×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

ҚазМұнайГаз IPO-сы: Ұлттық компания жұртшылық сұрағына жауап берді

16.11.2022, 18:24

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысы Мағзұм Мырзағалиев компанияның IPO аясындағы қызметіне арналған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жарты жылдағы компанияның пайдасы – 677 млрд теңге

Мағзұм Мырзағалиев жиынға жалғыз келген жоқ. ҚМГ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев та келген. Шарада спикерлер компанияның тұрақты қаржы жағдайы мен жоғары өндірістік көрсеткіштері туралы ақпарат беріп, болашақта компанияның кірісін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік беретін перспективалы жобалар жөнінде баяндады.

«ҚазМұнайГаздың» мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2021 жылы 21,7 млн тоннаға жетті, көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 18,9 млн тоннаны құрады. Компанияның шоғырландырылған активтері 32 миллиард долларға тең, акционерлік капитал 2022 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша 19 миллиард доллардан асты. 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, компанияның таза пайдасы 677 млрд теңге (1 504 млн АҚШ доллары) болды. Ал бос ақша ағымы – 188 млрд теңге (417 млн АҚШ доллары)», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Акцияларды бәрі сатып алса дейміз...

Мырзағалиев сонымен қатар «ҚазМұнайГаздың» тұрақты қаржылық көрсеткіштері төленген дивиденд көлемін 2016 жылдың қорытындысы бойынша 45 млрд теңгеден 2021 жылы 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. ҚМГ басшысы компания қоржынында әртараптандырылған (өндіру, тасымал және өңдеу) мұнай-газ активтері бар екенін де айтады. Бұл ретте, болашақта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы табысының өсуіне серпін беретін бірқатар бірегей жобалар да бар. Атап айтқанда, Теңіз кен орнында өндіруді қазіргі 27 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін, яғни 40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беретін «Болашақ» кеңейту жобасы, сондай-ақ Қашағанда өндірісті ұлғайту бойынша жобасы бар.

Халықаралық әріптестермен бірлесіп теңізде және құрлықта геологиялық барлау саласындағы жобалар да (Абай, Исатай, Жеңіс, Әл-Фараби) жүзеге асырылып жатыр. Компания бизнесінің өсуі үшін тағы бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы. 8 қарашада қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттар салу жоспарлануда.

ҚМГ басшысы компанияның отандық жеке инвесторлардың инвестициялық портфелінде лайықты орын алатынына сенім білдірді.

«IPO-ға шыққан сәттен бастап, біз үшін менеджмент ретінде және компаниямыз үшін дамудың жаңа кезеңі басталады. IPO арқылы барлық қазақстандықтың «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға мүмкіндік алуын көздейміз. Компаниямыздың инвесторлар үшін тартымды болуына, олардың инвестициялық портфелінде лайықты орын алуға бар күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

2022 жылдың 7 қарашасында «Самұрық-Қазына» АҚ алғашқы жария ұсынысын жүзеге асыру ниеті туралы мәлімдеді. Оның аясында Қор «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 30 505 974 акциясын сатуға ұсынады. Бұл жалпы орналастырылған акция санының 5%-ын құрайды.