×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Қымбатшылық, жұт, жарылыс: Биыл 7 министр креслосымен қоштасты

22.12.2021, 09:40
Коллаж: Ulysmedia.kz

Тиісінше жаңадан 7 шенеунік жаңа биік лауазымға тағайындалып, өңірлер әкімдері мен өзге де қызметтер басшылары ауысты деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкіметке ең жас министр келді
Осы орайда жыл басында, яғни 18 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітіп, екі министрлік жетекшісі жаңарды. Оның бірі Қазақстан тарихындағы ең жас министр – Ұлттық экономика министрлігін тізгіндеген Әсет Ерғалиев болып, Руслан Дәленовті орнынан ысырса, екіншісі ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әйгілі «42 500 теңге төлемімен» есте қалған Біржан Нұрымбетовті жоқтатпаған Серік Шәпкенов келді. 
 
Қаржы полициясында жаңа басшы
Сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте генерал Алик Шпекбаевты бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов алмастырды.
 
Жұт Омаровты жұтты
Елімізде жаз айларында құрғақшылық орнап, Маңғыстау, Қызылорда сияқты өңірлердегі ағайын қатты қиналды. Ауылдағы бұқара қолындағы малынан айырылды. Осы орайда президент табиғат тосын мінез танытты дегенмен, жедел шешімдер қабылдауға қауқарсыздық көрсеткен, кейін ұлттық компанияға басшылыққа барған Сапархан Омаровты қызметінен босатып, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жылы орынға бұған дейін саладағы саналуан жауапты лауазымдарда жүрген Ербол Қарашүкеевті қондырды.
 
Қалмұханбет Қасымов зейнеткер
Шілде айындағы жоғары жақтағы тағы бір өзгеріс, елдің есінде ішкі істер министрі ретінде жатталған Қалмұханбет Қасымов зейнеткерлікке шығып, Мемлекеттік күзет қызметіне басшылықты Ермек Сағымбаев өз қолына алды.
 
Жамбылдағы жарылыс
Тамыз айының аяғында ел аман, жұрт тынышта Жамбыл облысындағы әскери бөлімде алапат жарылыстар басталып, төтенше жағдай орнады, оқиға орнында әскерилер мен құтқарушылар қаза тапты. 17 адам көз жұмып, із-түссіз жоғалған бір азамат әлі табылмады. Сәйкесінше қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетіп, оның бірінші орынбасары Мұрат Бектановтың қызметі жоғарылады.
 
Мұнайшылар орын ауыстырды
Қыркүйек айында энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа Маңғыстау облысының тағдыры сеніп тапсырылып, босаған орынға Мағзұм Мырзағалиев жайғасты. Ал ол атқарған экология министрі қызметіне орынбасары Серікқали Брекешевті қалдырып кетті.
 
14 жыл отырған Баталов кетті
Қараша айында Алматы облысы әкімі қызметіне президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаев кірісті. Ескі әкім Амандық Баталовқа Тоқаев алғыс білдірді.
 
Той бітті, Цой кетті
Елордадағы соңғы елең еткізген ауыс-түйіс, осы дүйсенбі таңертең, ел төрт күн мерекеден есін жиып үлгерместен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысынан босатылғаны жайлы Жарлықтың жарқ етуі болды. Әзірге бұл міндетті Жандос Бүркітбаев атқарып жатыр.
Серіктес жаңалықтары