×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шегі көрінбейтін тергеу немесе Ленин шахтасындағы трагедияға кінәлілердің шені қалай өсті

11.08.2023, 11:36
Шегі көрінбейтін тергеу немесе Ленин шахтасындағы трагедияға кінәлілердің шені қалай өсті
Коллаж: Ulysmedia.kz

Британдық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі Ленин атындағы шахтадағы қайғылы жағдайдан бері 9 ай өтті. 2022 жылдың 3 қарашасына қараған түні шахтадағы жарылыстан 5 кенші қаза тапты, тағы төртеуі зардап шекті.

Осы оқиғадан кейін бірден қозғалған және елдің жоғары басшылығы бақылауға алған қылмыстық іс бойынша тергеу әлі күнге дейін сотқа жеткен жоқ. Қаза тапқандардың туыстары жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаев араласуы керек деп шешіп, оған бейнеөтініш жазды. Жақындарының өліміне кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кетеді деп алаңдаған қарағандылықтармен Ulysmedia.kz тілші кездесіп қайтты.

Бітпейтін сұрақтар...

Қазақстан президентіне жолдаған үндеуін шахтадағы қайғылы оқиға құрбандарының туыстары трагедияны еске алудан бастады.

 – Біз 2022 жылдың 3 қарашасында шахтада қаза тапқан кеншілердің туыстары сізге Конституцияның кепілі ретінде жүгініп отырмыз. Қайғылы оқиғадан кейін сіз бұл істі бақылауға алдыңыз, Митталдың кәсіпорындарын кешенді тексеруді тапсырдыңыз. Содан кейін сіз мұндай трагедиялардың қайталануына жол берілмеуі керек дедіңіз. Азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріең маңыздысы. Осыдан кейін үкіметтік комиссия тез арада жұмыс берушінің жүз пайыздық кінәсін анықтап, жауапты адамдардың есімдерін жариялады, – деді олар.

Қаза тапқан кеншілердің жақындарының айтуынша, 9 ай өтсе де, қозғалған іс нәтиже бермеген және сотқа қашан жіберілетіні белгісіз. Өткен жылдың қараша айында үкіметтік комиссия анықтаған барлық жауаптылар Митталдың кәсіпорындарында түк болмағандай жұмыс істеп жүр, тіпті лауазымы өскендер де бар.

– Көкейімізде сұрақ көп, оларға жауап таба алар емеспіз. Облыстық прокуратура тергеуді екі бөлікке бөлді. Шахта қызметкерлеріне қатысты тергеуді Қарағанды облысының полиция департаменті жүргізеді. Шетелдік топ-менеджерлердің қатысу дәрежесін арнайы прокуратура анықтайды. Бірақ біз қанша тырыссақ та "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты істі кім тергеп жатқанын анықтай алмадық.

Марқұмдардың аналары, жұбайлары мен әпке-қарындастары тергеуді ілгерілетуге қатысты қандай да бір ақпарат алу үшін мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

–  Неліктен жақындарымыздың өмірін қиған трагедияны тергеу бір жылға созылды?

– Біз соттың қашан болатынын, ұлдарымыздың, әкелеріміздің, ағаларымыздың өліміне кім кінәлі екенін білмейміз. Біз жауапты адамдар жазасыз қалады және шахталардағы қайғылы оқиғалар қайталана береді деп алаңдаймыз, - дейді олар.

Адамдар Mittal үшін құрбан болып жатыр

Лакшми Миттал Қазақстанда "шетелдік инвестор" болған 28 жыл ішінде оған тиесілі шахталарда 120-дан астам адам қаза тапты. Сарапшылардың пікірінше, газдану салдарынан әлемдегі ең қауіпті шахталар үшін де өндірістегі өлім-жітімнің мұндай статистикасы өте жоғары. Forbes тізіміндегі миллиардерге тиесілі шахталарда небары бір-екі жыл ішінде бірнеше апат болып, қаншама адам қаза тапты. Жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі арнайы құрылған комиссиялар себептер ретінде не атышулы "адами факторды", не "стихиялық сипаттағы табиғи құбылыстарды" атап көрсетумен шектеледі. Басқаша айтқанда, қайғылы оқиғаларға әдетте кеншілердің өздері немесе табиғат кінәлі болып шығады.

Жауаптыларды жазадан жалтартудың сорақы көрінісін жұрт алғаш рет 2021 жылдың қараша айында "Абай" шахтасында метан газы жарылып, алты жұмысшысы қаза тапқан кезде көрді. Сол кезде төтенше жағдайлар министрі болған Юрий Ильин жариялаған тергеу комиссиясының қорытындысы көпшілік үшін күтпеген жайт болды.

– Қаза тапқан жұмысшылардың еш кінәсі жоқ. Жұмыс беруші 100% кінәлі, - деген еді ол.

Алайда бір жылдан кейін "Абай" шахтасында шахтерлердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды. Тергеу үйреншікті соқпаққа түсті – трагедия үшін жауапкершілік табиғатқа артылды.

3 қарашада болған және шахтаның бес кеншісінің өмірін қиған келесі төтенше жағдайдан соң ел басшылығының шыдамдылығы шегіне жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтумен шектелмей, Митталдың кәсіпорындарында тексеру жүргізуді және біздің азаматтарымыздың неге үнемі құрбан болатынын анықтауды тапсырды. Сондай-ақ кінәлілерді анықтап, заң аясында барынша қатаң жазалауды жүктеді.

Мәжілістен кеткен бар, келген бар

Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін бәрі жедел әрекет етті: жұмыс берушінің жүз пайыздық кінәсін және шахтадағы трагедияға қатысы бар 26 адамды анықтаған үкіметтік комиссиядан бастап өзінің депутаттық сауалында Қарағанды өңіріндегі металлургия комбинатының да, шахталардың да меншік иесін ауыстыруды талап еткен мәжілісмендерге дейін.

– Кінәні қарапайым менеджерлер мен жұмысшыларға жүктеуді доғару керек. "Арселор Миттал" біздің заңдарымызды құрметтеуге және алған міндеттемелерін орындауға ашықтан-ашық құлықсыздық танытуды тоқтатпаса, меншік иесін ауыстыру мәселесімен байыпты айналысатын кез келді", - деді сол кезде депутат Юрий Жулин.

Өкінішке қарай, осы жылдың наурыз айындағы сайлауда депутат Жулин жеңіске жете алмады. Бірақ ҚР Парламенті Мәжілісіне Көмір департаментінің бұрынғы директоры және Ленин атындағы шахтаның бұрынғы директоры Арман Қалықов өтті. Трагедияға қатысы бар "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның 26 қызметкерінің тізімінде оның да есімі бар.

Айтпақшы, қаза тапқан кеншілердің бірінің анасының айтуынша, сайлау кезінде қаза тапқандардың туыстары Мәжіліс депутаттығына кандидаттан оның тергеліп жатқанына қарамастан сайлау додасына қалай түскенін сұрағанда, Қалықов оларды қайғылы оқиғаға қатысы жоқ екеніне сендірген. Сондай-ақ, депутаттық мандат алғаннан кейін оларға әділеттілікке қол жеткізуге көмектесетініне уәде берген көрінеді.

Алайда, елдің заң шығарушы органының сайтында Арман Қалықовтың бірде-бір депутаттық сауалы жоқ: Миттал кәсіпорындарындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша да, шахтадағы апат бойынша да мәселе көтермеген. Ал қаза тапқан кеншілердің туыстарының бейнеөтініші мынада сұрақты кесе-көлденеңе қояды: оның «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментіні басшылығындағы өзге әріптестері жазадан сытылып кетмей ме?

P.S.

Келесі аптада шахтада қаза тапқан кеншілердің туыстары баспасөз конференциясын өткізуді жоспарлап отыр, онда олар өздерінің "азапты жолдарының" егжей-тегжейін баяндамақшы. Ulysmedia.kz жағдайды бақылауда ұстайтын болады.