Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әкімдіктерді қысқартып, жұмысын жасанды интеллектке істету керегін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
15-20 ЖЫЛДАН КЕЙІН ӘКІМДЕР БОЛМАУЫ КЕРЕК
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік басқару жүйесіндегі әкімшілік аппаратты жасанды интеллектке алмастыруды ұсынды.
- Барлығын алып тастауымыз керек. Әкімдерді түгел қысқартуымыз қажет. 15-20 жылдан кейін бізде әкім деген болмауы тиіс. Әкім деген тек лауазым, тұлғалық деңгейде қалуы керек. Ал үлкен, алып аппарат әкімнің басқармасы, департамент, заңгерлік бөлімдер, бухгалтерия, әкімшілік құрылымдар мұның бәрін жасанды интеллектке көшіруіміз қажет, – деді ол Сырым Итқұловқа берген сұхбатында.
Ол мұндай қадам бюджет шығындарын азайтуға сеп болатынын алға тартты:
- Бізге мұндай шығындар не үшін керек? Шынын айтқанда, мен түсінбеймін, – деді депутат.
ӘЙЕЛДЕР ШУБА СҰРАП, КҮЙЕУІН ҚЫЛМЫСҚА ИТЕРМЕЛЕЙДІ
Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа баруына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл тек жүйенің емес, жеке бас тұрмысынан туындайтын жағдай.
- Мысалы, сәулет басқармасының бастығының әйелі бар. Ол: “Мен шуба кисем деймін, Дубайға барғым келеді, демалғым келеді, сен жұмыс істейсің, ал айлығың жетпейді” деп жылайды. Енді, амал жоқ, әлгі басшыны әйелі қылмысқа итермелейді. Содан кейін ол заңсыз АПЗ (архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы) береді, жобаларды келісіп жібереді. Құрылыс салуға заңмен тыйым салынған жерлерге рұқсат береді. Бұл – Бас жоспар мен ПДП талаптарын бұзу. Нәтижесінде шенеунік жақсы өмір сүреді, ал зардап шегетін – халық, – дейді депутат.
Ал жасанды интеллект мұндай тәуекелдерден ада екенін ерекше атап өтті.
- Жасанды интеллекттің әйелі жоқ, көңіл-күйі жоқ, демалыс сұрамайды, ашуланбайды. Оған демалыс, көңілдес керек емес. Ол алгоритммен жұмыс істейді, – деді Базарбек.
АУЫЛ ӘКІМДІГІНЕН БАСТАУ КЕРЕК
Депутаттың айтуынша, цифрлық реформаларды ауыл әкімдіктерінен бастау қажет.
- Бірінші кезекте реформаны өңірлерден, яғни ауыл әкімдіктерінен бастауымыз керек. Себебі бізде ауылдар цифрландырылған болуы тиіс, – деді ол.
Алайда Базарбектің айтуынша, Үкіметтің есептеріне қарамастан, жағдай мәз емес.
- Үкіметтің есебіне сенсек, еліміздегі мыңдаған ауыл кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілуі керек болған. Бірақ шындық қандай? Нөл. Бірде-бір ауыл толық интернетпен қамтылмаған, – деді ол.
Депутат ауыл тұрғындарының ақпараттан мүлдем алшақ екенін айтып, нақты мысал келтірді:
- Кейбір ауылдарда жұрт Қазақстан тәуелсіздік алғанын, үш билік тармағы барын, жаңа президент сайланғанын, Конституциялық реформа өткенін де білмейді. Олар өмірден соншалықты алшақ қалған. Жарты жылда бір рет пошта келеді. Жаңалықты мүлде естімейді, – деп мәлімдеді Базарбек.
БАҚЫЛАУШЫ ОРГАНДАР ДА ЦИФРЛАНДЫРЫЛУЫ ТИІС
Оның пікірінше, болашақта бақылаушы және қадағалаушы органдарды да жасанды интеллектке көшіру қажет.
- 2050 жылға дейін біз барлық бақылаушы органдарды жасанды интеллектке көшіруіміз керек. Штатты қысқарту қажет. Барлық инспекторларды – салық, жер, СЭС, ГАСК, тіпті бассейн инспекторына дейін – алгоритммен жұмыс істейтін жүйеге ауыстыру керек. Жасанды интеллект цифрлық платформамен бірге қауіптерді анықтап, ескерту хаттарын дайындап, жолдай алады. Қызметкерлердің үштен бірін қысқартса, бюджет едәуір үнемделеді, – дейді депутат.