Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ыстамбұлда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммиті аяқталды.
Мемлекет басшысының саммитте сөйлеген сөзі баспасөз хатшысы Бәрік Уәлидің Фейсбук парақшасында жарияланды.
Мемлекет басшысы биыл Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтары Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде екенін айтты.
«Біз пандемиямен бірлесе күресу үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткіздік. Қасиетті Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды. Сондай-ақ, Таулы Қарабақ мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді төрағалық тізгіні Түркия Республикасына өтеді», – деді ол.
Сондай-ақ, ұйымның алдағы жұмысы мен оның басым бағыттары туралы пікірін айтты.
«Бірінші мәселе. Қазір дүние жүзі экологиялық түйткілдерді шешуге ерекше мән беруде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз. Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек. Қазақстанның көмірсутегі қоры мол. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық», - деді ол.
Оның айтуынша, екінші мәселе – сутегі энергетикасының маңызы артып келе жатқандығы.
«Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды. Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады», - деді Мемлекет басшысы.
Үшінші мәселе – бүгінде барша адамзат жаһандық жылыну үдерісіне алаңдап отырғаны.
«Халықаралық қауымдастық осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауға мүдделі. Қазір су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз. Қазақстан – Орталық Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет. Алайда, біздің еліміздегі бидай өнімінің азаюына жол бермеу үшін, сондай-ақ бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Түптеп келгенде, осындай шаралар біздің елдеріміздің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан, өздеріңізбен бірлесіп, гидроқұрылымдар салуға дайынбыз.
Төртінші мәселе, жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды іске асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту маңызды. 10 жылда дүние жүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті. Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты. Бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын. Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз. Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз», - деді ол.
Бесінші мәселе – қазір әлем халқының саны 8 миллиардқа жуықтады.
«Оның 55 пайызы қалада тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді. Жыл өткен сайын қалалық жерде көрсетілетін қызметке сұраныс артып келеді. Жаһандық індет мұндай қызметті қашықтан жүргізуге болатынын көрсетті. Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді. Ал, салық түсімі бірнеше есе артты. Қазақстан Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады. Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек. Бұл біздің елдеріміздің экономикасын өркендетуге де септігін тигізері анық. Қазақстан ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктерін экспорттауға және тәжірибе бөлісуге дайын.
Алтыншы мәселе, біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ, келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і – шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев түркі саммитіне қатысу үшін Стамбұлға барғаны туралы жаздық.