×
$
464.77
541.36
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.77
541.36
5.41

Құрылтайдағы жаңа ереже журналистердің депутаттарға жолын жаба ма

Бүгін, 12:20
Құрылтайдағы жаңа ереже журналистердің депутаттарға жолын жаба ма
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда Құрылтайда журналистердің жұмыс істеу тәртібін өзгертудің жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Енді БАҚ өкілдері кулуарда депутаттарға еркін барып, сол жерде сұрақ қоя алмауы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қальянбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сұрақтар тек баспасөз орталығында қойылады

Оның айтуынша, енді журналистердің депутаттармен жұмыс тәртібі баспасөз орталығына ауыстырылады. Онда БАҚ өкілдері брифингке немесе баспасөз мәслихатына өздері келген депутаттарға сұрақ қоя алады.

– Журналистер депутаттарға барлық сұрақты баспасөз орталығында қояды, – деді Кальянбеков.

Алайда жаңа тәртіптің нақты форматы әзірше пысықталып жатыр. Соңғы шешімді Құрылтай бюросы қабылдауға тиіс.

Депутаттар қалай таңдалады?

Алдын ала ұсынылған нұсқа бойынша, баспасөз орталығына Құрылтайдың күн тәртібіне енгізілген заң жобаларымен жұмыс істеп жатқан депутаттар шақырылуы мүмкін.

Журналистер алдына қанша депутат шығатыны және мұндай кездесулердің қаншалықты жиі өтетіні әзірше белгісіз.

Құрылтайға келетін министрлер мен вице-министрлермен журналистердің еркін сөйлесу мүмкіндігіне қатысты сұраққа Кальянбеков нақты жауап берген жоқ.

Сұхбат алдын ала келісілуге тиіс

Оның айтуынша, депутаттармен жеке сұхбат жүргізуге бұрынғыдай мүмкіндік болуы мүмкін. Ол үшін журналистер нақты депутатпен алдын ала байланысып, кездесуге келісуі керек. Сондай-ақ депутаттарға жазбаша сауал жолдауға болады.

Қальянбеков бұл өзгерістерді қолданыстағы аккредиттеу тәртібімен түсіндірді. Оның айтуынша, мемлекеттік орган журналистердің қай жерде жұмыс істеп, депутаттармен қай жерде сөйлесе алатынын өз бетінше айқындауға құқылы.

Сонымен бірге жаңа тәртіп әзірше ресми түрде бекітілген жоқ, оның нақты тетіктері әлі де талқыланып жатыр.