×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Жемқор қосшы үшін отставкаға кеткен басшы жоқ

21.12.2021, 13:29
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда қол астындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін саяси лауазымдағылардың отставкаға кетуін көздейтін норма 2019 жылы 10 желтоқсанда енгізілді.  Ulysmedia.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдай отырып, заңның қаншалықты жұмыс істеп жатқанын білмек болды. Агенттіктің баспасөз қызметі көпке белгілі деректерді қайталап берумен ғана шектелсе де, жыл қортындысы ретінде сотталған саяси лауазымды жемқорларды топтастырып беруді жөн көрдік.

Бір мәселенің басын ашып алсақ, біздің елде саяси лауазымды қызметкерлерге кімдер жатады. Бұл туралы «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде былай деп жазылған.

МЕМЛЕКЕТТІК САЯСИ ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР:

Премьер-Министрі, оның бірінші орынбасары мен орынбасарлары

Мемлекеттік хатшысы

Президенті Әкімшілігінің Басшысы, оның бірінші орынбасары мен орынбасарлары

Конституциялық Кеңесінің Төрағасы және мүшелері

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері

Президент көмекшісі

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері

Президент Кеңсесінің бастығы, оның орынбасарлары

Президент көмекшілері

Президент кеңесшілері

Президент тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары

Министрлер, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары

Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдері олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары

Төтенше және Өкілетті елшілер

Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, оның орынбасарлары

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушілері және өзге де құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары

Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары

Президенттің арнаулы өкілдері

Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасының директоры, атқарушы директоры, директордың орынбасарлары

Президент мұрағатының директоры, оның орынбасарлары

Тұңғыш Президент мұражайының директоры, оның орынбасарлары

«Орталық коммуникациялар қызметінің» директоры, оның орынбасарлары

«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры

Парламент Сенаты және Мәжілісі аппараттарының басшылары және олардың орынбасарлары

Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары

Облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдері

Президент Іс басқармасы Медицина орталығының басшысы және оның орынбасарлары

Енді негізі мәселеге оралсақ. Демек, осы тізімде аталған лауазымды тұлғаларлдың қол астындағы қызметкер парамен ұсталса, басшы отставкаға кетуі керек. Редакция екі жыл бұрын күшіне енген заң қазір қаншалықты жұмыс істеп жатқанын анықтауды көздеген. Алайда, Антикор бұл сауал жауабын Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттікке сілтеген. Ал өздері заң  күшіне енгелі бері елде қанша саяси лауазымды қызметкер жемқорлықпен ұсталып, сотталғанымен бөлісті.  

Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысының әкімі мен облыс әкімінің екі орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі мен Алматы қаласы «Алатау» ауданы әкімі істі болған. Айтпақшы, мәдениет және спорт вице-министрі де бар.

ҚЫЗМЕТ БАБЫН АСЫРА ПАЙДАЛАНҒАН МҰСАЙБЕКОВ

Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков қызмет бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасағаны үшін, сыбайласы «Ехігіѕ» ЖШС құрылтайшысы Медеуов пара беруге оқталғаны үшін ұсталды. Сот шешімі бойынша әрқайсысына 62 млн теңге сомасында айыппұл салды.

Осылайша Мұсайбеков кәсіпкер Медеуовтен «Ставкаларды есепке алу орталығы» жобасын іске асыру бойынша мемлекеттік жеке меншік әріптестік шартына қол қою туралы мәселені шешкені үшін 15 мың АҚШ долларын алған.

Алайда министр Райымқұлова үкім шыққан соң қызметінен кетуге өтініш білдірген.

«Мұсайбековтің сыбайлас жемқорлық емес, алаяқтық үшін сотталғаны айтылды. Бірақ қалай болғанда да мен өтініш бердім, қабылданбады», – деді Ақтоты Райымқұлова.

АРЫСҚА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫ ЖЫМҚЫРҒАН

Ал Қызылорда облысында өңір әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға бас бостандығынан айырыллды. Ол жазасын орташа режимдегі колонияда өтеп жатыр. Ал әкімнің орынбасарлары Делмұханов пен Имандосов 6 жылға қамалды. Оларға аса ірі көлемде алаяқтық жасаған деген айып тағылды.

Фото: Қуанышбек Ысқақов, Қызылорда облысының экс-әкімі

Өзара ұйымдасқан басшы-қосшылық алаяқтық жолымен оқ-дәрілер жарылған Арыс қаласын қалпына келтіруге бөлінген 80 млн теңгені иеленген. Қаржы «Сыр Мейірімі» қорына тиесілі болған қаржыны жалған фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

«Бұл ретте қалпына келтіру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілген және қордың қайырымдылық қаражатын осы мақсаттарға аудару қажеттілігі болған жоқ», - делінген агенттіктің жауабында.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың үстінен «алаяқтық» дерегімен іс қозғалып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Ол алдау және сенімге қиянат жасау жолымен азаматша Ахметжанованың 1,2 млн АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденген. Әрі оны сот органдарының лауазымды адамдарына бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартуға және мүлікті тәркілеуді жоюға жәрдемдескені үшін пара беруге көндірген», - деді агенттістің баспасөз қызметі.

Агенттіктің баспасөз қызметі Байқоңыр, Алатау аудандарының әкімі жайында мәлімет бермеді. Қазірге дейін медиада жарияланған ақпарға сүйенсек, «Байқоңыр» ауданының әкімі Асқар Есілов пара алды деген айып тағылған.

Ал Алматы қаласы Алатау ауданының бұрынғы әкімі Шахмерден Рыспаев пен оның орынбасары жемқорлық ісі бойынша қылмыс жасады деген күдікпен ұсталлы. Олар 2019 жылы «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырған.

2021 жылы бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша саяси лауазымды адамдарға қатысты айып тағылмаған. Десе де 2019 жылдан бері елде 1076 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық үшін сотталған.

ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ОТСТАВКАҒА КЕТКЕН БАСШЫНЫ БАЙҚАМАДЫҚ

Сыбайлас жемқорлық қылмысы кезінде саяси қызметкерді отставкаға кетуге міндеттейтін нақты тәртіп бекітілген. Мәселен, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға беруге негіз болып саналады.

Коллаж: Қол астындағы қызметкері істі болып, сотталса да жылы орнын сақтап қалған шенуніктер 

Әйтсе де, жемқорлық қылмысы кезінде қоластындағы қызметкердің әрекеті үшін жоғары лауазымды басшы отставкаға кетеді деген заң қолданысқа енгенімен тиісті деңгейде орындалмай отырғанын көруге болады.

Мәселен, бағынысты қызметкерлері жемқорлық қылмысымен ұсталған тұста басшы болып тұрған қала әкімдері Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаевқа, үш бірдей орынбасары ұсталған Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовке журналистердің көкейінде жауыр болған бір ғана сұрақ бар: «Отставкаға кете ме?». Алайда басшылар тарапынан қызметтен кету туралы өтініш айтқанын естімедік.

ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ РЕКОРДЫ

Осы орайда «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов заң тетіктері белгілі бір деңгейде шенеуніктердің жаттанды жауаппен құтылып кетуіне ықпал жасап отырғанын растайды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген күннің өзінде мемлекеттік қызметкерлер қандай жағдайда отставкаға кетпейтінін түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуге өтініш береді.

Фото: Дидар Смағұлов

Өтінішті қабылдау немесе қабылдамау тек тиісті өкілетті лауазым иесі шешетін мәселе болып саналады. Отставка туралы өтініш 1 ай мерзім ішінде қаралады. Өтініш қабылданбаған жағдайда саяси қызметкер лауазымдық қызметтерін әрі қарай атқара беруге тиіс. Ал өтініш қабылданса, лауазымды тұлғаның шешімімен қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Кету, кетпеу мәселесін олар шешпейді. Олар тек отставкаға береді, сұрайды. Егер облыс әкімі болған жағдайда оны Президент шешеді. Қала әкімі болса, облыс әкімі шешеді», – дейді ол.

Дидар Смағұлов заңның тетігін өз мүддесіне икемдеп отырған жоғары лауазымды тұлғалар арасында жемқорлықтан жалтарып кету белең алып отырғанын, осы ретте Атырау облысы әкімінің үш бірдей орынбасарының жемқорлықпен ұсталуын рекорд деп атады.

«Иә, бұл жақсы бастама болғанымен, шындығында ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мысалы, Атырау облысы әкімінің үшінші орынбасары жемқорлықпен ұсталып жатыр. Қазақстанның рекорды деп айтуға болады. Сол кісі (Махамбет Досмұхамбетов – ред.) күтіп отыр, нені күтіп отырғаны белгісіз. Менің ойымша, адамда әдеп болуы керек. Ешқандай жауапкершілік болмады және болмауы да мүмкін. Барлығы Президенттің шешіміне қарай болады», - дейді Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары