Сенат отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Мәжіліс сайлауына қатысты ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырды.
“Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс”, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам саясат сахнасынан қандай азаматтарды көргісі келетінін айтты.
“Кез-келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық”, – деді ол.