×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

«Самұрық-Қазына» сыннан сабақ алды ма

15.09.2022, 17:52
Фото: Ulysmedia.kz

Жыл басынан бері қоғам тарапынан да, президент тарапынан да біршама сын естіген «Самұрық-Қазына» басшылығы бұл күнде кемшіліктерді жойып, қордың тиімділігін арттыру үшін біршама іс-шараларды қолға алған. Басқарушы персоналды қысқартудан бастап, алып қор мемлекет басшысы тапсырғандай көбірек әлеуметтік жобаларды қолдауға атсалысып жатыр. Осы және өзге де шаруалар турасында ОКҚ алаңында бүгін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев кеңірек әңгімелеп берді. Журналистердің сұрағына да жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Санкциялардан сақтанып отырмыз»

Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, қор геосаяси қақтығыстардың салдарынан туындаған барлық санкцияларды толыққанды орындап отыр. Әйтпегенде, бір ғана шалыс басқан қадам Қазақстан компанияларының өзін де санкциялар сарсаңына салуы мүмкін. Осының алдын алу үшін қор басшылығы портфельді компанияларға жетекші заңгерлік компанияларды тартып, кез келген санкцияға ілініп қалмас үшін әр келісімшартты терең талдап отырғаны көрінеді. Сатқалиев тәуекелі бар серіктестермен жасалатын келісімшарттардың бәрі де «санкциялар ескертпелер» тізіміне енгізілгенін мәлім етті.

«Ол тізім арқылы қор санкцияға апарып соғуы мүмкін кез келген келісімшарттан шығады. Оған қоса біз өз регуляторларымызбен, ҚР Сыртқы істер министрлігімен АҚШ елшілерімен, дипломатиялық корпусымен тығыз байланыс ұстап отырмыз», - дейді ол.

Мемлекеттік сатып алуды реттеу

Жылдар бойы қорға қатысты сынның біразы сатып алу шарттарына сын жиі айтылатын. Енді оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін қор басшылығы барлығын электронды форматқа ауыстырған. Яғни сатып алулардың бәрі де ашық түрде қордың электронды алаңында жүргізіледі. Өтінімдерді қабылдау, алу, компанияларды тасымалдаушылар тізіміне енгізу, тендерлік құжаттар жұмысы, шешім қабылдау, арыз бен аппеляция – мұның бәрі қазір порталға енгізілген.

«Біз «Атамекен» ҰКП-мен тығыз жұмыс істеп, сатып алулардың ашықтығын бақылайтын құқық қорғау органдарының бәрімен меморандум жасастық. Кадрлық жұмысты да жүргізіп, оларды іріктеуде де тиісті жұмыстар атқарылды. Біз сонымен бірге «электронды дүкен» жобасын іске қостық. Демек, дәл қазір 100 АЕК-ке дейінгі сатып алуларды біздің қор кез келген маркет-плейсте жүргізеді. Егер біздің портал туралы айтар болсақ, 8 млн теңгеге дейін сатып алуларды жүргізетіндей жұмыс іске асырып жатырмыз. Бұл – сатып алулардың 30 пайызына тең үлес. Алдағы уақытта бұл соманы 20 млн теңгеге дейін жеткіземіз. Яғни аталған процестің толық ашықтығын қамтамасыз етеміз», - дейді қор басшысы.

Баспасөз мәслихатында сонымен қатар Алмасадам Сатқалиев қорға қатысты негізгі жаңалықтарды да жария етті. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры президенттің таяудағы Жолдауына сәйкес, қордың 2032 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясының жобасын әзірлеген. қордың Қазақстан экономикасындағы үлесін 2032 жылға қарай 5%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.

ІРО – Қор ірі компаниялардағы үлесін қысқартады

Қор бүкіл компаниялар тобының алдына таяудағы 10 жылға бірнеше нақты міндеттер қойып отыр екен. Ол міндеттердің ішінде қордың таза активтерінің жалпы құнын 2 есеге арттыру, еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыру, таза көміртегінің әсерін 10%-ға төмендету, ESG рейтингі бойынша әлемнің үздік компанияларының нәтижелеріне қол жеткізу шаралары бар.

«Самұрық-Қазына» қоры сондай-ақ Қазақстанның ірі компанияларындағы үлесін қысқартады. Алмасадам Сатқалиевтің сөзіне қарағанда, 2025 жылға дейін ҚМГ, AirAstana, QazaqGaz және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығару, KEGOC компаниясының SPO-сын өткізу көзделген.

«Самұрық-Энерго» екіге бөлінеді

«Самұрық-Энерго» компаниясы екі кәсіпорынға бөлінеді. Олардың бірінде барлық көмір активтері қалады. SamrukGreenCo екінші компаниясына барлық жасыл активтер, оның ішінде СЭС және ЖЭК объектілері беріледі. Ол 2023-2024 жылдары IPO-ға шығарылады.

Басым жобалардың екінші пакеті

Алмасадам Сатқалиев «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалардың тізімін ұсынғанын мәлім етті. Нақтырақ айтқанда, қор 13 басым жобаның бірінші пакетін 2022 жылдың көктемінде жариялаған. Оған Алматы ЖЭО-ны газдандыру, Батыс Қазақстанды сумен жабдықтау, жаңа газ құбырлары мен темір жолдар салу сияқты бастамалар енгізілген.

16 жобаның жаңа тізімінде – мұнай-газ химиясы, Ұлттық электр желісін жаңғырту, базалық қуат көзін салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары, 5G интернет желісін салу, жаңа теміржолдарды салу және т.б. жобалар қамтылған.

Жобалар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жұмыс орындарын ашуға байланысты тікелей әсер етуден басқа, жобалар жанама ұзақ мерзімді әсерлерге ие – еңбек жағдайлары мен экологиялық ахуалды жақсартудың, тіршілік ету деңгейін арттырудың, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың, бизнесті дамытуды ынталандырудың жиынтық нәтижесі.

ҚТЖ-ға қалай трансформациядан өтеді?

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Алмасадам Сатқалиевтен ҚТЖ қалайша трансформациядан өткізіліп жатқаны сұрады. Қор басшысының пайымдауынша, аталмыш компанияны реформалау – уақтылы іс-шара.

«Геосаяси жағдайды және транзиттік әлеуетімізді есепке алсақ, біз транзитті дамытуда едәуір мүмкіндікке иеміз. Жүктерді тезірек жеткізу, транзиттік дәліздеріміз арқылы өз экспортымызды дамыту жағынан біршама артықшылығымыз бар. Орталық Азия, Транскаспий дәлізі бар. Осының бәрін есептегенде ҚТЖ-да халықаралық деңгейдегі жүк тасымалдайтын оператор бола алатындай мол әлеует бар», - дейді ол.

Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, аталған компанияда трансформациядан өткізудің арнайы концепциясы жасалған. Ол шұғыл және ұзақ мерзімді іс-шаралардан тұрады. Қор басшылығы реформалардың алғашқы пакетін жүзеге асыруға 3 жыл сұрап отыр.

Өрт салдарының біршама шығынын көтереміз

Осыдан бір апта бұрын Қостанай облысында бірнеше ауданда өрт қаулап, азаматтар үйсіз қалған болатын. Тілсіз жау жалғыз Қостанай ғана емес, елдің басқа өңірлерін де шарпыды. Дегенмен нуын жалын шарпыған Қостанай облысында жүздеген отбасы үйсіз қалған. Ел-жұрт болып, қостанайлықтарға жылу жинау бастамасы да көтерілген еді. Квазимемлекеттік сектор тарапынан негізгі көмекті – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры берген.

«Қостанай облысы бойынша, өрт салдарын жою үшін қорға қарасты компаниялар едәуір үлкен жұмыстарды атқарды. Аталған төтенше жағдай кезінде Қазақстан темір жолы компаниясының 280-ге тарта қызметкері өртті сөндіруге тікелей кірісті. Бес бірдей өрт сөндіру пойызы жұмыс істеп, өрт сөндірушілер едәуір көмектесті. Қазақтелеком өрттен зардап шеккен ауылдарды тегін байланыспен қамтамасыз етіп, оған қоса зардап шеккен ауылдардың тұрғындары мен қатысушылардың қарызын жапты», - деді Алмасадам Сатқалиев бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, электриктер де іске кіріскен. Төтенше жағдай кезінде автоматикадан ақау шығып, екі үлкен электр желісі істен шыққан. Бұл аварияның салдары өртке қарамастан бірден жойылған. Осының арқасында нысандары электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етілген.

«Қор өз кезегінде Samruk-Kazyna Trust арқылы өңірдегі әлеуметтік жобаларға да кезектен тыс гранттарды бөлді. Біз сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға, медицина қызметтеріне бір реаномобиль сыйладық. Қор есебінен дене шынықтыру кешені бой көтереді. Яғни осы іс-шаралар Қостанай облысындағы апаттардың салдарын жоюда қордың берген негізгі көмегі болды», - дейді Алмасадам Сатқалиев