×
523.17
550.06
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.17
550.06
4.93

Бақытжан Базарбек Парламенттен кетуі мүмкін бе

Бүгін, 13:56
Бақытжан Базарбек Парламенттен кетуі мүмкін бе
Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Парламент депутатының өзіне қойды.

“ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА САБОТАЖ”

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов палата депутаты Бақытжан Базарбекке цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қатысты айтқан айыптауларына байланысты ескерту жасаған еді. Пленарлық отырыс барысында депутат Базарбек министрлікке президент саясатына қайшы әрекет етіп, Жер кодексінің нормаларын орындау саласында интеграцияны дамытпай отыр деп айып тақты. Қошанов мұны “ауыр айып” деп атады.

– Президенттің тапсырмасына саботаж жасалып жатқанын жиі айтасыздар. Бүгін де айттыңыз. Егер сіздерді мемлекеттік органдар тыңдамаса, жобаларыңыз жүзеге аспаса Парламенттен кетуіңіз мүмкін бе? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі депутаттан.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Бұл сұраққа жауап берген Бақытжан Базарбек соңына дейін кетпейтінін айтады.

– Әлі үш жыл мандатымыз бар. Мандат аясында жұмыс істеткіземіз. Кезінде Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін ашпай жүрді ғой. Мен соны қайта-қайта жалпы жиналыстарда көтердім. Яғни, біздің жұмыстың нәтижесі бар. Міне, бүгін цифрлық даму министрлігі жерді тексеру барысында электронды түрде хаттаманы жолдамайды. Тек қағаз жүзінде. Қағаз жүзінде бизнесмендер, кәсіпкерлер оны хаттаманы алмауға тырысады. Сөйтіп, біз жерді тексере алмай жүрміз. Ал жер кодексінің 145-1 бабында нақты көрсетілген. Яғни, жерді тексеру барысында хат электронды түрде берілуі тиіс. Өкінішке қарай заңды ешкім орындап жатқан жоқ. Мемлекеттік органдар заңға пысқырмайды. Жергілікті атқару органдары, сол сияқты жердің меншік иелері бар. Сол заңды орындатуымыз керек. Басты қауіп – заңның орындалмауы, іске аспауы. Сондықтан, іске асатын, орындалатын заңдарды қабылдауымыз керек. Орындай алмаса, министр, уәкілетті органның басшысы қызметінен кетуі керек, – деді ол.

Базарбектен “депутаттық тетіктер қаншалықты құзіретті? Көп айтасыздар? Орындалуы тиіс шаруалар қаншалықты орындалып жатыр?” деп сұралған. Ол мәселелерді – 30 жыл бойы қордаланған проблемалар деп атады.

– 30 жыл бойы ұйықтап жатқан мемлекетті әп-сәтте ояту өте қиын. 30 жыл бойы болмаған дүниені қазір істеп жатырмыз. Сол себепті әр сәтте Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстанды орнату өте қиын. Бірте-бірте бір-екі жылдың ішінде біз жер саласын ретке келтіреміз. Электронды жүйеде табыстау, элекронды конкурсқа өтеміз. 2026 жылға дейін толығымен барлық электрондық тұрғыда! Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл жасаймыз. Жер саласындағы азаматтардың басты мұңы – жер саласындағы сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік аппараттың қантамырына кіріп кеткені. Сол мәселені біз үзілді-кесілді шешіп жатырмыз. 2025-2026 жылдар аралығында жер саласындағы жемқорлықпен заңнамалық тұрғыда шешеміз. Іс жүзінде бұл заң қалай орындалады – бөлек әңгіме. Әкімдер, жергілікті атқарушы органдар, шенеуніктер заңды орындамауға тырысады, – дейді Базарбек.

Депутат мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру керек деп есептейді.