×
443.72
482.28
4.9
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.72
482.28
4.9

Президент парақшасына шолу: Тоқаев Twitter-де кімдерді оқиды

27.09.2021, 15:27
Коллаж: ulysmedia.kz

Мемлекет басшысы екі аптадан бері Twitter-ге түк жарияламады

TWITTER-ГЕ ТІРКЕЛГЕН ЕКІНШІ АДАМ

Қасым- Жомарт Тоқаев президент болғалы елде Twitter қолданушыларының саны артты. Бірінші кезекте шенеуніктер бірінен соң бірі әлеуметтік желіге тіркеліп, жаңалықтарын бөлісе бастады. Ал Тоқаевтың өзі Twitter-дің байырғы қолданушысы. Сонау 2011 жылдың шілде айында тіркелген. Бірақ, елде «көк торғайды» ең бірінші болып «қолына қондырған» – Кәрім Мәсімов. ҰҚК басшысы парақшасын 2011 жылдың ақпан айында ашқан. Премьер-министр кезінде белсенді қолданушы болғанымен Мәсімов ұлттық қауіпсіздік қызметіне келгелі сап тиылды. Ең соңғы туиті 2019 жылы жарияланған.

ЕКІ АПТАДАН БЕРІ ТЫМ-ТЫРЫС

Хош, ол кісіге қазіргі лауазымы «көп сөйлеуге» рұқсат та бермес. Ал, президент екі аптадан бері үнсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қыркүйектен бері Twitter-ге еш жазба қалдырмапты.

…Соңғы рет қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады.

Тоқаевтың Twitter-де жазғанын 193 460 адам оқиды екен. Ал президент  кімдерді оқиды?

10 жылдық «өтілі бар» тәжірибелі туиттерші 172 адамға жазылған.

Басым бөлігі шетелдік ықпалды тұлғалар: саясаткерлер, президенттер мен бизнес бомонд. Қазақстандық әйелдерден Тоғжан Қасенованы оқиды. Ол Вашингтонда тұрып, жұмыс істейтін саясаттану ғылымдарының докторы. Олбани университетінің Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері (SUNY-Олбани) және Джордж Вашингтон университетінің ядролық саясат профессоры.

Әрі қарай, Камала Харис, Джо Байден, Клинитон, Джастин Трюдо тағысын тағы...

ЖУРНАЛИСТ РОЖИН, ДЕПУТАТ ТІЛЕУХАН БАР

Тоқаевты әлемдегі ең бай адамдардың жазбасы да қызықтырады. Джеф Безос, Майк Блумберг, Тим Кук. Үшеуі де соңғы 5 күнде бір-бір туит жариялапты. Демек белсенді қолданушылар.

Отандық кәсіпкерлерден Тимур Құлыбаевты көруге болады. Ал журналистерден тек Максим Рожинге жазылған. Оның 7423 оқырманы бар. Журналистер арасында туиттерде белсенділер аз. Ал Максим Президенттің жазбасымен әредік бөлісіп тұрады. Тоқаев бірнеше отандық БАҚ-қа да тіркелген.

Президенттің туиттерінде депуттардан өзін Жырау деп таныстырған Бекболат Тілеухан бар. Ол соңғы рет 2017 жылы Тоқаевтың латын әліпбиіне қатысты жариялаған туитімен бөлісіпті. Содан бері үнсіз.

«КӨК ТОРҒАЙДЫҢ» ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕНДЕЙ

Айтпақшы, Twitter былтыр Трамптың аккаунтын біржола жауып тастады.

Президент сайлауы өткен соң, Капитолиде болған тәртіпсіздікке экс-президент айыпталған еді. Сөйтіп, 88 млн оқырманы бар Трамп қоғамға қауіп туғызуы мүмкін деген айыппен бұл алаңнан шеттеліген-ді. Туиттердің ықпалы күшті екенін осыдан-ақ байқауға болады.

Тоқаев та елде кейбір мәселелер ушығып бара жатқанда «көк торғайдың» қанатымен отқа су сепкендей болады. Алгоритмі былай болса керек. Фейсбукте жарияланған посттар скринделіп, президенттің алдына тартылады. Мәселеге үн қосу керек екені шешіледі. Туит шығады. Оны баспасөз хатшысы Берік Уәли «Фейсбукте» жариялайды. Одан БАҚ іліп әкетеді. Көпшілік айызы қанып, тарқасады…

  

Twitter жүйесі Twitter Inc -ке тиесілі. Штаб -пәтері Сан-Францискода (Калифорния) орналасқан. Компанияның бүкіл әлем бойынша 35-тен астам кеңсесі бар. 2021 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша компанияда 5500-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Әлеуметтік желіні 2006 жылы Джек Дорси жасаған. 2020 жылдың соңында күн сайын Twitter -ді 192 миллион адам пайдаланатыны айтылады. 2020 жылы Twitter Inc. кірісі 3,72 млрд доллар құрады.

Серіктес жаңалықтары