×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Сбер, шетелден ІТ маман шақыру, Байқоңырдың келешегі мен интернетсіз ауылдар жайлы – Бағдат Мусинмен эксклюзив сұхбат

08.04.2022, 20:11

Ulysmedia.kz порталының бүгінгі қонағы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Министрге қоғам тарапынан әлі де сұрақ көп. Солардың өзектісін министрмен өрбіткен сұхбатта кеңірек қамтып, Қазақстанның ІТ саласындағы келешегін, интернетсіз ауылдардың мәселесін сұрап көрдік. Ведомство басшысы одан бөлек Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының өзін қалай түсінеді? Жұмысында олигархтардың мүддесімен бетпе-бет келді ме? Криптонарық жайлы не дейді? Осы және өзге де сұрақтарға министр барынша жауап беруге тырысты.

- Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет, Бағдат Батырбекұлы! Сауалдар легін әлі де өзектілігін жоймаған Сбер компаниялар тобымен меморандум туралы бастасақ. Қазақстан Ресейдің цифрлық колониясы болмауы керек деген наразылық қоғамда көп айтылған болатын. Сол үшін сізді сын садағына алған адамдар да аз болған жоқ. Сол туралы біз деректі фильм түсірдік. Өзіңіздей ІТ саласының білікті мамандары ол жайлы ойын айтты, қарсы екенін білдірді. Сберге қатысты бастаманы бәріміз түсінбедік. Сұрақ әлі де көп. Қазіргі позицияңыз қандай?

- Шыны керек, жалпы соңғы оқиғалар бізді үкімет ретінде шешімдерімізді, ойларымызды қайта қарауға итермеледі. Өйткені өмір де, геосаясат та өзгеріп жатыр. Барлық жағынан сараптама жүргізілді. Ал платформалық модельге көшу бәрібір үлкен мәселе. Оны қалай жүргізу керек? Көршілермен бе, әлде басқа бір елдің технологияларымен бе, өзіміздіің ІТ мамандарды тартамыз ба – қалай жасау керектігі турасында әлі шешім қабылдаған жоқпыз.

- Ал меморандум ше?

- Мысалы сіз екеуміз екі компанияның өкілі ретінде кездестік. Біз бірге бір кәсіпкерлік серіктестікті ойладық делік. Оны жасау үшін ниетімізді қағаз жүзінде меморандум ретінде бастаймыз. Қандай мақсат менде тұрғанын және сізде тұрғанын жазамыз. Меморандум – ол келісімшарт емес.

- Ал неліктен Амазон немесе Майкрософттармен біз ондай келісімшарттарды жасай алмаймыз? Неліктен Сберге күніміз қарап қалды?

- Техникалық тұрғыда көп мәселе бар. Бәрін айтып жатпайын. Ол платформаның ішінде 55 түрлі америкалық, еуропалық, басқа да шетелдік мемлекеттерінің софттары бар. Сбер 55 шақты софтты бір жерге алып келіп, бір-бірімен қарым-қатынас орнату мәселелерін қарастыруды көздеген. Әрбір софт бір күрделі мәселені шешеді. Сол софттардың барлығының 55-ін  байланыстарын өзгертіп, бір платформаға қылып алып келді. Олай біреу жасады ма? Әр елдің өздерінің де жасап жатқан Амазон, Гугл секілді платформалары бар. Бірақ олар бізге кодтарды беруге ұмтылып жатқан жоқ. Ал бұл платформа мәселесі қозғалған кезде менің бірінші сұрағым – кодтар бізге беріле ме, берілмей ме болды. Өйткені кодтарды бермейміз, басқаша лицензиялық құжатты рәсімдеу керек десе, мен бірден «жоқ, онда болмайды» деуші едім. Өйткені мемлекет ретінде ұлттық қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек. Құжаттарда «біз осындай платформаға көшетін болсақ, бізге кодтар қажет» екені жазылған. Ол кодтармен біз ол платформаны өзгерте де, дамыта да, Амазондармен интеграция жасаймыз ба – ол біздің қолымызда болуы керек еді. Сондықтан біз бірінші сұрақты қойған кезде олар (Сбер тарапы) кодтарды беруге дайынбыз деді. Ал біздің мемлекетке ондай кодтарды екінің бірі береміз деп ұмтылып жатқан жоқ. Шыны керек, өйткені кодтарды біреу жасаса, ол код өзінде болуы керек.

Аpple жабық платформа. Сондықтан біз кіммен серіктессек те ол ашық платформа болуы керек. Егов та, Дамумед де бағдарламалар емес. Платформа дегеніміз екі-үш сатыға жоғары нәрсе. Мысалы гуглды алатын болсақ, ол милисекундына қаншама шешім қабылдайды. Барлық мәселені зерттеп, сізге қандай контент беру керектігін бере салады. Сбер ме, емес пе ол екінші сұрақ. Платформа арқылы біздің мемлекет 5-10 жылдың ішінде гугл секілді платформа жасап шығып, 100 мың мемлекеттік қызметшінің 10 мыңы қалып, қалғаны сол компьютерге сүйенсек, бола ма, болмай ма? Мемлекеттік қызметшілер қазір зейнетақыны санайды, сараптама жасайды. Сол жұмыстардың бәрін платформа жасай алуы керек. Сондай мақсат бар. 100 мың мемлекеттік қызметші үшін осы жұмыстың бәрі үлкен еңбек болып отыр. Мемлекеттік ұйымдар да көп. Солардың бәрін қысқартып, адами факторды азайту үшін цифрлық дәуір осының бәрін бір платформаға қойып, оларды жақсартуды көздейді. Жасанды интеллект деген не? Ол өз ақауларын өзі біліп, жаңарту, жақсарту жұмыстарын жүргізеді. Мысалы гуглда ақаудың бәрі жасанды интеллекттің көмегімен реттеледі. Біз соған ұмтылуымыз керек.

Біздің мемлекетте әлі де қағазбастылық пен адами фактор өте көп. Иә, егов арқылы біз жақсы бір деңгейге жеттік. Бірақ ол келесі саты емес. Ол бұрын саты. 2000 жылдарда қойылған мақсаттардың бірі осы егов болатын. Біз қазір жаңа бір мақсат қоймасақ, мемлекетімізді жасанды интеллектпен басқара алмасақ, болмайды. Алда осындай мақсат тұр.

Сіздің аудиторияңызға сай бір жағымды ақпарат берейін. Сбер бойынша әлі толық келісімшарт жасалып, оған таңдадық деген мәселе әлі болған жоқ. Ол бірінші мәселе. Екінші мәселе – өмір сатысына сай шешімдерді қабылдау үшін біз қайтадан Қазақстанның, қазақтың мамандары осыны жасай ала ма деген сұраққа қайта оралдық. Менен мысалы басында сұрады: біздің мамандар жасай ала ма деп.

- Шынында да жасай ала ма?

- Мен айттым – 3-5 жылдың ішінде уақыт пен қаражат берілсе, ақырын өзіміз жасап шығамыз. Бірақ былтыр үкіметте тезірек болсын деген ұмтылыс болды. Үкімет тарапынан «сіздерге 10 жыл уақыт бердік, әлі де болмай жатыр, ендеше біреуден алуға бола ма?» деген мәселе көтерді. Сондықтан мен айттым. Алуға да болады. Бірақ оның ақпарат көздерін, кодтарын берсін, үйретсін дедім. Шынын айту керек, 10 мың программист жұмыс істеген платформа жаман болмайды. Жақсы бір сатыға көтерілген платформа. Бірақ бізде тек бір мәселені естіп, халық басқаша түсінді.

- Халыққа ақпарат жеткен жоқ. Бірден Сбермен меморандум туралы ақпарат шықты ғой...

- Дұрыс. Біздің жақтан да ақпарат аздау болған шығар. Бірақ ол кездегі осылай ашық, ашық емес, осылай бір талқылау ретінде сұхбат беру... Мені шақырған адамдардың ойлары – тек бір жаққа шығару болды. «Мусин бұрыс шешім қабылдады» деген сөзге назар аударуды көздеді. Мен оны білемін. Сондықтан, мен кішкене тынышталсын, содан кейін түсіндіреміз деп ойладым. Келісімшарт жасаудың уақыты алда болғаннан кейін өзіміздің жұмысымызды жүргізе берейік деп ойладық. Мүмкін, расында да дұрыс емес шығар, қайта қарайық деп ойладым. Қайтадан зерттедік. 700-ге тарта жүйе бар. Базалардың актуалдығы өте төмен. Сондықтан соның бәрін цифрлық трансформация бізге қажет. Жаңа сатыға өтуіміз керек. Бірақ қалай өтуі керектігін барлық жағынан зерттеуіміз керек. Технологияларды таңдау керек. Біз Қазақстанда ең құрығанда адинесті де зерттеп шығарған жоқпыз. Түсіндіңіз бе? Тек дайын технологияларды дамыттық. Еговты да үш рет ауыстырдық.

- Сберге қатысты сұрақтар легін түйіндесек. Қазір шешім қабылданған жоқ. Сіз өзіңіз бұл бағытта жұмыс істеп жатырсыз. Дербес қазақстандық платформа болуы мүмкін бе сонда?

- Егер дұрыс дұрыс түсінсеңіз, платформа бойынша сұрақтардың барлығы ол платформаның өзінде емес – мен атап өткен жұмыстың бес бағытында. Сондықтан технологияларды таңдауға келгенде біз дұрыс таңдау бағытында әлі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нақты шешім – келісімшарт. Ол ешкіммен жасалған жоқ. Сол себепті өз тарапымыздан жасалуы тиіс жұмысты атқарып жатырмыз. Бір немесе бір жарым айдың ішінде қандай бағытта қозғалатынымызды айтамыз.

- Таяуда әлеуметтік желіде шетелдік мамандарды шақырдыңыз. Бірақ кімді шақырып отырғаныңыз түсініксіз болып қалды. Ресейлік мамандарды шақырдыңыз ба? Әлде Украина мамандарын ма?

- Астана Хабта қазақстандық 600 компания тіркелген. Біз оны ылғи халықаралық орталық ретінде таныстырып келеміз. Шынтуайтында, теңдессіз салық жеңілдіктері, қолдау түрлері қазақстандық ІТ мамандары үшін ғана емес, халықаралық ІТ хаб мүддесіне көрсетіледі. Сол себепті жалпы біз халықаралық ІТ хаб болуды кезінде жариялағанымызды тағы да еске салып қоятын кез келген секілді. Дәл қазір осы бағытты күшейтетін уақыт келді. Астана хабтың халықаралық ІТ хабтармен жұмысын қайта қарап жатырмыз. ІТ компаниялардың көбі бізге көшіп жатыр. Соның бірі – Индрайвер. Кеше ғана Зум арқылы олармен сөйлестік. Индрайвер – Якутиядағы кішкене ғана қалада Арсен деген азамат құрған команданың өнімі. Такси қызметі жағынан бұл жүйенің жұмысының моделі басқа. Бұл компанияның құны шамамен 1 млрд доллар шамасында. Ол локация орыны ретінде Қазақстанды таңдап отыр. Біз бұған қуанамыз. Себебі біз осындай ойыншылардың арқасында өзімізді аймақтық халықаралық хаб ретінде бекемдей түсе аламыз.

Неліктен шетелдік ІТ мамандарын тарту біз үшін маңызды? Кеше Арсенмен сөйлестік. Мен одан «қазақстандық ІТ мамандарына даму үшін не керек» деп сұрадым. Ішкі ойым «мен ІТ маман ретінде адам капиталына басымдық беру керек деп есептеймін. Яғни адамдарды даярлауға күш салған жөн. Қалғаны соншалықты маңызды емес» деп ойлайтынмын. Осы ойды айтқанымда Арсен «бұл өте дұрыс пікір» деп қабылдады. Өйткені оның айтуынша, «мемлекет ІТ салаға ақша сала бастаған кезде бұл да дұрыс емес. ІТ мамандары бәрібір өз идеясымен жұмыс істейді». Якутияда ешқандай орталық болмаған. Соған қарамастан Арсен әлемдік деңгейдегі стартапты ойлап тапты ғой. Беларусьте «Танчик» ойындары пайда болды. Мемлекеттің қолдауы мен ойын қайда – екеуі мүлде екі жақта. Мемлекеттің қандай болсын қолдауы Танчик секілді ойынды ойлап таба алмайды. Біз тек ортаны құрып, сол жерде адам капиталын тарта аламыз. Біздегі адам капиталына жүгінген кезде бәрібір елдегі ІТ мамандардың жартысы, 50 пайызы тек қағаз жүзіндегі мамандар екенін білеміз. Статстистика сондай. Олар ІТ мамандары емес, бір жерден диплом алып, өзін ІТтишник санап жүрген адамдар. Ал нағыз ІТ маманына диплом маңызды емес. Ол Ютуб немесе басқа алаңдарда курстар мен менторларды тауып алып, біліктілігін арттыра береді. Мысалы Гугл жұмысқа алған кезде диплом талабын мүлде алып тастады. Сондықтан, біз ең бастысы адам капиталына мән беруіміз керек.

Орта қалыптастырып, әлемдік ІТ мамандары мен отандық мамандарды тартып, аймақтың жалпы ортақ деңгейін жаңа көрсеткішке жеткізе алады. Бізге көшкісі келетін ІТ мамандарға есігіміз ашық. Келсін де жұмыс істесін.

ІТ мамандар екіге бөлінеді: бірі мемлекеттік тапсырысты күтіп отырады, екіншісі нарыққа жұмыс істейді. Нарықта жұмыс істейтін ІТ мамандарының мемлекетке қатысы жоқ. Алексей Ли «Арбуз.кз» өнімін шығарды. Мемлекеттен бір тиын сұраған жоқ. Ол өз жұмысын істейді. Бізге шетелден нарыққа жұмыс істейтін мамандар келіп жатыр. Олар осы жерде әлемдік нарыққа өнім ұсына алады. Нарықтық шешім бізде өте аз болғандықтан, шетелдіктер бізге келсе отандық ІТ мамандарына да өнім шығару қиынға түспейді. Мысалы Индрайвер бүкіл әлемге қызмет көрсетеді. Бірақ осы Қазақстанда онда 500 адам жұмыс істеуі мүмкін. Олардың бәрі айналып келіп жақсы айлық алатын болады. Доллар күйінде ақшасын осы біздің елде жұмсаса, бұл да біздің экономика үшін жақсы емес пе? Яғни Алматыда, Астанада ІТ орта қалыптастырғымыз келеді.

ІТ маманның дипломын алғанымен, сол адамның Яндексте такси болып жүргендері көп. Нағыз ІТ маман шопыр емес. Қосалқы түрде болуы мүмкін. Негізі ол бір жерде бүгінгі есеппен 1 мың доллар айлық алуы керек. Ол нағыз ІТ маманы.

- Байқоңыр туралы әңгімелессек. Ресей тарапы соғысып жатқаны себепті өзінің ғарыш бағытындағы бағдарламасын қысқартуды ойлап отырған жоқ. Бұл бағытта болжамдарыңыз бар ма?

- Байқоңыр – Ресейдің ғарыш саласы үшін өте қажет. Олар ол жерден көп зымыран ұшырады. Байқоңыр оларға керек болмай қалатындай мәселе туындайды деп ойламаймын. Бұл бір. Екіншіден, Байқоңырды неліктен өзіміз дамытпаймыз деген мәселеге келгенде, достар, біз тек зымыран ұшыратын орынның иесі екенімізді түсінуіміз керек! Ауыр еңбектің 90 пайызы – зымыран тасығышты, оның қозғалтқышын өндірумен тікелей байланысты. Яғни жұмыстың бәрі Ресей аумағында жасалады. Дайын блоктар Байқоңырға келген кезде блоктар біріктіріліп, сол жерден ұшып шығады. Бізде зымыран өндірісі жоқ. Ол ешқашан болған да емес.

Басқа мемлекеттерге зымыран өндірісін жолға қоюды ұсынуды ойлайық. Алғашқы адамды ғарышқа жіберген Королевтан бері зымыранның бәрі Ресей аумағында жасалғанын ескеру керек. Яғни зымырандар сол жақта жасалып, осы жақтан ұшырылып келген. Сондықтан бұл пусктарды қайта жасау өте күрделі іс. Ондаған миллиард доллар қажет ол үшін. Бұл жерде ең басты мәселе логистикада. Самардағы зауыттан зымыран шығарылып, Байқоңырға ол жеткізілген кезде, Байқоңырдан ол ұшқан процес кеңес одағы кезінен бастап ойластырылған. Қазір «өзіміз Қазақстан аумағында ғарыш айлағын құрайық» деген кезде шынымды айтсам, маған мынадай ой келеді: олай болса басқа біреулермен бірігіп, ғарыш айлағын салайық. Жеріміз көп қой. Бірақ мұның бәрі бюджетке ондаған миллиард доллар шығын болып тиеді. Дұрыс зауыттарды жасап, адамдарды жаттықтыру үшін көп еңбек керек. Әр нәрсені өз атымен атау керек. Қазір экономикалық тұрғыда бізге РФ Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланғаны дұрыс. Өйткені олар Байқоңырдан кетер болса, бұл біздің экономика үшін қиын болады. Сондықтан мен жақын 5-10 жылда басқа сценарийді елестете де алмаймын.

Жиынтық сынақ кешендеріне қолы жете алмай жүрген ІТ мамандардың бәрі бізге келіп, өз ступниктерін құра алатындай жағдай жасағымыз келеді. Себебі ашылу керек. Жабық болудың қажеті жоқ. Жиынтық сынақ кешендерінің өзі 200 млн АҚШ доллары тұрады. Ол бізде бар. Он шақты мемлекетте ғана осындай жиынтық сынақ кешендері бар. Сол себепті бүкіл әлемге ашылып, «жігіттер, кәсіпкерлер, Илон Масктың жолын кім жалғастырғысы келсе, сол бізге, Қазақстанға келсін, Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелсін де, біздің Жиынтық сынақ кешендерінде инженерлерімен өз спутниктерін құра берсін». Біз осыған келеміз. Биыл спутниктерді шығаратын Жиынтық сынақ кешендерін сертификаттау ғана қалды. Пандемияның салдарынан Эйрбас сертификаттау жұмысын аяқтады. Біз олармен келісіп жатырмыз. Жылдың соңына дейін біз осы Жиынтық сынақ кешендерін сертификаттау жұмысын аяқтаймыз деген ойдамын. Келесі жылдан бастап Қазастан Республикасының аумағында спутниктер өндірісін бастаймыз.

- «Бағдат Мусин криптобиржаны іске қосқалы жатыр» деген ақпарат тарады…

- Бағдат Мусин емес, біз криптобиржаларға Қазақстан аумағында жұмыс істеу мүмкіндігін бергелі отырмыз. Бірақ Астана ХҚО юрисдикциясында ғана. АХҚО, Ұлттық банк, Үкімет криптобиржаларды нормативті түрде бекіту үшін үлкен жұмыс атқардық. Қолымыздан келіп жатқан секілді. Жыл соңына дейін криптобиржалар Қазақстан аумағында жұмыс істер деген сенімдеміз. Не үшін?

Криптоиндустрия дәл қазір үшке бөлініп кетті: біріншісі криптовалюталарды шығару. Біз майнинг деп атап жүрген сол. Екіншісі – олардың криптобиржалардағы сауда-саттығы. Яғни адамдар оны сатып алып, сатқан кезде АҚШ-тың немесе басқа елдің юрисдикциясында болады. Майнинг деген кезде олар біздің елде өндіріліп жатқанымен, жемістің бәрі криптобиржаларға кетіп жатыр. Өйткені криптобиржа айналымы банк секілді. Сол себепті биржаны іске қосу біз үшін маңызды. Үшіншіден, криптоәмияндар, блокчейн технологиялар керек. Майнинг бойынша әлемде екінші орындамыз дегенімізбен, бізге бәрібір криптобиржаларды іске қосып, сол жерден қосылған құнның ақшасын алуымыз керек. Өйткені майнингтен біздің экономика үшін тікелей түк пайда жоқ. Біз криптовалютаны өндіретін адамдарға «біздің криптобиржаларды сатуларыңыз керек» деп талап қоюымыз керек. Сонда ғана біз олардың қанша ақша тауып жатқанын көреміз. Екіншіден, қосымша табысты криптобиржалардан таба аламыз. Олар да салық төлейді. Үшіншіден, криптоәмияндарды жасауға ІТ мамандарымыз тартылуы керек.

- Президенттің Қазақстан байлығын ұстап отырған 162 олигарх туралы айтқанын білесіздер. Сіз өз жұмысыңызда сондай байлардың ықпалын сездіңіз бе? Мысалы Сбер бойынша біз Машкевичтің мүддесі барын жазғанымыз бар. Олигополиядан бас тартып жатырмыз қазір. Мысалы Әлібек Қуантыров (ұлттық экономика министрі) қазір жағдай жеңілдеп қалғанын айтады. Сіз не дер едіңіз?

- Сөзсіз, біз Жаңа Қазақстан – ештеңе жасырмауымыз керектігін ашық айтқан тұжырымдама. Біз ештеңе жасырмауымыз керек, шынында да. Шынын айтқанда, өз ойыңды нақтырақ айта алатын уақыттың келгеніне менің өзім де қуаныштымын. Бизнес-құрылымдарға қатысты айтып отырмын. Мәселен, телеком операторларды айтайық. Оның өзі үлкен бизнес. Біздің министрлік нормативті-құқықтық базаны жазады. Қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін реттеп, радиожелілік беріп, қызметіне рұқсат береді. Үшіншіден, біз сигналдарды реттеп, айыппұл да сала аламыз. Сол себепті Жаңа Қазақстан туралы айтқандай, біз басқа ойларсыз қоғамға пайдалы іс үшін тер төгіп жатырмыз. Сондықтан радиожелілік аукцион арқылы ғана таратылатынын жарияладық. Ешкім кулуарлы түрде келіспейтін болады. Радиожелілік деген сөз оператор үшін малшыға қажетті жермен тең. Егінші немесе малшы жерсіз жұмыс істей алмайды ғой. Сол секілді байланысшылар радиожелілерге тәуелді. Осы желілер ведомствоаралық отырыста бес адамның келісуімен бөлінетін. Енді біз бұл саланы реттеп жатырмыз.

Бір жылдың ішінде біздің министрлік 50 рет қорытынды өлшем жүргізді. Содан кейін бар-жоғы 13 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Яғни миллиардтап ақша табатын мобильді байланыс операторлары бар-жоғы 13 млн теңге айыппұл төлеген. Былтыр телекоммуниция комитетіне егер оларды реттей алмасаңдар жұмыстан кетіңдер дедім. Біз кемінде 500 рет тексеру жүргізуіміз керек болды. Байланыс қайда барын, қайда жоғын  тексеру керек болған. Сол тексерулерден кейін 130 млн теңге айыппұл салдық. 10 есе көп! Бірақ миллиардтардың жанында 130 млн теңге деген не сөз? Бұл түк емес. Телеком операторларына бірдеңені түзеудің орнына сапасыз байланыс үшін айыппұл төлеу оңай бола салатындай жағдай туындаған. Түсінесіз бе? Сондықтан біз сапа параметрлерін реттедік. Президент байланыс операторларының жауапкершілігін арттырумен келісті. Айыппұлды 10 есе көбейтуді ұсындық. Алайда мұндай шараны қабылдаудың қажеті жоқ деген адамдар да бар. Депутаттық корпуста бұл дұрыс емес деген де адамдар баршылық. Ой екіге бөлінді. Осы жерде президенттің тапсырмасын ғана орындап жатқанымызды еске салғым келеді. Бақылаушы қызметті күшейткіміз келеді. 500 мың теңге емес, сапасыз интернет үшін 5 млн теңге айыппұл салғымыз келеді. Миллиардтап айыппұл төлеген кезде ғана олар байланыс сапасын жақсартуға атсалысады.

Екіншіден бақылауды күшейткенімен, тиранияға барғымыз келмейді. Оларды ынталандырғымыз келеді. Базалық стансаны олар салса болды – салық жағынан оларға жеңілдік бергіміз келеді.

Президент мемлекеттік аппаратқа дұрыстап реттеудің, әділдіктің қақпасын ашып бергеннен кейін – бұл Жаңа Қазақстанның жетістігі деп ойлаймын. Қайта құру аз уақыт алмайтыны белгілі. Жүйелі жұмыс үшін әркім күш салуы керек.

- Жаңа Қазақстанға халық үміт артып отыр? Осы кезеңде барлық ауылға интернет жетеді деп айта аласыз ба?

- Қазақстанның проблемасын білесіз ғой. Кең байтақ аумағымыз бар. Халқымыздың саны аз. Бір қалашық немесе бір облыс болса, мәселені лезде шешіп тастауға болар еді. Алайда мәселе күрделі. Сондықтан тұрғындар саны 250 адамнан астам ауылдардың бәріне сапалы интернет болады. Алдағы 1-2 жылда осы мәселені толығымен шешеміз деп ойлаймын. Былтыр біз 600-ден астам ауылдың интернет сапасын жақсарттық. Айыппұлды ұлғайтып, басқа да мәселелері реттесек, аталған ауылдардың бәрін сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көптен-көп рахмет!