×
474.72
515.17
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.72
515.17
5.58

Зейнетақы реформасы: Жүз мыңдар қуанып, миллиондар күрсінген күн

03.12.2021, 16:04
Коллаж: ulysmedia.kz.

2022 жылы зейнетақы жинағының артылған сомасын алуға мүмкіндік беретін шекті мөлшер 1,8 есе өседі! Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 3 желтоқсандағы осы хабарламасы жұрттың наразылығын туғызып жатыр. Бұл реформа көпшілік күткен үдеден шықты ма? Ulysmedia.kz порталы осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Жалпы зейнетақы реформасы туралы алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында айтқан болатын.

«Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша ел билігі халыққа зейнетақының бір бөлігін үй сатып алып, емделу үшін алуға рұқсат берді. Түптің түбінде осы бастама зейнетақы жүйесіне сенімді арттырып, қазақстандықтардың баспана мәселесін шешуі керек-тін. Президенттің өзі айтқандай «бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналуы керек» еді. Алайда...

Іс жүзінде реформа сәтті шықты деуге айтуға келмейді. Өкініштісі осы реформа тіпті кері әсерін көрсеткені де көп айтылып жүр. Атап айтқанда, елде алдымен баспана бағасы мен құрылыс материалдарының бағасы шарықтап шыға келді. Кейбір экономистер мұның салдары айналып келгенде халықтың экономикалық теңсіздігін тіптен ажырата түскенін айтады. Пәтердің шаршы метрінің құны шарықтап, үй алу мүмкіндігі тіпті қиындай түсті.

РЕФОРМА: ҚАНША АДАМ ПАЙДАСЫН КӨРДІ

Ендігі кезекте Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының ресми сайтындағы мына бір ақпаратқа назар аударып көрейік. Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша салымшылардың зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 516 743 өтініш (оның ішінде 71 533 өтініш емделу үшін) орындалған. Осылайша, БЖЗҚ олардың шотына 2 трлн теңгеден астам қаражат аударған. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 3,9 млн теңге болған.

Ал 2021 жылдың 2 желтоқсанында бұл реформа арқылы 523 938 адам баспана мәселесін шешіп, денсаулығы үшін өзіне тиесілі зейнетақы сомасын пайдаланған.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АДАМ БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ

Ranking.kz 2017 жылдың тамызында елде 2,5 млн адам баспанаға мұқтаж екенін хабарлаған. Сол тұстың өзінде зерттеу агенттігі мамандары тарапынан Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының стандартына жету үшін тұрғын үй қорының өсімін жылына 5 есе арттыруы керектігі ескертілген еді.

Арада бір жыл өткеннен кейін Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжіліс отырысында елде 2,5 млн адам пәтерге мұқтаж екенін растаған болатын. Вице-министр сол тұста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны - 1 млн 96 мың адам екенін, одан бөлек 1 миллионнан астам адам адам жер учаскесін талап етіп жатқаны мәлім еткен еді.

Осы жылдың қыркүйегінде Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев баспанаға мұқтаж адамдардың саны туралы мынадай мәліметті келтірген болатын.

«Тұрғын үйге мұқтаж адамдар туралы айтсақ, бұл шамамен 2 млн адамдай болады. Жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретін адамдарға қаржыландыру қажет. Айталық, бастапқы жарнаны 5% мөлшерінде, ал қалған қарызды олар 15-20 жыл ішінде төлей алатындай бағдарлама қажет», - деген еді Қазақстан Құрылысшылар одағының басшысы.

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне хабарласқанымызда бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алатын, жеңілдікпен баспана ала алатын 588 мың адам (мүгедектер, бюджет қызметкерлері, жетімдер, толық емес отбасылар, қандастар) тұрғын үй кезегінде тұрғаны хабарланды. Алайда тұрғын үйге мұқтаж, ешқандай санатқа кірмейтін қанша адамның аспанаға мұқтаж екені туралы министрлік ақпарат жоқтығын мәлім етті.

БАҒЫ БАР 500 МЫҢ МЕН ЖОЛЫ БОЛМАҒАН 2 МИЛЛИОН

Қазақстанда баспананың қымбаттауына ең үлкен фактор зейнетақы қорынан бөлінген қаржы себеп болғанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев екі ай бұрын растаған болатын. Осылайша, елде 500 мыңнан астам адам зейнетақысының игілігін көргенімен, 2 миллионға жуық адам үшін баспана бағасы шарықтап шыға келді.

Экономист Расул Рысмамбетов осы реформаға әу бастан қарсы болғанын айтады.

«Зейнетақыдан ақша алуға рұқсат берудің өзі – қате шешім. Мемлекет халықтың аз қамтылған бөлігіне көмектескісі келсе, ол қолдауға басқаша жағынан келер еді. Мемлекет жалға берілетін үйлерді салып, ақшасы жоқ адамдарды сол үйлерге орналастырар еді. Қазір кімде ақша болса, солар өз мәселесін шешті. Ал әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған халықта зейнетақыдан артылатын ақша ешқашан болмаған. Олар тіпті қиын жағдайда қалды. Себебі Қазақстанда үйдің бағасы қымбаттап шыға келді», - дейді экономист Ulysmedia.kz порталының тілшісіне.

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, енді көп адам зейнетақысын жинап үлгермейді. Екіншіден, әлеуметтік саясатты шын ойласа, айлықты өсіріп, мемлекет мұқтаж отбасыларға баспана салуға көбірек мән беруі керек болатын.

«Бұл – сәтсіз болып шықты (реформа жайлы). Зейнетақының бір бөлігін пайдалану бастамасы үйдің бағасын қымбаттатып қана қойған жоқ. Өйткені құрылыс компаниялары енді бәрі үй сатып алатын болды деп ойлады. Оған қоса ол үйдің қолжетімділігінің өзін зейнетақыда көп ақшасы жоқ қарапайым азаматтар үшін күрделендіріп жіберді. Мысалы, елде осы бастамаға дейін пәтердің шаршы метрі 250 мың теңге болса, қазір ол 300 мың теңгеден асып кетті. Яғни өз шотына адал ақша жинаған, діни немесе басқа да көзқарасы бойынша ипотека алғысы, пайызбен араласқысы келмеген адамдар баспанаға тіпті қол жеткізе алмай қалды», - дейді Расул Рысмамбетов.

Серіктес жаңалықтары