×
416.91
446.47
7.34
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
416.91
446.47
7.34

Бірі кетті, екіншісі келді: Проблема Сапарбаевтарда ма, әлде саяси жүйеде ме

08.04.2022, 10:32
Коллаж: ulysmedia.kz.

Кешелі бері Бердібек Сапарбаевтың облыс әкімі лауазымынан кетуі, оның інісі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда өңіріне әкім болып баруы көпшіліктің қызу талқысына айналды. Бұрынғы және бүгінгі әкімдерді біреу мақтап, екіншісі даттап жатыр. Ал үшіншісі үміт тек әділ сайлауда екенін айтады.

Руы қоңырат дейді

Орыс тіліндегі уикипедияны ашсаңыз, елдегі белді саясаткерлердің руы қандай екені жазылып тұрады. Қызық, бірақ күмәнді месседж. Руды жазу кімге не үшін керектігін, қай топтың көздеген технологиясы екенін кім біледі, әйтеуір Бердібек Сапарбаевтың да қоңырат екені жазылған. Жасы бүгін де жетпіске таяп қалған саясаткер еңбек жолын сонау 1969 жылы бастаған екен. Яғни бұл кісінің аттан түспегеніне жарты ғасырдан асып кеткен. Зейнетке шығатын жөні бар.

Бердібек Сапарбаевтың әскерде жүрген кезі

Бердібек Сапарбаев еңбек жолындағы карьерасы сол тұстағы көптің ғұмырынан қатты ерекшеленбейді. Совхоздағы жұмыс, екі жылдық әскер, Алматыдағы экономист мамандығын игеру... Әйтсе де Қазақ КСР-ның қаржы министрлігіндегі жұмысы Сапарбаевтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі одақ кезінде қалыптаса бастағанын көрсетеді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары да елдің қаржы және білім саласында еңбек ете жүріп, 1995 жылы Қазақстанның министрлер кабинетінің аппаратына жетекшілікке келеді. Алайда бұл лауазымды бар-жоғы жарты жыл атқарғаннан кейін 1995 жылы Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалады. Ал 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барады.

2002 жылдан бастап негізінен орталық аппаратта жұмысын жалғастырған Бердібек Сапарбаев 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалады. Жалпы әкімнің сол тұстың өзінде пиар-командасы белсенді жұмыс істейтін. Сапарбаевтың өзі де қазіргі Ахметовтей «кабинеттен басқаратын әкім» емес, өңір аралағыш басшы болған. Тікұшаққа бір топ журналисті отырғызып, аудан-ауданды аралау, сол арқылы әр жұмысын жарнамалау жағынан Сапарбаевтың алдына басқа әкімдер түсе алған жоқ. Алайда аудандарда ашылған шағын кәсіпорынның кейбірі әкім кеткеннен кейін көп өтпей жабылып жатқан жағдайлар да кездесті.

2014 жылы Ресей Украинаға басып кірген кезде Шығыс Қазақстан облысының басшылары да демін ішіне тартып, көпұлтты өңірден ши шығармаудың амалын қарастырып баққан. Алайда 2014 жылдың соңында ресейлік «Медуза» порталында «Усть-Каменогорская народная республика» деген мақала шығып, бұл оқиға сол тұста Астананы да жалт қаратты. Өңір, Өскемен, Астана болып бұл іске баса назар аударылып, ресейлік журналист Илья Азарға Өскемендегі ассамблея атынан қарсы жауап беріліп, қазақ билігі Медузаны бұғаттап тастады. Ұлтаралық келісімді қорғау жағынан да Сапарбаев сол тұста тағы бір саяси емтиханнан өткен еді.

«Өрт сөндіруші» атанған әкім

Жан-жақты жарнама Бердібек Сапарбаевты әкімдер рейтингінде ылғы көш бастаушы әкім деңгейіне шығарып жүрді. Алайда мұндай рейтингтерге Сапарбаевтың өзі күмәнданып, «нақты критерийі болуы керек шығар» деп бір «қызара ыңғайсызданғандай» болса, екінші жағынан «рейтингтің ынталандыра түсетінін» де жасырмайтын. Ақыры 2014 жылдың соңында Шығыс Қазақстанға Даниал Ахметов әкім болып барды да, Бердібек Сапарбаев сол тұстағы премьер-министр Кәрім Мәсімовтың орынбасары болып тағайындалды. Мәсімовтен кейін Сапарбаев үкіметті басқаруы мүмкін дегендей әңгімелер де шыққан. Алайда вице-премьерлігі бір жылға жетпей Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалып кетті. Ақтөбедегі 2016 жылғы теракттан кейін қасіретті жағдайға қайта жол бермеу үшін әкімге көші-қонды қатаң бақылауға алып, саяжайларды тексеріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуіне тура келді. Одан бөлек өңірдің экологиялық проблемалары Сапарбаевтың оң жамбасына келген жоқ. Әсіресе өзен арналарын кеңейту жұмыстарын облыста реттелмей президент Тоқаевтың өзі осы мәселені шешу үшін Ақтөбеге экология министрі Мағзұм Мырзағалиевті жіберген болатын.

Ақтөбеде жүрген кезінде Астанада бес бала өрттен көз жұмып, сол қайғылы жағдайдан кейін Сапарбаев екі аптадан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Билік сол тұста әлеуметтік жағдайға баса мән берілмей қалғанын ұғынғандай болып, жұрттың назарындағы салаға Сапарбаевты әкелген. Әлеуметтік көмек пен қолдау көлемі артып жатқанымен, министр сол кезде «масыл мен мұқтажды шатастырмайық» дегені де есте. Сол жылы Сапарбаев тағы да вице-премьер лауазымына көтерілді. Алайда 2020 жылы Қордай ауданындағы қазақ-дүнген қақтығысы болды да, көп өтпей Сапарбаев Жамбыл облысына әкім болып бара жатты. Міне, осылайша, «өртенген жердің отын сөндіріп жүретін» әкімге «пожарник» деген лақап ат ілескен. Жамбыл облысын Сапарбаев 2 жылдан астам уақыт басқарды.

Қордайдағы қақтығыстан кейін сурет

«Сапарбаев кеткенімен Сапарбаевтар кеткен жоқ»

Бердібек Сапарбаев қызметінен кеткен күні туған інісі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына әкім болып барды. Жұрттың назары қазір осыған ауып тұр. «Сапарбаев кеткенімен Сапарбаевтар кеткен жоқ, ештеңе өзгермейді» деген сөз айтылып жүр. Тіпті оның ұлы Жансұлтан Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасын басқаратыны да белгілі. Одан бөлек інісі Әлібек Нәлібаевтың кәсіпкерлігі мен тағы бір інісі Пазылбек Нәлібаевтың Қызылорда облысы полициясының жол полициясын басқарғаны БАҚ назарынан тыс қалған жоқ. Билік тармағындағы аға буынның саяси карьерасы аяқталғанымен, Жаңа Қазақстан кезеңінде оның інісі мен баласы «рөлге» отырды.

Жансұлтан Сапарбаев

Осыдан 7 жыл бұрын Жансұлтан Сапарбаевтың Ferrari мінген фотосуреті әлеуметтік желілерді шарлап кеткен. Алайда Бердібек Сапарбаев ол тұста ұлының Түркияда «біреудің көлігіне қызықтап мінгенін» айтып ақталған. Кейінгі сұхбаттарының бірінде «ұлының мемлекеттік қызметте өсуіне қатысы жоқтығын» да мәлімдеген.

Ал інісі Нұрлыбек Нәлібаевтың саяси карьерасы көбінесе туған жері Қызылордамен байланысты. 2004 жылға дейін мұнай компанияларында басшылыққа жүрген ол мемлекеттік қызметті бірден Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымынан бастаған.

Нұрлыбек Нәлібаев

Шиелі ауданын 5 жыл, Қызылорда қаласын 8 жыл басқарған. Қызылорда облысына әкім болып тағайындалмас бұрын Премьер-министр кеңсесінде қызмет атқарған.

Пайдасыз талқы һәм пайдалы кеңес

Сапарбаевтар әулетінің саяси өмірін сынаған адамдар «Жаңа Қазақстан деген осы ма?» десе, ақтаушылар «Баласының да құқығы болуы керек, ісіне қарап бағалаңдар» деген уәж айтады. Осы дауды сырттай бақылап отырған үшіншісі «әкімдерді ақтау қанша теңгеден болып жатыр?» деп тың әңгіменің шетін шығарады.

Осы дау мен сөздің ішінде саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың сөзі салмақтырақ көрінді. Оның айтуынша, «Жаңа Қазақстанды» ескі манипуляциямен, жаңа елбасымен құру мүмкін емес». Сарапшы проблема Сапарбаевтарда емес – саяси жүйеде дегенге келтіреді.

«Кеше Фейсбукте «Неге Сағынтаев қайтадан әкім болуы керек? Жаңа Қазақстан деген осы ма?» деген сарындағы бірнеше постты көзім шалып қалды. Сұрақты осылайша қою «президент – керемет адам, ал айналасы – өңкей оңбағандар» деген логикадан қатты алыс емес. Бүгін «Елде әкім болатын Сапарбаевтардан басқа адам қалмады ма?» деген посттар шықты. Бірақ кеше де, бүгін де сол посттың авторлары облыс әкімдерін қалаған кезде қызметке тағайындайтын да, қалаған кезде оларды қызметтен алатын да президент екенін ұмытып кетіпті. Бұл детальді сағынтаевтар мен сапарбаевтардан шаршаған кісілер әдейі «ұмытып» кетпеді деп үміттенемін», - деп жазады ол әлеуметтік желіде.

Саясаттанушының пікірінше егер сол кісілер «Неге президентте ел-жұрт қолдамайтын азаматты тағайындайтын құзірет болуы керек? Ауыл тұрғындары өз әкімдерін сайлауға дайын, ал облыс/қала әкімдерін сайлауға дайын емес деген қайдан шықты?» деген сұрақтарды қоя бастаған күні Жаңа Қазақстанның құрылатынына сенуге болады.

«Ал ол күннің қашан туатыны бір Құдайға аян...» - деп аяқтайды сөзін Шалқар Нұрсейітов.