×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

«Жақсыбеков те келсін»: LRT ісіндегі күдікті жоба кураторларын сотқа шақыруды талап етті

24.11.2022, 16:53
Коллаж: ulysmedia.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісі бойынша сотталушы Астана қаласының бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековтен жауап алуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокаттар судьядан Ерболат Досаев, Бақытжан Сағынтаев, Әсет Исекешев, Асқар Жұмағалиев пен Болат Жәмішевтен де жауап алуды талап етіп отыр. Қорғаушылардың айтуынша, олардың бәрінің де Астанадағы «сыбайлас жемқорлық ескерткіші» аталып кеткен ең қымбат жобаға қатысы бар.

Дәл осы өтінішті сотқа сотталушы Ұлықбек Ачилов жолдады. Бір ай бұрын дәл осындай өтінішті сотталушылардың тағы біреуі Рашид Аманжолов білдірген.

Айыпталушылар қаражаттың жобаны сол кездегі әкім Әділбек Жақсыбеков пен оның орынбасары Нұрәлі Әлиев қадағалаған кезде ұрланған деп отыр. Ал бас мердігер ретінде қытайлық компанияны белгілеу шешімі де солардан шыққан.

Алайда судья Виктория Семёнова дәл бір ай бұрынғыдай өтінішті ашық қалдырып, сотқа шенеуніктерді шақыру туралы шешімді кейінге қалдырды.

Еске салайық, LRT құрылысы 2011 жылы басталғанымен, күні бүгінге дейін аяқталмаған. Жер үсті метросының құрылысы барысында жемқорлықпен байланысты көп шу шықты. Ал осы жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «LRT жобасы әу бастан қате болғанын» мәлімдеген.

Әділбек Жақсыбеков – елорданы екі рет басқарған (1997–2003 және 2014-2017 жылдары) бірден-бір әкім. Ulysmedia.kz журналистері бұған дейін қала оның әкім болған тұсында қалай тіршілікі кешкенін, экс-әкімнің қандай мұра қалдырғанын жазған.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев 2014-2016 жылдар аралығында Астана әкімінің орынбасары болған. Бұқаралық ақпарат құралдары 2014 жылы мақұлданған BRT жүрдек автобус жобасын тоқтатып, оны LRT жобасымен ауыстыруға лобби жасағандар дәл осы Жақсыбеков пен Әлиев болғанын жазған.

Нұрәлі Әлиев 263 млн доллар байлығы бар, Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарында тұр. Forbes тізімінде 26-шы орында. Оның капиталының негізгі көзі – CapitalHolding АҚ-тағы үлесі. Компания телекоммуникациямен, алкогольдік сусындар өндірісімен, көлікпен, жалға берумен айналысады, қонақүй және күзет қызметтерін ұсынады. Forbes мәліметінше, Нұрәлі Әлиев Darmen Holding және Nd Capital венчурлық қорының негізін қалаушы. Сондай-ақ ол «Европа плюс Қазақстан» ЖШС, «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС, Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts және Алматы мен Астанадағы бірнеше мейрамхана кешендерінің акцияларына ие. Panama Papers басылымының жарияланған құжаттарына сәйкес, Әлиев 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Alba International оффшорлық компаниясына иелік етеді, одан бұрын Baltimore Alliance компаниясы оған тіркелген.