×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Құлдыраған рубль: Қазақстан экономикасы мен теңгенің келешегі не болады

15.08.2023, 08:00
Коллаж: ulysmedia.kz.

Тамыз басталғалы рубль әлсіреп барады. Теңгеге, долларға шаққанда да. Бір доллар құны тіпті 100 рубльге дейін жетсе де, сарапшылар бұл көрсеткіш арзандаған рубльдің шегі емес екенін айтып жатыр. Бұл фактор Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Теңгенің келешегі не болады?

Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты экономистерге қойып көрді.

Қандай сценарий болсын – Қазақстанға жайсыз

1-11 тамыз аралығында теңге рубльге шаққанда 6,5% – 4,88 теңгеден 4,56 теңгеге дейін күшейді. Бұл – рубльдің былтыр наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіші. Мұндайда 2014 жылғы сценарий қайталанып, Ресейдің арзандаған тауары Қазақстан нарығын толтырып кетпей ме? Қазақстаннан байлық валюта күйінде жылыстамай ма? Сарапшылар рубль әлі де арзандап, долларына 150 рубльге дейін баратынын айтып жатыр. Мұндайда экономикалық тұрғыдан жеңіліп қалмас үшін Қазақстан билігі қандай шараларды қабылдауы керек?

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Ресей экономикасы санкциядан қатты зардап шексе де, өндіріс жағынан көп позицияны әлі де сақтап тұр. Сол себепті сарапшы егер Қазақстанда Ресеймен бәсекелес бола алатын өндіріс түрлері болса ресейлік өндіріс Қазақстанда шығарылған өнімнен едәуір арзан болатынын атап өтеді.

Мысал: 2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында ресейліктер Қазақстанның өндірушілерін арзан өніммен «көміп» тастады. Расул Рысмамбетов сол себепті рубльдің әлсіреуі қысқа мерзімде болсын, ұзақ мерзімде болсын – Қазақстанға жайсыз деп есептейді.

«Сондықтан, біз теңгені әлсіретеміз (бұл аса жақсы болмайды – экономистің өз сөзі) немесе бізге отандық өндірушілерді қолдау үшін кедендік мониторинг немесе квота енгізуге тура келетін болар!?  Бірақ ең бастысы, бізге қазір теңгені бәрібір әлсіретпеу керек. Неге десеңіз, біз Ресеймен екі жақты бағытта қозғалып келеміз. Ресей санкцияда, біз санкцияда емеспіз. Сол себепті біз 2014-2015 жылдардағыдай отандық өндірушілерді қолдау үшін теңгені әлсіретсек, Қазақстанда әлеуметтік наразылық үдеуі мүмкін. Себебі мұның арты тағы қымбатшылыққа апарып соғады. Бізде инфляция онсыз да өте жоғары – тыйым салу деңгейінде жоғары! Адамдар қазір несие де алғысы келмейді. Сондықтан, бізге ресейлік өнімдерге қарата тарифтен тыс квота енгізуге тура келеді», - дейді ол.

Сарапшы биыл доллар бағамы 110-120 рубльге дейін баруы мүмкін деп болжайды. Қазір Ресейдің орталық банкі бағамды көтеріп, ақша-несие саясатын күшейтеді деген пікірде. РФ Орталық банкінде «классик» Набиуллина (Эльвира Н. – РФ Орталық банкінің төрағасы) отыр. «Набиуллина рубльдің арзандауына реакцияны солай білдіреді деген ойдамын» деп түйеді Рысмамбетов.

«Қазір бұл тақырыпта сөйлеу – балгердің бал ашқанымен бірдей»

Ал экономист Жарас Ахметов рубльдің келешегі не боларын «Қазақстан үкіметі де, президенті де, мен де білмеймін» деп жауап береді. Айтуынша, Ресей статистикасы Қазақстан билігі үшін беймәлім, жабық. Сол себепті статистикасына қарап, келешегіне ешкім болжам жасай алмайды.

«Екіншіден, біз Ресей үкіметінің әрекеті осылай болады деп те тап басып айта алмаймыз. Мәселен, теңге рубльге шаққанда күшейіп, бір рубль 3 теңге болды делік. Онда 2014 жыл еске түседі. Сол кезде де рубль 3 теңгеге дейін арзандап, Ресейдің Қазақстанға импорты күрт өскен. Бірақ дәл қазір соғыс болып жатыр. Егер ресейлік кәсіпкерлер тауарын 2014 жылғыдай жаппай Қазақстанға апарамыз десе, Ресей билігі оларға шектеу қоюы мүмкін. Себебі бұл өз ішінде инфляцияны күшейтеді. Қоймауы да мүмкін. Өйткені ешкім ештеңені тап басып білмейді», - дейді ол.

Жарас Ахметов қазір бұл тақырыпта сөйлеу – балгердің бал ашқанымен бірдей екенін атап өтеді.

«Жақсы балгерді тауып алыңыз – ол сізге бәрін менен жақсы айтып береді», - дейді ол.

Экономист бір доллар 150 рубльге дейін баратын жағдай алдағы апта немесе айда бола қоймайды деп есептейді. Әйтсе де рубль бағамы әлсірейтінін болжайды. Қазір РФ орталық банкі рубль интервенциясын тоқтатып тастаған. Бірақ мұнай бағасы өсіп барады. Оған қоса ресейлік мұнай бекітілген шектен қымбатқа сатылып жатқаны жөнінде де ақпараттар бар. Ресейдің мұнайы юань және рупимен сатылады.

«Қазақстан экономикасы соғыстың есебінен жақсы жағдайда»

«Алда Қытай мен АҚШ-тың қарым-қатынасы қалай боларын кім біледі?! Си төраға мен президент Байден тіл табыса ала ма? Қытай Ресейге экспортты азайта ма, жоқ па? Білмейміз. Сондықтан, қазір бірдеңені тап басып айту қиын. Біздің биліктегі адамдар бізден артық білмейді. Олар болжап отыр. Тап баса ала ма, жоқ па – тағы белгісіз. Бүгін Қазақстан экономикасы соғыстың есебінен жақсы жағдайда. Себебі Қазақстанның Ресейге экспорты үлкен қарқынмен өсті. Реэкспорт та бар. Бүгінгі таңда осы фактор Қазақстан экономикасын жақсы қолдайды. Бұл бәлкім өкінішті жағдай, бірақ шындық! Соғысты біз бастаған жоқпыз. Сол себепті өз өзімізді несіне кінәлаймыз. Бұл маңызды фактор», - дейді Жарас Ахметов.

Балгерлер айтпақшы, «бәлкім», Қазақстанға бұрынғыша импорт Ресейден жаппай келмейді дейді Ахметов. Әкімшілік шектеулерді енгізе отырып, Ресей билігі әсіресе тұтыну тауарларын сыртқа шығарғысы келмейді. Өйткені инфляцияны ұстап тұру керек.

«Бір рубльді бес теңгеден түсірмеу керек»

Экономист Сапарбай Жобаев 2022 жылдың наурызында (Ресей Украинаға басып кірген кез) рубль 120-ға дейін құлдырап, кейін Ресей рублі ақыры долларға шаққанда 61-ге дейін қуаттанғанын еске алады. Айтуынша, рубль Ресейдің 640 млрд долларлық резерві бар болғаннан кейін қуаттанды да, былтыр импортты шектеп қойған. Еуропа мемлекеттері Ресейге жаппай санкция салып, банк шоттарын бұғаттаған соң импорт азайып, долларға деген сұраныс аз болған. Ал биыл Ресей экономикасы қалыпқа келіп, импортқа тәуелділік артып, параллель импортты Ресей қазір Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Армения, Грузия арқылы алып отыр. Ал импорт тауарларын алу үшін оған доллар керек. Сөйтіп долларға сұраныс артқан.

«Екіншіден, Ресейден кететін компаниялар өз активтерін, материалдарын сатып, долларға айналдырып, шығып кетуге рұқсат алды. Сөйтіп, долларға сұраныс және артты. Үшіншіден, Ресей қаржы министрі біздің ұлттық қорға ұқсайтын халықтың әл-ауқат қорына долларды жинау үшін долларды бюджет ережесімен сатып ала бастады. Сонда долларға сұраныс үш жақтан көбейді. Осы кезде Ресей орталық банкі алтын-валюта резервін сақтап қалу үшін интервенция жасамастан, рубльдің бағамын төмендету туралы шешім қабылдады. Сөйтіп бір доллар 98 рубльге дейін төмендеді», - дейді ол.

Сапарбай Жобаев рубльдің әлсіреуі бір жағынан Ресей экономикасының бірқалыпты тұруына жәрдем беретінін атап өтеді. Себебі экспорттаушылар ынталандырылады. Мәселен, бір доллар 60 рубль кезінде экспорттаушылар (мұнай, газ, мыс экспорттаушылар) өнімін Қытай, Үндістанға өткізе бастады. Солардан бір долларына 98 рубльден алатын болады.

«Сондықтан, олар қазір экспортқа екі есе қызығады. Кейін бұл бюджетке де пайдалы. Кәсіпорындар өнімі үшін 98 рубльге дейін алатын болды. Сөйтіп, Ресей бюджетін қалыптастыру оңай болады. Үкіметі өз мойнына алған бағдарламалапдың бәрін орындай алады деген сөз. Естеріңізде болса 2014 жылы бір рубльді 3 теңгеге дейін түсіргенбіз. Теңге қуаттанған. Бір доллар сол кезде 30 рубль еді. Біз сол кезде сайлау болады деп, бір долларды 185 теңге деңгейінде ұстап тұра бердік те, біздің Қазақстаннан 26 млрд долларлық ақша Ресейге кетіп қалды. Ресейдегі тауар, көліктердің арзан болғаны біз үшін тиімді болды. Бүгін де сондай жағдай қайталанайын деп тұр. Қазақстан теңгесі мен рубль арасындағы байланыс 6-6,5 теңге болған. Бір рубль енді теңгеге шаққанда 4-4,5-ға дейін арзандайды. Яғни біздегі кәсіпкерлер Ресейдің тауарын сатып алуға ынталы. Себебі ол жақта арзан. Бір рубльдік затты бұрын біз 7 теңгеге сатып алатын болсақ, бүгін де 4,5 теңгеге сатып алып тұрмыз. Сондықтан, Ресейдің тамақ өнеркәсібі, еті, сүті, тәттілері бізге көп келе бастады», - дейді ол.

Экономист Қазақстан үшін мәселені реттеудің бір жолын былай көреді.

«Біз олармен экономикалық одақтамыз. Саудамыздың 40 пайызы сол елмен жасалады. Біз де сол Ресейдегі және өзіміздің де экономикалық жағдайымызды бақылауымыз керек. Бір рубльді бес теңгеден түсірмеу керек дер едім. Бүгінгі күні доллар ендеше 470-480 теңгеге дейін болуы тиіс. Мұндайда үлкен өзгеріс болмайды. Бірақ Ресеймен арадағы баланс сақталады», - дейді Сапарбай Жобаев.

Серіктес жаңалықтары