайын ба? Соңғы уақытта әуе компанияларының бәрінің рейстері кешігіп жатыр ғой. Қазіргі дайындық қалай екен?

– Әуежай бойынша жиналыста айтылды. Барлығы дайын. Рим Папасы алдыңғы Францисктен қарағанда либералдырақ па, демократтау ма деп ойлаймын. Өйткені тексерістер көп емес.

– Қандай жақсы жаңалықтар күтеміз?

– Бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырамыз. Бәлкім, бүкіл әлемде болып жатқан қақтығыстардың бір-екеуі, бәлкім барлығы тоқтатылуы мүмкін. Осы съезден кейін. Содан кейін біздің еліміздің инвест-климаты жақсарады. Сырттан бізге инвестиция келеді деген сенімдеміз.

– Назым, біз шын жүректен бұл шараның абыроймен өтеріне тілекшіміз. Алып-қосарыңыз бар ма?

– Қала тұрғындары мен меймандарына кішігірім месседж айтсам деген ниетім бар. Жалпы 14-15 қыркүйек аралығында жалпы сәл кептеліс болады. Қалада жүру мүмкін емес. Өйткені мессаға ғана келе жатқан адамдардың саны 10 мыңнан асады. Делегацияның өздері, журналистер бар. Әлемнен 15 мың адам келе жатыр. Сондықтан, егер жолда кептеліс болса түсінушілікпен қарауды сұраймыз. Біз барынша қала тұрғындарына зиян тиіп кетпеуін қалаймыз. Рахмет!