×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Алты себеп: Тоқаев құрған қоғамдық қор мүшелеріне ел-жұрт неге қарсы

16.01.2022, 17:56
Алты себеп: Тоқаев құрған қоғамдық қор мүшелеріне ел-жұрт неге қарсы
Фото: ашық дереккөзден

Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамы жарияланғаны мәлім. Алда – жүздеген миллиард теңгені бөліске салуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары жауап беретіні айтылды.

Бұл жаңалық халық арасында қызу пікірталас тудырды, деп жазды inbusiness.kz. Неге бұлай болғаны жөнінде портал тарқатып жазған. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, «Қазақстан халқына» қорының құрамына қазақ тілін жете білмейтіндер кіріп отыр, ал былтырғы санақ қорытындысына сәйкес, Қазақстан халқының 70,18 пайызы – қазақтар. Демек, «мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындар, тілін білмейтіндер халықтың қамын қалай ойлайды, мұқтаждығын қалай түсінеді?» Жұртшылық осы қоғамдық-әлеуметтік қордың төрағасы лауазымына тағайындалып, тізгінін қолына алған Болат Жәмішевтің қазақ тілін жетік меңгермегеніне назар аудартады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Юрий Пя сайланған.

Екіншіден, «араларында бір рет болса да алаңға шыққан адам жоқ». Бұл пікір Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері тарапынан да айтылды.

Үшіншіден, ол қатарда жастардың өкілдері жоқ. Ал наразылық шараларына басым көпшілігінде жастар шыққаны мәлім. Демек, жастардың мұң-мұқтажын мен қажеттіліктерін нақты түсінетін, осы іспен көптен айналысып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген нақты жетекшілер, жастар көшбасшылары болғаны жөн.

Төртіншіден, қазақстандықтар қордың Қамқоршылық кеңесі құрамына кірген кейбір адамдардың «қолы мен ары таза еместігін» қаперге салып, олардың қоғам сеніміне ие бола алмайтынын әрі мұндай адамдарды мол қаржы тасқынын үлестіруге қатыстырмаған жөн екенін қаперге салуда.

«Бұл қайраткерсымақтардың арасында ұзақ жылдар бойы "Самұрық-Қазынаның", бюджеттің ақшасын жұмсағандар бар, олардың қызметінде мөлдірлік жоқ, қорды басқаруға жібермес бұрын алдымен олардың өзін және солар ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына жүзеге асырған жобаларды жақсылап тексеріп алған жөн еді»,- дейді қазақстандықтар.

Бесіншіден, «бұлардың көбі ұлттың үнін жеткізушілер емес, үкіметті қолдап жүргендер» деген пікір айтылуда. Демек, кеңес мүшелерінің ел алдындағы бедел-ажары, «абыройсыздық багажы» қорға да теріс әсер етіп, қоғам сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес.

«Қазақстан халқына қорының халық деген тек атауы ғана қалды...» дейді қазақстандықтар.

Алтыншыдан, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде пікір қалдырған азаматтар «Қазақстан халқына» аталған қордың мамандары болмағанымен, ең құрыса Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің кандидатурасы халық талқысына салынуға, қажет болса, ел болып дауыс беру арқылы сайлануға тиіс еді деп жазуда. Пікір білдірушілер әсіресе, Аружан Саин, Арманжан Байтасов, Қайырбек Сүлейменов, Ирина Смирноваға қатысты көңілдері толмайтынын айтып жатыр.

Бейресми дерек бойынша Қамқоршылық кеңесінің мүшелері өз жұмысы үшін жалақы алмайды. Бірақ бұл ресми түрде айтылмағандықтан, халық оған сенбейді.

«Миллиардтардан өз қалтасына да салып қойса, кім тексереді? Қоғамдық мәртебелі қорды тексеру Есеп комитетінің құзырына кірмейді ғой» дейді қазақстандықтар.

 Жалпы, бұл қордың немесе айналысатынын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында айтып берген болатын.

Қазіргі кезде Қазақстанның ауқатты тұлғалары, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар жапа-тармағай осы қорға миллиардтар аударуда. Сондай-ақ Үкімет, меморгандар, квазимемлекеттік сектор бір күнгі жалақыларын жолдады. Қор жекеменшік те, мемлекеттік те қаржы көздерінен толығады. Бұдан бөлек, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражаты тартылмақ. Бұған қоса, «Сәтті жұлдыз» лотереялық қызмет операторының, букмекерлердің Бәсті есепке алу орталығының, тіпті әртүрлі монополистердің міндетті аударымдары бюджетке емес, осы қорға бағытталатыны мәлім болды.

Осы қорға қатысты қызықты ойды саяси ғылымдардың докторы, саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев айтты.

«Тоқаев Мәжілістегі сөзінде «Біз – Жаңа Қазақстанды құрамыз!» деп айтты. Ол халық арасында кең талқыланып жатқан өте қуатты қадам жасады. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев Елбасы жүгізген реформалар арқасында миллиардерге айналған тұлғалар мен топтарға үндеу жасады: қор құрып, шетелге әкетілген ақшаның елеулі бөлігін халыққа қайтаратын кез жеткенін қатаң ескертті. Қор қаражаты тек Алматыны қалпына келтіруге ғана емес, халық тұрмысын көтеруге, елді дамытуға да жұмсалады», – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Ендеше әңгіме Ұлттық қор секілді миллиардтаған доллар жиналатын жаңа әрі алпауыт қордың құрылуы жайында болып отырғанға ұқсайды.