Еліміздің бас қаласында жыры ұзаққа созылған «сақалды құрылыстың» бастысы (LRT-ны қоспағанда) Abu-Dhabi Plaza көпсалалы кешенінің салынып келе жатқанына 11 (!) жыл болып отыр. Тіпті бес рет қолданысқа тапсырылуы кейінге шегерілді. Осы орайда Ulysmedia.kz алып жобамен жақынырақ таныстыруды жөн көрді.
Әңгіменің әлқиссасы, Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері тиісті кешенді құрылысы жайлы келісімге екі жыл талқылау мен жобаны әзірлеуден соң 2009 жылдың маусым айында қол қойды. Тамыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын бастап берді. Осы орайда бірден атап өтер жайт, астанадағы «Абу-Даби Плаза» Орталық Азияда ең биік ғимаратқа айналмақ. Мәселен оның Qazaqstan аталған басты мұнарасы 320 метрге көкке өрлеп, 75 қабаттан тұратын болып шықты.
Жалпы нысанның өзі сол жағалауда 4,5 гектар аумақты алып, әмірліктегі инвестор құны миллиард доллардан асып кететінін айтуда.
Құрылысы басталмай жатып әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан тоқтап қалған кешеннің қарапайым тілмен жазғанда көрмеген құқайы жоқ. Жұмысшылардың ереуілі, жаппай төбелес, өрт. Тілсіз жау демекші, 2016 жылы мұнараның бірінде бес қабатын қайта салуға тура келді.
Өткен жылы «сақалды құрылыстың» осы жылдың аяғына дейін аяқталатыны мәлімделді. Солай сияқты. Зәулім үйдің төбесінде кранның ұшы көрінеді. Астыңғы қабаттарда да бітпеген ұсақ-түйек көп секілді сезілді…
Дегенмен құрылысшылардың қарқыны қатты ма, қалай, әйтеуір күні-түні, кез-келген ауа райында еңбектенуде.
Жерде темір-терсек жатса, арасында құрал-cайманды қар басып үлгерген.
Құрылыс жұмыстары толық тәмамдалмағанмен, оның кешеннің бір бөлігінде сауда орталығының іске қосылуына кедергі жасамағанын оқырманның өзінің көзі шалған болар.
Ал Абу-Даби Плазаның қасынан жемқорлықтың символына айналған LRT өтеді. Қоршалған, бетон тіреулердің қаңқасы ғана бар жеңіл рельсті көлік жолының әрі қарайғы тағдыры әлі де белгісіз…