Бұл Қазақстан тарапының жаңа үкіметпен жоғарғы деңгейде алғаш келіссөз жүргізуі.
Қазақстанның Қабылдағы Елшісі Әлімхан Есенгелдиевтің Ауғанстан уақытша үкіметіндегі сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакимен кездесуі кезінде ауған халқына азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмек көрсету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды СІМ.
«Ауғанстанның сыртқы саяси ведомствасының басшысы Қазақстан тарапына өтпелі қиын кезеңде ауған халқына елеулі қолдау көрсетуге әзірлік білдіргені үшін алғысын айтты», - делінген хабарламада.
Оның пікірінше, Ауғанстанның жаңа билігі барлық елдермен, бірінші кезекте көршілермен және өңірдегі мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ ел аумағынан олардың қауіпсіздігіне қандай да бір қатердің туындауына жол бермеуге дайын екендігін растайды. Қазақстанның сыртқы саясатына, соның ішіндегі ауған бағытындағы ұстанымына құрметпен қарайтыны атап өтілді.