×
475.51
464.15
8.2
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
475.51
464.15
8.2

Қымбатты KAZAKHINVEST: Ұлттық компания өз есебінде нені жасырып қалды

30.03.2022, 20:00
Коллаж: ulysmedia.kz

30 жыл ішінде елімізде жақсылы-жаманды түрлі компания пайда болды. Ал оларды басқарған лауазымды тұлғалар алдында әртүрлі міндет пен тапсырмалар қойылды. Оның арасында «біз кімнен кембіз?» деген принципті ұстанғандары да болған секілді. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы болған жылдары осы процесс қатысушылары Сингапурдегі бір ерекше оқиғаны еске алады. экс-президент аталған елге сапары кезінде экономикалық қуаттылығына таңғалып қайтады. Ал кейін сол елге бой түзеп, мемлекетімізде ұлттық әл-ауқат қоры құрылды.

Осылайша сол негізде санаулы жылдың ішінде «ұлттық» деген атауы бар жүздеген қор, компания, ЖШС, АҚ ашыла бастады. Бірақ, көбі олардың ашылғанын білсе де, қай бағытта жұмыс істейтінінде шаруасы болған жоқ. Тіпті, мемлекет қаржысынан қанша шығын кететінін де ойлаған жан болмады.

2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізде бәрінің артында тіреу тұрады. Тек «Самрұқ-Қазына» өзінің 50 млрд теңге қаржыны қысқартып, қызметкерлерді жұмыстан босатты. Әйтпесе олар жалпақ тілмен айтқанда «дөкейлерге», депутаттарға айналды. Ал әр дөкейге қағаз, қалам, кеңсе қажет. Кейбірі тіпті, көлікке мұқтаж еді», деген еді.

Бірақ әркім сынға төтеп беруді үйренді. Ешқандай өзгеріс жасамай-ақ жедел түрде кезекті модернизация жөнінде ұялмай-қызармай әңгіме бастай жөнелетін. Содан да болар ел тұралап қалған уақытта, тіпті қазір де олар жинақтаған тәжірибені тиімді пайдалануды үйренді. Мәселен, «Самрұқ-Қазына» қоры туралы ешкім жұмған аузын ашпайды. Оған тіпті елдегі сұйытылған газ проблемасы, Қаңтар оқиғасы да әсер еткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде оны басқарып отырған лауазымды тұлғалар, жан-жақтан «жиендік» жасап, оффордағы шотын толтыратындар жөнінде бір де бір сөз айтпады. Тіпті Даму банкі «ірілердің» жеке банкіне айналғаны туралы әңгіме еш жерде айтылмайды.

“Біз әрқайсысын жеке-жек танимыз.  Олар қолайлы жағдайды пайдаланып, өздеріне тиімді жобаларды жүзеге асырады. Ал оған шағын және орта бизнеске тартылатын ресурс қолданылады ”, – деп президент қатаң сынға алған болатын. 

Алайда сын айтылып біткен соң Тоқаевқа әдеттегідей штаттық кесте мен қызметкерлердің қысқартылғаны айтылып, жұмыс әрі қарай жалғасты.

Ulysmesia.kz редакциясы ұлттық компаниялардың қызметі, басшылары жөніндегі ақпаратты зерттеп, он шақты сарапшы пікірін тыңдады. Бірақ нәтижеге келгенде, көңілден шығар ештеңе жоқ болып шықты.

Мемлекетімізде KAZAKH INVEST деп аталатын ірі компания бар.  Ал оның иесі – ҚР Сыртқы істер министрі. Оның алдында талай маңызды стратегиялық міндеттер қойылды. Елімізге ірі инвестициялық жобаларды тарту жөніндегі үлкен сенім мен жауапкершілік артылды. Иә, компания қарыштап өсті. Әлемнің кез келген нүктесі мен еліміздің әр өңірінде оның өкілдігі бар. Соған қарамастан, инвестиция ағыны экономикаға тың серпін бере алмады. KAZAKH INVEST-тің күмәнді тұстары жөнінде журналистер, сарапшылар, депутаттар да жиі айтады. 

Өткен жылы Қазақстанның Халықтық партиясының фракция жетекшісі Айқын Қоңыров ҚР Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге депутаттық сауал жолдады. Ол елімізге тікелей инвестиция тарта алмаған компанияға аудит жүргізіліп, тексеріс бастау қажет екенін мәлімдеді.

Ал нақты дәйек ретінде 2020 жылғы цифрларды мысал ретінде келтірді. Шетелден тартылған сол кездегі инвестиция көлемі 17 млрд долларды ғана құрайтынын жеткізді.

  • 8,2 млрд – мұнай өндіру, газ бен металл рудасы;
  • 2,5 млрд – сауда;
  • 1 млрд – қаржы саласы;
  • 900 млн – құбыр өткізу;
  • 3.2 млрд – өңдеуші кәсіпорын, оның 2,5 млрды металлургияға бағытталды;
  • 700 млн – басқа да өндіріс салалары;
  • 12 млн – ауылшаруашылығы.

Қанша адам болса, сонша пікір бар десек те, оның қаншалықты орынсыз екенін байқаймыз. Инвестиция да сол секілді. Мысалы Kazakhstan Global Investment Roundtable көрмесінде KAZAKH INVEST компаниясы басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов ауылшаруашылығы саласына инвостарлардың қызығушылығы жоғары екенін, компания арнайы жобалар әзірлегенін хабарлады.

Отқа май құйғандардың арасында парламенттегі оппозициялық көзқарастағы тұлға Азат Перуашев те болды. Ол  KAZAKH INVEST қызметкерлері бюджет есебінен Дубай, Нью-Йорк, Лондон секілді қалаларда өмір сүретінін нақты мысал ретінде келтірді. Айтуынша, 1 млрд теңге шетелдегі 6 қызметкерді ұстауға жұмсалады.

Біз бұған дейін де компанияның қалай жұмыс жүргізетінін, қандай келіссөз жасап, инвесторлар мен қызметкерлерге қанша қаржы бөлетінін анықтамақ болдық. Бірақ сол арқылы жариялануға болмайтын «құпия ақпарат» бар екенін білдік. Десе де, компания басшыларын ешқандай тығырыққа тіремей-ақ Ulysmedia.kz жалғыз сауалды жолдауды жөн көрді. Аталған компания шетелден қандай инвестиция тартуға күш салды?

Жауап алдық. Бірақ ол жауаптан кейін де сансыз ой мен сұрақ пайда болды. Бір айға жуық уақытта KAZAKH INVEST компаниясы қатысқан барлық инвестициялық жобаларының кестесін әзірледі. Айтпақшы, хатта компания басшысы берілген ақпарат аса құпия екенін және тек арнайы рұқсат арқылы invest.gov.kz сайтында ғана жарияланатынын ескертіпті. Демек, «жария болған ақпаратты алып отырсыздар» деген сыңайға келтіріпті.

Алайда мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп отырған Юсупов мырзаның сөзінің астарын толық түсінбедік. Мемлекет қаржысы арқылы нан тауып отырған компанияның неге ашық ақпарат бере алмағанын қалай жоритынымызды да білмедік.

Сонымен Юсуповтың айтуынша, KAZAKH INVEST қоржынында 57 инвестициялық жоба бар болып шықты. Ал оның қаржы көлемі  - 3 707, 8 млрд доллар.

9,9 млн доллар Қостанайдағы Лаврентьев басқарып отырған кәсіпорынға, атап айтқанда көлік өндірісіне жұмсалыпты. Отандық автопромнан кім ақша жасамақ болды? Инвестормен қалай жұмыс жүргізілгені, бізге айтылмады. Бізге жұмбақ болып қалған тағы бір ақпарат бар. Көлік өндірісі мен құрылғыларға 29,3 млн доллар инвестиция құйылыпты. Бұл қаржыны кім және қалай бөлді? Инвестордың кім екені де мүлде жұмбақ күйінде қалып отыр.

Тағы бір қызық жайт – KAZAKH INVEST компаниясы Атырау облысындағы газохимия өндірісіне 110 млн доллар қаржы құйған. Техникалық газ өндірісіне 95 млн доллар, тығыз оттегі мен азотқа, оның құрылысы мен орнатуына 15 млн доллар жұмсалыпты. Атыраудағы мұнай өңдеуші зауыттың сайтында толық ақпарат көрсетілген. Онда кәсіпорын серіктесі ретінде Францияның «Axens» компаниясы жазылған. Инвесторлармен келіссөз 2006 жылы басталыпты. Кәсіпорын алдындағы негізгі міндет ҚР Үкіметінің кешенді Жоспары аясында қойылып, әлемде теңдесі жоқ мұнай-химиялық өнім түрлерін шығаруға бағытталды. 2008 жылғы 4 қыркүйекте жобаның лицензиары ретінде «Axens» компаниясы таңдалды. Ал KAZAKH INVEST-тің оған қандай қатысы бар? Ол да жұмбақ болып отыр.

Юсупов мырза Ulysmedia.kz үшін ең жоғары жетістіктерді көрсететін жобаларды тізіп көрмек болған секілді.  Мәселен, бұл ретте Маңғыстау облысындағы мал азығына арналған зауыт жұмысын айтуға болады. Ондағы инвестициялық пакет құны – 4,8 млн доллар. Біз бұл кәсіпорынды іздеп тауып,  KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы арқылы инвестор тарту жұмысының бірнеше рет сәтсіз аяқталғанын білдік. Кәсіпорын иесі тиісті бағдарлама мен компания қызметкерлерінен қолдау таба аламаған соң өзі қаржылық қиындықтан шыққанын анықтадық.

Бұған дейін құрылған KAZNEX компаниясының  күні батқанда, KAZAKH INVEST-тің керісінше күні туған болатын. Десе де Есеп комитеті өз уақытында көптеген былықтардың бетін ашты. Мәселен, мемлекеттік сатып алу іс-сапардың шамадан тыс көп болуы, қаржыны тиімсіз пайдалану және тағы басқа да проблемалардың салдарынан мемлекет қаржысы желге ұшты.

Ұлттық агенттік жабылып, Ұлттық компания ашылды. Барлығы жақсы болады деп сенді. Алайда «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды.

KAZAKH INVEST сол ізбен жүріп келеді. Жүрісінен әсте жаңылған жоқ. Ulysmedia.kz-ке берілген хаттағы түсініксіз жауаптардан компания басшысы мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеп, соның есебінен қаржы алып отырғанын жеткізгісі келген болуы керек. Бірақ оның әр сөйлемі күмән мен күдікке толы.