Қазақстандағы соңғы саяси ауыс-түйіс барысында министрлік тізгінін ұстаған жаңа кадрларды байқадық. Бұл өзгерістер жаңа кадрлардың Олимп шыңына шығуына себеп болғаны анық. Олар өз биігінде ұзақ тұра ала ма, ол жағы жұмыстарын көрсете алуына байланысты. Алайда біздің айтпағымыз ол емес. Олардың бұрынғы қызмет орындары босап, оның орнына да жаңа басшылар тағайындалды. Міне, бүгінгі мақаламызда осы жағына мән бергенді жөн көрдік.
Осыған дейін «Бәйтерек» ұлттық холдингі басшысының орынбасары болып келген 40 жастағы Рустам Қарағойшин бір күнде жаңа креслоға жайғасып, бұрынғы бастығының орнын басты. Ал осы қызметте болған Н.Байбазаров күні кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметіне тағайындалды.
Әрине, «Бәйтерек» ҰБХ министрлік емес. Бірақ бұл құрылым басқаратын қаржы министрлерге жүктелген жауапкершіліктен бір мысқал да кем емес. Өйткені «Бәйтерек» және оның еншілес компаниялары арқылы барлық негізгі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар қаржыландырылады. Осынша ауқымды ресурсты енді кім басқарады, бұл жайында Ulysmedia.kz зерттеп көрді.
Бас айналдыратын мансап
Жылы орын бос тұрмайды. Жаңа министрлер кабинеті тағайындалғаннан кейін бір күн өткен соң Ұлттық экономика министрлігінің жаңадан тағайындалған басшысы Нұрлан Байбазаров «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ұжымына жаңа басшыны – өзінің бұрынғы орынбасары Рустам Қарағойшинді таныстырды.
Бұл тағайындау тосын болды деп айтуға болмайды, Қарағойшин өз карьерасын бастаған сәттен осы жолға мықтап дайындалған еді. Өйткені генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды.
Карьера дәлізі
2004 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша тәмамдаған ол бірден «Бәйтеректің» еншілес ұйымы «Қазақстан Даму Банкіне» жұмысқа орналасып, мансаптық баспалдақтың алғашқы басқышын басты. 2004 жылдан 2007 жылға дейін жобаны талдау бөлімінің менеджері, бас менеджері, басшысы болды. Сонымен бірге ол Халықаралық бизнес академиясында оқып, Іскерлік басқару магистрі дәрежесін алды.
2007-2011 жылдар аралығында «Бәйтерек» холдингінде жаңа мансаптық серпіліс жасап, «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарушы директорынан басқарма мүшесіне дейін көтерілді.
2011 жылы ол жұмысын ауыстырып, «Петролеум Оперейтинг» мұнай және мұнай өнімдерінің маркетингі департаментінің сыртқы экономикалық қызмет бөлімін басқарды. Бірақ бір жылдан кейін ол Credit Systems-те басқарма төрағасы лауазымына ие болды.
2013–2015 жылдары «Сбербанк Лизинг» ЖШС-де бас директордың орынбасары, кейін бас директоры болды. 2015–2019 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылы «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС бас директоры болды. 2019-2021 жылдары – «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ Басқарма басшысының орынбасары лауазымында болды.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Рустам Қарағойшин университетті бітіргеннен бастап бүгінге дейін ірі құрылымдарда тек басшылық қызметтерді атқарған. Жас жігіт қандай қабілеттерінің арқасында осындай мансапқа қол жеткізді? Тілі ащы жандар мұны оның шыққан тегімен байланыстырады. «Бәйтерек» ұлттық холдингінің жаңа басшысы кімнің туысы? Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Рустам Қарағойшин – ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің ұлы.
Әке мен баланың әрекеті
Осы ашық дереккөздердің мәліметі бойынша Рустам Қарағойшин 2023 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің рейтингіне енді. Ол «Үштөбе ет» ЖШС иесі, «QZQ Development» ЖШС, «KTK Group» ЖШС және «Kazakh Agro Production» жеке компаниясының акцияларына ортақ иелік етеді. Айтқандай, Forbes Kazakhstan рейтингінде 45-ші орынға жайғасқан.
Былтыр сәуір айында Ulysmedia.kz сайты «Тұрғын үй кешені мен құбыр: Астанадағы «Дублин» мен G-Park кімге кедергі келтірді?» деген мақала әзірлеп, тұрғын үй төңірегінде туындаған айқай-шудың шынайы себептері туралы айтқан едік. Дәл сол кезде біз ірі құрылыс салушыға қатысты даудың ескі қазақстандық «схема» бойынша іске асқанын айтқанбыз. 2022 жылдың желтоқсан айында қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық бөлімі «ВД Строй-инжиниринг» компаниясымен келісім-шартқа отырған. Бұл жеке компания Қорғалжын тас жолы аумағында, аталған тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында, инженерлік инфрақұрылымы бар газ қазандығын салуға келісімшарт жасаған. Жоба қазандыққа дейінгі құбырды жеткізу желілерін де, қазандықтан көпфункционалды отбасылық ойын-сауық туристік аймағына дейінгі инженерлік желілерді де қамтыды. Бір қызығы, «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС директоры Рустам Қарағойшин екені ашық дереккөздерге бар. Ал әкесі Тимур Жиенбайұлы Қарағойшин ол кезде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Ulysmedia.kz тілшісі үлкен Қарағойшиннің 2016-2021 жылдар аралығында «Мемлекеттік сараптама» МК-ның бас директоры болғанын анықтады. Жақсы, дәл сол кезде әкесі ұлының тендерде қымбат жоба ұтып алғанын білмеген дегеннің өзінде, кейін бұған мән беруі керек еді. Өйткені «отбасылық» бизнестің белгілері анықталған жағдайда, сыбайлас жемқорлықпен күресетін органдар үнсіз қалмайтын. Алайда бәрі өз орнында қалуына қарағанда, аталған органның да бұл іске құлықсыз болғаны байқалады. Әрине, біз шындықты шырылдап айтқанымызбен, бұған мән берген ешкім болмады.
Әркімнің өз еншісі бар
Алайда, бұл жағдайда «апама жездем сай» деген сөз еріксіз еске түседі. Өйткені «Бәйтерек» ұлттық холдингінің «еншілес компаниялары» бір емес, бірнеше рет жанжалдың қақ ортасында ойқастап жүрді.
2013 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың негізгі операторы ретінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі құрылды. Мұны ол өзінің еншілес ұйымдары арқылы істеу керек болды. Олардың саны 11 еді:
• «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ;
• «KazynaCapitalManagement» АҚ;
• «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ;
• «ҚазЭкспортГарант» СК АҚ;
• «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдау орталығы» ЖШС;
• «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ;
• «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ;
• «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ;
• «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ;
• «Бәйтерек девелопмент» АҚ;
• «Қазақстанның ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры» АҚ.
Бір қызығы, осы он бір еншілес ұйымның әрқайсысы дерлік бір немесе бірнеше жанжалға қатысқан. Бұл жағынан олар «Бәйтеректің» ерлігін қайталаған. Яғни, алма өз ағашынан алысқа түспеген.
Өткен жылдардағы есте қалатын оқиғалардың бірі – Қарағанды қаласында кремний металын өндіретін Silicium Kazakhstan зауыттың құрылысы кезіндегі жанжал. Сарапшылар холдингтің екі құрылымын – «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Қазақстан Даму Банкін келешегі зор осы кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алды деп айыптады.
Еске сала кетейік, зауыттың құрылысын ресейлік «Титан» компаниясы 2007 жылы бастаған. Жобаны жүзеге асыру үшін 170 миллион доллар тартылды. Соның ішінде Қазақстанның Даму банкінен (ҚДБ) 63 млн.теңге. Зауыт 2010 жылы жұмысын бастап, 2012 жылы жобалық қуатына шықты. Алайда 2013 жылдың басында кәсіпорын жұмысын тоқтатты.
Зауыттың бас директоры Александр Сутягинский кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен қамауға алынды. Несие берушілер қарызды мерзімінен бұрын жабуды талап етті. Компанияның мүлкі қарызды қайтарғанға дейін арестке қойылды. Сот несие берушілер ісін дұрыс деп тапты. 2013 жылдың тамызында ҚДБ қарыздарды Қазақстанның инвестициялық қорына берді. 2016 жылдың қаңтарында инвестициялық қор Silicium Kazakhstan базасында құрылған «Silicon of Kazakhstan» ЖШС-ін «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-на 13,6 млрд теңгеге сатты, содан бері кәсіпорынның «табыстары» туралы ештеңе айтылмайды.
Жанжалдар, интригалар, тергеулер
«Бәйтеректің» төңірегіндегі келеңсіздіктер жалғаса берді. 2016 жылы «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы мен осы құрылымның бірқатар шенеунігі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті хабарланғандай, «аса ірі көлемде пара алу» фактілері бойынша 2016 жылғы 30 қарашада қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың бірі – басқарманың бұрынғы төрағасы Бақыт Жақсыбаев қамауға алынды. Ол қамауға алынған уақытта ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, Жақсыбаев қылмысқа қатысушылардың барлығын қадағалап, олардың рөлдері мен алған пара сомасын бөлген.
Бұған дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлық схемасын құрып, пара алды деген күдікпен «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыпов, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дирекциясының бөлім басшысы Б. Айтимбетова, бұрынғы басқарушы директорлар Г.Анарбай және Ғ.Сариев, «Project City Group» ЖШС басшылары Қ.Смағұлов, Б.Есмұханов, Е.Жұманазар және А.Комаров ұсталған еді.
Сонымен қатар 2013–2016 жылдары «Бәйтерек» холдингін басқарған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталды.
2017 жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын жүзеге асыруға жауапты «Бәйтерек девелопмент» инвестициялық компаниясының бірнеше топ-менеджері қамауға алынды. Тергеу мәліметтері бойынша, ұсталған топ-менеджерлер қызмет өкілеттігін пайдаланып, өздері сенім білдірген компанияларға мемлекеттік тұрғын үй салуға рұқсат берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы 288 миллион теңге пара алғанын хабарлады.
2020 жылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы «Бәйтерек» ҰБХ-да тергеу басталғанын мәлімдеді. Холдингтің бірқатар шенеунігі күдікке ілінді. Тергеу анықтағандай, олар бюджеттің 197 миллион теңгесін жымқырған. Бұл ақша холдингтің еншілес ұйымы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке» бизнес-кеңес беруге жұмсалуы керек еді.
2023 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік қолдауға берілген қаражатты қалаған компанияларына бөліп, әділетсіздік жасады деген күдік келтірді.
Өткен жылдың қазан айында Қаржы мониторингі агенттігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ заңсыз жекешелендіруге қатысты тергеу жүргізетінін жариялады. Тергеу барысында 63,3 млрд теңге активі бар «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне 100 пайыз қайтарылды.
Зейнетақы бәске тігілді
Бүгінде сарапшылар ҚР Ұлттық банкінің Бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ облигацияларына салу туралы шешіміне айтарлықтай күмәнмен қарайды. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық банкі 173 млрд теңгеге «Бәйтерек» облигацияларын сатып алу туралы хабарлаған еді. Болжам бойынша, бағалы қағаздар жылына 13 пайыз кіріс әкеледі.
«Бұл эмитент халықаралық рейтингтік агенттіктердің сеніміне ие болған, әлеуетті қарыз алушы ретінде мойындалған. Сондықтан бұл жерде күманданатындай ештеңе жоқ» деп жауап берген Ұлттық банк.
Енді Рустам Қарағойшиннің алдында нақты міндет тұр. Сенімге селкеу түсірмеу үшін адал жұмыс істеу қажет. Ал ол осы міндетін абыроймен атқара ала ма, ол жағын уақыт көрсетер.