×
512.16
594.72
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.16
594.72
6.57

Трамп Тоқаевты Бейбітшілік кеңесіне шақырды

Бүгін, 12:32
Трамп Тоқаевты Бейбітшілік кеңесіне шақырды
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша жаңадан құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына ресми түрде шақырды. Сонымен қатар, Қазақстанға аталған құрылымның құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының бұл бастаманы қабыл алғанын және АҚШ президентінің атына алғыс хат жолдағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай ресми шақырту түскенін жасыру дұрыс болмас еді.

- Әлем көшбасшыларының бірқатар мәлімдемесінен кейін президент Дональд Трамптан осындай ресми үндеу түскенін жасырған жөн болмас еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылардың ішінде алғашқылардың бірі болып ресми шақырту алды. Ол АҚШ президентінің атына шынайы ризашылығын білдіріп, осы жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісімін растайтын хат жолдады, — деді Руслан Желдібай.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптесіне Қазақстан мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысуға дайын екенін жеткізген.

БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ ДЕГЕН НЕ?

Бейбітшілік кеңесі (Board of Peace) — қақтығыс аяқталғаннан кейін Газа секторын қалпына келтіру мен басқаруды үйлестіруге арналған халықаралық орган.

Бұл құрылым Дональд Трамп ұсынған Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған 20 тармақтан тұратын жоспардың бір бөлігі саналады.

Кеңес құрамына әлемнің жетекші державалары шақырылған. Олардың қатарында:

  • Ұлыбритания

  • Германия

  • Франция

  • Италия

  • Сауд Арабиясы

  • Мысыр

  • Катар бар.

Қатысуға Венгрия мен Италия ресми түрде келісім берген.

Bloomberg агенттігінің дерегінше, тұрақты мүше болу үшін мемлекет кемінде 1 миллиард доллар көлемінде жарна енгізуі тиіс. Ал жарнасыз қатысу тек уақытша форматта, үш жылға дейін ғана мүмкін.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, желтоқсан айының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлескен болатын. Келіссөз барысында тараптар Украинадағы жағдайды қоса алғанда бірқатар халықаралық мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті АҚШ басшысын елімізге ресми сапармен келуге шақырып, бұл сапардың тарихи мәні болатынын атап өткен еді.

Серіктес жаңалықтары