×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Екі рет артылған сенім: премьер-министр Смайылов өз міндеттерін қалтқысыз атқарып жүр ме?

31.08.2023, 10:10
Екі рет артылған сенім: премьер-министр Смайылов өз міндеттерін қалтқысыз атқарып жүр ме?
Коллаж: Ulysmedia.kz

Үкімет тізгінін Смайылов қиын уақытта – 2022 жылдың қаңтарындағы қайғылы оқиғалардан кейін қабылдады. Биыл Мәжіліс сайлауынан соң президент Әлихан Асханұлының кандидатурасын премьер-министр лауазымына кандидатурасын қайта ұсынды, ал төменгі палатаның жаңартылған құрамы оны қолдады. Смайылов елдің, мемлекет басшысы мен мәжілісмендердің екі рет артқан сенімін ақтай алды ма – Ulysmedia.kz сараптап көрді.

Басынан бақайшағына дейін шенеунік

Үкімет басшысы қызметіне тағайындалған кезде Әлихан Смайылов шенеуніктер арасында көптің бірі боп жүрді деуге келмес. Асқар Мамин үкіметінде ол бірінші орынбасар болды, ал премьер Смайыловтың еңбек өмірбаянына сүйене отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: 1996 жылдан бастап Әлихан Асханұлы өзінің бүкіл саналы өмірін мемлекеттік органдарда кабинет ауыстырумен өткізді – қызмет сатысымен жоғары өрледі. 51 жастағы премьер-министрдің бірінші дипломында (әл-Фараби атындағы университет) "қолданбалы математика" мамандығын бітіргені жазылғанымен, ол нақты ғылымдар мен формулалар әлемінен гөрі басқарушылық жолды таңдады.

1996 жылы Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында мемлекеттік басқару магистрі дипломын алды. Және баяу, бірақ сенімді түрде мансап сатысымен көтеріле берді.

1993 жылы еңбек жолын "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорының қызметкері лауазымынан бастаған ол екі жылдан кейін Алматы қаласы әкімшілігінің сауда және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы, ал тағы бір жылдан кейін ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің тағылымдамашысы болды. Бір жылда Әлихан Асханұлы ҚР Ұлттық статистика агенттігі басқармасы бастығының орынбасары креслосын осы басқарма бастығының орнына ауыстырды. 

Әлихан Смайыловтың еңбек кітапшасына жұмыс орнын ауыстыру туралы 20-ға жуық жазба қалай сыйғанын болжау қиын. Бірақ оның әрбір жаңа лауазымы бұрынғысын жоғары әрі салмақты бола берді. 30 жасында ол республиканың сыртқы істер вице-министрі, ал 35 жасында қаржы вице-министрі болды. 2018 жылдың қыркүйегінде қаржы ведомствосының тізгінін ұстады. 2015 жылдың соңынан 2018 жылдың күзіне дейін Смайылов ҚР Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді.

2021 жылдың қаңтарында Әлихан Асханұлы Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болды. 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап 5 күн премьер-министрдің міндетін атқарушы болды, ал 11 қаңтарда мемлекет басшысы оны Қазақстан үкіметінің басшысы етіп тағайындады.

Осы жылдың наурыз айында жаңа мәжіліс жасақталғаннан кейін депутаттардың көпшілігі Смайыловтың кандидатурасын қолдап, оған тағы да сенім білдірген.

Көңіл көншітпейтін нәтижелер

Алайда ескі премьер-министрдің кандидатурасына қарсы шыққан бір фракция болды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) мүшелері қарсы дауыс беріп, шешімдерінің себебін түсіндірді.

- Үкімет өзінің қаншалықты әлеуметтік жауапты болуы керектігін түсініп,  саясаты мен жұмысын қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бейімділікпен құруы керек. Өткен жылдары көргеніміз бізді қанағаттандырмады. Өткен жылдың қорытындысы көңіл көншітпейді: инфляция 20 пайыздан жоғары көтерілді, бірнеше қалаларда ЖЭО-да апаттар болды, автонесиелеу бағдарламасына қатысты да сұрақ көп, - деп өз ойымен бөлісті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжанов.

 ЖСДП фракциясы министрлер кабинетінің басшылығынан кімді көргісі келетіні туралы тілшілер сұрағына жауап берген Рахымжанов:

- Премьер-министрдің кандидатурасын ұсыну біздің құзыретіміз емес, бірақ мен оның қандай болуы керектігін білемін. Ол кәсіпқой болуы керек, ол әлеуметтік, ішкі саясат мәселелерін бірінші орынға қоюы керек, ең бастысы – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Біз көріп, байқап отырғанымыз: азаматтарымыздың жыл сайынғы байлығының төмендеуі, инфляция, азық-түлік бағасының өсуі, тарифтердің өсуі бұл анықтамаға қайшы келеді.

Костюмі жарасса болғаны...

Бізге белгілісі, сайлаудан кейін құрылған министрлер кабинеті бұрынғыдан айтарлықтай ерекшеленбейді. Алайда, егер статистикалық деректерге сенетін болсақ, 2023 жылғы шілдеде Қазақстандағы инфляция 14%-ды құрады. Ал ақпан айында ол рекордтық 21,3%-ға дейін шарықтады. Жаңа-ескі премьер-министр жаңа-ескі командасымен бағаның өсуін тежей алды ма?

Дүкендер мен базарларға баратын, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлейтін кез-келген адам бұған күмән келтірері анық. Бұл статистика агенттігі есептеген елдегі орташа жалақы көрсеткішімен бірдей – 2023 жылдың бірінші тоқсанында ол 340 636 теңгені құрады.

Алайда, қарапайым қазақстандықтардан айырмашылығы, премьер-министрді және оның қоластындағыларды бұл цифрлар ұялтпайтындай. Сондықтан, олар “әркім 85 мың теңгеге өмір сүре алады” деп көпшілік алдында мәлімдеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Ордабаев сияқты кейде ақылға сыймайтын мәлімдемелер жасауды әбес көрмейді. Айтпақшы, халық Ордабаевтың мәлімдемесіне жауап ретінде шенеуніктер мен депутаттардың жалақысын 85 мың теңгеге дейін төмендетуді талап еткен петицияға қол жинап жатыр.

Әлихан Смайыловқа оралайық. Жақында оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлерімен кездескен премьер-министр мұнда да дамудың оң динамикасын байқады. Ол Үкіметтің кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауының арқасында өткен жылы елдегі шағын және орта бизнес саны 27%-ға, ал осы салада жұмыс істейтіндер саны 18%-ға артып, 4,1 млн адамға жеткенін атап өтті.

- Қазақстанның ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,5%-ды құрайды, - деді Әлихан Асханұлы.

- Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының өсуі 4,8%-ға дейін жеделдеді, бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, Үкімет тиісті даму бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруда. Біздің мақсатымыз – өсімнің 7-ден 10%-ға дейін көтерілуі, бірақ бұл үшін бізге банктер тарапынан қолжетімді несиелер және кәсіпкерлер көтеретін өзекті мәселелерді шешу қажет. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Айтпақшы, сол жерде, елдің оңтүстігінде, атап айтқанда фермерлер суармалы судың жетіспеуінен егіннен айырылған Жамбыл облысында Әлихан Смайылов диқандардың шығыны өңірлік ауқымдағы ТЖ жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен өтелетінін айтты.

- Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлық есептеулер жүргізіліп, тиісті қаражат бөлінеді, - деп сендірді премьер,

- Сондай-ақ, біз республикалық бюджеттен субсидияларға қаражат бөлу және оларды уақтылы төлеу мәселесін жеделдетеміз. Бұл жұмыс мемлекет басшысының бақылауында.

Ал Жамбыл егіншілері суару маусымы басталғаннан бері судың жетіспеушілігінен егінге қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Мамырда олар 1,5 мың гектар пияз, картоп және басқа дақылдарды суаратын су таппай отырғандарын айтып дабыл қақақн. Халықтың 90 пайызға жуығы көкөніс өсіру есебінен өмір сүретін Байзақ ауданының тұрғындары олар қазірдің өзінде қып-қызыл шығынға батқандарын айтуда.

Күмәнді байланыстары бар ма?

Жалпы, елде өандай жағдай болса да – Лакшми Миттал шахталарында жарылыстар, ЖЭО-дағы апаттар, МАЭК-тегі апат кезінде де, премьер дереу және стандартты түрде әрекет етеді. Жеке бақылауға алады, комиссия құруды, кінәлілерді анықтауды және жазалауды тапсырады. Ең бастысы, ол кеткеннен кейін ешкім бұл қорқынышты ескертулерді есіне де алмайды – премьер-министрдің өзі де, жергілікті билік те...

Сондықтан министрлер кабинетінің басшысы туралы халықтың пікірі тіпті қалыптасқан да жоқ. Ол жақсы ма, жаман ба – түсінік көр.

БАҚ беттерінде Смайыловқа қатысты жанжалды немесе сыбайлас жемқорлық оқиғалары жайлы сөз жоқ. Тек өткен жылдың жазында қазақстандықтар бірнеше күн бойы тпремьердің сағатын талқылағаны болмаса. Қазақстандық журналист Михаил Козачков өзінің телеграм-арнасында Әлихан Асханұлының талғампаз аксессуардағы суреттерін жарияолап, үкімет басшысының білегіндегі сағат зергерлік бұйымдар шығаратын француз сән үйі Cartier-нің коллекциясындағы аксессуарларға ұқсас екенін жазған болатын. Мұндай өнімнің құны 5-8 мың доллар шамасында, яғни 2,1 – 3,4 млн теңге. Журналистің жазбасына премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары Руслан Желдібай жедел жауап берді.

- Фотосуреттегі премьер-министр сағатының моделі – Джек Леманс. Оның құны – шамамен 383 доллар (164 мың теңге), – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, бұған дейін блогер Денис Кривошеев премьер-министрдің күзеті туралы мәселе көтерген болатын. Мысал ретінде ол Qazmediа орталығындағы жағдайды келтірді.

- Біз мемлекеттің бірінші емес тұлғаларының күзетіне қатысты жағдайды өзгертуіміз керек, - деді  блогер.

- Күні бойы Қазмедиағаға президент келе жатқандай әсер болды. Алдыңғы топ, ит жетектеген әскерилер, екінші топ. Бірақ 16.56-ға дейін премьер келді. Құдай-ау, не деген күлкілі еді? Смайыловтың қаржы министрі болған кезі есімде, қарапайым адам болды, қарапайым костюм киіп жүретін, қазір не болды? Пафос қайдан келеді? Онсыз да күзетілетін Қазмедиаға 20 күзетші қойып не қажеті бар? Ол кімге керек? 

Жазаланбайтын бастама

Айтпақшы, фискалдық органдардың жаңашылдығына – Каспи-аударымдарға салық салынуына наразы адамдар бұл бастаманы әуел баста кім көтергенін ұмытып кеткендей.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары ретінде Әлихан Смайылов пандемия кезінде, бүкіл қазақстандық бизнес тоқырауға ұшыраған уақытта дәл осы "данышпан" идеяны айтты: кәсіпкерлердің барлық қолма-қол ақшасыз төлемдеріне салық салу.

Кәсіпкерлік қызметке қандай төлемдер жатқызылатынын ол кезде премьер-министрдің бірінші орынбасары нақтылаған жоқ. Ашуланған кәсіпкерлік қоғамдастық оған мұндай мүмкіндік бермеді.

Үкімет басшысы бола отырып, Әлихан Асханұлы өз идеясынан бас тартпады және оны іске асырды. Кейбір оппозициялық БАҚ атап өткендей, шағын және орта бизнеске мұндай көзқарас Әлихан Смайыловтың өзі жай ғана ауқатты емес, тіпті өте бай болғандықтан, ештеңе жоғалтпайтындығын көрсетеді. Бұдан бұрын оның Кипрдегі үш фирманың және Люксембургте бір фирманың құрылтайшысы екені айтылған.

Біздің сөздегеніміз – бұл ақпарат қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін анықтау емес. Біз өз мақаламызда премьердің жұмысы қалай бағаланатынын түсінгіміз, түсіндіргіміз келеді. Интернеттегі дереккөздерге сүйенсек, премьер-министрдің міндетіне мыналар кіреді:

  • 1. Үкіметті басқару. Премьер-министрдің негізгі міндеттерінің бірі - үкіметтің жұмысын басқару. Ол Министрлер Кабинетінің мүшелерін тағайындайды, Үкіметтің бағдарламасын бекітеді және барлық ведомстволардың қызметін үйлестіреді.
  • 2. Экономикалық және әлеуметтік саясатты әзірлеу. Премьер-министр елдің экономикалық және әлеуметтік саясатын әзірлеуді ұйымдастырады. Ол экономикалық жағдайды жақсартуға, әлеуметтік қамсыздандыруды кеңейтуге және жетілдіруге, мемлекет қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды ұсынады.
  • 3. Ішкі және сыртқы саясатты үйлестіру. Премьер-министр әртүрлі министрліктер мен ұйымдар арасындағы қатынастарды реттейді, ішкі және сыртқы саясаттағы қызметті үйлестіреді. Ол басқа елдермен дипломатиялық байланыстарды күшейтеді және оларды дамытуға және нығайтуға бағытталған стратегияларды әзірлейді.
  • 4. Дағдарыстық жағдайларды шешу. Премьер-министр дағдарыс жағдайында шешім қабылдауға жауап береді және Үкіметтің төтенше жағдайдағы әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдайды. Ол сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
  • 5. Билік өкілі. Премьер-министр билікті ел ішінде және одан тыс жерлерде ұсынады. Ол ресми мәлімдемелер жасайды, қонақтарды қабылдайды және басқа елдердің басшыларымен келіссөздер жүргізеді.
  • 6. Бюджетті бақылау. Премьер-министр мемлекеттік бюджеттің пайдаланылуын бақылайды және қажет болған жағдайда Үкіметке оны оңтайландыру шараларын ұсынады.
  • 7. Дағдарыстарды басқару. Премьер-министр дағдарыстық жағдайларды тек аймақтық немесе ұлттық деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде де реттеуге қатысады. Ол халықаралық келіссөздерге қатысады және халықаралық шарттарға қол қояды.

10 балдық жүйемен есептесек, Әлихан Смайылов жоғарыда аталған міндеттерді қаншалықты қалтқысыз орындап жүр?