Мәжіліс кулуарында депутаттар премьер-министр мен үкіметтің жұмысына қатысты пікір білдірді. Көпшілігі атқарушы биліктің қызметіне көңілі толмайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жаз бойы өңірлерді аралап қайтқан мәжіліс депутаты Ирина Смирнова үкіметтің жұмысын тиімсіз деп бағалады. Оның айтуынша, атқарушы билік халықтың мәселелерін елемей отыр:
- Мен жалпы үкіметтің жұмысына көңілім толмайды. Өзін тым сенімді ұстайды, бірақ сарапшылардың кеңесіне құлақ аспайды. Судың жетіспеушілігі, жолдардың сапасы, экология – шешілмеген проблемалар жетерлік, – деді ол.
Үкімет басшысының партияласы Ринат Зайытов та әріптесін қолдады:
- Мүмкін ол жақсы маман шығар, бірақ басшы ретінде қолға алатын дүниелері көп. Бір жылдың ішінде сұрақ қойылмаған министрлік қалмады, – деді депутат.
Бақытжан Базарбек нақты бағаны қазанда беретінін айтты.
- Бюджеттің орындалуы бойынша есепті күтемін. Егер мардымды жауап болмаса, мәселені президенттің алдына шығарамыз, – деді ол.
Ал Абзал Құспан үкіметке мүлдем көңілі толмайтынын жасырмады.
- Халықтың жағдайы жақсармайынша, біз ешбір үкіметке оң баға бере алмаймыз. Қазірдің өзінде бюджеттегі проблемалар, тоқтап қалған бағдарламалар, әлеуметтік қысқартуларды көріп отырмыз, – деді ол.
Ермұрат Бапи де бюджет тапшылығын алға тартып, үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ал Еділ Жаңбыршин премьер-министрге әлі уақыт беру керек екенін жеткізді.
- Мемлекетте 1–2 жылда түбегейлі өзгерістер жасау қиын. Дегенмен, жүйеде біраз жұмыс көрініп жатыр, бірақ жетіспеушіліктер бар, оны айту керек, – деді ол.
КОНТЕКСТ
2024 жылдың 6 ақпанында Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалды. Конституцияға сәйкес, үкімет басшысының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Осыған байланысты, Бектеновтің қазіргі мерзімі 2029 жылдың ақпанында аяқталады. Алайда, оның жұмысына көпшіліктің көңілі толмаса, отставкаға кетуі әбден мүмкін.