×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

КИМЭП-тің не жасырғаны бар: табысы қайда кетіп жатыр және жекешелендіру тізімінен неге алынды

21.08.2023, 10:21
КИМЭП-тің не жасырғаны бар: табысы қайда кетіп жатыр және жекешелендіру тізімінен неге алынды
Коллаж: Ulysmedia.kz

Оқу жылының басталуы қарсаңында үкімет мемлекеттік университеттерді жекешелендірудің заңдылығы жайлы бас қатырды. Жоғары оқу орындары жеке қолға тиын-тебенге сатылды деп тұспалдауға негіз бар, сондықтан премьер-министр Смайылов мәселені анықтауды және тексеру нәтижелерін Бас прокуратураға жіберуді тапсырды.

Прокурорлар жекешелендірілген университеттердің ісін майшаммен қарауға кіріскен уақытта Ulysmedia.kz алдымен жекешелендірілгендер тізіміне еніп, содан кейін ол тізімнен ізім-ғайым жоғалған елдегі ең қымбат университеттердің бірінің қызметін қарастыруды жөн көрді. Біз әйгілі КИМЭП-те оқу қанша тұратынын, университеттің кімге тиесілі екенін және ең бастысы – табыс кімнің қалтасына түсетінін анықтадық.

Тарихқа үңілсек...

2000 жылы мемлекеттік "Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП)" Президент Назарбаевтың Жарлығымен Чан Йан Бэнгке кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

Чан Йан Бэнг – бұрынғы президент Назарбаев 1989 жылы танысқан әйгілі американдық экономист. Бұл танысу тарихы  e-history.kz сайтында егжей-тегжейлі жазылған.

- Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа барған кезде доктор Бэнг оған Батыс экономикасы және құқық саласындағы мамандармен кездесулер ұйымдастырды, олар капитализм кезінде нарықтың қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Әкімшілік-командалық жүйеден нарықтық экономикаға көшуді жүзеге асыру үшін Қазақстан президенті Бэнгті кеңесші ретінде шақырды. Доктор Чан Йан Бэнг Қазақстанға 1990 жылы келіп, Экономикалық саясат, нарықтық реформалар және жекешелендіру мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсетті. Сол жылы ол КИМЭП президенті қызметін атқарды", – деп жазылған сайтта.

2004 жылы КИМЭП жеке мемлекеттік оқу орнына айналды. Акциялардың үлесі келесідей бөлінді: акциялардың 60%-ы Чан Ян Бэнгке, ал қалған 40% -ы ҚР ғылым министрлігіне тиесілі.

Жұмбақ мәміле

Бұл мәміленің қалай болғаны және Бэнг мырза университеттің үлесін қаншаға сатып алғаны белгісіз, сондықтан осы сауалды КИМЭП басшылығына қойдық.

- Бізге жүгінгеніңізге рахмет. Сұрауды ағылшын тілінде жіберіңіз. Ағылшын тілінде сұрау алғаннан кейін біз жауап дайындаймыз, – делінген университет жауабында.

Қазақстандық ЖОО ресми сұраныстарды шет тілінде ресімдеуді қандай негізге сүйене отырып талап еткені нақтыланбаған. Сұрақтарды ағылшын тіліне аударғаннан кейін олар жауап қайтарды, бірақ ағылшын тілінде емес, орысша. Осылайша КИМЭП өкілдері уақытты созуға тырысқандай көрінді.

Жеке тұлға университеттегі үлесін қашан және қандай сомаға сатып алды деген нақты қойылған сұраққа КИМЭП-тегілер жауап бермеді. Оның орнына қаржылық есептілікті өз бетімізше зерттеуді ұсынды. Жауап ретінде берілген сілтемеде 2005 және 2008 жылдардағы есептер жарияланған, ал университет акцияларының 60%- ын Бэнг мырза 2004 жылы иеленді. Бұл ақпаратты университет растап отыр.

2005 жылғы есепте университет қайта құрылған кезде бір акцияның номиналды құны 1000 теңге мөлшерінде белгіленгені көрсетілген. Номиналды және нақты құны әр түрлі нәрсе екенін түсіну маңызды. Сатып алу кезіндегі акциялардың құны мәлімделген номиналдан айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Есепте Бэнг мырзаның өз үлесін қанша сомаға сатып алғаны туралы ақпарат жоқ, бірақ 2005 жылы "КИМЭП" АҚ қосымша акциялар шығарған кезде олардың құны 432 теңгеге бағаланған.

Мұндай сәйкессіздіктер және нақты қойылған сұраққа нақты жауап берілмеуі бұл мәміледе қандай да бір қитұрқылықтар бар деген ойға жетелемей қоймайды.

Баға сапаға сай ма?

Міне, біз әңгіменің ең қызықты бөлігіне – ақшаға жеттік. КИМЭП – елдегі ең қымбат жоғары оқу орындарының бірі. Алдағы оқу жылында бір кредиттің құны 112 130 теңге болады. Диплом алу үшін орта есеппен 146 академиялық кредитті жабу қажет. Яғни, бакалавриатта оқудың барлық кезеңінде шамамен 16,3 млн теңге төлеуге тура келеді.

Ал магистратурада оқу құны мамандыққа байланысты. Ең бюджеттік бағытта бір кредит – 113 510 теңге, ал ең қымбат кредит –  283 000 теңге тұрады. Бұл ретте мамандыққа байланысты 27-ден 75 кредитке дейін жабу қажет. Мысалы, биылғы жылы Іскерлік әкімшілендіру мамандығы бойынша МВА (38 кредит) үшін 10 788 960 теңге төлеуге тура келеді.

Бұл ретте QS World University Rankings жариялаған әлемдегі ең үздік университеттердің жуырдағы рейтингінде КИМЭП тек 951 орыннан көрінді. Ең қымбат университеттердің бірі әл-Фараби атындағы Қазақстандық ұлттық университетке (230 орын), Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне (611-620 орын) және Ұлттық Аграрлық университетке (641-650 орын) жол берді.

Ал табыс күмнің қалтасына түседі?

КИМЭП коммерциялық емес ұйым екенін атап өту маңызды. Бұл дегеніміз, компанияның негізгі мақсаты табыс табу емес және алынған кірісті қатысушылар арасында бөлмейді. Десе де, қаржылық есепке сүйенсек, табыс баршылық.

2022 жылы компанияның кірісі 5,4 млрд теңгені, ал өзіндік құны – 3,3 млрд теңгені құрады, бұл ретте әкімшілік шығыстар 1,3 млрд теңгені, ал таза пайда – 890 млн теңгені құраған. Пайда акционерлер арасында бөлінбейтін болғандықтан, қаражат алтынмен, теңгемен, доллармен, еуромен және фунт стерлингпен сақталады. Университеттің президенті Чан Йан Бэнг болғандықтан, түскен ақшаның қалай жаратылатынын сол шешеді.

Яғни, КИМЭП акционері бола тұра мемлекет ЖОО-дан ешқандай пайда таппайды. Бірақ жыл сайын үздік оқушылар ЖОО-да білім ала алатындай гранттар бөледі.

Жекешелендіруден тыс қалған ЖОО

Неліктен жекешелендіру жөніндегі маман Чан Йан Бэнг табысты оқу орнын жекешелендірмеді?

2021 жылы мемлекет "КИМЭП Университеті" АҚ акцияларының үлесін стратегиялық инвесторға сатуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Үкімет тиісті қаулы шығарды, бірақ мәміле орындалмады. Қаңтар айында Ұлттық экономика министрлігі КИМЭП-ті жекешелендіру тізімінен алып тастауды ұсынды, өйткені ЖОО "әлеуметтік маңызы бар объект болып табылады". Бірақ бұл маңыздылықтың нақты мәні неде екені белгісіз. КИМЭП-тен басқа, ҚазБСҚА, ҚазХҚ және ӘТУ сияқты алыптар жекешелендіруге шығарылды.

Университет жекешелендіру тізімінен нақты қандай себеппен шығарылды? Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек бұл сұраққа былайша жауап берді: сайып келгенде, бұл KIMEP акционерлерінің өз қалауы болды. Өздері бас тартты.

Ал университет басшылығы өз кезегінде былай деп жауап берді: бізде бұл сұраққа жауап жоқ. Оны мемлекетке қою керек.

Міне, осындай шым-шытырық оқиға. Одан қандай қорытынды жасау керегін өзіңіз шешіңіз.