×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Теңселген теңге немесе Қазақстанда ақша-несие саясатына жауаптылар қалай басшылық етті

26.09.2023, 12:01
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ақша – қарапайым әрі күрделі ұғым. Кез келген адам оның болғаны және құнсызданбағаны маңызды дейтіні сөзсіз. 30 жылдан астам уақыт бойы халық доллар бағамына телміруге үйренген және елдегі ақша-кредит саясатына жауаптылардың – Ұлттық банк төрағаларының есімдерін есте сақтауға дағдыланған. Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарында бұл лауазымда 12 басшы ауысты. Ulysmedia.kz ақша-несие саясаты мен оның кейіпкерлерінің тарихын еске түсіріп көрмек.

Ұлттық валютаның тарихы 1993 жылдан басталады – 15 қарашада Ұлттық банк белгілеген бірінші бағам 4,69 теңге болды, бірақ үш күннен кейін жаңасы жарияланды – бір доллар үшін 47,04 теңге. Бүгінгі таңда бір доллардың құны 475 теңгеге жетіп жығылды. Осы уақыт аралығында біздің валютамыз бірнеше девальвациядан өтті.

Девальвация – бұл ұлттық валюта бағамының басқа елдердің қатты валюталарына қатысты төмендеуі, яғни ақшаның құнсыздануы.

Дағдарыс менеджерлері

1998 жылы Қазақстанда "Азиялық" деп аталған алғашқы қаржы дағдарысы басталды. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің көбі тығырыққа тірелді, дағдарыс әлемдік экономикаға да соққы болып тиді. 1999 жылы доллар бағамы 85 теңгеден 140 теңгеге дейін көтерілді. Кейінірек бір доллардың құны 120 теңгеге дейін төмендеді, бірақ бұл бағам ұзақ уақыт тұрақтамады.

Неге екені белгісіз осы уақытта Ұлттық банктен атақты Дәулет Сембаев кетіп қалды, оның орнына Ораз Жандосова отырды. Бірақ 1998 жылдың ақпан айында бас банктің төрағалығына Қадыржан Дамитов келді. Жандосов та, Дамитов та, Марченко да – Дәулет Хамитұлының командасы. Қадыржан Дамитовтың орнына Григорий Марченко келді. Айтпақшы, Ұлттық банкті Сембаев басқарған кезде теңге 10 еседен астам құнсызданған, алайда одан бұл жөнінде сұрау болған жоқ. 90-шы жылдары басқаша болуы мүмкін емес еді.

Марченко 1999 жылы қызметке кірісті, оның тұсында ұлттық валюта нығая бастады – 1 доллардың құны 120 теңге болды.

Григорий Александровичті біреу деспот ретінде еске алады, бірақ тұтастай алғанда ол жоғары деңгейлі қаржыгер ретінде бағаланды. Мүмкін, оны ең ашық төраға деп санауға болатын шығар, өйткені Ұлттық банк оған дейін жабық қаржылық құрылым болған. Марченко журналистермен еркін сөйлесті, теңгенің доллардан мықты екенін дәлелдеп бақты. Соған қарамастан, оның Ұлттық банкке алғашқы төрағалығы 2004 жылы аяқталды.

Содан кейін аз уақытқа Сәйденов келді

Әлемдік экономикалық дағдарыстың ауыртпалығы Әнуар Сәйденовтің арқасына түсті. Біз оны (дағдарысты) ұзақ уақыт мойындамадық, 2007 жылдың тамызында бағам 157 теңгеге дейін көтерілгеніне қарамастан, көпшілікке қарағанда орнықтымыз деп сеніп келдік. Бірақ 2008 жылы жұрт тығырық таяғанын мойындауға мәжбүр болды. Сол кезде доллар бағамы  – 150 теңге, тұрақты болып көрінді, экономикалық әл-ауқатқа сенген халық пен бизнес долларлық несиенің «қорасына» кірді. Сол уақытта бүкіл әлем бойынша жүздеген ірі компаниялар жабылып, 200 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. Көп ұзамай Марченко банк тізгінін қайтадан қолға алды. Қаржы сарапшыларының пікірінше, оның күш-жігерінің арқасында жағдай тұрақтанды. Әйтеуір, 2009 жылы Еуропалық борыштық дағдарыс болған кезде Қазақстандағы доллар бағамы 150 теңгеден шарықтаған жоқ.

Девальвация үшін марапат

2013 жылы девальвация алқымнан алып үлгерді, бірақ Назарбаев Марченконың орнына басқа стратегті тағайындады – Ұлттық банк тізгіні Қайрат Келімбетовке тиді. Ол екі жыл бойы ақша-несие саясатын қолында ұстады, 2014 жылы девальвация болғанын жариялау құрметіне ие болды. Қаржылық жағдай кері кеткенімен, Келімбетов халықты ақша нарығында бәрі тыныш, теңге тек күшейіп жатыр деп сендірумен болды, бірақ екі күннен кейін әдеттегідей күлімсіреп, девальвация болғанын әлгінде ғана теледидардан естігендей кейіп танытты. Нәтижесінде доллар 185 теңге болды. Ал Келімбетов Ұлттық банктің неліктен бағамды тежеуден бас тартып, теңгені еркін айналымға жібергенін түсіндірді. Келімбетовті девальвация үшін ешкім жауапқа тартпады – ол Ұлттық банк басшылығынан кем түспейтін екі лауазымға қатар тағайындалды – "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы және стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы болды. Девальвация тек халық үшін тосын жаңалық деген пікір бар. Мүмкін, бұл процестің құпияда ұстай алғаны үшін Келімбетовке марапат ретінде екі жайлы орын қатар бұйырған болар?
Айтпақшы, оның қазір қайда екені, немен айналысатыны белгісіз.

Қаржылық ахуалды санкциялар бұзды

2015 жылдың қараша айында Ұлттық банк төрағалығына Данияр Ақышев тағайындалды. Бұл уақытта теңге еркін айналымда болды – яғни Ұлттық Банктің ырығына көнбеді. 2016 жылы доллар 340 теңге болды. Әрине, Еуропа Қырымды қосып алғаны үшін Қазақстанның басты экономикалық серіктесі – Ресейге шүйліккен кезде елімізге санкциялық дағдарыстың салқыны тимей қоймады. Ақышев мүмкіндігінше жағдайға төтеп беруге тырысты, арагідік теледидардан төбе көрсетіп, қаржылық ахуалды түсіндіріп отырды. Бірде ол инфляцияға кінәлі адамдарды тапқанын мәлімдеді.

- Халық пен кәсіпорындардың бағаның өсуіне қатысты болжамдары инфляцияны тудырады, - деген Ақышевтың шулы мәлімдемесі қазақстандықтардың наразылығын күшейтті.

Пандемия, Ұлттық қордан түскен ақша, Досаев

2019 жылы жағдайды жақсартуға Ерболат Досаев жіберілді. Алайда оған теңгені нығайтуға COVID-19 пандемиясы кедергі болды. Шекаралардың жабылуы, мұнай бағасының құлдырауы, кәсіпорындардың тұралауы және жұмыссыздықтың белең алуы ұлттық валютамызды әлсіретіп жіберді. 2020 жылдың наурызына дейін доллар 382 теңге деңгейінде тұрақталса, пандемия оны 400 теңгеге, содан кейін 420 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Шындығында, тағы бір девальвация болды, бірақ ол туралы ешкім жақ ашқан жоқ.

- Біздің экономикамыз үшін іргелі жағдайлардың күрт нашарлауы және қос шок наурыз-сәуір айларында валюта нарығына айтарлықтай қысым жасады. Жыл бойы валюта нарығы сыртқы факторлардың тұрақты қысымына ұшырады. Әлемдік нарықтардың құбылмалылығы, мұнайдың бағасының төмендеуі, инвесторлардың қауіпті активтерден қашуы ұлттық валютаның динамикасына тікелей әсер етті, - деп Ұлттық банк жағдайдың ушыққанын жасырмады және Ұлттық қорға қол салуға тура келгенін түсіндірді.

Пандемия салдарымен күресуге қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 2,07 трлн теңгеге – 4,77 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Досаев жұмысына біз баға бере алмаймыз, бірақ оның 2022 жылдың қаңтарында Ұлттық банк төрағалығынан босатылып, оңтүстік астана тізгінін ұстағанына қарағанда, өзін қаржыдан гөрі шаруаның адамы ретінде көрсете алса керек.

Соғыс және теңге

Досаев кеткеннен кейін Ұлттық банкке Ғалымжан Пірматов келді – өзгелерден гөрі таяқтың қаттысы соған тиді: девальвацияны мойындамаған адам қалмады, теңге тәлтіректеп тұрды, инфляция шарықтау шегіне жетті, бірақ Ұлттық банк өз айтқанынан қайтпады – Қазақстан Украина мен Ресейдің соғысы салдарынан дағдарысқа тап болды деп сендірді. Санкциялар күшейген тұста теңгенің құлдырауы жеделдеді: бірнеше күн ішінде доллар 430 теңгеден 490 теңгеге дейін, содан кейін 518 теңгеге дейін көтерілді. Ең қажетті азық-түлік бағасы 30 пайызға өсті. Бірақ Ұлттық банк басшысы қиындықтардың уақытша екенін алға тартып, өзіне дейінгі басшылардың бірі секілді кінәлілерді тапқанына сенімді болды.

Әрі қарай не болады

Отставкаға кетер алдында ол Қазақстанда бағаның өсуі айтарлықтай баяулағанын, жылдық және айлық мәнде инфляцияның төмендеуі байқалатынын айтты. Мұндай жетістік көрсеткен басшыны президент неге қызметінен айырды?

Тимур Сүлейменовтің мойнына артылған жүктің жеңіл емесін мойындаған жөн. Сондықтан болар, ол жағдайды түсіндіруге, халыққа уәдені үйіп-төгуге асыққан жоқ. Ал теңгенің долларға шаққандағы бағамы жұртты әлі де тыпыршытып отыр, қаржы, Ұлттық банк, теңге, бағам және Сүлейменов сияқты түйінді сөздері бар жаңалықтарды қалт жібермеу көптің әдетіне айналды.

Теңгенің долларға шаққандағы бағамы бүгін 474,33, ал ертең қандай болмақ? Ulysmedia.kz Ұлттық банктің болжамдарын күтіп отыр.

 

Серіктес жаңалықтары