×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мәулен Әшімбаев Рим Папасын қонаққа шақырды

06.11.2021, 21:55
Мәулен Әшімбаев Рим Папасын қонаққа шақырды
Фото: senate.parlam.kz

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапары аясында Рим Папасы Францискпен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚР Парламент сенатының баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Понтификке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне шақыру хатын табыс етті.

Сұхбат кезінде Сенат Спикері Қазақстанның конфессияаралық келісімді нығайтуға және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған бастамалары туралы айтып, олардың Ватиканның қызметімен тығыз байланысты екеніне назар аударды.

«Этносаралық бейбітшілік және келісім, әр азаматтың діни көзқарасына деген құрмет қазақстандық мәдениет пен менталитеттің ажырамас бөлшегі. Біз толеранттылықты сақтауға және оны дәріптеуге баса мән беріп келеміз. Сол себепті, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы бастама көтерді. Бұл Форумның жұмысын дамытуға Съезд Хатшылығының Басшысы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтарлықтай үлес қосты», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол Ватиканның еліміздің аталған бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан ұйытқы болған дінаралық форум 18 жылдың ішінде мазмұнды диалог құратын ашық алаңға айналды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасиетті Таққа алғысымды білдіремін. Бұған дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты Съезі өткізілді. Соның бәріне Католик шіркеуінің жоғары лауазымды өкілдері белсенді түрде қатысып келеді», – деді Сенат Төрағасы.

Алдағы Съезде пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани-әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлін талқылау жоспарланып отыр. Осыған орай тараптар дін қайраткерлері пандемиямен және оның әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық салдарымен күреске үлкен үлес қоса алатынына сенім білдірді.

«Пандемиядан сабақ алуға, оның салдарымен күреске дін лидерлерінің қосар үлесі мол. Бүкіл әлемді шарпыған індет адамзаттың қордаланған проблемаларын одан әрі ушықтырып жіберді. Олардың қатарында кедейшілік, теңсіздік, көптеген елдегі денсаулық сақтау жүйесінің мүшкіл жағдайы, адамдардың білім деңгейінің төмендігі, экология және тағы басқа өзекті мәселелер бар. Сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде тұтынушылық басымдықтар қайта қаралып, рухани және адамгершілік құндылықтар бірінші орынға шығуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Рим Папасы Франциск Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа келесі жылы қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысуға Қазақстанға шақырғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Понтифик Елбасының Съезді шақыру туралы бастамасының маңызды екеніне назар аударып, Қазақ елінің жаһандық дінаралық диалогты дамытуға айтарлықтай рөл қосып отырғанын атап өтті.

Сұхбаттасушылар халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді де талқылады. Атап айтқанда, Ауғанстандағы жағдайға, жаһандық климаттың өзгеруіне және тағы басқа түйткілдерге назар аударды.