Егер мен «қарапайым экономика» циклін жасайын десем, оны ең алдымен ақша-несие саясаты тақырыбынан бастар едім. Онсыз қалған процестерді түсіну қиын болады. Ал біздің міндет – елдегі экономиканы барынша қарапайым тілмен, бесінші сынып оқушысы түсінетіндей қылу. Экономиканы білсек болашақта артық сұрақтар болмайды және тез дамимыз.
Көзі қарақты оқырман бір-екі жерден «ақша-несие саясаты» деген сөз тіркесін естіп те, оқып та қойған болар. Ол не? Және біздің өмірімізге қалай әсер етеді? «Сөз атасы – Майқы би» демекші, біздегі қаржылық сектордың атасы да Ақша-несие саясаты (АНС).
АНС-ын аңдыған мұратқа жетеді
Жалпы, кез-келген елде ақшаға, қаржы ағындарына қатысты шешім қабылдайтын тарапты монетарлы билік дейді. Оған көбіне мемлекеттердің орталық банктері жауап береді. АҚШ-та Федералды резерв жүйесі, Қытайда Халық Банкі, Ресейде Орталық банк, Қазақстанда Ұлттық Банк деген атауға ие. Атаулары түрлі болса да, міндеттері бір – орталық банктер экономикадағы ақша ағынын қадағалайды, инфляцияны бақылауда ұстайды, сонымен бірге қажет жағдайда банкноттар басып шығарып отырады. Осы шаралардың жиынтығы, оларды жүргізу процесі Ақша-несие саясаты деп аталады.
Қазақстан жағдайында инфляцияны ауыздықтау мен экономикалық өсім бір-біріне қарама-қайшы жүреді. Мысалы, экономиканы, яғни ішкі жалпы өнімді өсіру қажет дейік. Ішкі жалпы өнім белгілі бір уақыт аралығында өндірілген барлық тауарлар мен жасалған қызметтердің ақысынан құралады. Яғни солардың жиынтығы. Нарықта басы бос ақша, арзан кредиттер болып, кәсіптер ашылып, белсенділік артқан кезде экономика өсе бастайды. Алайда ақшаның нарықта еркін және көп болуынан инфляция, яғни барлық заттар мен қызметтердің қымбаттауы өршиді. Сонда экономика өссе де, осы пайданың барлығын инфляция жеп қояды. Ал инфляциямен күресу үшін нарықтан барлық ақшаны алып қойсақ, экономика өспейді.
Осы ретте, инфляциямен күресу үшін Ұлттық Банк базалық ставка құралын пайдаланады. Базалық ставка туралы кеңірек «Қарапайым экономика» циклының екінші мақаласында жазатын боламыз. Базалық ставканы теңгенің Қазақстан экономикасындағы құны деп айтсақ болады. Біздегі банктердегі кредит пен депозит сыйақы мөлшерінің қанша болатыны базалық ставкаға тікелей байланысты. Бізде базалық ставканы Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі Комитеті өз отырыстарында бекітіп отырады. Бір жылда осындай сегіз отырыс өтеді.
Бірақ, проценттік каналға қатысты еліміздің өз спецификасы бар. Көп жағдайда базалық ставканың жоғары болуы елдегі кредиттеу көлемінің төмендеуіне әсер ете бермейді. Оған түрлі жеңіл пайызбен берілетін мемлекеттік бағдарламалардың болуы, цифрландыру көмегімен несие алудың онлайн форматқа өтуі себеп болды.
Инфляция әлде экономика?
Мүдделер қақтығысы орын алмас үшін, инфляцияға Ұлттық Банк, ал экономикалық өсімге Үкімет жауап береді. Қазақстан, кез-келген мемлекет сияқты инфляцияның бекітілген шектен шығып кетпей, экономикалық өсімнің жоғары болуына мүдделі. Сондықтан нарықтағы ақша ағынының идеалды балансын іздейді. Нарықтағы ақша экономикалық өсімді қамтамасыз ете отыра, инфляцияны өршітпеуі керек. Осы баланс ақша-несие саясатын дұрыс жүргізу арқылы орнайды.
Біз мемлекет туралы сөз қозғағанда, ішкі саясат, сыртқы саясат дейміз. Одан бөлек, ақша-несие саясаты да бар. Және ол әрқайсымызға қатысты. Біздің қалтадағы қағаз ақша, мобильді қосымшадағы әр теңгенің, жалақының, дүкен мен базардағы бағаның осы АНС тұр.