Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев Қазақстанда соңғы екі аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 32% төмендегенін мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын орта есеппен оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 500 жуық және теріс ПТР тестімен 50 жуық жағдайы тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі күні 15 өңір және Қазақстан Республикасы жасыл аймақта орналасқан. 2 өңір – Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта. Қызыл аймақта өңір жоқ», - деді Бүркітбаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, емделіп шыққан адамдар санының науқастардан басым болуы тұрақты эпидемиологиялық жағдайды көрсетеді. Қыркүйек айынан бастап емделіп шыққан адамдардың саны науқастардан 30% артқан. Сонымен қатар елде халықты КВИ-ге қарсы вакцина салу жалғасуда. Бүгінгі күні І компонентпен егілуге тиіс халықтың 78,6%, екінші компонентті 74,4% салдырған.
«Әлемде аурудың өсуін және «Омикрон» штамының кең таралуын ескере отырып, халықты вакцина салу қарқынын арттырып, егілетін халыққа вакцина салуды аяқтау қажет.Вакцина салудың тиімділігі дәлелденген. Науқастардың 95% екпе алмаған адамдар.Желдету аппаратында жатқан науқастардың 96% екпе алмаған адамдар.Отандастарымды вакцинация және ревакцинация алу туралы дұрыс шешім қабылдауға шақырамын», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Жандос Бүркітбаев сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайға әсер ететін жағымсыз факторлардың бірі әлемде «Омикрон» штамының жылдам таралуы болып отырғанын мәлім етті. «Омикрон» қарашада 16 елде анықталса, бүгінгі күні ауру әлемнің 110 елінде тіркелген. Омикронның таралу коэффициенті жоғары, ол бестен бірге (1:5) тең, қайта жұқтыру қаупі өте жоғары.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша: ауру бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады. Ұйым деректері бойынша COVID-19-ға қарсы вакцина салу шарасы тиімділігін көрсеткен. Сонымен қатар, бірқатар шетелдік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес екпе алған адамдарда инфекциядан қорғау 6 айдан кейін орта есеппен 1,8 есе төмендейді. Қазіргі уақытта КВИ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау өте маңызды. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар халыққа вакцинация жүргізуді күшейту керек, жаппай ревакцинация жүргізуді тездету қажет», - деді ол.
Бүркітбаев сонымен қатар ревакцинацияға 9,2 млн адам жататынын, оның ішінде 400 мыңнан астам адам ревакцинациядан өткенін мәлім етті.