×
509.26
574.75
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.26
574.75
6.46

Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз – Тоқаев

29.05.2025, 11:00
Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз – Тоқаев
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ФОРУМҒА КІМДЕР КЕЛДІ

Басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отыр. Мәртебелі меймандардың ішінде атап айтқанда, Руанда президенті Поль Кагаме және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілері келген. Тоқаев олардың бәріне шынайы ризашылығын білдірді.

ӘЛЕМДІК ҚАУІП ЖАЙЛЫ

Тоқаев сөзінде, дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанын,былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрғанын айтты. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жеткенін сөз етті. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр дейді ол.

- Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн, – деді ол.

Президенттің сөзінше, бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін.

Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз, – деді ол.

ҚАЗАҚСТАН НЕНІ БАСШЫЛЫҚҚА АЛАДЫ

Президент жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керектігін атап өтті.

Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз, – деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілген. Елдің мақсаты айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс.

Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін, – деді ол.

Тоқаев президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелгені айтты. Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. “Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері» деді ол.

Серіктес жаңалықтары