×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

«Армияға барасың да ЖОО-ға тегін түсесің!» Қорғаныс министрлігінің «ноу-хауын» сарапшылар сынға алды

20.09.2022, 17:12
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанның армиясы жастарды қатты ынталандырмайды. Әйтпегенде, әскери комиссариатта ұзын-сонар кезек тұрар ма еді!? Кезек түгілі, армияға бармай, «27 жасқа дейін қашып-пысып шыдап кетудің» амалын қарастырады көбі. «Жастар неге сондай?» деп таңғалудың да, оларды айыптаудың да қажеті жоқ. Сарбаз өлімі көбейіп, армияның имиджіне үлкен нұқсан келіп тұр. Ата-аналар баласын жібергісі келмейді.

Қорғаныс министрі болып тағайындалғанына 6 айдан асқан Руслан Жақсылықов осы кемшілікті реттеудің бір амалы ретінде кеңесшілеріне жүгінген болуы керек. Айгүл Төлембаева атты кеңесші осы ретте «армияға барып келген балаға тегін грант беруге болады» деп бастама көтеріпті. Жоба жалпақ жұртқа жария етілген күннен бастап-ақ сарапшылардың өткір сынына ұшырап жатыр.

«Әскерге барғандарды жарылқаймыз»

Информбюро сайтының 19 қыркүйекте жариялаған мақаласына көз жүгіртсек, «армияға бір жыл барып келген (мерзімді әскери қызметте) қазақстандықтар ҰБТ балынсыз елдің жетекші жоғары оқу орындарына түсе алады» екен. Тақырыбы дардай мақала қабылданып қойған шешімдей жарияланып тұрғанымен, бұл тек Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева ұсынған жоба болып шықты. Оның ұсынысы мынадай: мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар елдің жетекші оқу орындарына ҰБТ нәтижесін тексерусіз-ақ түсе алады. Армиядан келген жігіттер тегін де, ақылы да оқи алады.

«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі ел өңірлерінің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметке ынталандыру үшін білім беру саласында біршама жеңілдікті қарастырып жатыр. Бізді қазірдің өзінде елдің 30-ға тарта жоғары оқу орыны (Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті және тағы басқа) қолдады. Олардың бұл бастаманы қолдайтыны туралы хат Қорғаныс министрлігіне келіп жетті», - дейді ол.

Оның хабарлауынша, жоба іске асса армияда міндетін атқарған қазақстандықтар ҰБТ балынсыз-ақ ақылы түрде ЖОО-ға түсе алады.

«Жоғары оқу орындары мерзімді әскери қызметтен жастардың өтуін қолдап, жігіттерді жігерлендіру үшін тегін жоғары білімді де (ҰБТ балынсыз) ұсынуға дайын. Бұл артықшылық қызметін жақсы өткерген, әскери даярлықтың, әскери тәртіптің жоғары көрсеткішіне жеткен азаматтарға қарастырылған. Мұндай іріктеуді Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан жүргізеді. Біз қазір оның ретін талдап жатырмыз. Бәрі ашық болады», - дейді Айгүл Төлембаева.

Осылайша, өзін көрсете білген әскери қызметшілерге Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орынына емтихансыз түсуге, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында тегін оқуға жол ашылмақ көрінеді. Бұл механизм бір жыл бойы әзірленеді екен. Осы бастамаға қосылатын жоғары оқу орындары мен кафедралардың тізімі кейін жарияланбақ.

«Мерзімді әскери қызметтен өткен әскери қызметшілердің балаларына да мүмкіндік бар: олар әскери оқу орнына түсу кезінде артық құқыққа ие болып, емтихансыз түсе алады. Сондай-ақ оларға елдің жоғары оқу орындарында басым құқық беріледі», - деп атап өтеді Айгүл Төлембаева.

Сапалы кадр керек емес пе?

Бұл ұсыныс жөнінде не ойлайтынын Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерінен сұрап көргенбіз. Алайда олар бұл бастамаға өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, Қорғаныс министрлігіне сілтеді. Ұлттық тестілеу орталығы бұл күнде «ҰБТ-сыз халықаралық олимпиада мен конкурстардың жүлдегерлері ғана грант иегері атана алатынын» хабарлады.

Бұл жоба іске асса мектепті жылдар бойы жақсы оқыған бала мен әскерге бір жыл ғана барып келген баланың (бірақ білімі нашар) жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі теңесіп, бұл жағдай теңсіздік туғызбай ма? Жалпы жоба сапалы кадр даярлау мәселесіне көлеңкесін түсірмей ме? Қыздардың армияға міндетті емес екенін ескерсек, гендерлік дау тумай ма? Осы және өзге де сұрақтардың білім саласындағы сарапшыларға қойып көргенбіз.

Химия ғылымдары бойынша PhD докторант, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы бұл жобаның келешегі бұлыңғыр екенін айтады.

«Жалпы білім ең алдымен білімді адамға берілуі керек. Білім жарысында озып шыққан, білім олимпиадаларында жеңіске жеткен, әлемдік деңгейдегі білім сайыстарынан орын алып келген балаларға тегін грант беру – басқа әңгіме. Заң бойынша оларға грант беріледі. Дұрыс әрі түсінікті. Спортта жетістікке жеткен балаларға мемлекеттік грантты тек спорт саласында беру керектігін айтқанмын. Өйткені олар өз талабымен ғана алуы тиіс. Кез келген мемлекеттік грантты әскерден келген балаға ұстата салу деген – сапалы кадр керек емес деген әңгіменің жобасы ғой. Ақылға келмейтін дүние деген ойдамын», - дейді ол.

Аятжан Ахметжанұлы

Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, университеттердің бұл бастамаға қолдау білдіріп жатуының себебі – білім гранттарын алғысы келетінінде. Баласын оқуға түсірудің амалын іздеген ата-аналар да бұл бастаманы қолдауы мүмкін дейді ол.

Білім жарысында білгірлер ғана озып келуі керек

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев болса, әскери борышын өтеп келген жастарға арнайы квота бөлу мәселесі – әскери қызметке қызықтырудың бір жолы ретінде қарастырылып отырғаны түсінікті дейді. Яғни, ҰБТ балын есептемей-ақ, ЖОО-ға түсу мүмкіндігін қамтамасыз ету жөнінде сарапшы ойын былай жеткізді.

Кәрімбек Құрманәлиев

«Ол үшін белгілі бір нормативтік түзетулер енгізу қажет. Сондықтан бұл пікірлер көпшіліктің талқысына түсетін нысанға көбірек ұқсайды. Нормативтік-құқықтық актілерге түзету жобасы әзірленетін болса, онда бұл мәселені жан-жақты қарастыруға болады деп ойлаймын. Бірақ, бұл жерде актілерге енгізілетін түзетулер неге және қандай мақсатқа бағытталған, олар қандай мәселені шешеді, мемлекетімізге қандай әлеуметтік-экономикалық даму әкеледі деген арнайы зерттеулер және талдауларға негізделуі тиіс», - дейді ол.

Кәрімбек Құрманәлиевтің өзі Білім және ғылым министрлігінің Жоғары білім департаменті директоры болған кезден бастап, бүгінгі күнге дейін мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектерді ҰБТ-да алған балының нәтижесіне қарамай-ақ конкурссыз қабылдау керек деген эксперттік пікірі еленбей келе жатқанын айтады,

«Ал, енді әскери қызметін атқарғандарды ҰБТ-сыз мемлекеттік тапсырыспен ЖОО- ға қабылдау деген – қисынсыз деп ойлаймын. Отанды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сол қызметіміз үшін жеңілдік сұрау – азаматтығымызға сын. Кәсіптік- техникалық білім саласында тегін білім алу қарастырылған. Сол мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жоғары білім алудағы негізгі ұстанымымыз – білім жарысында білгірлер ғана озып келуі керек. Басты мақсат - елімізге сапалы, білікті кадрлар дайындау екенін есте ұстауымыз керек», - дейді ол.

Бұл бастама – Конституцияға қарсы

Білім саласындағы тағы бір сарапшы Қадырбек Бөрібеков Контитуцияның 30-бабы 2 тармағында «Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар» деп жазылғанын еске салады.

«Бұл бастама соған қарама-қайшы», - дейді ол.

Сарапшы әскер қатарына шақырылған азаматтардың білім деңгейіне кім сараптама жасап көрді деген заңды сұрақты қояды. Айтуынша, бүгінгі таңда әскерге оқуға түсе алмай қалған жастар барып жатыр. Оқуға түскен жастар әскерден уақытша босатылады.

«Әскер қатарындағы сарбаздардың білім деңгейінің төмендігі бар. Ол ешкімге жасыратын нәрсе емес. Негізі бос, жұмыссыз жүрген, мамандығы жоқ азаматтар кетіп жатыр. Әскер қатарында білікті, білімді, техникалық мамандарды шақыру – далада қалған нәрсе», - дейді Қадырбек Бөрібеков.

Қадырбек Бөрібеков

Украинаның Жоғарғы Радасы жыл соңына дейін кәсіптік-техникалық білім туралы заңды қабылдағалы жатыр екен. Қадырбек Бөрікбеков соны мысалға келтіре келе кәсіптік-техникалық білімнің орыны Украинадағы соғыс уақытында қатты білініп жатқанын айтады. Яғни техниканы жөндейтін, оның тілін білетін, пайдалана алатын азаматтар осы кәсіптік-техникалық мектепті бітіргендер. Қазір Украина әскер қатарына зауыттан жұмысшыларды шақырып біткен. Енді оның орнын жастармен толтыруды көздеп отыр. Техниканы орта буын мамандар біледі. Ал білімі жоғары азаматтар оны жіті біле бермейді.

«Әскер қатарына шақырылатын жастар Совет үкіметі кезінде техникалық дайындықтан өтетін. Ол тұста техникумдар мен училищелерде қосымша әскери даярлық курстары өтетін. Ол жерде жастарға қосымша мамандық беріп, әскери техниканың жүргізушісі, механик қылып дайындап жіберетін әскерге. Қазір оның бірі де жоқ. Сондықтан, әскер қатарына кетіп жатқан жастардың еш білімі де, біліктілігі де мәз емес деп ойлаймын. Соны сараптап көрді ме екен сол Қорғаныс министрлігі, соны айтып жатқандар?» - деп сұрақ қояды ол.

Қадырбек Бөрікбеков жалпы әскерден келген балаларды қолдау міндетті түрде қажет екенін атап өтті. Тіпті өз ұсынысын да білдірді. Оның айтуынша, әскерден келер алдында дайындық курстарын өткізу керек. Әр азамат алдын ала мамандық таңдай алатындай жағдай жасалуы тиіс.

«Бүгінгі таңда елде жоғары оқу орнына түсер алдында өткізілетін дайындық курсына жылына мемлекет бюджетінен үлкен қаражат бөлінеді. Сол ақшадан қарастырып, бөліп берсін Қорғаныс министрлігіне. Жастарға консультация, сабақтар өткізсін. Сол жердегі жолдама және мінездемемен келсе дұрыс болар еді. Бәлкім, осы амал әскерден келген балаларды қолдаудың жақсы жолы», - деп түйді ол.