×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Үкімет наразылықтардан кейін батыс өңірлерге 15,3 трлн теңге бағыттамақ

25.01.2022, 09:05
Үкімет наразылықтардан кейін батыс өңірлерге 15,3 трлн теңге бағыттамақ
Фото: Ашық дереккөзден

Төрт облысты дамыту жоспарын үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ

11 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын қайта қарауды жүктеген еді.

«Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ

Үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Батыс өңірлерін, атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларының жобаларын таныстырды. Министрлік осылайша, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарларын әзірлепті. Сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілген.

«Батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге болады. Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді», - дейді ол.

Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады екен. Кешенді жоспар шеңберінде Жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланған болады деп күтіліп отыр. «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілер салу жоспарлануда. Бұдан басқа, 1300 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етпек.

«Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарлануда. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсімі 2,5 есені немесе 1,5 трлн. теңгені құрайды, өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге немесе 1,8 трлн. теңгеден 2,8 трлн. теңгеге дейін артады, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 4,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100%-ды құрайды», - дейді ол.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген. Орал қаласында 1211 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 46,2 шақырым жылумен жабдықтау желілерін және 2051 шақырым электр желілерін салу және реконструкциялау, 29,7 шақырым «Ростоши-Тайпак» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарланып отыр.

«Бұдан басқа, 1842 шақырым автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту жүргізіледі. Сондай-ақ, емхана, кардиологиялық орталық, 74 мектеп, студенттерге арналған 650 орындық жатақхана және 150 орындық оңалту орталығы салынады. Азаматтық қорғауды қамтамасыз ету үшін 3 өрт сөндіру депосының құрылысы, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары көзделген. Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды», - дейді ол.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ

Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспарына тоқталған ұлттық экономика министрі жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделгенін атап өтті. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 10 ауылда 228,1 км электр желісін салу, 640 км автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен және сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құбырын салу және тағы басқа жобалар іске асырылмақ.

«Денсаулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығын, 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген. 3 ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынатын болады. Бұдан басқа, Жайық және Орал өзендері жағалауын нығайту, қорғау бөгеттерін күрделі жөндеу және басқа да жұмыстар жүргізіледі. Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде», - дейді ол.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ

Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспарына сәйкес, өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу және басқа да іс-шаралар жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген. Сонымен қатар, 1059 км жергілікті маңызы бар автожолдарды, 87,9 км электр желілерін, 116 км жылу желілерін салу және жөндеу, сондай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының 9 жобасын салу көзделген.

«Әлеуметтік саланы дамыту шеңберінде аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жарақтандыру және тағы басқалар қарастырылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28%-ға, туристер ағыны 4,6 есеге артады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жетеді және 4 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру Батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Айталық, 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн. теңге жеке инвестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде», - деп түйді министр.

Отырыстың соңында үкімет мүшелері төрт облысты дамыту жоспарын мақұлдады.