×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Ақша есеппен жұмсағанға жақсы немесе жаңа министрлер экономиканы тығырықтан шығара ала ма?

08.02.2024, 09:53
ulysmedia

Министрлер кабинетіндегі өзгерістер кезінде 4 министр ауысты. Қалған министрлер өз қызметтерін сақтап қалды. Сонда қай ведомстволарда кадрлық ротациялар жүрді? Міне, осы қызықтырақ. Атап айтқанда, үкіметтің «экономикалық блогы» деп аталатын құрылымда өзгерістер болды: Мәди Тәкиев Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты ауыстырды. Ал Әлібек Қуантыровтың орнына Ұлттық экономика министрі болып Нұрлан Байбазаров келді.

Ерұлан Жамаубаевтың қисынсыз шешімдері

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі болған Ерұлан Жамаубаев жаңа құрамға енбей қалған бірінші министр. Кейбір сарапшылар үкіметтегі экономикалық блок өзіне жүктелген міндеттерді тәп-тәуір орындағанын айтып жатса да,  әлеуметтік желідегілердің пікірі басқаша еді.

Иә, Жамаубаевтың тұсында басталған жалпыға бірдей декларация қарапайым қазақстандықтардың көңілінен шықпады. Көңілден шықпағаны реформаның өзі емес, оны іске асыру механизмдерінің осал әрі дұрыс ойластырылмауы еді. Биыл салық есептілігін бизнес өкілдері – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыру қажет. Өткен жылдары декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырған. Келесі жылдан бастап еліміздің 18 жастан асқан барлық тұрғыны табысы туралы есеп беруге міндетті.

Ерұлан Жамаубаевтың тұсында басталған тағы бір реформа қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылауға алу еді. Есепшотына ай сайын 100 түрлі адамнан мобильді аударым түсетін кез келген адамды салық органдары мұқият қадағалайды.

Экс-қаржы министрінің тұсында халықтың қалтасындағы соңғы тиынына дейін тексеруге бағытталған шешімдер қабылданды. Жаңа Салық кодексі, Қосымша құн салығын 12-ден 16 пайызға дейін көтеру, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай әлеуметтік төлемдердің жойылуы да қарапайым халықты әбігерге түсірді. Тек әлеуметтік желілерде ғана емес, заң шығарушы биліктің өкілдері де бұған қатысты сын айтты. Ұлттық қордан трансферт алуға әбден үйреніп алған министрлік бюджет дефицитін жабуға өзінше әрекет ете алмады.

Айтпақшы, үкіметтің экономикалық блогын сынағандарға былтыр тамыз айында Мемлекет басшысы да қосылатынын білдіріп, «креативтілік таныта алмаған» министрлікті біраз сынаған. Алайда Қаржы министрлігінің басшысы ол кезде президенттің өзіне қарсы айтқан сынына жауап бере алмай, іштей келіскен сыңай танытты.  

 – Әріптестеріме баға бергенім дұрыс болмас, - деп түсіндірді Жамаубаев.

– Сынға пікір білдірген дұрыс емес. Президент Жолдауын күтейік. Бағасын халық береді.

Осыдан кейін-ақ «үкімет отставкаға кетеді» деген болжамдар айтылды. Алайда отставкаға кеткен үкімет болмады, орындарында нық отырды.

Мәди Тәкиев ҚҚС-на қалай қарайды

Ақпанның 6-сында Қаржы министрлігінің күнделікті жайбарақат тіршілігі қым-қуыт болып кетті.  Креативі ақсап тұрған Ерұлан Жамаубаевтың орнына «АМАНАТ» партиясының партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болған әрі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарған Мәди Тәкиев келді. Тәкиевтің Мәжілістегі қызметі мұнымен шектелмеген, ол заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның мүшесі де болды.

Қаржы министрлігінің жаңа басшысының бұрынғы атқарған қызметтеріне қарап, қазақстандықтар күткен Табысты бақылау туралы реформаның жақын арада жойылуы мүмкін еместей көрінеді.  Өйткені бұрын салық органдарында жұмыс істеген азамат мұндай батыл қадамға бара қоюы екіталай. Ал Мәди Тәкиев көзін тырнап ашқаннан осы салық органдарында жұмыс істеп келді. Еңбек жолына көз жүгіртсек: инспектор және бас салық инспекторы, Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің СМП-мен жұмыс және аудит бөлімінің бастығы, Алматы облысы бойынша Салық департаментінің акциздерді әкімшілендіру басқармасының бастығы, Алматы қаласы Салық департаменті басшысының орынбасары, Қаржы министрлігі Салық комитетінің басшысы, Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кедендік саясат департаментінің директоры, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Салықты бақылау департаментінің директоры. Байқағандарыңыздай, Тәкиев – нағыз салық қызметкері.

Қызмет жолында аз уақыт салық органдарының қатарынан шығып, Премьер-Министр Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінде бас сарапшы ретінде бағын сынап көрді. Одан кейін 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Ұлттық экономика вице-министрі болды. Ол 2020 жылдың қыркүйегінде Президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Жаңа министрдің бұрынғы қызметтегі сұқбаттары туралы көп мәлімет жоқ, бірақ интернетте Мәди Тәкиевтің 2015 жылғы атыраулық БАҚ-қа берген сұхбатын таптық.

Тәкиев сұқбатта кәсіпкерлердің Қосымша құн салығын алып тастау туралы ұсынысына қалай қарайтынын айтқан.

«Менің жеке пікірім, ҚҚС-ты қалдырған дұрыс, бірақ оның мөлшерлемесін 6-7 пайызға дейін төмендетіп, сатудан түсетін табыс көбейсе ғана қосымша салықты қосқан дұрыс».

 – Бұл ел үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді болады деп ойлаймын, - депті Тәкиев.

   Ол осыдан 9 жыл бұрынғы ұстанымында қала ма, оны жақын арада білеміз.

Әлібек Қуантыров. Сөз бен іс алшақтығы

Ulysmedia.kz-тің бір емес, бірнеше рет кейіпкеріне айналған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та министрлік креслосын босатты.

Әлібек Қуантыров 2022 жылдың қаңтарынан бастап Смайылов басқаратын министрлер кабинетіндегі «экономикалық блоктың» тұтқасын ұстады. Президент оған халықтың кірісін арттыру  және инфляцияны төмендету туралы тапсырма берген.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қуантыров өзіне жүктелген міндетті орындап шықты. Егер азық-түлік бағасы мен қазақстандықтардың жалақысы арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін білмесек, бәрі тамаша деп отыра берер ме едік? Алайда мұның бәрі қағаз жүзінде керемет екенін сіз бен біз жақсы білеміз.

              «Экономист» деген табақтай дипломынан бөлек, Әлібек Қуантыровтың тағы бір мамандығы бар болып шықты. Бұл мамандық өте сирек кездеседі және ол «лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» деп аталады.

Еңбек жолын 2005 жылы Экономика министрлігінен бастаған. 2010 жылы Әділет министрлігіндегі департамент директорының орынбасары болып, мансаптық жолында үлкен қадам жасады. Кейін Индустрия министрлігінде, Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. 2019-2021 жылдары – канцелярияның бөлім меңгерушісінің орынбасары болды.  Осыдан кейін ол Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін министр креслосына отырды.

              Былтырғы жылыту маусымындағы техногендік апаттан кейін «тарифті инвестицияға айырбаста» бағдарламасына қайта серпін беруі – Ә.Қуантыровтың есте қалатын бастамаларының бірі. Әбден тозып, кетеуі кеткен энергетика саласына инвестиция тарту үшін жасалған бұл бағдарлама бұрын қолданыста болған, алайда кейін тоқтаған. Ал Қуантыров осы бағдарламаны қайта жандандыру керектігін ұсынды. Былтыр тек Екібастұз қаласы ғана емес, еліміздің бірнеше шаһарындағы жылу беру станцияларында апат болғанын жаураған жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Тарифтердің көтерілуінен қазақстандықтардың коммуналдық шығындары артты. Одан жылу желілері жақсарған жоқ. Биылғы жылыту маусымының басында былтырғы оқиға сол қалаларда тағы қайталанды.

Былтыр мамыр айында экс-премьер-министр Әлихан Смайылов Қуантыровқа ауызша сөгіс, ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа жұмысты дұрыс үйлестіре алмағаны үшін сөгіс берді.

– Президент пен тұрғындар тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты әділ сынды жиі еститінімізді білесіз. Өткен қыстағы төтенше жағдайдың алдағы жылыту маусымында қайталануына жол беруге болмайды. Қатаң бақылаймын», - деп ескертті Смайылов.

Бұрынғы премьер-министр бұл уәдесін орындаған шығар деп сенейік. Әйтпесе...

Нұрлан Байбазаров. Мансапқа апарар есептер

Су жаңа Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұрынғы министрден жақсы бола ма, оны қазір болжау мүмкін емес. Өйткені қарапайым қазақстандықтар оның қаншалықты іскер басшы екенін жете танып білмейді. Себебі оның бұған дейінгі қызметтері қоғам назарында болмаған.  Дегенмен оның барлық тағайындаулары «ұзақ мерзімді» және тұрақты болуы мүмкін. Оған себеп мынада:

              «Экономика» мамандығын үздік тәмамдаған Байбазаров 1997 жылы Қаржы министрлігіне жұмысқа орналасады. Жеті жылдан кейін ол жұмыс орнын ауыстырып, Қазақстанның Даму банкі департаменттерінің бірін басқарады. 2013-2016 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде экономика салаларын дамыту департаментін басқарады. Одан кейін «Бәйтерек» құрылымдарында сегіз жылға жуық еңбек етеді. Индустриялық даму қорында басқарма басшысы және директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Даму банкінде басқарма төрағасы болды. Ал үш ай бұрын ғана «Бәйтерек» басқармасының төрағасы болып тағайындалған.

Айтпақшы, өткен айдың соңында Байбазаров президент Тоқаевқа холдингтің өткен жылдағы жұмысының қорытындылары туралы баяндап, есеп берді. Оның есебі бойынша «Бәйтеректің» экономикалық көрсеткіштері өте жоғары болды. Оптимистік көзқарасы үшін Президентке жаққанға ұқсайды.

Ал осыдан бір жарым ай бұрын Байбазаровтың дәл осындай «оптимистік» есебін Ұлттық экономиканың экс-министрі Әлібек Қуантыров тыңдаған. «Бәйтерек» басшысы оған 585 млрд теңгеге 226 ірі жобаны және лизингтік мәмілелерді қаржыландыру туралы айтып берген еді.

Байқағандарыңыздай, қазіргі уақытта «ақылға қонымды» және оптимистік тұрғыдағы есептер мансап жолында өсуге көмектеседі. Енді Нұрлан Байбазаров үшін ең бастысы өзінің ізашары Ә.Қуантыровтың қателіктерін қайталамау. Ал Қуантыровтың есептері халықты қуанта алмағанын бұған дейін де айтқан едік. Қайталап қайтеміз?!

Серіктес жаңалықтары