Қазақстандық заңнамада «мораль» термині де, оның түсіндірмесі де арнайы көрсетілмеген. Десе де, үкімет өкілдері бір нәрсеге тыйым салуды, айыптауды немесе айыппұл салуды ұсынатын кезде дәл осы терминді басшылыққа алуға тырысады. Бірақ моральді әркім әртүрлі ұғынады. Ортақ түсінік болмағандықтан, билік не заң шығарушы орган тарапынан айтылған «мораль» туралы мәлімдемелер қоғамды күлкіге қарқ қылып жатады. Тіпті әжуалап, келеке ететіндерін қайтерсің. Дәл осындай жағдайлар 2023 жылы да қайталанды. Оларды Ulysmedia.kz тілшісі еске түсіргенді жөн санайды.
Шетелдікке тұрмысқа шыққың келсе, салық төле
Ағымдағы жылдың сәуір айында Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден шетелдіктермен некеге тұруға салық салуды қолдайтынын айтып, қоғам назарын аударды.
«Бір нәрсені нақты айта аламын: менің айтқанымның бәрі, менің барлық идеям, мен айналысқан мәселелер алдағы уақытта да жалғасады», - деді мәжілісмен журналистердің сауалдарына жауап бере отырып.
Қарақат Әбден президенттік сайлау кезінде Қазақстанда шетелдіктермен некеге тұруға салық салу туралы ұсыныс айтқаннан кейін қоғамда танымал болды. Ол сайлаушыларды «бұл қазақ қыздарының шетелге кетуін тоқтатуға септігін тигізеді» деп сендірді.
«Қазақ әйелі – ұлттық бойтұмар. Бұл бойтұмарды шетелге қалай береміз?! Сондықтан менің ұсынысым бар: шетелдікке тұрмысқа шыға ма, бюджетке салығын төлесін», – деді Қарақат Әбден өткен жылы президенттікке үміткер болған кездегі теледебатта.
Әбден айтқан идея қазақстандық қоғам үшін жаңалық болған жоқ, себебі сонау 2012 жылы сенатор Жабал Ерғалиев қазақ қыздарының шетелге шығуына шектеу қою керек деген ұсыныс айтқан. Ер адамның айтқанынан, әйел адамның айтқаны қатты өтіп кетті ме, әйтеуір «нәзік жандылар» Қарақат әпкесінің айтқанына едәуір шамданып қалды. Бір топ белсенді, тіпті, Әбденнің депутаттық мандатын қайтарып алу туралы петицияны бастап кеп жіберді.
Депутаттың ұсынысы қызу талқыланып жатқан кезде депутаттың өзі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтқан сөзіне түсінік берді.
– Сайлау науқаны кезінде бұл бастама ұлттық құндылықтарымызды сақтауға және патриотизмді нығайтуға бағытталған шара ретінде ұсынылды. Мен депутаттық мерзімімде бастаған істерімді жалғастырамын. Бірақ Мәжілісте жан-жақты қаралмаған ұсыныстарды көпшілікке жария түрде айтпаймын. Себебі депутаттың кез келген бастамасы ғылыми сараптамаға, әлеуметтік зерттеулерге негізделуі тиіс, - делінген онда.
Алайда Қарақат Әбденнің аталған идеясы Мәжілістің жалпы отырыстарында депутаттық сауал ретінде қойылмады. Оның ұсынысын хайп деп атаған сарапшылар дұрыс айтқан сияқты.
Әйелді ұрған дұрыс па?
Ал қыркүйектің 26-сы күні Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында депутат Марат Бәшімов тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін талқылағанда, кейде әйелдердің өздері жұбайын қол көтеруге итермелейтінін айтты.
«Арандату/итермелеу түсінігі халықаралық тәжірибеде бар, алайда біздегі заңдар біржақты, ол тек әйелдердің мүддесін қорғауға бағытталған», - деп атап өтті депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, қазір Қазақстанда моральдық құндылықтардың құлдырауы мәселесі байқалады. Оған «БАҚ-та қатыгездік культін насихаттау, құмар ойындарға әуестік пен әйелдерді ұрып-соғу және т.б. тақырыптардың жиі жариялануы себеп» деп айыптады.
- Мәселе неде? – деп, Бәшімов риторикалық сұрақ қояды. Сол арқылы «жамандықтың тамырын» тап басуға тырысты.
– Күйеуі екінші рет әйеліне айғайлап, қол көтерсе, әйелдің қадірі қалмаған деген сөз. Қайта-қайта қол көтеретін күйеудің үстінен арыз жазып, полиция шақыра бергенше, ажырасу керек. Ажырас та, алиментіңді алып отыр. Жазалағың келе ме, ажырас та, мойнына алиментті іліп қой, – дейді ол.
М.Бәшімовтың бұл мәлімдемелері әлеуметтік желіде наразылық тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай патриархалдық ұстанымды ескере отырып, халық өкілінің «кәсіби заңгерлігіне» күмәндана қарады.
Дегенмен, жақтастары да болды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек әйел ер адамды ашулы күйге жеткізіп, қылмысқа «арандатса», оны да «карцерге отырғызу керек» деген пікір айтты.
– Еліміз үлкен аумақты алып жатыр. Біздің оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыстың менталитеті мүлдем бөлек. Бірақ бұл аймақтардың жастары бір-бірімен отбасын құрады. Олар әртүрлі тілде (қазақша, орысша) сөйлейді және әртүрлі дүниетанымда болады. Олар отбасы құрғасын, ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Ыдыс-аяқ сылдырлаған сайын күйеуіңді қамата берсең, ол отбасы бақытты бола ма? Тіпті осындай жағдайдан кейін көпшілігі қайтадан қосылмайды, – деді Амантай Жарқынбек Мәжілісте.
Әйелдердің бақытына қарай, мұндай позициядағы адамдар мәжілісте аз екен. Ал заңға тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына жазаны күшейту туралы толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп кетті.
«Сіз кімсіз, қарындас?»
Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан мектептерінде хиджаб киюге болмайтынын айтып, намазхандардың сынына ұшырады.
– Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл ретте мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді. Мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни нормалармен емес, азаматтық заңдармен реттеледі. Ал заң нормалары мектеп формасын кию стандарттарын сақтауды талап етеді, - деді министр.
Дәл осы күні ҚМБД Қазақстан мектептерінде орамал тағу мәселесін қозғады. Діни басқарма өкілдері иманды да білімді ұрпақ тәрбиелеу әрбір ата-ананың басты мақсаты екенін атап өтті. «Шариғат бойынша балиғат жасқа толған мұсылман қызға орамал тағу міндеттеледі. Білім алу да заманның талабы екенін естен шығармаған абзал».
Кейін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министр хиджаб кию тақырыбын тағы да көтерді.
«Қыркүйек айының басында мен хиджаб мәселесіне қатысты түсініктеме бердім және сол сөзіме қосарым: мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздығында», - деді Балаева.
Ол Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Дін туралы» заңның кейбір нормаларын қайта қарау жоспары туралы хабарлады. Министрдің айтуынша, бұл жұмыс аясында мамандар қоғамдық орындарда никаб, хиджаб және «қысқа шалбар» кию ережелерін қатайту стандарттарын да зерттеп, ұсынатын болады.
- «Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, заңнамалық нормаларды қатаңдатуға күш саламыз», - деді Аида Балаева.
Министрдің мәлімдемесі қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Осыдан кейін жекелеген мектептердің басшылығы хиджаб киген оқушыларды сабаққа жібермейтінін мәлімдеді. Оған жауап ретінде «орамал таққандар» әлеуметтік желілерде флешмоб бастады: көшелерде «Менің хиджабыма не кедергі?» деген жазуы бар киіммен жүрді. Осыдан кейін Аида Балаева райынан қайтып, сөзін жұмсартқандай болды.
«Біз никабтарға, паранжаларға және бетті жауып тұратын діни киімдерге тыйым салу туралы айтып отырмыз, себебі аталған тұтас жабық киімдер адамның жеке басын анықтауды қиындатады», - деді Балаева. Оның айтуынша, бұл мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.
Ұялмайтын қыз және «ұятты» тізім
2023 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – «Айка тізімі». Бұл «VIP клиенттермен» ғана жұмыс істейтін әйелдің телефон кітапшасының мазмұны, оның ішінде белгілі қазақстандық әншілер мен музыканттар, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, ірі бизнесмендер бар. Сондай-ақ тізімде Қазақстанның ірі қаржы институттарының, жоғары оқу орындарының және басқа да мекемелерінің қызметкерлері жүр.
Еске салайық, 2023 жылдың маусымында Ішкі істер органының қызметкерлері модель қыздардың қатысуымен вип-кештер ұйымдастырып, ақша тапқан танымал блогер Лав Айканың ұсталғанын хабарлады. Қыздар шын мәнінде интимдік қызмет көрсетіп, ауқатты еркектерге эскорт ретінде ілесіп, ресми шараларда да бірге жүрген. 25 жастағы Айка есімді «бизнесмен» клиенттерден ғана емес, эскорт қыздардан да ақша алып отырған. Ол бойжеткендер де жақсы өмір, шетелде қыдыру, «ауқатты махаббат» үшін 300 доллар көлемінде жарна төлеп тұрған.
Полицейлердің мәліметінше, администратор клиент төлеген ақшаның 40 пайызын алып отырған. Ал қыздарға бір сағаттық қызметі үшін төленетін ақы 500 мың теңгеден басталады. Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп жүргізілген талдау 2022 жылы «блогердің» 209 миллион теңгеден астам табыс тапқанын көрсетті.
- Тінту нәтижесінде қылмыстық «бизнес» туралы жазбалары бар күнделік, сатып алынған жылжымайтын мүлікке арналған құжаттар, ақ ұнтақты зат қалдықтары бар қалта айнасы, Lexus ES 250 мен Toyota Camry 70 және салмағы 1,72 грамм синтетикалық «мефедрон» есірткісі табылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
«Айканың» әлеуметтік желідегі парақшасына 130 мыңнан астам адам тіркелген. Қыз өзін блогер ретінде көрсеткен. Яғни, қымбат брендтік заттар, зергерлік бұйымдар мен шетелге сапарлары осы интернеттен тапқан ақшасына келіп жатыр дегенге сендіргісі келген. Ал ресми жұмыс орны тіркелмеген.и
Ал не болыпты? Полиция тағы бір жеңгетайды ұстады, притонды жапты. Бірақ... мәселе тек осы ғана ма? Айканың ұсталғанынан кейін оның клиенттері мен эскорттары жайлы виртуалды тізім әлеуметтік желіні шарлап кетті. Тізімде қарапайым жан жоқ, бәрі танымал тұлғалар.
Виртуалды тізім әлеуметтік желіге қалай жетті? Мұны күштік құрылымдар базасынан кім алып шықты? Өздері ме, әлде хакерлер ме? Қайсысы болса да, күштік құрылымдардың беделіне нұқсан келтіреді.
Осындай жағдайдан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов: «Егер «Айка тізімін» полицейлер жария еткені дәлелденсе, олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда, тізімдегі «клиенттер» де, олардың әйелдері де полицияға ешқандай арыз-шағыммен жүгінге жоқ» деді ІІМ.